Өлеңдер ✍️

  04.07.2021
  153


Автор: Иса Байзақов

Мақтандым бүгін, мақтандым

Мақтандым бүгін, мақтандым
Төбем жетіп аспанға.
Үміт сырын ақтардым,
Қоймайын деп қашсаң да.
Адам адам болғалы,
Бұл қуаныш болған жоқ.
Жер-дүние орнап тұрғалы,
Мұндай сәуле жанған жоқ.
Заманымның қанатын,
Аспанға ұштым міндім де,
Аңсаған мейірім қанатын,
Қуандым жаңа ел көрдім де.
Биікте тұрып қарасам,
Арқаның сансыз даласы,
Әлемнен көп санасам,
Өсіпті шығыс баласы.
Қуарған кейбір далада,
Көкорай өсіп басыпты,
Ақыл менен санаға
Заман нұрын шашыпты.
Езілген шығыс ұлтына,
Есігін білім ашыпты,
Патшалықты талтаңдап,
Капитал, байды жаншыпты.
Арам, сасық тәндерді
Көк найзаға шаншыпты,
Күй қылып сұлу әндерді,
Бейнетқор үнін қосыпты.
Қызыл туы желбіреп,
Шын бақытқа көшіпті,
Әйел ана мөлдіреп,
Ақ бейілін шешіпті.
Қарасам тағы қазақты,
Оянған жастар дүрілдеп,
Тартқызған сұмдар азапты,
Жалынады дірілдеп.
Мыңдаған қазақ баласы,
Әр қалада оқыған,
Гүлдеп қазақ даласы,
Күш алыпты жаңадан.
Жас киіктей ойнақтап,
Үміт қуған баласы,
Нұрлана күліп құшақтап,
Еркелетет анасы.
Қомша-қомша киінген
Кешегі кедей баласы.
Етек-жең сыптай түйінген,
Періште бүгін, қарашы!
Лениншіл жас - комсомол,
Пионерлер соңында,
Ленин салған жаңа жол,
Заманымның оңында,
Газет, журнал басылып,
Мың-мыңнан елге тараған,
Білім көгі шашылып,
Ел білімге қараған.
Адасқан елге таң беріп,
Кернеді, білім кернеді,
Залымды тияр заң беріп,
Ерледі кеңес, ерледі.
Мақтандым бүгін, мақтандым
Төбем жетіп аспанға,
Үміт сырын ақтардым,
Қоймайын деп қашсаң да.

20 январь, 1927 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу