Өлеңдер ✍️

  04.07.2021
  381


Автор: Жұбан Молдағалиев

Жесір тағдыры

Қайран шешем Зеріп марқұмға ескерткіш етем бұл дастанымды.

ПРОЛОГ
Бағында бал гүлі нұр, бұлбұлы жыр,
Болсаң сен Алматының тұрғыны бір,
Күміспен апталғандай аппақ әже
Көзіңе түскен шығар бір күні бір.
Дұрысы, күмістей дер шашын адам,
Ақ жүзі әлдеқайда ашық одан.
Күмісте салқын сәуле дірілдесе,
Анадан айнала күн шашыраған.
Келісті кербез, маңғаз келбеті де,
Туғалы тимегендей жел бетіне.
Ернінде «мың шүкірі» елпілдеген,
Жеткендей мархабаты жер бетіне.
Тоқшылық тояттаған тұлғасы да
Жарасып тұр жасамыс бұл жасына.
Үңіліп әлдеқандай кітапқа бір,
Отырар жазда бақта гүл басында.
Бос салып ақ басына ақ шәлісін,
Саялар сая, самал бақ тал ішін.
Жанында екі-үш балғын немересі,
Әженің жаралғандай мақтаны үшін.
Кей күні келіні мен ұл қасында,
Көшенің келе жатар бір басында.
Не таны, не таныма – лажың жоқ
Иіліп сәлем беріп тұрмасыңа.
Мамырлап жаныңнан сол өткенде ана,
Болсаң да неткен әкім, неткен дана,
Қаласың өзіңді бір бала сезіп
Өз қолы өз аузына жеткен жаңа.
Апыр-ай, қастерлесе күллі халық,
Қарттық та кетеді екен сұлуланып
Қош көңіл көне реңді жасартқандай,
Жылдардың көлеңкесін жұлып алып.
Бір емес, мұны оқушым, жүз ұғарсың.
Қадірмен қарттыққа да қызығарсың.
Сол үшін сол әжені жырға қостым,
Өшпестей оның да бір ізі қалсын.

БІРІНШІ БӨЛІМ
СОЛ БІР ЖЫЛЫ
Жарқ еткен жаңа ғасырдың
Қаралы қырсық жылы еді.
Зіл қысты қырдан асырды
Аз ауыл – жарлы Құл елі.
Оның да балпаң байы бар,
Өзгеше қорқау сүлігі.
Оның да шолақ сайы бар,
Өзінше сойқан бүлігі.
Сүлігі әлі құсқан жоқ
Қара қан, еттей запыран.
Сайы да дәлдір, ұстам жоқ –
Шулаған аласапыран.
Халқына Кәрі Шегеннің
Бірі әлек, бірі жұт еді,
Жатақтар сүлік-шеменнің
Жарылар күнін күтеді.
Күтеді деу де құр долбар –
Күбірі көп те, дүбірі аз.
Дағдарып тыйып жүр құлдар –
Бірі мәз, жүзі дүрдараз.
Дүрдараз, араз жүз бен бір –
Жабас бай менен жатақтар.
Бәтуа жібін үзген бір
Арада дау бар, шатақ бар.
Бітіспей, не бір бүлінбей
Бұл шатақ көптен лықсыған.
Жүз жылғы ауыл күліндей
Жанбай да өшпей бықсыған.
Сөйтсе де соңғы жылдары
Жүр еді Жабас дені арып.
Ажалдай көрген құлдарды,
Ауызын басып дем алып.
Сол Жабас январь біткелі,
Келді деп қайта жаз қайран,
Жатыңқы жалын тіктеді,
Жүретін болды мәз-мейрам.
Алпамса ауыр сүйегі
Ауылды басып қалғандай.
Түгімен жұтса түйені,
Түйілмей, тағы салғандай.
Күмпиген қарны іркілдеп,
Байекең сақ-сақ күледі.
Күлкінің сырын біртіндеп
Түсінді, түйді Құл елі.
Құлдардай кедей табының
Ленин деген көсемі –
Сорына жалшы-жабының –
Дүние салған деседі.
Жарлышыл жаңа өкімет
Құлауға таяу тұр дейді.
Қайғырса жесір-жетімек,
Қуанып байлар жүр дейді.
«Қарадан туып хан болмас».
«Надандар жазған заң болмас».
«Тырнақсыз, тіссіз аң болмас».
«Кісіге жалшы сан болмас».
Табалап тайпы ауылды,
Жабастың айтар сөзі бұл.
Шақырар қара дауылды
Секілді құдай өзі бір.
Құлдар ше? Құлдар жуасып
Адымын санап жүр басып,
Сөйлесер жан аз сыр ашып,
Көрер ме еді сынасып...
Тағдырға олар наразы –
Маңдайға Ленин сыймады.
Сенбей де қойды біразы,
Өлімге оны қимады.
Естіген құлдар оны бір
Ажалсыз асыл кісі деп,
Жарлымен мәңгі жолы бір,
Қуғаны халық ісі деп.
«Құлға да жегжат, жұрағат»
Деген де тіпті сыбыс көп.
Өзінше әркім туралап,
Өзіне тартпақ туыс деп.
Өлді деп енді сол кісі
Жар салды Жабас – «құл басы»,
Шорланып шүйде желкесі,
Қырсықтай басып тұлғасы.
Күткендей соған бір зауал,
Кеткендей бірі Мекеге,
Түнере қарап жүр құлдар
Шалқар жақ жолға, Текеге.
Қырқадан құлап ол жақтан
Базаршы жолы келеді.
Осы ауыл сол бір жол жақтан
Құт хабар тосқан ел еді.
Жолаушы ұзақ күттірді,
Тұйыққа жолы тіреліп.
Қырқада дәйім бұлт тұрды,
Тұманы торлап түнеріп.
Сол бетте, төбе басында
Төрт құлақ кірпіш мола бар.
Мүжілген құлпы тасында
Жазу жоқ жылын шамалар.
Жатақтар оны өздері
Барақат мола деседі.
Кім білсін қайсы кездегі,
Кім білсін, кімнің несі еді.
Жабасша осы зират та,
Үстінен қарап құлдардың,
Үстем тұр таудай қыратта,
Белгісі сынды жылдардың.
Көк соқта, теңбіл шалаптай,
Мастанып қардың суына,
Төменде әңгі шолақ сай
Семіріп жатыр буына.
Семірді демей не дерсің,
Шешінтпей өткел бермесе?
Кенелсін мейлі, кенелсін,
Теңіздей толсын мен десе!
Әттең-ай, суын сақтамай,
Қалады-ау кеуіп ертең-ақ.
Қаталап, қурап тақтадай,
Жатады-ау жанып жер-танап.
Таңдайға тілі жабысып,
Пішенші жүрер далада.
Қарлығып, жағы қарысып
Талмаусыр қойшы бала да.
Қой сауса, сауған сүті де
Қазанда қайнап шыққандай,
Піскендей бейне үрпіде,
Болады-ау күкірт жұтқандай.
Әйтсе де сәуір, заузада
Ғажайып жері Шегеннің.
Олжа да шөбі, қалжа да,
Нақ өзі шүйгін дегеннің.
Көк майса, бұйра балауса
Көзді арбап қыздай тұз бойдақ,
Алауша, қызыл жалауша
Жайнайды жалқын қызғалдақ.
Секілді шотыр жер безі
Молалы қырқа болмаса,
Дариға-ай, дала кербезі
Осы жер жазық жол-жоса.
Қыр бетте бойшаң бидайық.
Ой бетте жасыл шырмауық,
Толқытып тербеп жел қайық,
Теңізге ұқсар бір ауық.
Керімі – қызыл изені
Өрісті алған бір бөлек.
Бәйшешек басын изейді,
Көгінде көлкіп көбелек.
Ұрттамы шөлге дарудай
Шыңырау Шеген құдығы,
Оған да қожа кәрі бай,
Күзетте қамшы, құрығы.
Күндерді судай сапырып,
Құт маусым зулап өтеді.
Өз атын өзі шақырып
Қалады күзге көмегі.
Ұшады малтып ол көкте,
Жерде де заржақ, аялсыз.
Кедей құл ұқсас көкекке,
Күшіген сынды бай арсыз.
Арсыздық емей немене –
Бір мендік бүкіл жер десе,
Аспаннан айран келе ме,
Малыңа өріс бермесе?
Жабас бай осы көктемде
Шығарды қайта шатақты:
Салауат айтып өткенге,
Қалдырмақ жерсіз жатақты.
Жориды құлдар осыдан.
— Айрылған халық досынан.
—Түзелсе байдың шоқтығы, –
Қайран Ленин жоқтығы...
— Ол барда залым Жабас бай
Түскен-ді мықтап сабаға.
— Жүретін жерге таласпай,
«Бастан, – деп, – құлақ садаға»
Сол үшін құлдар ызалы,
Сол үшін олар азалы.
Бір суып, бірде қызады.
Алда ғой, бірақ, жаз әлі.
Әзірге аласапыран –
Шолақ сай дәлдір, ұстам жоқ.
Қара қан, сары запыран
Сүлік бай әлі құсқан жоқ.
Апрель желі ызғырық –
Өңменнен өтер екпек жел.
Шулайды қамыс сызғырып,
Жайылып жатыр шөптеп төл,
Құлаған құдық, апанның
Қары да кетіп болмаған.
Дәу шегір көзі аспанның
Күшіне сірә толмаған.
Осындай күннің бірінде
Қыр бетке киіз үй қонған.
Жүдеулік басым түрінде,
Мал-жаны ада күй-қоңнан.
Тәй тұрды сол үй қалқиып,
Кезіктен тұрған кісідей.
Қайтеді кетсе қар құйып,
Қалады кімі үсімей?
Сықырлап уық, шаңырақ
Төрт қанат қана құрым үй,
Айнала мұз жел аңырап,
Мүйіздеп өтіп жүр ылғи.
Делдиіп таңқы танаудай,
Түндігі тынбай желпілдеп,
Бүріскен жарлы-жадаудай
Бүкіл үй тұрды селкілдеп.
Жан-жақтан басып оны егер
Қазықтап таңып қоймаса,
Қаңбақтай қағып жөнелер
Тентек жел шындап ойнаса.
Бұл үйді тіккен бір әйел,
Көтерген өзі шаңырағын.
Бір қолы он боп жүрді әйел,
Әр істің қағып шаңдағын.
Жападан-жалғыз деу қиын –
Жәрдемші екі қыз бала.
Шаштарын жұлып беу құйын,
Табаннан алған сыз дала.
Ұл бала жүрді және бір,
Аяққа жылап оралып.
Ат-заты жұмбақ көне, кір
Шоқпытқа шомып оранып.
Солайша сол үй тігілді
Шегеннің Теке бетінде.
Бүкшиді кейде, бүгілді,
Жарбиып желдің өтінде.
Өзге ел тегіс қыстауда,
Бойында жалпақ ылдидың.
Арқасын жылы ұстауда,
Суытпай табын күл-қидің.
Қырық-елу үй ауылдың
Ат шаптырым ұзыны.
Өзінде сыры әр үйдің,
Өзінде даң-дүң ызыңы.
Осылай, осы жағдайда
Зіл қыстан шықты Құл елі.
Құрым үй қонды шалғайға,
Ол мұңды, Жабас күледі.
Күлкісі оның лақылдап
Төгіліп жатқан у сынды.
Құрым үй тістей шақырлап,
Тістенді, жазды қусырды.

КЕШКІ ҚОНАҚ ТЫҢДАЙДЫ
Өкпек жел емес шалқыған,
Сыпайы самал еседі.
Көк иіс көктем аңқыған
Момақан қоңыр кеш еді.
Кешкі ауыл азан-қазаны,
Басылған, тынған жырымдап.
Басталған таза жаз әні,
Аспанда торғай шырылдап.
Көп иті байдың бекінді,
Жабыла сүйек, қан аңсап,
Бәйбіше-тоқал секілді,
Бажылдақ, бақас, жарамсақ.
Осы үйден басқа құлдардың
Оты да сөне бастады
Бір жұбы ғашық мұңдардың
Сырларын түнге тастады.
Шертісті не сыр әспеттеп,
Ұрланды кімнен, қызғанды?
Қаулаған жасыл жас шөпте
Жаншылып жаңа із қалды...
Білгені түздің – мың жылғы
Адамның арман-мұң жыры.
Ғажайып нендей түн жылы,
Тұйығы, ең бір тұнжыры.
Құрым үй әлі ұйқысыз –
Кештетіп келген қонағы.
Үй іші жүдеу, сиықсыз –
Дүниенің шіркін шолағы.
Қайдан да бітсін жесірге
Зәузатта заты жоқ дүние.
Жегілген қырсық-кесірге
«Бозшолақ атты боқ дүние!»
Көктемде тоңып, қыста арып,
Титықтап о да болдырды.
Күрмеуге келмес қысқа жіп,
Осы үйді оғаш қондырды.
Жиналған ескі-құсқылар
Кебеже оң жақ қанатта.
Киізден біраз лыпсы бар,
Сірә сол ең зор санатта.
Төсеулі осы киіздің
Жамылып шетін іргеде,
Үрпиіп тобы ұл-қыздың.
Тыңдайды бәрі бірге не?
О пәлі, қандай ғажайып,
Шындық бір сұмдық ертегі.
Тыңдайық біз де, жазайық,
Шындықты Айша шертеді.
Шертеді, ұзақ шертеді
Бейсеует кешкі қонаққа.
Өзекті сөзі өртеді,
Өкпелі дүние шолаққа.
Қонақ та көзін алмайды,
Айшада назар, құлағы.
Үзілген сөзді жалғайды,
Әңгіме-дүкен бұлағы.
— Аш жылы біздер сонымен
Ас іздеп Шалқар қыстадық.
Аушы орыс, қазақ тобымен
Үлес боп балық ұстадық.
«Ұстадық» деу де желбуаз,
Өлмеші күні бір қызық,
Сенім жоқ екен, кенеуі аз
Шабақта тұрса ырызық.
Әйтсе де, шүкір, сорпалап
Қорек қып жүр ек ұрығын.
Беруге құдай шорқақ-ақ,
Салуға шебер құрығын.
Оба ма, нендей, бір індет
Жайратып елді жатқан-ды.
Бізге де жетті біріндеп.
Бір түнде Молдаш «аттанды».
Аушы жоқ қорқып бөлінген,
Солармен ғана жерледім.
Өзге жұрт қашты өлімнен,
Жетісін, қырқын бермедім.
Беретін оны хал қайда,
Отырмыз қалт-құлт, қалжырап.
Шоңқиып қалдық шалғайда,
Шырылдап, шулап, қан жылап.
«Естерің барда, елді тап», –
Деп өлген Молдаш, міне, сыр...
Шаңырағын, орнын келдік ап –
Төрт бала жетім, мен жесір.
Сүлдеміз сүйек, құр сіңір.
Таңдайға тартқан сұр сиыр.
Бес ауыз баққан төрт емшек
Тәулікке зорға бір иір.
Төртке төрт нағыз дөп екен,
Теңеген жөн деп құлымды,
«Есіркеп» алды құдекең.
Ержетіп қалған ұлымды.
Көз керек еді көруге,
Зерек те еді сол бала.
О да айтты ойын елерде:
«Тауып ең неге, сорлы ана...»
Өксумен өтсе, – қайғы сол –
Өмірді қалай сөкпесін.
Жүргенде байда байғұс ол
Ұстапты суық өкпесін.
Өзім де Жабас күңімін –
Сыпырғыш, кетпен шоты мен,
Шығамын қоқсық күлімен,
Кіремін бықсық отымен.
Сиырымның қыстық шөбі үшін,
Беремін жылда баспағын.
Қасіреттің уын кеп іштім,
Өзім де шамшыл қасқамын...
Іш кепті боқтау қарғысқа,
Жауыр да болды иінім.
Алатын ақым: әр қыста
Бұрышы бұзау үйінің.
Жуырда, қара суықта
Содан да қуды Жабас бай.
Жақпадым кәрі қуыққа,
Жараспай, жақын жанаспай.
Құрысын күні жесірдің
Жас қалып, жетім бала артқан.
Жабастай азбан есірген
Көз сүзіп, көзін алартқан.
Олар ма оны адам дер,
Саудаға салып кемсітпек.
Біреу бай, біреу әмеңгер, –
«Менікі» дейді меншіктеп.
Алмақшы еді мені де
Не бүтін, не бір жіліктеп.
Қоспақ та болды «теңіме»
Шіріген шалды «жігіт» деп,
Беттетпей бақтым, сақ тұрдым,
«Көкайыл» болдым, «күпірмін»,
Құранын салса – лақтырдым,
Сақалын салса – түкірдім.
Тартылмай қойды тілім де,
Таяқ та жедім сол үшін.
Жүргенше қор боп тірімде,
Өлейін дедім сор үшін.
Солайша жатыр күн өтіп,
Жауыздық тірі, бай тірі.
Солайша жүрмін күнелтіп,
Күдерін үзді қай бірі.
Қаймықса бірі өзімнен,
Баллардан бірі қашады.
Көресің енді көзіңмен,
Сан сырын Шеген ашады.
Жарылқар жарлы байғұсты
Өкімет келді деп еді.
Ол қайда, әлі бай күшті,
Болып тұр соның дегені...
Осындай, Ораз, күй деген,
Осындай, құрдас, Шегенің.
Қан қатып тас боп иленген,
Қозғадық іштің шеменін.
Өлгелі Молдаш, мен жөнді
Сыр шерткен жоқ ем мұншалық.
Әлдилеп қана кенжемді,
Күңіренем кейде мұң шағып.
Сезгендей тұрмыс ызбарын.
Тыңдайды, өксіп ол бірге.
Қалиса, Шекер – қыздарым, –
Бірі он үш, бірі он бірде.
Ендігі үміт осылар, –
Деп Айша көзбен ымдайды.
Кеш келген қонақ досы бар
Құрым үй үнсіз тыңдайды.
Тыңдайды екі қыз бала,
Ұл бала қалған ұйықтап.
Қамсау ғып жатыр сызға о да,
Киіздің шетін тұйықтап.
Ербеңдеп сығыр май шамның
Жыпылық қаққан жарығы,
Түрлентіп өңін Айшаның
Суретке не бір жарыды.
Ақ сары ашаң бет-жүзі
Бозарып, бірде сұрланып,
Біресе көркін жеткізді
Албырай түскен нұрланып.
Біресе қоңыр тартады,
Көлеңке түссе, шам ұйтқып.
Тұратын кезі бар тағы
Дауылды түздей шаңытқып.
Ортада, жерде, осында
Қи-тезек оты жанады.
Үш бұтты темір мосыда
Мыс шәйнек буырқанады.
Көзі бұл түнгі жылудың,
Әйтпесе түрі шамалы-ақ.
Ақ шалап шәйі бұл үйдің
Ішіліп болған бағана-ақ.
Қырынан, жүзін жасырып,
Тізесін ұстап Айша отыр.
Түндіктен тіп-тік асылып,
Бір қарап өтті ай соқыр.
Әсерге әркім бойласты,
Әңгіме бір сәт тоқырап.
Үй ішін ауыр ой басты
Секілді өлі топырақ.
«Кім қашан бізге қараспақ?»
Деп Айша жаңа тоқталған.
Шалғыша мұртын тараштап
Қонақтың көзі отқа ауған.
Мыс сәуле түскен пішіні
Қоладан соққан мүсіндей,
Тебірентіп осы кісіні
Минуттар өтті түсіндей.
Жарқ етті кенет әріден
Қыз Айша, албырт ақ Айша,
Әуелеп асқақ әнімен,
Нақ айша, жарқын дақ айша.
Бастайтын ойын-тойды өзі,
Айлы түн «алтыбақанды».
Ұшқындап отты қой көзі,
Ақжелең, салқам атанды.
Күйінбей жүрді кім іштей
Соға алмай қырдың түлкісін,
Шашуға шашқан күмістей
Кететін төгіп күлкісін.
Өткізді азат аз дәурен
Кедейдің ерке кенжесі.
Аулақ жұрт әке мәз деуден,
Табылды деуден теңдесі.
Бай ұлы небір көк алмас
Тұрғанда тосып өмірін,
Аузынан қойдың шөп алмас
Жарлыға берді көңілін.
Тағы бір елес шақырды –
Келіншек Айша, ақ Айша,
Атанған «алғыр, ақылды,
Молдаштың ырыс-бағы Айша».
Алдына Молдаш шықпады,
Жақсы ұқты жанын жарының.
Өзгеден Айша ықпады,
Тұтпады заңын кәрінің.
Сол Айша міне мұң шерткен
Күлкісіз, сөлсіз, сұсты адам.
Жүзіне ерте түнерткен
Мезгілсіз сұр бұлт қыстаған.
Мезгілсіз апат болғандай
Әсем ән, жастық, өр талап,
Мезгілсіз өмір солғандай
Отызды ғана орталап.
Ой жібін қонақ бір түйіп,
Аударды көзін іргеге.
Екі қыз отыр монтиып,
Сүйкімді-ақ көрер түрге де.
Кішісі, Шекер дегені
Ақ сары, пісте қыр мұрын.
Айшадан аумай келеді,
Сол дер ең біраз жыл бұрын.
Қарайды аң-таң балғын жас.
Сипаты өзге бар бір-ақ:
Тұтанған күндей алтын шаш
Мойнына түскен жалбырап.
Қалиса мүлде өзгерек:
Қоңырқай, күйрек сезімге.
Жас тұрды шықтай дөңгелеп
Қап-қара бота көзінде.
Айша да шолып үлгірді
Ораздың өткен-кеткенін.
Молдашпен жаста бір жүрді,
Жабастың шауып кетпенін.
«Ә» десе, «мә» деп ол, бірақ,
Арынсыз қамыт кимеді.
Жүрмеді жөнсіз болбырап,
Байға да басын имеді.
Ақыры жалғыз сайғақтай
Текеге тартып отырды.
Жабусыз қотыр тайлақтай,
Кежедей бөртіп шотыры.
Жыл өтті жылды өңгеріп,
Өзгерген Ораз ғажайып.
Қара сүр жүзі өңденіп,
Шотыры семген, азайып.
Самайда ғана ұзынша
Бір тыртық пайда болыпты.
«Ұр да жық – біреу ұрынса»,
Кім білсін, неге жолықты.
Жаутаң көз жетім баладан
Өсіпті жігіт ағасы.
Адам боп қайтқан қаладан,
Шырыштай бүтін жағасы.
Шаш қойып, сылап қайырған,
Әскери киім, жарасты-ақ.
Мұртынан қолын айырмай,
Тағы да отыр тараштап.
Келгелі, ұзақ кеш бойы
Орнынан сірә, тұрмады.
Теңізді, бәлки, кешті ойы,
Толқында құлаш ұрғалы.
Ұшқалақ, сыңғақ мінезін
Қойған ба алыс жасырып,
Тұтады тұйық бұл өзін,
Айтқан жоқ сырын ашылып.
«Орысқа басы шоқынған,
Шошқа жеп, теріс оқыған...»
Деген де талай сөз болды.
Сол Ораз міне кез болды.
Сезігі шалып қалғандай
Болмашы осы күдікті,
Өз жайын еске салғандай
Айшаның ойын бұ да ұқты.
Қойған жоқ және құр ұғып,
Ағытты сырдың тиегін.
Бұл кезде қыздар бұйығып,
Ұйқыға артқан иегін.
Күмбірлеп қоңыр дауысы
Көнбейді күбір-сыбырға.
Ортадан түн де ауысты,
Жалп етті май шам сығыр да.
Ендігі сәуле қи шоғы –
Қып-қызыл – піскен темірдей.
Сый жоғы, өзге күй жоғы
Жейді Айшаны жебірдей.

АҚ ҮЙДЕГІ ҚАРА ОЙЛАР
Шаңқай түс. Шілде жанып тұр.
Оңғандай аспан ақ жалтыр.
Шолақ сай қурап қалыпты,
Түз болып кетпей шақ жатыр.
Сүлік ше? Сүлік тырсиып,
Әзірге жерді жүр басып.
Аузына ауыл тұр сыйып,
Аранын ашса бұл пасық.
Соныкі, соның ұрпағы
Аулақта қонған алты отау.
Алыстан алабұртады,
Алдында дала, арты тау.
Алты отау – алты жұмыртқа,
Азудан тізген ақ қала.
Шалқайып шет тұр қыңырта
Тау бетте бірі аққұла.
Құл біткен одан ықтайды –
Секілді іші кіл қырсық.
Ол үйден күлкі шықпайды,
Тұрса да сырты күлгірсіп.
Сырты аппақ, іші қаралық,
Сырты ыстық, іші үскірік.
Осы бір екі аралық,
Қойғандай құдай үшкіріп.
Түндігі тұйық жабулы,
Батпайды күннің мүйізі.
Көлеңке бетте қағулау –
Түрілген етек киізі.
Кереге, уық қып-қызыл,
Қып-қызыл кілем, көрпе де.
Қан шашып осы көп құзыр
Құбылып тұрды өртене.
Бір жез мұрт жатыр төрінде
Шынтақтап мамық көпшікті.
Көзбен жеп кейде көрінген
Қыз-қырқын, келін-кепшікті.
Ашулы сары қымыздың
Әупілдек әйдік зереңі
Алдына оның күн ұзын
Ауысып келе береді.
Содан бір тастап-тастап ап,
Ықылық атпай тынбайды.
Ширатып мұртын таспалап
Жабасты салғырт тыңдайды.
Түрі бар төре жігіттей,
Бап болса керек күтімі.
Түтілген шуда түбіттей
Аузында шылым түтіні.
Байекең отыр барлығып,
Ыстық па қысқан, ыза ма.
Шығады даусы қарлығып,
Қымызға әлде қыза ма...
Ашулы, қу, сақ бұл аңша.
Сөйлейді тартып сыр ұрлап,
Ысқырып қара жыланша,
Біресе бұғып сыбырлап.
— «Алаштан» тірек табасың,
Ығы тау, нұры күн, – деді...
Қайда сол мықты «Алашық»?
Жабағы құсып, жүн жеді.
«Тірегің» шіріп майрылып,
Сүйеуге келмей жатқанда
Ол үшін малдан айрылып,
Жабасты құдай атқан ба?
Талай жыл болдым далбаса
Асырап «Алаш» ордасын.
Өздерін баға алмаса,
Өзгені қалай қорғасын.
Деп жүрсек хан бар, қамсау бар,
Адыра қалды Жымпиты.
Басымен қайғы Жаншалар,
Қызылдар күзеп, сымпитты.
Не болып жатыр бұ заман,
Біле ме, қандай хал елде?
Жалшының кеші ұзаған...
Айта бар Жанша, Халелге.
Партия, ұйым құруды қара таяқтан,
Құтыртқан дүйім руды
Ораздай салдыр-саяқтан.
Өзіміз баққан текешік
Өзіме бас сап артылды.
Дәурен жоқ жүрер кекесіп,
Қысқарды қолым, тартылды.
Аз ауыл едік елеусіз,
Пәледен аулақ шүкір ек.
Жүр едік желсіз-желеусіз,
Жоқ еді жөнді үкімет.
Шотыраш Ораз келді де,
Шығарды «Қосшы» дегенді.
Шабындық жерді бөлді де,
Шеңгелдеп алды Шегенді.
Қолында құлаш мандаты,
Салады баса салықты.
Құлдарды қарсы андатты,
Бүлдіріп болды халықты.
Жеті атам мүлкін талатып,
Жем болды-ау, құдай, сал басым.
Қызыңды құлға қаратып,
Тоқалға қолын салмасын.
Бәрінен жаман қиыны –
Енді не, кімге сенесің?
«Қосшы» мен «Кедей ұйымы»
«Алаштың» ұрды енесін.
Сәбетін тағы сайламақ
Шүлдіреп біздің құлдар да.
Сонау бір күндер қайдалап,
Жылаймыз өткен жылдарға.
Шалдығып шырмау-кесірге
Замана екен мат болған.
Өреміз жетпей жесірге,
Жаман-ақ екен ат болған...
Аптығып Жабас басылды.
— Қымыз! – деп ернін жалады.
Жарқ етіп есік ашылды,
Жалт етіп Айша қарады.
Жүдеу де болса көрікті,
Арғымақ әйел бұл бөлек.
Бұрымдап шашын өріпті,
Көйлегін белден бүрмелеп.
Күбіні күмпіл қақтырып,
Құлаштап бірер сапырып,
Қымызды құйды шақ тұрып,
Ол үшін бұл үй қапырық.
Ортаға қойып ізетті
Толтырып екі зереңді,
Ақ үйден Айша зып етті,
Дегендей «Ал, іш кереңді».
Жұтына қарап, қылғынып,
Жез мұрттың тілі байланды.
Көзімен базар, пұл қылып,
Көзімен құшып, айналды.
Көзімен қалды көтеріп
Етегін ақ шыт көйлектің.
Қозғалды бай да жөтеліп,
Айтады «ұят, қой» деп кім...
Сыртынан Айша сезінді
Олардың лас, аш көзін.
Шақырып ақыл төзімін,
Булығып әзер басты өзін.
Сәлден соң, есін жиғандай,
Тіл қатты жез мұрт жыртыңдап:
— Перизат еді бұл қандай?
Жүрмей ме өзі тың тыңдап?..
— Жоқ, мырза, одан қорықпа,
Білмейді өсек-аяңды.
Тіліне бірақ, жолықпа,
Қозғама жатқан шаянды...
— Байеке, мені жасқама.
Қызғанба, кешке дайында.
— Боларсың, мырза, масқара
Мертігіп жазатайымда...
Бай айтқан сөздің бәрі рас.
Түзету болса, бар бір-ақ:
Айша да қалыс қала алмас,
Қоймаса байлап қарғылап.
Өзгенің сөзін ол алғаш
Құлағын түріп тыңдайды.
Қолқалап іске сол оғаш,
Тапсырған Ораз тың жайды.
Шай қойып сыртта біресе,
Біресе қымыз ұсынып,
Болмайды солай жүрмесе,
Шаршысын кейін ысырып.
Жез мұрттың салқын дауысы
Келіп тұр өтіп іргеден:
... — Сол Ораз. Үлкен жау осы.
Қағысып қалғам бірде мен.
Ізі ғой сол бір белгінің,
Тыртығы болса самайда,
Маған да «сыйын» берді інің,
Мүгедек болдым сан айға.
Офицер ем ғой о кезде,
Жолымды тосты ол азғын.
Сен көрген құлдан көп өзге,
Мен білем жайын Ораздың...
«Сондай ма ең, ақсақ күшіген...»
Деп Айша жез мұрт кісімен
Шайқасып сыртта ішінен,
Жек көрді жүрек күшімен.
«Күшіген – пасық қара құс.
Қалыпты бүркіт бола алмай.
Кәсібі – тышқан, арам іс.
Жез мұрт та, сірә, солардай.
«Түңілме түсі жылыдан»
Деп кімдер сені мәз көрген?
Қабығы жылтыр, сұр жылан,
Сазаңды Ораз аз берген...»
Айшаның мұндай ойынан,
Әлбетте, жез мұрт бейхабар...
— Шықпасын қасқыр қойыңнан,
Байеке, – дейді, – байқап ал.
Оразға салса, ертең-ақ
Талайды, ия, бөрі боп.
Шабады, құлды ертіп ап,
Біздерге қазған көрі көп.
Қол үзіп туған қоныстан,
Заводта жүріп бұзылған.
Қатын да алған орыстан
Коммунист – нағыз қызылдан.
Шабарман болып Шапайға,
Шағанның бойын шаңдатты.
Жайыққа апай-топайда
Тоғытты сансыз саңлақты.
ЧКда жүрді соңынан,
Дұшпанын іздеп, тіміскіп.
Не сабаз өтті қолынан,
Бұған жат қайрым, туыстық.
Сол үшін шығар, бір қасқыр
Бауыздап кеткен қатынын.
Білсем деп жүр ғой бұл тас құл;
Қасқырдың аты-заты кім...
«Сенсің ғой сол ит, күлесін», –
Дейді Айша ерні дірілдеп, –
Әйтпесе қайдан білесің
Айтқанын маған сырым деп».
Алданып тосын сұраққа,
Қиялдап Айша қалған-ды.
Жез мұрттың сөзі құлаққа
Үзіліп барып жалғанды.
— «Ашынған адам алласын
Қарғайды» дейді халқымыз.
«Алашқа» көңілің қалмасын,
Ала ту алып шалқырмыз.
«Ой, бауырым» салу ертерек,
Өздерің барда ол тірі.
Елінен жазбас ер түлек,
Жемінен жазбас бөлтірік...
Көзіңді қысып сөйлеңіз
Соқырдан болса ханыңыз.
Әзірге бізге сол негіз,
Осыны еске алыңыз.
«Алаш» та бітеу шиқандай –
Аздырып іште жүреді.
Заманның, иә, сиқы аңдай,
Ит жоқта шошқа үреді.
Әйтсе де жалғыз емеспіз,
Жақсы мен бардың бәрі бір.
«Қатында билік» демеспіз,
Бөріктілердің ары бір.
— Шіркін-ай, сонау жылдардай
Қынаптан қылыш суырса!
Ағылшын, түрік ырғалмай,
Апшысын тағы қуырса!..
Жабастан шықты бұл дауыс,
Кеудесін арман айырып.
— Әлбетте, – дейді мұрт, – даусыз
Соғады олар қайырып.
«Қайыра шапқан жау жаман..»
Мыналар керек ол үшін...
Тыңдап тұр Айша манадан,
Құлаққа қойып қол ұшын.
Түгелдей ұқсын-ұқпасын,
Естіген сөздің бәрі есте.
Тәй-тәйден тұрып, тік басып,
Ержетер солай нәресте.
Бір жайды сезді ол айқын,
Бейне бір түңғыш оянып:
Совет жоқ оңай құлайтын,
Дұшпан кім, дос кім – о да анық.
Ақ үйдің ойы қап-қара,
Жүрегің қалай шайылмас.
Паш етпек Айша ақтара –
Шешінген – судан тайынбас.
Тайынба, таңың атты деп,
Сыбырлап самал жел есті.
Бір тәтті, бірде қатты кеп,
Бай мен мұрт қызу кеңесті.
Шұқи ма қарға қарғаны,
Ұғысты олар ұзамай.
Тай тулап қайда барғаны –
Дыз етпе оқыс ызадай.
Бір мөңкіп алып Жабас та,
Қайтып-ақ қалды райдан.
Жабекең ауыз жаласса,
Жез мұрт та шықты бір ойдан.
— Қазы да қозы, қыз, қымыз
Қазаққа шіркін, керегі.
Қымызды, кәне, құйыңыз,
Қызды да құдай береді...
Қуланып жез мұрт солайша
Ән бастап, байға ымдайды.
Сезіп тұр сыртта оны Айша,
Түтігіп үнсіз тыңдайды.
«Мінгенім дәйім менің қасқа атымдай,
Сүймеймін қасқа атымнан басқа атымдай.
Құдайдың маған берген бір мінезі –
Қыздан да жақсы көрем жас қатынды-ай.
Айқабақ, айналайын асыл керік,
Мал болсаң, алар едім бәсің беріп.
Мен саған басыбайлы бол демеймін,
Жүрші тек аз ғана күн қасыма еріп».
«Мал болсаң» дейсің, сұмырай,
«Уақытша» дейсің онда да,
Тінтесің көзбен ұрыдай,
Қарақұс сынды қомдана.
Әйелдер бәрі мал болса,
Адам боп қалай жүрер ең?
Күл шашып, бәлки, далбаса,
Төрт аяқ, мүйіз тілер ең...»
Әуенін әннің алайда
Ән құмар Айша тыңдайды.
Есіне түсті бал айлар,
Серпіліп сәлге мұң-қайғы.
Жез мұрттың кейпін өшіріп,
Елестеп орны толмас күн,
Әкелді алға өсіріп
Тұлғасын қайран Молдаштың.
Кім білсін қайдан естіген,
(Өзінің әлде белеңі),
Оның да бар-ды ескіден
Бір ауыз ерке өлеңі:
«Қуанам, қалқам, күннің батқанына,
Өкінем таңның ерте атқанына.
Атса таң, он екі айда бір атсайшы
Өзіңмен мұңсыз, бейқам жатқанымда».
Рахат көрген жылы кем,
Келтірді өмір қай сасын.
Әйтсе де, осы жырымен
Әлдилеп етті Айшасын,
Айша тұр болып өзімен,
Сезбейді шәйдің піскенін,
Моншақтай жастың көзінен
Үзіліп жерге түскенін.

БЕТТЕСУ
Шегеннің жазы қыбырлап,
Шөліркеп өтіп барады.
Тау бетте ғана шымырлап
Теңселген толқын аралы.
Шағылып күнге, жалтылдап
Шабақтар шоршып жатқандай,
Бейсеует қайық қалтылдап,
Бір сүңгіп, бірде батқандай.
Біресе беті көкшулан,
Біресе мұнар ақ ала.
Айдыны ада көп шудан,
Шаңқылдап ұшпас шағала.
Қапталдап қатар желсеңіз,
Ол теңіз ұзақ ереді.
Бұрылып қарсы келсеңіз,
Тартылып, қаша береді.
Болғанда кенет сол ғайып
Сиқырдай, сұмдық жалғандай,
Барақат тұрар сопайып,
Жағаға шығып қалғандай.
Сағымға қарап солайша
Мал мен жан ернін жалаған.
Қуаң жаз қаупі молайса,
Құдықты құлдар талаған.
Түйедей түзбен ашына,
Көмпісті көбен дуадақ
Келіпті құдық басына,
Оны да от шел қуалап.
Кей жылы құлдар ырғалып,
Шұқынып тары егеді.
Әдетте аузы құр қалып.
Бейнетін белі шегеді.
Биыл да егін шалдықты,
Өртеніп күннің табағы.
Дән салмай күйіп қалыпты
Тырбиып мыртық сабағы.
Жабастың толық қабы тым,
Дәйім тоқ қарын-бүйені.
Лажсыз құлдар қамытын
Өздері келіп киеді.
Құрсау бар, байда кісен бар
Әр қилы қолды қарыған.
Жатақта, бірақ, пішен бар,
Жер бөліп алып жарыған.
Алысып, арып Айша да
Өзіндік шөбін өзі алды.
Артығын сатып, тайшаға
Базарлап шәй-су, бөз алды.
Ешкім жоқ қорқып безінген
Сол болды байға батқаны,
«Өз жерін» алып өзінен,
Өзіне бұлдап сатқаны.
Тұтанып баста лап беріп,
Артынан Жабас басылды.
Ақыры қозы, лақ беріп
Шөп іздеп өзі бас ұрды.
Түлкідей тынып, байпаңдап,
Құйрығын қалай қыспайды:
Азнабай – Аяқ – Тайпақта
Талай мың малы қыстайды.
Шегенде мына тағы бар
Мыңғырған бойдақ-саяғы.
Мал – құны, малда бағы бар,
Тіршілік сол деп саяды.
«Жерімді кесіп алғаны –
Малыма пышақ салғаны.
Соңымнан Ораз қалмады,
Бар еді қандай алмағы?
Келерсің, бірде, деңіме,
Құстырам қан қып, у қылып.
Тұра тұр, бәлем, сені ме!» –
Деп жүрген Жабас булығып.
Сол бірде тосын ой салды,
«Құп» деді күллі құл еріп.
Опыр да топыр қой шалды,
Алладан жаңбыр тіленіп.
Кенелді жылы қан-жынға
Барақат мола бауыры.
Жабасқа он қой қалжыңдай,
Жарлыға түсті ауыры.
Ықпалды әлі қорқау жан,
Қай жаққа Ораз жарылсын.
Ғасырлық ауру-сырқаудан
Қалай тез халық арылсын.
Тасаттық беріп сол халық
Жалынды шулап «жаңбырлап»,
Құдайға арыз жолданып,
Қазан да ошақ қаңғырлап.
Асасын бір-ақ көтеріп
У-шуды Жабас жым қылды
Осқыра қатты жөтеліп,
Сөз тастап елге сын қылды.
— Садаға қабыл болсын деп,
Алладан жәрдем тілесек,
Оразсыз ортаң толсын тек,
Құл емес, құлға құр есеп.
Мұсылман атын алмасын,
Қойындар Ораз деуді де.
Құшақтап орыс маржасын,
Үйренген шошқа жеуді де.
Әзәзіл, азғын ібіліс
Бұзбақшы елдің қаймағын.
Баққаны бүлік, қыңыр іс,
Аясын қай жер, қай малын.
Сұмырай келсе – су құрыр,
Арамның кебі – аңызақ.
Құл құрыр, не бұл қу құрыр,
Жүрмейді қой мен аң ұзақ.
Сайтандай шашы жалбырап,
Безеріп әне тұрғанын!
Тырсиған шалбар, тар балақ –
Содан біл құдай ұрғанын.
Қарақшы дерсің ымыртта,
Өзімен кетсін бәлекет!
Шіріген сасық жұмыртқа
Жоғалсын шапшаң, әрі әкет!
Жеркене шырт-шырт түкіріп,
Жабас бай теріс айналды.
Тұнжырап халық тұқырып,
Тұтанбай, жанбай, жай қалды.
Жалбақтап тек бай нөкері,
Айтаққа ерген төбеттей,
Оразға арс-арс етеді,
Талауға халық бөгеттей.
Ондайға Ораз қыңбайды,
Өткелден опық жемейді.
Ауыздықтайды қу байды,
Кім жақта тек жұрт, не дейді?
Саңқ етті шеттен бір дауыс:
— Халайық, неғып тұрсыңдар?
Сөздерің жоқ па бір ауыз,
Құл десе, сірә, құлсыңдар.
Бастағы бөріктеріңді
Қатындар кисе болмас па!
Кім алып берді жерінді?
Байекең айтса бір басқа...
Білмеймін қайда құдайлық,
Білмеймін ненің расын,
Құдайдың өзі бұлай ғып,
Сатылса етке бір асым.
Аңызақ жылың тек бұл ма,
Осындай Ораз жоқта да.
Өзіңе өзің шеп құрма,
Өзіңді өзің боқтама.
Өзіміз емей Ораз кім? –
Өгейлік көрген бір балаң.
Оразбен, айтшы, араз кім?
Не зиян келді құлға одан?
Байеке, титтей сабыр ет,
Тіл кеспе, бас кес, тілесең.
Онсыз да жауыр сауыр ет –
Тулақпын, қамшы білесең.
Қатырған күлің сілесін
Мен сенің көптен көсеуің.
Морт сынам, сынсам, білесің,
Маған жат күңкіл, өсегің.
Өзің айт елге ертерек:
Жез мұртпен не деп келістің?
Су емес, саған өрт керек
Өртейтін жайпап жер үстін...
«Жез мұртпен» деуі-ақ мұң екен,
Жығылды Айша «аһ» ұрып,
Аспан бір әйнек шың екен,
Шатынап түсті жапырып...
Сатырлап дойыр жалт ойнап,
Дауыл боп Жабас күркіреп,
Аламан үртіс атойлап,
Жауғандай жаңбыр сіркіреп...
Жаңбырдай тиген бетіне
Жарылған бастың қаны еді.
Бөлініп Шеген екіге,
Шекара тартқан таң еді.
Сол таңның жырын тыңдауға
Тек бүгін Айша жарады.
Сол таңда, сойқан сол дауда
Қалайша халық тарады?
Саяда отыр, түс ауа,
Сүйеніп құрым үйіне.
Болған жоқ тіпті кісі ада –
Құл ортақ көңіл күйіне.
Сүйсініп айтты соны да
Ерте кеп, Ораз соң қалып:
— Болмайсың қор да, сорлы да
Сойылыңды соқса сол халық.
Ашынған адам – қасқырдай,
Булыққан мінез – томырық.
Бұрқанса олар – тасқындай,
Тастайды тауды омырып.
Күрт кетті кейін жатақ та,
Күткендей шомбал шайқасты.
Шегіншек ойнап шатақта
Ат-тонын ала бай қашты.
Кетпейді, Айша, алмағың,
Тартамыз талай «табағын».
Өкінбе, өзім жалғадым
Сөзіңнің үзген сабағын.
Айттым: ол нені жоймақшы,
Атпақшы кімді жатып ап.
Советке қарсы қоймақшы
Сендерді, дедім, сатып ап.
Айттым мен: бай кім, жез мұрт кім,
Неге олар ауыз жаласты;
Жауы кім жарлы ел-жұрттың,
Тірілтпек кімдер «Алашты».
Ал марқұм «Алаш» ордасы
Ордасы еді жыланның.
Бай – бөсір, ақша дорбасы,
Шоқпары жез мұрт ылаңның.
Сол үшін Жабас базарға
Бес жүз қой арнап айдатты,
Советке десе сазарған
Шық бермес сараң бай қатты.
Қит егсе мені «орыс» деп
Құбыжық етіп тартады.
Өздері «ойбай, болыс» деп,
Ақтарға үміт артады.
Ақтар ол – орыс байлары,
Қара сұм, «ақ» тек аты құр.
Болса да бөлек айдары,
«Алашпен» ым-жым, заты бір.
Сөзіндей тосқан, аңдыған
Орыстар жайы ой тастап,
Айшаның өтті алдынан
Алтын шаш әйел ойқастап...
«Жамандармысың орысты,
Болған соң қайын жұртың ол»,
Деуге де көңілі ойысты,
Шықпады, бірақ, сыртына ол.
«Расын айтты дәу шұбар,
Шын орыс – біздер» дегендей,
Елестеп кетті аушылар,
Шабағын бөліп жегендей.
Нағашы, туыс, жиенше
Молдашты солар көміскен.
«Бөле же, өле жегенше»
Дегендей, барын бөліскен.
Айшаның көңіл бағытын
Бұ жолы Ораз сезбеді.
Замана жүгін ағытып,
Басады өмір безбені.
—...Соны айттым, – дейді, – халыққа
Ұғынды шама-шарқынша.
Түсіндір, үйрет, жалықпа,
Жетеле, сүйе, тартынса.
Парыз сол біздің қазірде,
Сенің де алда үлесің.
Жұмбақ көп, иә, әзірге,
Біртіндеп бәрін білесің
Мысалға ойлан сәл, Айша,
Себебі қандай, себі не, –
Төзіп жүр Жабас қалайша
Тоқал қып алмай сені де?
Бала да қаңғып қалатын
Тұрғанда билеп бай елді;
Тоқтыдай матап алатын
Сенен де асау әйелді.
Қашпайды мінез, балаңнан,
Ол емес бөгет, жоқ, Айша.
Ықтайды жаңа заманнан,
Сенері енді жоқ онша.
Со жолы сені топ жара
Сөйлеткен, Айша, сол заман.
Соққандай басын көк жарға,
Мең-зең боп қалды оңбаған.
Көсем де – көріп ысылған,
Шешен де – сөйлеп төселген,
Келмейді олар Мысырдан,
Шығады ертең осы елден.
Аға бар, бала-шаға бар,
Оқиды, көзі хат танып.
Бөріні қолы тағалар,
Ойына өнер жатталып.
Сондай күн туып келеді,
Қарсы ұшып, Айша, барамыз.
Жабастар жолды береді, –
Аламыз, бұзып-жарамыз.
Аламыз, бұзып-жарамыз,
Тағдырға патша боламыз.
Түлейді тұмса даламыз,
Туады тың жер, бал аңыз...
Суреттеп Ораз аянбай,
Сол күннен жұмақ құрғандай.
Барып та келген адамдай,
Ең азы көріп тұрғандай.
Сүйекті жағы суалып.
Ақсары жүзі бозарған
Айша да, сірә қуанып,
Аялап отыр зор арман.
Лүпілдеп содан жүрегі,
Жүгіріп қызғылт нұр-бояу,
Құбылды сынық реңі,
Тұтанған шоқтай бір баяу.
— Құрдас-ау, қашан сол күнің,
Елес пе, биік белес пе?
Ырқында, айтшы, ол кімнің,
Сағымдай сусыз емес пе?
Өзіме емес, оны мен
Тілеймін жетім ұл-қызға,
Жүрсін деп жақсы жолымен,
Қуанып жер, су, жұлдызға...
Айшаның ұяң дауысы
Күрсініп барып басылды.
Ұлына көңілі ауысты,
Жадырап, дереу ашылды.
«Мамалап» бала жар салған,
Мойнына келіп асылды.
Дамбалсыз, қыңбай қарсы алған
Қаһарлы жұмбақ ғасырды.
Алаңсыз, маубас, алаң көз
Үш жасар қара баладан
Болады қандай адам кез?
Не көрер екен ана одан?..
Қыздары тапқан несібін –
Біресе түзде тезекте,
Біресе бай үй бесігін
Безектеп тербер кезекке.
«Жоқ, әлі алыс жақсы күн,
Тұрғандай аңса, сағын деп.
Қойған жоқ Шеген қақсуын,
Су емес сонау, сағым тек...»
Көтеріп өткір қой көзін
Қарайды Айша қыр бетке.
Тұрлаусыз түпсіз ой-сезім,
Тұрақсыз сондай сурет те.
Суалып сағым теңізі,
Тұныпты дала мөлдіреп.
Мархабат, мақпал лебізі,
Тұрғандай балқып, елжіреп.

КІМ ЖАЗЫҚТЫ
Құрсаған бұлтқа көміліп,
Талтүсте батты күз күні.
Көбесі кектің сөгіліп,
Кеткендей босап тізгіні.
Жалаңаш мұздай жаңбыры
Темірдей қарып даланы,
Жатақтың есін тандырды,
Жазғы шөл өшін алады.
Түс ауа ғана басылды
Лақылдап алып бір селдеп.
Қара жел салды асырды,
Аш-арық қалды бүрсеңдеп.
Күн батты бейне бесінде,
Түнегін тастай салмақтап.
Бай үйі «обал» десін бе,
Әлі жүр Айша салпақтап.
Тыным жоқ, тізе бүкпейді,
Жұмсайды Жабас бек қытып.
Боқтығын қоса жүктейді,
Сонау бір күнді кек тұтып.
Бой ұрды есеп-қулыққа,
Безуге бірден баспады.
Айшадан оттық-сулыққа
Әйелдің бар ма асқаны?
Ондай кім сауар биені?
Ондай кім шәйді демдеген?
Ондай кім тары түйеді?
Адал да одан кемде-кем.
Әттең-ай, көнсе ырқына,
Тілемес еді басқаны...
Дейді: «Сол Ораз сұрқия
Азғырып жүрген қасқаны...»
Әлі жүр Айша салпақтап,
Бірде «шәйт», бірде «қыраулап».
Қарақшы сынды далбақтап,
Қараңдап үйі тұр аулақ.
Жырымы қалған құрымы,
Қайтпекші, сонда қыстай ма?
Дал болды, дымы құрыды,
Өзгелер көшті қыстауға.
Долданған дауыл кешінде
Үйінде болу керек-ақ.
«Бара ғой, Айша» десін бе,
Қайрымы байдың келе қап.
Арс етсе кәрі қаңсық бай,
Ырылдап төбет ұлдары,
Шаңқылдап қабар қаншықтай
Бәйбіше, тоқал пұлдары.
Солардан бәле жұққандай,
Өршігіп дауыл ышқынды.
Аяқтан ұрып жыққандай,
Шашады үрлеп ұшқынды.
«Жетер, деп, михнат шеккенім»
Жұмысын Айша ысырды.
Қой жүнді қоңыр шекпеннің,
Түрілген жеңін түсірді.
Сөйткенше ащы үн шықты:
«Ойбай-ау, анау немене?!»
Жалт қарап Айша түршікті:
Жарқылдап бір от келеді.
Қараңдап тұрған құрымы
Қаңбақ боп ұшып барады.
Жұртында жалын сырығы,
Ұйтқыған ұшқан аралы.
Түсінді Айша осыдан
Дауыл жел үйін жыққанын,
От шашқан ошақ-мосыдан
Лапылдап өрттің шыққанын.
«Адам ба, сайтан ба анау, хақ тағала?..»
Алқынған Айша көзі отта ғана.
«Мамалап» шыңғырған бір ащы дауыс
Жүрекке жетті жел сәл тоқтағанда.
Иә, тек есітті оны жүрек қана.
Теңселіп кете барды тірек дала.
Әр жерден бір-бір тиіп екі аяғы,
Ұмтылды жан ұшырып тірі отқа ана.
Сүрініп-қабынып ол құлады да.
Немене, әне, біреу жылады ма?
Әлде бұл бебеу қаққан бейпіл жел ме,
Сарнайды не деп ұлып құлағына?
Қорқарсың қазіргі көз қарасынан,
Шығуға шақ қалғандай шарасынан.
Аса бір аяулысын танығандай
Адамша шапқан оттың арасынан.
Қай жақта, білмейді Айша, құрым қалды,
Алдағы жүйрік оттан бұрылмады.
Жүрек пе, жанары ма, көрді әйтеуір
Тұтанған суыртпақтай бұрымдарды.
Алдияр ана тең бе жай кісімен,
Кім білсін танығанын қай күшімен.
«Қалиса! Қалисажан!» деп жүгірді,
Майысып махаббаттың қайғысымен.
Өлшесең өзегінен шер жалынын,
Әлемнің шарпыр еді тең жарымын.
Ышқынған даусы, бірақ, шықпай қалды,
Жел ғана жүгіртеді енжар үнін.
Жер-дүние шоғырланып зорайған ба,
Апыр-ай, әлде көзі қарайған ба,
Ілгері басқан аяқ кері кетіп,
Қалғандай тоқтап анау арай да алда.
Жанталас жүгірісте бөтен ерек,
Қорқады көрмей қызым өте ме деп.
От болып жануға бар өзі қазір,
Жетсе тек Қалисасы төтеден кеп.
Тағы да әлдеқандай үн шығады.
Айша да асығады, құлшынады.
Кеудеден өкпе, жүрек суырылғандай,
«Қалиса! Қалиса!» деп тұншығады.
Ал қызы қараңғыда жалтылдаған
Суреттей сиқырлаған, алтындаған,
Шыңғырып қарсы шауып келе жатыр,
От айдап жалпылдаған, қалтылдаған.
Ойпырым-ай, неге мұнша құдай кекті,
Сырты сау, іші Айшаның былай да өртті.
Ағаштай жанып біткен Қалисасы
Жалп етіп, алдына кеп құлай кетті.
Үстіне түсті Айша, шұрқырады,
Өзі үнсіз, жаны ғана шырқырады.
Лақтырып жатыр отты жапырақтап,
Қуырылған ет иісі бұрқырады...
Қолының сезер емес күйгенін де,
От тілі шекпеніне тигенін де.
Осылай жетімі үшін талай жесір
Өз жанын шүберекке түймеді ме?
Сен соған куә дүрсің, сайра, дала,
Шабытқа қаламымды қайра, дала
«Ақталды сүтім» десін тірілері,
Кешсін де, өлі болса, қайран ана...
Қайыңның жаста көрген жапырағын,
Құланның құмда көрген шоқырағын,
Кең дала, сол бір күннің ертеңіне
Жаңғыртты Кәрі Шеген топырағын.
Жас қабір жаңғыртты, иә, Барақатты,
Мезгілсіз үзіп алып қарақатты.
Басында жалғыз қалып отыр Айша,
Жан-тәні пәрә-пәрә жарақатты.
Інгендей ыңыранған тұлыбына,
«Қош, қызым, бақи!» дейді сұлық ана.
«Мамалап» енді оны атайтын тек
Шекер мен, тірі болса, ұлы ғана.
Кешеден Айша оны көрген де жоқ,
Шекердің алтын шашын өрген де жоқ.
Қараса Барақаттан өз жұртына
Секілді құрым үйден жөргем де жоқ.
Әйтсе де жанарына жас алмады,
Безерген бейне құлпы тас алдағы.
Нар байғұс күңіренген күйге иісе,
Еш нәрсе ана шерін баса алмады...
...Осылай өтті дауыл күн,
Қопарып осал қазықты.
Аузында бір сөз ауылдың:
Адам ба, жел ме жазықты?

ЕКІНШІ БӨЛІМ
Ал, қане, жолдас жырым, әрі кеттік,
Демейміз өтер жолдың бәрін өттік.
Толғансын оқушы жұрт өздері де,
Біздер тек ой-қиялдың нәрін ектік.
Дару ғой, дуалы ғой өлең деген,
Жаралы жүректерді ол емдеген.
Айшаны әкетейік ауыр кезден
Өлімнің көлеңкесі көлеңдеген.
Жар зары, бала зары, тұрмыс зары,
Білмеймін, қаншама оны тұр қысқалы.
Сияша кенет міне кетті тамып,
Сынаптай көз жасымның бір мысқалы.
Демесін ешкім әсте жайша мұны, –
Мұңындай өз анамның Айша мұңы.
Шешенің шерткеніне тең келе ме
Құшағын өзге адамның жайса мыңы
Тартып көр таразыға сынай тағы –
Әлемнің күңгірт одан күн, ай, таңы.
Өзгеге өзің ата көрінсең де,
«Қозым» деп, ол болмаса, кім айтады?
Жә, уақыт« бол, бол!» дейді асықтырып,
Дүбірлеп дастаныма басып кіріп.
Жұтады жол-сапарды самұрықтай,
Қанатын келешекке асып тұрып.
Тұл заман, есек заман туарылған.
Жоқ еді оның бірақ уы арылған.
Арылтпақ дәрігер дәуір, құрыш дәуір
Октябрь жалынына суарылған.
Шарпуы Шегенге де жатты тиіп,
Бірде жай, бірде үстірт қатты тиіп.
Алтын таң әлденеше атты күліп,
Бақыр күн талай рет батты күйіп.

«ҚҰЛ ҚҰТЫРСА...»
Өтсе де сұрғылт ақырап,
Тоңазып қара топырақ,
Солса да сарғыш жапырақ,
Тұрды күз бүгін тоқырап.
Шыбынсыз жаздай тамылжып,
Шуаққа бөккен Шегенде,
Оянған халық абыржып,
Мереке, той бар дегенге.
Құл тұрсын, келіп жатыр жұрт
Ақберлі, Бүкі, Бұланнан.
Жігіті аужар, батыр жұрт,
Қыздары көркем, сыланған.
Жар салып Ораз бұларға
Жағалай кісі шаптырған.
Қуанып енді тұр барға:
Шат думан, сап-сап ат-тұрман.
Балуан қолдар белдесіп,
Атылды «Алтын қабағы»
Бәйгіден аттар келді есіп,
Тартылды тойдың табағы,
Барақат бауыры топшылар
Қайыса қалса жер деген –
Аты құл елде жоқ шығар
Жабастан басқа келмеген.
— Жабассыз тойда сән бар деп,
Жабассыз жерде той бар деп,
Жабассыз сөзде мән бар деп,
Ойпыр-ау, бұрын ойлар ма ек?! –
Мысқылдап мәз боп күледі
Балалы сары Аманжол.
Қайда да ертіп жүреді
Смағұлжанын әмәнда ол.
— Апыр-ай
— Иә!
— Солай, ә?!
Таңырқап қарттар шұлғысып,
Топшылап алай-бұлай да,
Шұнаңдап жүрген кіл пысық,
Жастар ше? Жастар ақберен –
Жаңа да жарқын әр ісі.
Тақпағын айтты баппенен
Саргөздің Қадірәлісі.
Оразша қара мұрт қойған,
Оразша, батыл, байсалды.
Осы бір жігіт шықты ойдан –
Өлеңге ілді бай шалды.
«Кел, қазақ, кедейлер,
Ұйымдас жалшымен!
Байларды, молданы
Қойдай қу қамшымен!..»
— Қойдай қу!
— Нық бол!
— Ұйымдас! –
Деп жалғап тақпақ өлеңді.
Төңкеріс тапқан дүйім жас
Ұрандап ала жөнелді.
Ораз да жуан ортада.
Қолында күйшіл сырнайы.
Құлаштап ділмар тартады,
Татарша әсем жырлайды.
Әскери әлі киімі –
Қай жерде, қашан жаңартқан?
Жап-жалпақ жайлау иығы –
Мол пішіп, кесек жаратқан.
Қимылы жойқын, жедел-ақ,
Жүр өзі тойды сапырып.
Ер, әйел, кәрі демей-ақ,
Ән-биге тегіс шақырып.
Ойынның түрін өрбітіп,
Орысша сылқым билейді.
Ортеке сынды орғытып,
Аяғы жерге тимейді.
...Сүйелдей көзге шыққан бір
Аулақта жатқан бай қыстау –
Сол тойдан қорқып бұққан бір
Секілді біреу байғұстау.
Тордағы андай тыпыршып,
Қасқырдай көзі қанталап,
Жабас тұр сыртта тықыршып,
Тарылып тамам шартарап.
Сан кіріп үйге, сан шықты –
Қашса да дүбір қоймады.
Әне бір асқақ ән шықты,
Әуелеп көкке бойлады.
Басына балта шапқандай,
Сол әннен миы зіркілдеп,
Абайсыз удан татқандай,
Демікті Жабас іркілдеп.
«Жаманды мұнша елірткен,
Жақсыны жаншып қузаған,
Қызылбас жебір шегірткең,
Қайтейін сені, қу заман!
Әулие алжып, ұтылса,
Пейішті сайтан алады.
Деген шын: «Құлдар құтырса –
Құдыққа қармақ салады».
Өзінше тартқан зиянын
Байекең іштей санайды.
«Құдай-ау, қайда сиямын
Басынтып қойсаң малайды?»
«Жауырға жая-жал бітсе,
Жанына торсық байлатпас.
Жарлыға бірер мал бітсе.
Жайлауға симас, жайлатпас.
Қой көрмей өскен көргенсіз –
Қуалап жүріп оттатар.
Той кермей ескен көргенсіз –
Табағын тойда боқтатар...»
Пайғамбар жасты молда бай,
Айға үрген иттей, сыбап тұр.
Кім білсін, қазір ол қалай
Жарылып кетпей, шыдап түр.
Түкіріп кенет тас атып
Ұятсыз бейпіл қоразға,
Тағы лас бір сөз асатып,
Кіжінді сырттан Оразға.
Жалшының желі дауылдай –
«Балақтың биті басқа өрді».
Шотыраш Ораз ауылнай,
Құл-құтан соны бас көрді.
Шығарды сол қу қара орыс
Бір «Еңбек шарты» дегенді.
Көнбейін десең – тар өріс,
Көніп ем – жалшы кенелді.
Сор шарты «заңның қақы» деп,
Аяқтан, қолдан матады.
Түгенге түген ақы деп,
Баттитып санап атады.
Алғысын айтып Айшалар
Не берсең, соған көнетін.
«Пәлен қой, пәлен тайша бар, –
Дейді енді, – сенен өнетін».
Жалынып қолын жайған ба,
Кедейдің құлдар керігі.
Жарытты соқа-сайманға
Қуарғыр «Қарыз серігі».
«ТОЗ» – серік, дейді, тағы бар
Көп еді бәле неткен тек.
Одан да сұмы табылар,
Иллаһим, тозып кетпей тек.
Өкіргір Ораз көрінде
Текеге барса-ақ болғаны, –
От түсіп менің төріме,
Кедейдің жоғы толғаны.
Соқа әкеп бірде арттырып,
Мата әкеп бірде саттырып,
Өшетіл алды таптырып,
Оқуды жұртқа шарт қылып.
Дәндеген қарсақ түбінде
Құлағыменен ін қазар.
Дәндеген құлдар бүгінде
Советке қана ынтызар.
Бірі би, бірі жандайшап
Нығмет, Қадірәлі де.
О тоба, туды қандай шақ –
Бұзылды жас та, кәрі де.
«Байтал шауып бәйгі алмас...»
Айшаның қорқам түрінен.
Сыңайы о да жай қалмас.
Өлексе тек мен тіріден.
Жырылып кетті ауыздан.
Қойсамшы бірден жұтып-ақ.
Өрмекші Ораз жауыздан
Қалайша шыбын құтылмақ?
Өрмегі емей немене
Жесір деп жақын ұстауы,
Жылулап оқшау төбеге
Салғызып берген қыстауы?
Бармысың, құдай, жоқпысың,
Қайдасың, кәрі аруақ?
Тайды ма бастан бақ құсым,
Кімдерге қонбақ, дарымақ?..
«Алаштан» тірек табасың,
Ығы тау, нұры күн, деді...
Құрысын бүйткен «Алашым»,
Жабағы құсып, жүн жеді...»
Жабас бай төгіп тұр кәрін,
Жылдарды шолып, сараптап.
Жіберсе, қанын құлдардың
Жұтуға даяр сораптап.
Даяр-ау, «әттең, әттең!» деп,
Бармағын шайнап қалмаса;
«Азаттық, қандай тәтті ең!» деп,
Еркін ел сайран салмаса...
Бір ұлып, бірде арсылдап,
Көшке үрген ит те қалады.
Керуен маңғаз аршындап
Баратын жерге барады.
Солай деп күліп жатқандай,
Тойшылар қолын бір сілтеп.
Тұйық ел бүгін шат қандай!
Шаттықты дәйім білсін тек.
...Көкте күн, жерде той қызды –
Қосылып жетті шыңына.
Көңілін елдің тойғызды –
Бергісіз айттың мыңына.
Әлбетте, құлдар құтырып,
Құдыққа қармақ салған жоқ.
Әйтсе де, ешкім сытылып
Той тастап, байға барған жоқ.
Әлеумет алқа-қотаны
Әркімнен ән-күй саумалап,
Айшаны бірден атады,
Қолқалап, қоршап, қаумалап.
— Сағындық сенің дауысыңды.
— Сағындық, иә, сағындық.
— Үніңе әбден аусармыз,
— Той күні ғана шағындық...
Айша тек баяу тартынып,
Күледі «қыздар бар ғой» деп,
Тулайды жүрек шарқ ұрып.
«Өлеңсіз өмір – тар ғой» деп.
Тулайды жүрек шарқ ұрып,
Шалқыған әнге шақырып.
Тағаты түгел сарқылып
Дегендей «кетсін зар құрып!»
Жөн шығар соған бағынған,
Құса боп қанша төзеді?
Сауықты, әнді сағынған
Өзгеден бұрын, өзі еді.
Дариға-ай, даусы, әндері.
Күмістей көсіп сапырған,
Сыңғырлақ еді, сәнді еді,
Шарықтап шабыт шақырған.
— Қарағым, Айша, кәне бір...
— Көңілді көтер, ақ жеңгем!
— Әніңді айтшы әне бір...
— Жесірлік жеңген, жоқ жеңген...
«Жоқ жеңген» деген адамға
Тіксіне Айша бір қарап,
Ортаға шықты табанда,
Әлі де сұңғақ, тұлғалы-ақ.
Танбаған сымбат, сұрқынан
Тартса да талай күйікті.
Көк сәтен көйлек сыртынан
Көнетоз камзол киіпті.
Қобалжып, іштей жас алып
Қой көзі күлім қағады.
Ақсары жүзі жасарып,
Алаулап опа жағады.
Сембепті беттің қызылы,
Толқиды сезім тасқыны.
Жіберді шырқап, сызылып,
Келгендей қайтып жас күні.
Әйелдік, әсем ұяңдық
Билеген қазір оны тек.
Тұрғандай соған зиян қып
Күстенген еркек қолы тек.
Самайға бір түп бурыл шаш
Таңбадай тағы тағылған.
Көлеңке беттен бұрылса,
Күмістей күнге шағылған.
Сұңқ етіп қоңыр үн тастап,
Төбеңнен аққу өткендей.
Танымал әнді тұр бастап,
Алдына салған өткелдей.
— Мен өзім көптен бері мойып жүрмін,
Өлеңді мойығаннан қойып жүрмін.
Білмеймін, әлде дәулет, әлде бейнет –
Түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін.
— Қайтсін-ау!..
— Сөз ақ!
— Дауыс-ақ!
— Е, өй, де! Пәлі! Е, әй, де!
Ел жатса солай дауыстап,
Әнменен Айша өгей ме?!
Бір кезде аққу қонғандай
Саңқ етіп даусы үзіліп,
Тұрды бір үнсіз шолғандай,
Өмір мен өткел тізіліп.
Тамсантып сөйтіп мол елді,
Әндетіп жатпай ол енді,
Бейтаныс жаңа өлеңді
Термелеп ала жөнелді.
«Бос жатқан сахарада қазақ елі.
Қазақтың ерік алды әйелдері.
Кешегі Николайдың заманында
Бес байтал болып еді әйел теңі.
Қор болып бір есекке қосақталған
Әйелдің талай маңғаз асыл тегі.
Күнәсіз сандуғаштар сайрап жүрген
Ол кезде қарақұстың болған жемі.
Бәрібір білімдінің оң мен солы,
Теңдікке жетім-жесір жетті қолы.
Талаптан, оян, ойлан, жас гүлдерім.
Жоқталад бұл уақытта әйел кегі.
Майданға түс, сыбаға ал заманыңда,
Ашылды маңдайыңның қалың соры.
Мұраты жас жүректің болып қабыл,
Кез болмай бір наданның жайған торы...»
Екі езу екі құлақта,
Мәз болып мұртын шиырып,
Жеткендей Ораз мұратқа,
Жемісі істің бұйырып.
Октябрь бүгін он жаста.
Мына той – соның тойы еді.
Өткізу оны ол бастан
Ораздың арман-ойы еді.
Қалайша халық қабылдар,
Жүрмей ме той деп танымай?
Талай бір күдік табылды,
Етектен тартты тағы бай.
Сол Ораз соңғы кездері
Көрген жоқ тыныш ұйықтап.
Көп жерде тілін безеді,
Топ жарды кейде иықтап.
Айшалар, Қадірәлілер
Үйренді одан тақпақ, ән.
Есепқор шаруа кәрілер
Советке кінә тақпаған.
Сол бір той міне дүрілдеп,
Басына түзді көтерді.
Қутыңдап қарттар күлімдеп,
Қыздырды жастық оты елді.
Қырмызы таңның нұрындай,
Алқызыл ту тұр желбіреп.
Ораз да таңның ұлындай,
Қарайды туға елжіреп.
Қарап бір ойы бөгелді,
Қорытып еткен он жылды.
Кім болды, кімдер не көрді?
Он жылда нендей жол жүрді?
«Әзірге айдан анығы:
Жабастың шебі табжылды.
Советті құлдар таныды,
Бөлінді алшақ тап жігі.
Тартыстың тартқан тартуы –
Құл – азат, құл – ел, құл – кісі;
Ұмытқан езу тартуды
Айшаның қайтты күлкісі.
Саңылау көрген соқыр жан
Сол жерден көзін жазбайды.
Өмірден сабақ оқыған –
Өлмесе, оңай азбайды.
Азаттық дәмін татқандар
Тілемес қайта тұтқынды.
Бақытын жерден тапқандар
Іздемес көктен құт күнді.
Жабасқа бұл той, әлбетте,
Жатқандай жерден жай түсіп.
Байларсыз өмір бар деп пе...» –
Ораз тұр іштей айтысып.
Оятты, бірақ, оны ойдан
Той тасып, халық масайрап.
Қызығы, сәні молайған
Жәрмеңке сынды жас аймақ.
Қоңырқай күзгі шақта бұл
Шалқитын күні бір келді.
Шегенге Ұлы Октябрь
Мәңгілік той боп тіркелді.

ТЕҢДІК ЖЫРЫ
Жазы ыссы, қысы қақаған,
Шегеннің сойқан қаңтары.
Ашқызып аузын бақадай
Қояды малды қаңтарып.
Бір соқса тентек бораны,
Соғады түбі түскендей.
Өшеді жолдың сорабы,
Өледі аң да түстенбей.
Қияпат сондай ақ түнек
Таң ата ғана басылды.
Аңырап аш мал шақ түнеп,
Адамның құтын қашырды.
Қар басып қалған қыстаудың
Ақ оба сиқы, сұлбасы.
Қоймайды көкті ыстауын
Қара ауыз қисық тұрбасы.
Ел тұрды елең-алаңнан,
Шіреніп жатар күш қандай.
Әр жерде біреу қараңдап,
Аршыған інін тышқандай.
Аққала соғып оралған
Айша да қарға малшынып.
Ықтасын бопты бораннан
Малына күрке тал-шыбық.
Мал дейтін не бар тәйірі,
Баяғы кәрі сұр сиыр.
Көргені соның қайыры –
Сұр сиыр бейне сүр сиыр.
Айтпақшы, биыл олжалы:
Байдың жоқ одан алмағы.
Сұр сиыр сиыр болғалы
Баурында тәлі қалғаны.
Айшаның бөлек үйі бар,
Бір жағы совет кеңсесі.
Шүкірлік етер күйі бар,
Салбыр да емес еңсесі.
Ол енді жиі күледі,
Қалмайды ән бар жерден де.
Белсенді, ликбез түлегі,
Сейілді біраз шерден де.
Әліпті таяқ деп білмей,
Сауатты болу оңай ма?
Әйтсе де, Айша шегінбей,
Хат танып алды он айда.
Кеткендей есі ауысып,
Тынымсыз ерні жыбырлап,
Көз бен шам майын тауысып,
Оқумен түнді жүр ұрлап.
Алғандай өткен жыл кегін,
Құныға соған, қызыға,
Үйретті өзі білгенін
Үйге кеп ұл мен қызына.
Кеңсеге аман келгей деп,
Алыстан «Әйел теңдігі»,
Күтеді күнін деңгейлеп,
О да бір досы ендігі.
Қолына кітап іліксе,
Туғандай оңнан жұлдызы
Қадалар дәл аш сүлікше
Үшеулеп – өзі, ұл, қызы.
Жылтырап жайлап ашылды,
Саңылау түсіп ой көзі,
Таңырқап жаңа ғасырды,
Сұқтана шолды қой көзі.
Алысқа кітап бетінен
Ежіктеп ұзақ қарады.
Шегеннің шығып шетінен
Сапарлап ойы барады.
Жер түбі Теке дегені,
Қарға адым жермен тең екен.
Дүние қандай кең еді,
Төңкеріс соның сеңі екен.
Соғады екен сең байды,
Батады екен Жабастар,
Сең жайлы сондай, сел жайлы
Сезіліп жатыр жай-жапсар.
Ораздың айтқан болжауын
Журналдан Айша іздейді.
Жығады, сірә, ол жауын,
Шамасы биыл күз дейді.
Әрқилы лақап, сыбыс бар,
Көрер зат көп қой көздіге.
Оқыды бірде дыбыстап
«Конфеске» деген сөзді де...
Жаңалық жатпас тегі елде,
Ликбез – соның бұлағы.
Саңырау, соқыр Шегеннің
Ашылды көзі, құлағы.
Оқудың дәмін құл ұқты –
Айшаның бұл да мақтаны.
Кеңсені дәйім жылытты,
Даярлап борды, тақтаны.
Сауатын ашып алса да,
Сабақтан қалып көрген жоқ.
Көз бол деп соған жар сала,
Совет те тегін бөлген жоқ.
«А-та» деп қарттың баладай
Әріпті ежіктегені –
Әндеткен жана даладай,
Ертеңгі нұрлы Шегені.
Тебіреніп Айша танысты
Сыртынан қайран Шолпанмен.
Жанымен ұғып табысты
Азат жыр, әсем шолпы әнмен.
Құлақта қалды үні оның
Шолпыдай, иә, сыңғырлап.
Айшаның тапқан кім ойын
Шолпанша мұңдас жыр жырлап.
Қазір де міне кеңседе
Шолпанға көшті әңгіме.
Оқуға халық келсе де,
Өлеңнен сәнді, дәмді не!
Айтады Айша гүл жүзбен,
Тыңдау да қиын таңданбай.
Аязға ұзақ сүйгізген
Бетінен қаны тамғандай.
— Мұғалім жоқта, жарайды,
Айтайын тағы бірін, – деп,
Халыққа толқып қарайды,
Күлімдеп, даусы дірілдеп.
«Көп жыл жүрдім бұзау, қозы соңында.
Маңдайымнан арылмаған сорым да.
Күл шығарып, тезек теріп, су тасып,
Жауыз байдың күңі болдық қолында.
Далба-дұлба шоқпыт-шоқпыт киімім.
Ауыр тұрмыс көрдім талай қиынын.
Өмір етіп зарлау-жылау қайғыда,
Шеше алмадым көңілдің тас түйінін.
Еңбегімнің бәрі кетіп далаға,
Шерлі жүрек толған қайғы санаға.
Ас орнына ішіп cар су, жуынды,
Итпек бірге сүйек аңдып қорада.
Жазықсыздан жедім байдың таяғын,
Кейде көсеу, кейде жұмсап аяғын,
«Ата-бабаң оңбаған ит, доңыз» деп,
Сөзбен қосып басқа салған таяғын.
Тым болмаса киім де жоқ киетін.
Құдай қайда көздің жасын иетін.
Бәйбішенің неше жылғы ескісі
Жыл тәулікте азар қолға тиетін.
Осыменен талай заман, күн өтті,
Ашылмаған күңдік тұман түн өтті.
Көздің жасы сел-дария болғанда,
«Теңдік!» деген ұрандаған үн жетті».
Шайқайды басын еркектер,
Әйелдер жасын сүртеді.
— Булығып айтқан шер-кекке.
— Басынан кешкен сыр тегі.
— Бар жерде бірдей екен ғой.
— «Екен» деп бөспе, «болған» де.
— Әр елдің заңы бөтен ғой.
— Ол заңдар тозған, солған де.
Айша да босап бір налып,
Жасаурап көздің шарасы,
Кеткендей қайта тырналып,
Жүректің ескі жарасы.
— Он төртте тоқал бопты, – деп
Өлеңге бір сөз қосты да,
Көтеріп кенет отты кек,
Тақпақтап кетті жостыра.
«Ұрандаған Ленин атты бабамыз.
Соңынан ерген ортақшыл тап ағамыз.
Кедей мұңын, жалшы жоғын жоқтаған
Кемдік көрсек советке кеп шағамыз.
Біз секілді күңдіктегі сорлылар
Теңдік алды, міне, бүгін қараңыз.
Бірте-бірте жолды танып түзулік,
Ашылмақшы атқан таңдай санамыз.
Мұнымызды басшыларға шағамыз.
Оқу оқып, өнер-білім табамыз:
Өзіміздей күңшілдікте жасаған
Қараңғы елге теңдік шамын жағамыз»
— Айтқаны келсін!
— Әумин!
— Өтіпті-ау байғұс аңырап.
— Жазыпты сырын, жан күйін, –
Деп жатыр халық жамырап.
Өлеңін өгей тұтпаса,
Томсарып қабақ шытпаса, –
Ақталды Айша мақсаты –
Шолпанға барша жақсы аты.
Сегізі дәл март айының
Той екен әйел халқына.
Баяндап соның байыбын,
Қандырған Ораз парқына.
«Теңдік» десе болғаны –
Айшада қайт жоқ, – даяшы.
Сол күннің алда мол қамы,
Бас қатты – баяндамашы.
— Біреу бай, біреу құр қалған,
Құр қалғандардан құл қалған.
Жырауша айтсақ «Бұ жалған
Боз жорға аттай ырғалған.
Ғашықтардан мұң қалған,
Батырлардан мың қалған.
Шешендерден тіл қалған,
Ақындардан жыр қалған...»
Не керек артық бұлардан?
Не айтам деген сөз бе екен! –
Деп күлген Ораз, – бол, қарман,
Өмірдің өзін кез бекем...
Толғанды Айша тұқырып:
«Мұң қалған, тіл мен жыр қалған...»
Тауықтай тынбай шұқынып,
Дән терді газет, журналдан.
Сар майдай сақтап жүр еді
Сол күнге әлгі өлеңді.
Паш қылып қойды жүрегі,
Жаңасын жаттау жөн енді.
..Жыр тынды. Көшті әзілге
Жас қауым – жігіт, келіншек.
Жоқ емес еді қазір де
Қауесет, қаңқу келімсек.
— Бетім-ау, шын ба, жорта ма,
Бай айтты кеше біз барда.
Түседі дейді ортаға
Мал түгіл қатын, қыздар да.
— Өз басың түссе, Кермеқас,
Білесің ақың кетпесін.
Көз сүзіп жүрген бір бақас
Байыңды ортақ етпесін.
— Жасайды дейді бір қоғам
Қосақтап кәрі, жасты да.
Жатады дейді қырық адам
Жалғыз-ақ көрпе астында.
— Қырық адам жатты дегенше,
Қып-қызыл бәле десеңші...
— Солай ма, Айша, жеңеше
Ораз бен сендей көсем ше?
Қияңқы қажау осы, алла-ay,
Түрпідей тиді Айшаға.
«Ораз бен сен» деп қосарлау
Астарлы сөз бе, жайша ма?
Қалтқысыз достар болмай ма,
Көлденең ойсыз жүрмей ме?
Өзгені Ораз қолдай ма,
Еркек пен еркек бірдей ме?
Еркек бар, ер бар жігітте.
Ал Ораз соның соңғысы –
Үйрету, сүйеу, үгіттеу,
Жанашыр құрбы, сом кісі...
Осы ойын Айша бір түйіп,
Әлгі бір жанға тіл қатты.
— Аузыңда бай тұр шермиіп,
Жаныңды қоса былғапты.
Іріген сондай ауыздан
Шіріген сөздер шығады.
Жабастай шірік қауыздан
Сынықтан өзге жұғады.
Советке таңып сан өсек,
Таңдайы жауыр болғанмен,
Тантуын қоймас кәрі есек,
Сүйекке сіңген ол қанмен.
Айта бер, мен де, Ораз да,
Не десе совет – соған біз.
Көз ашық болса, жол аз ба,
Қоғам деп жатса – қоғамбыз...
Біреулер шұлғып қостады,
Тыңдады үнсіз біразы.
Секілді осы тосқаны,
Айшаға, сірә, разы.
— Әңгіме бұзау емізер».
Қысыр сөз енді тыйылсын.
Оқудан опық жегізер, –
Дейді Айша, – таяу қиын сын.
Жапырлап бәрі жүгінді,
Тұрғандай алда патшасы.
Қағазға әне үңілді
Қадірәлінің Қатшасы.
Сүйкімді құба келіншек
Қыздардың жақсы жеңгесі.
Көрмеген киіп кимешек,
Адуын, өткір пенде осы.
Керме қас десе дегендей
Әлгі бір кербез жас әйел.
Жантая кетті еденге,
Әртүрлі тәсіл жасады ел.
Жазғыштап жатыр бүк түсіп,
Әне бір марқа қарындас.
Көкала еткен көп тісін
Жаланып жасыл қарындаш.
Төңкеріп төсеп шелегін,
Нұртаза құл да жазғандай.
Ұстасы қазір Шегеннің
Инемен құдық қазғандай.
Болсын ба үстел, орындық,
Не тапсын халық кеңседен,
Жатқанда жаңа орнығып
Таразы дүние теңселген.
Келе ме оңай құт өмір
Әлсізді теңер әлдімен?
Кірісі қатал, қытымыр,
Адымы өнік, алды кең.
Жақсы күн таяу, келеді.
Енді оны Айша сезеді.
Дүние қандай кең еді –
Тағы да оймен кезеді.
Мұғалім неге кешікті
Айтатын соның кеңдігін.
Ол, міне, ашты есікті,
Құшақтап «Әйел теңдігін».

КОНФЕСКЕ
Барақат кәрі баурынан
Ешқашан мұны көрмеген:
Мұнша мал Шеген аулынан
Құмырсқа сынды өрмеген.
Қарасаң қыран көгінен,
Бұлт дерсің шөккен жерге бұл –
Ойдым да ойдым бөлінген
Жыртылып найза желге бір.
Ел іші қызыл бұрқасын,
Қапырық ыстық – өрт тымық.
Шаңдатқан ой мен қырқасын
Жабайы андай төрт түлік.
Шолақ сай сусыз – сұлық сай.
Ал ауыл аласапыран.
Сүлік бай семген тұлыптай,
Құсқандай қанды запыран.
Мал шеті қыстау қасында,
Айнала құрған кермеде.
Күллі жұрт соның басында,
Жүргендей тойда, көрмеде.
— Кәмпеске келді, кәмпеске!
Түсірді байды дозаққа.
— Көндірді, бәлем көнбесті!
— Орыс па өзі, қазақ па?
— Е, қайдам, оны шорт білген,
Кім болса, мейлі, ол болсын.
— Әйтеуір сойқан, морт бірден...
— Ендеше дей бер жол болсын...
Жолаушы бір құл кеш келіп,
Түсінік алды осындай.
Кем жерін неге кешпелік,
Тосын сөз ол бір, тосын жай.
Кісі емес, іс қой кәмпеске –
Жабасқа келген жаза ғой.
Қойсын ба оны көнбеске.
Төңкеріс ойны таза ғой.
Бүгін бір сондай таң атты,
Тулаған байды өрелеп.
Жаза деу тіпті ағаттық,
Жай ғана әділ төрелік:
Мал қайтсын бағып қаққанға,
Дүние-мүлік – тапқанға;
Жабекең жайлап жер аусын,
Жатақша қалай жүре алсын...
Құсқаны – көп жыл сорғаны.
Тек қана сол ма болғаны?
Мойнында құлдың мол қаны.
Қалайша құны толғаны?
Жатпай ма тіпті болмаса
Түрмеде арып біраз күн?
Көп қанның орны толмаса,
Обалы қайда Ораздың?
Жоғары жақтан келгендер
Қалайша мұны білмейді? –
Сол оймен Айша сергелдең,
Көңілденбейді, күлмейді.
Күлетін,күні емес пе,
Жаны ма сырқау, дені ме?
Оразды алды неге еске,
«Обалы қайда» деді ме?
Айтпақшы, сау ма батырым,
Осындай күні ол қайда?
Шықпайды неге батыл үн,
Өзі ғой сабаз мұндайда.
Өзі ғой ортақ осында
Әр көздің бақыт жасына.
Неге жоқ стол басында,
Малданғандардың қасында?
Оқушым, бекер іздеме,
Машақаттанба, таппайсың.
Өліден күдер үзбей ме,
Көңілмен бетін жапқайсың.
Жоқтады өксіп Құл елі
Нар досын, ұлын, басшысын.
Қасірет шеккен біледі
Көз жасы құрғыр ащысын.
Баурына алды Барақат,
Бітелді кеше бейіті.
Жай апат емес бұл апат –
Революция шейіті.
Текеден жақсы хабар ап,
Әндетіп келе жатқанда,
Кетіпті дұшпан жаралап,
Жол тосып жатып атқан да.
Бүгінгі күнге асыға,
Бір көрмек болып бұ құлды,
Жабысып ердің қасына,
Шегенге жетіп жығылды.
Айтарын айтты шегелеп,
Келгені тілге, бірақ, аз.
Айшаға кепілдеме деп,
Қалдырып кетті бір қағаз.
Өзгеден гөрі және оған
Бөгелді көзі көбірек,
Көргендей ғана жаңадан,
Қиылып, қимай мөлдіреп.
Сол, Ораз, сол сөз, тек сол күн
Тұтас тұр Айша алдында.
Суреті одан көп солғын
Мынау жұрт, мынау малдың да.
...Талайлар талай рудан
Әкетіп жатыр мал айдап,
Қуғыншы күткен ұрыдай
Жалтақтап, сенбей, қарайлап.
«Жер-көктен, Айша, тіледің
Армандап қанша осыны?!
Білемін, онда тірі едім...
Қуаншы, – дейді дос үні. –
Өлді деп мені, мұңайма,
Сендер боп өмір сүремін.
Сыймаймын көрге, құдайға,
Сендер боп еркін жүремін.
Сендер боп жүрсе жан күліп,
Солғаны сөз бе денемнің.
Тамыры бар ғой мәңгілік,
Бұтағы сынса еменнің.
Өмірді адал сүйсеңдер,
Үлессіз, ізсіз, өлмеңдер.
Өлсең де өзің, күйсең де,
Өлгенін достың көрмеңдер...
Досың боп, Айша, жүрмек ем,
Қорғасып құзғын, қарғадан.
Өзгеше ойды білмегем,
Әріге арым бармаған...»
«Жоқ, Ораз, достан көп едің...
Еңбегің артық әкемнен.
Үзістің күңдік көгенін,
Шындықты сен ең әкелген...»
Көп уақыт өтті қалықтап,
Ой-мұңға Айша кеткелі.
Бір көзі ду-ду халықта,
Бір көзі байда шеттегі.
Жалбаңдап жаяу келгендер
Жорғаға мініп барады.
Және бір жоқтық жеңгендер
Шала бай болып тарады.
Бір көген қозы, қой алып
Аманжол қарт та әбігер.
Барлыққан, терге боялып,
Нығымет, Қадірәлілер.
Шаужайлап малды қайырып,
Бөлісіп, іздеп, айғайлап,
Бейне бір есеп айырып,
Шегеді олар байға айбат.
Алпамса аю байекең
Мысықтай бұққан, жасыған.
Бұ дағы шолақ сай екен
Суына қардың тасыған.
«Балықтың жаны суда» деп,
Қауқитқан мұны мал екен.
«Бұқа – бу, азбан – дұға» деп,
Қаусаған қаудыр шал екен.
«Қайран» да «қайран» – айтары,
Қалтылдап қауға сақалы.
Басылған желік сайтаны,
Баяғы бейпіл мақалы.
Өзіңде бірақ тырнағы –
Қаймықпас еді қандаудан.
Кім несін алды – тұр бағып,
Дәмелі, бәлки, қан даудан.
Қаншама малды жасырды,
Қаншасын алды ақшалап...
«Айласын, әттең, асырды
Қу қатын, анау ақшолақ...
Көрсетті тізіп сәбетке,
Жүріпті бағып ізімді.
Сенің де, қап, қап, со бетте
Балшықпен жаппай жүзіңді...»
Бай ішін жақсы танып тұр
Айша да естіп, көргендей.
«Көмбеңде алтын қалып тұр
Әлі бір мың мал өргендей.
Секілді шірік жертезек
Қалсайшы жерде соларың.
Білсемші, шіркін, ертерек
Бір күні мұндай боларын.
Қарқылдап неге күлмейсің,
Кетті ме қайрат көнтірден?
Көнтірлер емей кім дейсің,
Оразды аңдып өлтірген.
Сұмдық-ау, әлде жез мұрт па?
Сен бе атқан соның қолымен?!
Өштігің аян ел-жұртқа,
Сенсің тек, сенсің сонымен!»
Кенет бір дауыс столдан
Айшаның атын атады.
Отыз қой, кілем түсті оған,
«Мұнша мал қайда батады?..
Біреуін арнап шалайын
Ленин, Ораз, Молдашқа.
Балларға киім алайын...
Кілемі-ақ жақсы болмас па!..»
Қызық қой адам болмысы,
Дана ғой, дәйім бала ғой.
Айшада молы соңғысы –
Ниеті түзу, балаң ой.
Жаудырып «құтты болсынын»,
Тоғытып «қора толсының»,
Жұлмалап жатыр Қатшалар;
— Болсайшы!
— Жүгір, батшағар!..
Жарылып артта топ қалды,
Жабастың өтті жанынан.
Өткен жоқ, оқыс тоқталды.
Адамдай жаңа таныған.
— Байеке, кетіп барамын
Қойыңды алып қуалап.
Алдыңнан тусын қара күн,
Артыңнан қотыр құмалақ.
Сақалың енді көрде өссін,
Тепкілеп терең қазғасын.
Қош боп тұр, бәлки, көрмеспін.
Көруге тағдыр жазбасын.
«Өлтірсең өлтір, құдайым,
Өлексе қылма тіріде», –
Дейтұғын Ораз ұдайы,
Табынып жүрек піріне.
Лағнет айтып ел безсе,
Өлексе болмай, қандай ең?
Осы хал маған кездессе,
Өлімді ғана таңдар ем...
Бай қалды аузын аша алмай,
Ашқанша, Айша ұзаған.
Аптығын үнсіз баса алмай,
Қалшылдап кетті ызадан.
Естіген халық Айшаны
Деп жатыр: «Айтты-ау! Қатырды-ау!»
Тапқаны сонда бай шалдың:
«Қашқан ерге – қатын жау».
Болмады сөзі одан сом,
Сөз емес, ойда оқ еді,
Өлексе шалды содан соң
Елеген адам жоқ еді.
Жүрер-ау тірі ол аз күн,
Бықсыр да қоқым көмірше.
Өлімі бірақ Ораздың
Қазір де жеңді өмірше.
Артты деп құны адамның
Түсінді, түйді Құл елі.
Дәрігер құрыш заманның
Сәтті де құтты күні еді.

ОЙЫМЕН ТҮНДЕ ОҢАША
Тағы күз, тағы қыс өтті,
Өлмеген жанға жаз келді.
О да өтті қонақ іспетті,
Екі рет қайтып қаз келді.
Соңғы рет Айша сол қазбен,
Бір кетіп, бірге оралған.
Курста оқып ол аз-кем,
Жан азық, жана қор алған.
Көзінде Жайық жағасы,
Қызықты түстей көп елес.
Ауылдық совет ағасы
«Ақ Айша – қызыл кәмөнес».
Тек бүгін аттан түскені,
Тек бүгін отыр үйінде.
Алдында тігер істері,
Кәдімгі әйел күйінде...
Күпіден гөрі инені
Қолына, бірақ, көп сұқты.
Алуан ойлар биледі,
Қопарды жанын, қопсытты.
Ортадан ауды күзгі түн,
Орталап шамның майын да.
Айша жоқ әлі мызғитын,
Уайымы жұмыс жайында.
Колхоз боп еді кіл кедей,
Кетпепті ісі оңалып –
Үлгісіз пішкен дүниедей,
Бірде кем, бірде мол алып.
Доңғалақтары бұлаңдап,
Шиқылдақ майсыз арбадай,
Жүрмей-ақ қойды бір ондап,
Тартыншақ жапа-тармағай.
Көрпесін бойға шақтамай,
Кесілген сірә бүлдіріп.
Колхоз бір ашық қақпадай –
Бір шығып жатыр, бір кіріп.
Ортаға салған малын да
Бір алып, бірде қайырып,
Ел ерген кейбір залымға,
Өз қолын өзі майырып.
Пәлендей менің бергенім...
Пәлендей менің еңбегім...
Аузыңды неге кергенің,
Сәбеттің көзі сен бе едің!..
Осындай текетіреспен,
Өзара мүйіздесіпті.
Не шықсын қысыр күрестен,
Кім берсін даяр несіпті.
Дән түгіл жердің қыртысын
Аңызақ өртеп жіберген.
Көліктік бірер жылқысын
Қасқыр жеп кеткен шідерден.
Ат алып сонау қойына
Айша да салған ортаға.
Жоқ қылып қойған оны да,
Шалған ба біреу сорпаға...
Сылтау ғып бәрін әлдекім,
Советті сыбап, жазғырған.
Сілемі шаңырақ сәлденің
Колхозға қарсы азғырған.
Жаулардың, даусыз, қастығы...
Қорғансын серік, қорғансын.
Жаңадан болған бастығы –
Қадірәлі де қолға алсын.
Мейлі бір он үй қалса да,
Қалсын тек тілеп енгені:
Тарығып, тіпті талса да
Колхозға әбден сенгені.
Текеден бері, Бұланда
Шіркін, бір колхоз бар екен.
Көрсетсе соны бұларға, –
Құмартар еді бәрі ертең.
Таңдайы татып, көз көрмей,
Құр сөзге неге қызықсын.
Қазіргі жағдай өзгермей,
Басыла қоймас бұзық сын.
Әйтпесе не үміт, не қайыр –
Қолдарын бір-ақ сілтейді.
Бұлдыр да сылдыр неғайбіл
Бос уәде сумен бір дейді.
Аң қашпас ақсақ тазыдан,
Мешелден қандай сиқы артық?
Түсінде жеген қазыдан,
Өңінде жеген құйқа артық.
Қалдырған уын бай терең.
Жағдай бар жаяу майдан дер.
Сен болсаң, Ораз, қайтер ең?
Қадірің өтті-ау, қайран ер!..
«Аға бар, бала-шаға бар,
Оқиды көзі хат танып.
Бөріні қолы тағалар,
Ойына өнер жатталып.
Сондай күн туып келеді,
Қарсы ұшып, Айша, барамыз.
Жабастар жолды береді –
Аламыз, бұзып-жарамыз...»
Айтқаны болып жатыр-ау,
Ұқсата алсақ біздер тек.
Осының бәрін, апыр-ау,
Ол қалай болжап сезді ерте?
Бала боп кетіп даладан,
Дана боп елге оралды.
Құдайын тауып қаладан
Алғандай ақыл, жоралғы.
Кім екен дана бұл құдай,
Партиямыз ба, тегі не?
Баурына тартып ұлындай,
Қыз берген орыс елі ме?
Соларға мен де табындым,
Ақиқат бөгде емеспін.
Тұмардай танып тағындым
Ораздың кепілдемесін.
Ерте өшкен ол бір шырақ қой,
Айқаста сынған ақ алмас.
Ораздай болу мұрат қой.
Лениндей ешкім бола алмас.
Көкте құдай бір десе,
Жерде Ленин бір екен.
Өлмейтін жалғыз пір десе,
Пірдей Ленин тірі екен.
Ісі бар болса – кісі бар, –
Ораз бен оқу үйретті.
Томар да, бәлки, ысылар,
Талайды өмір сүйрепті...
...Ой езіп бойын дел-сал ғып,
Айша отыр тікпей, құр қарап.
Кеткендей кейде сәл қалғып,
Қос қолдап көзін уқалап.
Томсарған тыныш түн іші,
Манаурап тұрған май шамы,
Құлазып қалған үй іші,
Сейілтпей қойды Айшаны.
Қалайша ісі өнбекші,
Жалғыздық басып, жеріді.
Қаптесер менен өрмекші
Қазіргі тірі серігі.
Тебісіп тайдай кісінеп,
Тышқандар түссе ұрысқа,
Өреді өрмек мүсіндеп,
Өрмекші мылқау бұрышта.
Екеуі әбден тайраңдап
Еркінсіп жайлап алыпты.
Шықпаса ертең майдандап,
Бүгінше Айша жалықты.
Болмаса тіпті осылар
Құлаққа ұрған танадай.
Жалғыздық – адам шошынар –
Үйде жоқ, қыз да, бала да.
Олар да басты аяғын,
Ұядан өріп жақында.
Алаң көз ұлы баяғы –
Қызылжар интернатында.
Курсқа кетті Шекер де –
Трактор айдап қайтады.
Көргенін о да Текеде
Аңыз ғып ертең айтады...
Трактор келсе, шіркін-ай,
Колхоздың өсіп өркені,
Өзі боп жерде бір құдай,
Жаңғыртар еді өлкені.
Әзірге бұл тек құр қиял,
Қиялмен Айша оңаша.
Бөбегін шетке кім қияр,
Емес пе қатал ол аса?
«Қыз – Қырым, ұлы – Ұрымда –
Ауылдан алыс асырды.
Қырықта қайта қырындап,
Тимекші байға асылы...»
Жоқ емес мұндай өсек те,
Жесірге нені таңбаған.
Күлкісі, ізі есепте,
Кит етсе қаңқу андаған.
Апыр-ау, жерім қайсы ағат басқан?
Жазықсыз жала қалай қабаттасқан?
Тимейді тізем жерге түнге дейін,
Тауықша оянамын таң атпастан.
Несі бар әйел байғұс атқа мінсе?
Көзі хат, қолы қалам жат па білсе?
Несі бар ермен бірге ел билесе?
Несі бар топта сөйлеп, шатта күлсе?
Оған тек тиесісі төсектік пе?
Тоздық қой төсеніштей бос өттік те.
«Жіңішке әйел жолы» неге мұнша,
Әлде тек жесір сорлы өсектік пе?
Кердіңдер, Құл баласы, қайсыларың,
Мен қашан байсырадым, бай сұрадым?
Сыртымнан күңкілдеуші табылса да,
Балуан боп беттесе алар, әй, сірә кім.
Ал мейлі болсын дейік солай тіпті.
Қалайша менің арым сонда айыпты?
Қызықсыз, қыз жасында жесір қалып,
Жатақтың қай қатыны сарғайыпты?
Сарғайдым солсын гүлім, шөлдесін деп,
Молдашым көңілімде өлмесін деп.
Сарғайдым соның жетім тұяқтары
Өзгенің өгейлігін көрмесін деп.
Жерледім, құрбан еттім жас шағымды,
Сорғалап кей түнде тек жас шағынды.
Ал жейде көкіректе дауыл тұрып,
Жалт ойнап шақпақ-шақпақ тас шағылды.
Үгіліп о да күл боп қала берді.
Әйелден ана билік ала берді.
Сол қалған тіршіліктің игілігін
Әйтеуір, аз ба, көп пе, бала көрді.
Өсірген өстіп жүріп бөбектерім,
Сеңдерді қалай сірә бөлек дермін?
Шырқырап шыбын жаны бірге жүрген
Мен бәйек тұлыптарың, көнектерің.
Қаншама заман өтті, ғасыр өтті,
Халықты қараңғылық басыр етті.
Сендерді оқып көзін ашсын деп ем,
Шекпес боп надандықтай қасіреті.
Өрен жас өздеріңдей сана құлды:
Оқуда Аманжолдың Смағұлы.
Оқуда Ерғалидің Рахымы,
Оқуда Темірбектің Саягүлі.
Келгенде білімді боп ертең сендер
Мақтанып, масайраудан жер теңселер.
Шегеннің шүпірлеген Үркеріндей,
Біздерді бастарсыңдар, ертерсіңдер.
Сондықтан, көзден таса болғандарың,
Соған да қанша толқып, толғанбадым.
Жастыққа басым тисе, түсім – сендер,
Жырылып кеткендей бір қолдан бағым.
Сан саққа жүгіреді ойы ананың,
Солқылдап кейде жылап оянамын.
Үй, мынау, үңірейген молаға ұқсас,
Жанымды қалай тыныш қоя аламын.
Сағындым, сағынамын, қалқаларым,
Келеді әлдилегім, арқалағым.
Жар болып жақсы дәурен сүргенім аз,
Ана боп қызық көрер бар талабым.
Сағындым, сағынамын, қалқаларым,
Келеді әлдилегім, арқалағым.
Жар болып жалынымды тауыса алмадым,
Ана боп ғұмырымды сарқа аламын.
Түседі ескі өлең енді есіме:
«Мен кепіл озған дәурен келмесіне...»
Келмесін, иллаһымда, қидым, қидым,
Өткеннің өкінейін мен несіне.
Хан тағдыр қазіргіден жарылғасын,
Қайыры ұзақ болсын, арылмасын.
Тілейді тілегіңді, жаңа заман,
Су сепкен қанатымен қарлығашың...
Айшаны уақыт талдырды,
Өңі мен түсі табысты.
Ұйқыға бойын алдырды,
Кірпікке желім жабысты.
Шытырман шексіз сезімдей
Қанаты түннің ұзарған.
Ұйқысыз шалдың көзіндей
Пілтесі шамның қызарған.
Қараңғы бұрыш-бұрышта
Өрмекші тастай батыпты.
Қаптесер ғана ұрыста –
Қиқулап әлі жатыпты.
Ал Айша әлгі орында,
Шалады шала құлағы.
Үзілді ойдың торы да,
Төсіне басы құлады.
Құлады баяу қонақтап,
Әбігер жанын тыныштап.
Тыныштық, бірақ, шолақтау,
Тұрмаса біраз түнді ұстап.

ДҮБІРЛІ КӨКТЕМ
Кешіккен Шеген көктемі
Кемелдеп келді, дыр келді.
Даланы баса көктеді,
Дүбірлеп келді, жыр келді.
Қуантып келді құлдарды,
Әуелі үрке қаратып.
Бұқтырып келді сұмдарды,
Тұмсығын тағы қанатып.
Трактор келсе – трактор! –
Солайша емей немене! –
Шыдап көр, қане, тулақ қыр,
Дарытпай көрші денеңе!
Дүрлігіп кәрі, жасы да,
Шегеннің Шәкір бетінде,
Жиналған егіс басына
Оянып түнгі екіде.
«Оянып» деуім ағаттық,
Бүл күні ешкім жатқан жоқ,
Көрінер көзге таң атты,
Айша да кірпік қаққан жоқ.
Ал қазір сәске шамасы,
Құлпырған, күлген май күні!
Көкпеңбек аспан шарасы
Секілді теңіз айдыны.
Дәріптеп дана дәуірді,
Дырду ғып құрыш алыбын,
Думан ғып дүйім ауылды,
Көтеріп болған халық үн.
Айша да бірер сөз айтты.
«Жүрісін көру» басталды.
Трактор шіркін өзі айтты,
Ту жерге жазып дастанды.
Ғаламат темір қоңыздай
Тоңқаңдай басып келеді.
«Көрмеді-ау, әттең, доңыз бай,
«Құтырды-ау құлдар!» дер еді.
Тіркелген соқа дүрмегі
Байтақ жер алып барады.
Тең таппай тілдер күрмелді,
Аңырып қана қарады.
—Тобам-ай!
—Тірі обадай!
Сәбеттің, пәлі, күші ғой.
— Қайран Ленин бабам-ай!
Осы да соның ісі ғой.
— Сүңгиді қалай түрендер,
Cap майға салған пышақтай!
— Бір күндік шығар бұл ен жер,
— Тауды да сүйрер тұсақтай.
— Ойпыр-ай, біздің Шекерді-ай!
Қыран қыз шықты аз құлдан.
Қаңқудың сонау, бекері-ай.
Айшаны нақақ жазғырған.
Күдік ап сонда бәріміз,
Жасадық ерсі жорамал.
Шынашақ сынды сары қыз
Алыпты мініп оралды, ал.
Жарыса сөйлеп ентігіп,
Боразда бойлап омбығып,
Аузымен тіпті жер тіліп,
Масайрап еркін оңды жұрт.
Ең алда Айша келеді,
Алыпта көзі, Шекерде.
Айғайлап, ымдап, күледі,
Дауысы оған жетер ме.
Күледі, қолын былғайды,
Жанардан шық моншақтап.
Кермеген жасты мұң-қайғы
Шаттыққа қалған мол сақтап.
Мұндайда қалай бұл жүрсін
Көзінен қызын алыс қып.
Жанында және бүлдіршін –
Желпілдек қызыл галстук.
Қалайша мақтан етпесін
Ананың абзал жүрегі,
Аузына қолы жеткесін
Адам боп екі түлегі.
Бұлбүл боп жаны жырлайды,
Кеудесі толы күмбірге.
Көңілі күйлі сырнайдай,
Шырқайды, кәне, кім бірге?!
Шырқаңдар, ей, құл, баласы,
Көтер, жаз, дихан, беліңді!
Соқаның жауыр қарасы,
Саған да тыныс берілді.
Суиды мойны өгіздің,
Жазады қолдар жалағын.
Жаңадан, қызым, өргіздің
Сенімін туған даланың.
Керегі бидай, тары ма,
Көсіп ал дейтін күн туар.
Түйірге аузы жарымай
Торғайша теріп кім тұрар.
Мысқалдап шықса ескілік,
Батпандап кірсін жаңалық.
Дүниеге даңқы естіліп,
Жатсын ел қайта жаралып.
Жас өсіп, жарлы байысын,
Бүйірі шықсын көбдіктің.
Жаңа мен ескі сайысы
Ұзақ жол сірә, көптік тым.
Біреулер тайқып сол жолдан
Атының басын жалт бұрған.
Біреулер жетіп болдырған.
Төңкеріс темір салт құрған.
Құрбаны қанша, құрбаны!
Майталман игі жақсылар.
Ораз да сондай құл қаны,
Құндармыз оған, тақсыр ар!
Зая емес, бірақ, еңбегі,
Ақталып жатыр арманы.
Жаңаның осы жеңгені –
Ораздың алға барғаны.
Көрсеңші, Ораз, қайран ер,
Тасқындай өмір – бай ағын!
Еңбекті еміп жайраң ел,
Тік басты колхоз аяғын.
Кемелге келу әлі алыс,
Құлаудан кетті алайда.
Түзеліп беті барады іс,
Мақсатқа жетпек қалайда.
Жүрерде тәй-тәй басу бар,
Жығылып тұру ықтимал.
Өтілді сондай асулар,
Дәуренін құлдар ұқты дәл.
Ленин еккен ұрықтай
Жаңа адам есіп келеді.
О да бір тулы сырықтай,
О да бір жадау желегі.
Кермеқас, Қатша, Нығымет,
Кешегі Қадірәлілер,
Коммунист деген құдірет,
Тынымсыз, дәйім әбігер.
Көрсең бір кеңсе, мектепті
Бай үйін бұзып салдырған,
Демес ең, бәлки, кек кетті,
Сендей боп өспек балдырған.
Өзіңсің үбір-шүбірлі,
Орының, әттең, тұр аулақ.
Естісең мына дүбірді,
Түсер ең көрде бір аунап.
Бұл дүбір артық батадан,
Құша түс туған жеріңді.
Аулыңа колхоз атанған
Ленин аты берілді.
«Ол құлға жегжат-жұрағат», –
Деген де сыбыс бар еді.
Емес те екен бұл ағат,
Өзім деп отыр бар елі;
...Адамда қанат жоқ деген
Әшейін үстірт сөз екен.
Тұтанса мотор отпенен,
Жүрек те соның өзі екен.
Келеді Айша құс болып
(Аяғы жерге тиіп тек),
Көргені ғажап түс болып,
Көңілі кектен биіктеп.
Көктеммен түстес көйлегі,
Қымқа бел мауыт қамзолы,
Күлкісі, ымы, сөйлеуі
Шат нұрға толы – сән толы.
Қалса да орта жасқа кеп,
Сақтапты сұңғақ тұлғасын.
Ақ селеу кірген шашы тек
Дегендей: көрген бұл да сын.
Ерекше қазір келбеті,
Ақ жүзі нарттай жанады.
Ажарын әлі бермепті,
Жалынға толы жанары.
Жастықтың осы соңы ма
Сөнерде бойын түзеген?
Азамат әйел сойы ма,
Тұрмысты кешкен тізеден?
Кейбіреу бұлдап соны да,
«Сайрандап қалам» дер ме еді.
Ал Айша «жастық соңына»
Қос қолын бір-ақ сермеді.
«Жырымды Байбақты жоқ сарқа алатын.
Саған да таусылмайды, марқа қатын.
Қыз болсаң қызықтырып мақтар едім,
Басыңнан кеткен екен марқабатың».
Қағытты солай таяуда
Келімсек сері қарт ақын.
Айша да қара жаяу ма,
Әр қазақ кемі жарты ақын.
«Айтасың сайтан сөзін, кәрі ақын.
Кей жерде әу дегеннің бәрі ақын.
Жас болсаң қанжығаңа байлар едің,
Қаңғыма таусылғанда дәрің, ақын».
Трактор болса ту жерді
Төңкеріп тастап барады.
Әнеки тіпті шүу желді,
Шекер де күліп қарады.
Күлгені шығар, шаныңыз,
Көрінді ақық тістері.
Әйтпесе шақпақ сары қыз
Қара май, күйе түсті еді.
Секілді зердің шашағы
Төгіліп алтын шашы тек,
Шапақтап сәуле шашады
(Өруге жүр ме сасы кеп).
«Молдашым, көрсең бүгінді,
Арманым жоқ деп өтер ең.
Бейнетте сенсіз бүгілдім,
Бақытты сенсіз көтерем.
Жесірдің дауы шешілді,
Жетімек ұл-қыз – азамат.
Ескіге үкім кесілді,
Ел қайтсін оны азалап.
Тіріде көзің көргеннен
Көп өзге құлдың тағдыры.
Тағдырдың кілті өзгерген,
Шегенге туды таң нұры.
Сол таңның жүрем нұрымен,
Білгір де дана емеспін.
Тірілген жанның бірімін,
Алдымда әлі белес – сын.
Суынан мөлдір бал бұлақ
Иліксең ғана алдырмақ,
Көш бастау, бәлки, қиын-ды,
Көшінен қалман ал, бірақ.
Сағындым, Молдаш, дариға-ай,
Шүйіркелессем, сыр айтсам!
Жүрекке шипа дарудай,
Кітаптан оқып жыр айтсам!
Жаншылып, жүдеп жүрсек те,
Жанымның дәйім базары ең.
Оралса жастық бір сәтке
Қандай хат саған жазар ем!
Көрмедің ондай бақытты,
Ол кезде елің шерлі еді
Көрмедің жақсы уақытты,
Ертерек, шіркін келмеді.
Армансыз жан жоқ тегінде.
Олардан мен де аспаймын.
Жүректің ең бір түбіне
Сырымды түйіп тастаймын.
Кейде бір толқу үстінде
Қарармын, мүмкін тарқатып.
Сезбейді бірақ ешкім де,
Өзіме ғана нәр, қатық».
Ой кетті ойға жалғаса,
Сезімтал Айша, қиялшыл.
Қиялдап желпіп алмаса,
Жүрекке қалай сыяр сыр?
Қат-қабат ойдай боразда –
Сүрініп Айша кетеді.
Сейіліп сонда біразға,
Құлаққа дүбір жетеді.
Ол дүбір – көктем дүбірі
Күркіреп келген осы елге.
Кердеңдеп құлдар жүр ірі,
Көгермек десіп көсеге.
Бұтаны, тасты ұйпалай,
Тартып жүр жайпап трактор.
Езіліп піскен құйқадай
Ырсиып қалды тулақ қыр.
Астында соның көмілді
Шегеннің мешеу заманы.
Жасайды жарқын өмірді
Жаңа адам – колхоз адамы.
Құрыш күш бүгін ескіні
Белінен сызып тастады.
Күркірі алыс естілді,
Колхозшы, көктем басталды.
Көктеммен сол бір баянды
Қабысты Айша тағдыры.
Қабысты өмірбаяны,
Жүрегі, демі, жан жыры.

ЭПИЛОГ
Жесірдің аяғынан тік басқанын
Жыр қылу мұраты еді бұл дастанның.
Мен соған жеткендеймін, оқушы дос,
Демессің қалған жолды бірге аспадым.
Тақтадай емес о да,
соқпағы бар.
Бал тәтті тұрмыстың да шоқтары бар.
Адамның болса да ең бақыттысы
Соларды бір-бір көрген шақтары бар.
Кездесіп қалады әлі кілегей күн.
Шыңдалар жүдемей кім,
түлемей кім.
Жесірлік қорлық емес енді бірақ
Әлбетте, оны ешкімге тілемеймін.
Жақсылық келген жоқ өз аяғынан.
Ол үшін қандай күшін аяды жан.
Айша да сондай жанның біреуі еді,
Қаншама өзгеріпті баяғыдан?
Бағында бал гүлі нұр, бұлбұлы жыр,
Болсаң сен Алматының тұрғыны бір.
Күміспен апталғандай аппақ әже
Көзіңе түскен шығар бұл күні бір.
Дұрысы, күмістей дер шашын адам.
Ақ жүзі әлдеқайда ашық одан.
Күмісте салқын сәуле дірілдесе,
Анадан айнала күн шашыраған.
Сол әже бүгін тағы бақта отыр.
Гүлі көп, саясы мол жақта отыр.
Өзіндей аналардың қауымында
Әңгіме-дүкен құрып бапты-ақ отыр.
— Иә, жыл дегендерің шұбырынды.
Білмейді баяулауды, қыбырыңды.
Сонымен колхозыма беріп кеттім
Кейінгі кесек жарты ғұмырымды.
Жоқ, ойбай, керегі не пенсияның.
Алмаймын, алжығам жоқ мен, шырағым.
Өлгенше заманыма борыштымын.
Өтеуді ұрпағымнан жөн сұрауым.
Анадан шапағатын аямаған
Бар болса бала, келін аялаған,
Қарттықты үкіметке міндет қылып,
Қалайша алақанын жаяды адам?..
...Оқушым, танымайық қалайша біз,
Осы бір ақ әжеміз – ақ Айшамыз.
Тірі жан кәрілікке бір соғады,
Біз екеш біз де айтпаспыз:
балаусамыз,
Қартайды жасасам деп жаңа арнаны.
Ақталды не бір ойы, жан арманы.
Болды, иә, өзінше айтсақ, ширек ғасыр
«Колхоздың бас белсенді шабарманы».
...Жарлы елі, жесір елі, жетім елі
Мақтан ғой көз алдыңда жетілгені.
Дамбалсыз қара тірсек алаң көз ұл,
Бүгінде қалпақ қырын кетірмейді.
Дәулетті, қолы ұзын ел Құл ақыры.
Жыр толғап Алматыда жүр ақыны.
Мұғалім, агроном Смағұлдар,
Инженер – Ерғалидің Рахымы.
Азамат болып алды жас бала да.
Айшадай ардақтылар басқа ана да.
Айша да Айманкүл мен Диналардай
Өткізбек қалған күнін астанада.
...Жыр шіркін көңіл жетсе көл дегендей.
Сол көлден сімір, Айша, шөлдегендей.
Әрдайым абзал бейнең жүрегімде,
Өзімнің қайран шешем өлмегендей.

1959, декабрь – 1961, август.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу