Өлеңдер ✍️
Кәрібай-тракторда
Мінекей, біздің тұлпар жаны темір,
Осымен гүлденеді барлық өмір.
Сарымай жемі, суы қазанатым
Тіркеп ап қанша жүкті, ей, тарта бер!
Үн қоссам шарылыңа шырқап әнді,
Құба жон күңіреніп болар сәнді.
Еркіндеп үкіметтің арқасында
Кәрібай трактормен егін салды.
Құтылды енді азаптан Кәрібай шал;
«Мүшесі коллективте ортада мал,
Көптесіп-көмектесіп еңбегі өнген,
Кедейлер бірің қалмай колхозға бар.
Кеңесіп агрономға жақындадық,
Тұқымды маржандай қып тазаладық.
Көлікке темір тұлпар мініп алып,
Сайраңдап ен даланы араладық.
Екпіндеп алып қашқан асау дүлдүл,
Күйініп, көре алмай жүр байлар құрғыр.
Қыртысын қара жердің айналдырған,
Тентегім, тәк, жануар, тыр-тыр-тыр!»
Кәрібай тыныққанда домбыра алад,
Құбылтып жүзге оралтып әнге салад;
«Кезінде нақ кедейшіл үкіметтің
Әлі де алдымда тұр таудай талап.
Кәрібай жалғызілік, жұмысы көп,
Тұлпарым қаңтарулы қарыны тоқ.
Сендерге ән салуға ерінбес ем,
Қайтейін Кәрекеңнің уақыты жоқ.
Япырмай, енді қайтем, ей, жамағат!
Трактор қорада тұр қылмай тағат.
Шаруа тоқталмасын, өне берсін,
Жамағат көп бөгеме болар ағат».
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter