Өлеңдер ✍️
Сел
1
Мың тоғыз жүз жетпіс үш,
Он бесінші июль,
Жексенбі...
Мың тоғыз жүз жетпіс үш,
Он бесінші июль,
Жексенбі...
Сол жылы,
Сол ай,
Сол күні,
Қуаныш,
Шұғыла мол күні
Жер-дүние дерсің теңселді.
Кім көрген мұндай жойқынды?!
Кім бөгер топан толқынды?!
Ей, адамдар,
Ей, ел!
Ей, адамдар,
Ей, ел!
Ерте де, кеш те
Сақтаңдар есте
Сол күнді,
Солқылды,
Жойқынды!!
Ұмытпа
Әуелі езің,
Алматым!
Ұмытпа,
Мәуелі өзің
Алматым!
Атындай
Асқан алыптың
Тағы да шықты сонда атың.
Елдігіменен халықтың,
Ерлігіменен солдаттың
Сақталды өмір жаннатың.
Тартысып
Тілсіз жауменен,
Тірілер үшін талықтың.
Тасқынды бөгеп тауменен,
Дәуірдің күшін таныттың.
Кірпіштеріндей тамұқтың
Тізіліп шығар табыттың
Кесілді жолы қаншама...
Алматым – арым,
Шабыттым!
2
Июнь де өткен өртеніп,
Июль де аптап, тұр тұнып.
Сол үшін, бәлки, ертерек
Календарлардан жыртылып.
Тәуліктен ұзақ тәрізді
Жұмыстың соңғы сағаты.
Тауда жоқ шөкім қар ізі,
Желі жоқ шалқып соғатын.
Кеңсеге қайдан дем келер?
Галстук қысып қолқаңды,
Демігіп етшең кеуделер,
Ысылдап қайтар
Вулкандай.
Гүлдерді самал өппейді,
Сыбдырсыз, сұлық жапырақ.
Ақ жаңбыр төгіп өтпейді,
Шөліркеп жатыр жасыл бақ.
Өрмекші тартқан өрмектей
Арықтар ғана сулы тек.
Жиналған бала жер-көктен,
Фонтандар басы шулы тек.
Асланы бейне қалайы,
Әйнектей сынар шытынап.
Алматы әсем, алайда,
Тұрса да ыстық құтын ап.
Қарағаш,
Терек,
Қайыңдар
Жоғалтпай жасыл бояуын,
Тау суы аққан сайында
Ойнайды ағын,
Ояу үн.
Әр түсті мәрмәр қораптай
Сырлары күнге шағылып,
Тоғысып түрлі торапта
Автолар жатыр ағылып.
Көшелер толы күллі елге,
Күткендей кештен құт нендей.
Ұқсайды халық гүлдерге,
Гүлдерге аяқ біткендей.
Шүйілген дәу-дәу қырандай,
Шығырға ұқсас крандар
Құдықтан қауға тартқандай.
Тұрғызып үйлер, тұр аңдап.
Қалыңдап қала,
Жасарып,
Бойлайды биік;
Шығандап.
Сылаңдап «сөзшең» Басарық,
Сүйреңдер оған, бұған да.
Жаны шат жұрттың, сара ойы
Болса да отты кеш осы.
Сайрайды Ленин Сарайы,
Самғайды Ленин көшесі.
Самғайды жасыл коридор,
Бір басы даңқты Медеуде,
Әр үй жас мұнда, әр үй зор,
Соққандай шыңды демеуге.
Самғайды тауға орасан,
Қайда деп оның қыс жоны,
Көшені түнде қарасаң,
Секілді бұл да құс жолы.
Тотыққан шың-құз тақтары,
Алатау деу де жалғандай,
Ақша бұлт болып ақ қары,
Аспанға көшіп алғандай.
Мәңгілік мұздар құрсауы
Қақырап, іріп, сөгіліп,
Шатқалдар жатыр бусанып,
Көлдері жатыр көміліп.
Тұйықсу сонау – биік су
Сауырын тосып күнгейге,
«Қашанғы кәрің бұйықсын?
Тұйықсың деген кім» дей ме?
Бейнебір темір көбелек,
Барлайды тынбай вертолет,
Қарауыл – төбе-төбеде,
Шақпақтай,
Мұзда бөртеді от.
Эфирде дәйім ескерту:
«Тасқын сел қаупі бар» дейді.
«Апаттың сақта есте өртін,
Сау болсын орман, тал» дейді.
Ескертті радио жаңа да,
Ес тыныш бірақ, ел тыныш.
Қапырық, қапас қалаға
Қажет-ақ самал, желпініс.
Тауда деп тасқын өзегі,
Жатқандар безіп жоқ одан.
Кіші Алматы өзені
Асар ма тулап жағадан?
Санар кім сірә соны айдын?
Уатылып тасқа,
Әр таңда
Астынан өтіп Сарайдың
Айналар сансыз фонтанға.
Су неге, бірақ, сарғайған?
Күмісін қандай тат басқан?
Құлаған оған жар қайдан?
Жирен саз қалай баттасқан?
Не жаңбыр тауға жауды ма?
Шақырайып тұр ғой күн көзі.
Ақ бұлтты әлде сауды ма?
Айна ғой Күнбел күмбезі.
Тау жақтан лек-лек машина
Балталар тиеп келеді.
Серуен бе бүл тек әшейін?
Керуен ғой мынау келелі...
Біреулер қарап сүйсінсе,
Біреулер секем алғандай.
Біреулер сезсе, түйсінсе,
Біреулер «Көш дер, бұл қандай?»
Балалы жерді бұлақ, де,
Балалы жерді шырақ, де,
Ол күлсе, күнді шуақ де.
Жыласа бұлт де, шұнақ де.
Шаттықта оны бойлай біз
Шығамыз гүлдей қолға ұстап
Әуелі соны ойлаймыз,
Туса да қауіп, жол қыспақ.
Есте ғой соғыс, елестер,
Десек те өртін өшірдік.
Шегінер болса ел, әскер,
Баланы бұрын көшірдік.
Кезі емес қазір сабақтың,
Машина неге шұбады?
Бұлты жоқ сәби қабақтың,
Шапақсыз, бірақ, шуағы.
Секілді олар арманда,
Өзен, тау кейін қалғанға.
Қарағай, қайың орманда
Ойынға құмар қанған ба!
Қарғаша біреу қаңқ етті:
«Лагерлер көшіп жатыр!..» деп,
Тағы бір дауыс шаңқ етті.
Үнсіз тек аспан – шатыр көк.
Шаңқ етті тауда тап сонда:
«Сел!» деген ащы жаңғырық.
Айтты ма ағат, шапшаңдау
Еріккен біреу қаңғырып?!
Елеген оны адам кім,
Еркінше қала дүбірі.
Алдында нұрлы алаңның
Кептердің үбір-шүбірі;
Сырласқан ерін күбірі,
Бөбектің тәтті дауысы.
Суы мол жердің гүлі ірі,
Гүл сая шығар тау іші.
Тұғырда – Абай,
Тұр қанша,
Ақын боп,
Жыр боп,
Үгіт боп!
Данышпан бабаң болғанша,
Жүрсе ғой сері жігіт боп!
Тұрғанша тілсіз тас болып,
Тамса ғой тірі жас болып!
Бақыт қой күлу
Қарқылдап!
Бақыт қой жүру
Жарқылдап!
Көрмеге қойған бұйымдай,
Болғанша жансыз кемеңгер,
Бұлқынса бір сәт құйындай,
Желпінтсе шіркін кемел жел!
Қой, ұстаз,
Бұл ой
Жоқ сенде.
Мұны айтқан мен ғой «күнәһар»
Өлмейді ақын жақсы елде,
Тұрса да тас боп,
Гүл атар.
Өлік қой денең «о жақта»,
Күлдей бір өшкен ошақта.
Жоқ онда Литфонды да,
Құқыңды қорғар одақ та.
Жоқ онда бізге қор қызы,
Бір жұтым ауа, шарап та.
Ақынды тірлік болғызды,
Шабыт, жыр беріп жараққа.
Өз басым барсам «о жаққа»,
Жатпаймын жылы жай таңдап.
Кіргенше қысылып жұмаққа,
Тамұқта жүрем талтаңдап.
Махаббат, сусын ақынға –
Өмірде, жердің бетінде.
Тірі үшін – талант, ақыл да,
Жыр атты жүрек еті де.
Тұғырда – тақта тұр, Абай!
Жұртыңның осы үкімі.
Жарысып жапа-тармағай
Автограф алсын бүкіл ел.
Биіктің аты – биік қой,
Көресің бұрын ай, күнді.
Шолады шыңды уытты ой,
Шарлайды шалқар айдынды.
Жұмсайын бір сәт сені де,
Болсаң да пірім мәңгілік.
Көз салшы әлгі «селі» не?
Не қылған тосын жаңғырық?..
3
Жебедей садақ сермеген,
Жұдырықтай тас боп түйіле,
Сарт етіп сол сөз «сел!» деген,
Жетті кеп Үкімет үйіне.
Жетті кеп кірпік қаққанша,
Ауызды ашып-жапқанша,
Жаңғырық тынып болғанша,
Сілейте тиген сақпанша.
Жетті кеп санаң ұққанша,
Кезекті демің шыққанша,
Бүлк етіп тамыр соққанша,
Бұрқ еткен терді сыққанша.
Әрі ауыр, әрі ащысы-ай! –
Зірк еткен ми да айтар-ақ.
Беделді орын басшысы
«Сел!» – деді сұлық қайталап.
Көргендей жауын аңдыған
Жұлқынды жүрек, дір етті.
Секундта көзі алдынан
Сұрапыл сурет дүр етті.
...Қала тұр қаусаған қаңқадай,
Қамшы осқан көк ала арқадай.
Бау-бақтар жайраған жаңқадай,
Алмалар шашылған алқадай.
Арықтар, көшелер әр қандай
Ұйысқан, үзілген арқандай.
Үй-жайлар қираған қалқандай,
Кірпіштер түйілген талқандай.
Тып-типыл, тамырсыз емендер,
Жапырақ жоқ желдерге елеңдер.
Бассейн – подвалдар, едендер,
Салыдай шарбақтар, шегендер,
Толастап топан сел қаптаған,
Қақ жатыр күн оты қақтаған.
Жүзіп жүр үйде адам, бақта адам,
Шолақ қол, су сорған ақ табан...
Білектей, жыландай бұрымдар
Оралған ағашқа ұрымтал.
Қалқыған қоқсықтар, құрымдар,
Тұлымдай жайылған шырын тал.
Үйрек-қаз, тауықтар, есектер
Ноқаттай, теңкиген кеспектей.
Қалқиды көбіктей шешектер,
Кей жерлер бермейді кесе өткел.
Қаперсіз жатқан ұл
Сенекте,
Ұйқыдан оянса,
Сел өткен.
Тау бұзып тастардың сеңі өткен,
Бәрін де шерлі еткен, жер еткен!
Өтсе де мол елу жыл бұрын,
Басшының алдында тұр бүгін...
Ойранға қайран қап жүр бір ұл,
Тұтса деп тасқынның «шылбырын».
Есінде со бір таң от таңдай,
Табыттар, табыттар соқталдай.
Құлақта – жылаулар, жоқтаулар,
Көп күндер күңіренген тоқталмай.
Жағадан жау алып жатқанда,
Ит боп сел етектен тартқан ба?
Күйзеліс онсыз да батқанда,
Кезіккен тағы да қат-қамға.
Талай үй жоқ болды тасқыннан,
Тұншықты алаңдар тас-құмнан.
Аштық та аурудай асқынған
Бір осал емес-ті басқыннан.
Сол кезде-ақ большевик атаулы
Аударып о тауды, бұ тауды,
Қиялдап селді де матауды,
Келешек ұлы іске дәті ауды.
Сол селден тигендей есеге,
Үйдей тас тап күні кешеге
Жататын орталық көшеде,
Белгіге жазғандай пешене.
Тасқынмен айқасқа
Бастапқы
Ескерткіш секілді тас тақты,
Әттең-ай, алып-ақ тастапты!
«Тас» деуден ой әрі аспапты.
Толғаған
Тайырдай дүр ақын,
Дастандай
Еске сап тұратын
Сонау бір күн атын, жыл атын,
Ел рухы қуатын, мұратын...
Аштықты, қастықты жеңген ел,
Мың рақмет, ағалар, жеңгелер!
Сендерге не теңеу тең келер,
Қандай жыр, қай белгі жөн келер?!
Тау бет жақ терезе тұсында,
Сұсы ұқсап қыран құс сұсына,
Оң қолда телефон – трубка,
Басшы адам сөйлеп тұрыпты.
– Сел! – деді сөйтіп Мәскеуге –
Төкті күн жаздай тек отын.
Келеді су мен тас кеулеп,
Жолында Медеу бөгеті.
Періпті оны белден бір,
Әзірге жағдай бұлыңғыр.
Көп күшті, дейді, селден бұл
Елу жыл бұдан бұрынғы.
Ия, ия бір гәп осында –
Бөгетті топан баса атса...
Көреміз бәрін басында,
Көп болмас қаржы босатса.
Бәрі бар,
Жеңіп тынамыз.
Зор сынақ әсте бұл сынақ.
Баяндап күнде тұрамыз,
Құп!
Сағат сайын болсын-ақ!
Үлкен Үйдің жоғарғы қабатынан,
Алатау жақ, алаң жақ қанатынан
Қарап Басшы қояды шың басына,
Қаптап келе жатқандай қара тұман.
Сұстысын-ай сонау бір сұр белеңнің!..
Күн жалтырап жүзіндей түр береннің,
Тіршілігі қаланың әдеттегі,
Белгісі жоқ даурығу, дүрбелеңнің.
Тыныстасын алаңсыз Алматымыз.
Алматы-ана, Алматы-ер, Алматы-қыз,
Қалай оның бұзамыз тыныштығын,
Тыныштығын күзетер солдаты біз!
Бұзылмасын сән-сауық, тың күлкісі,
Бұзылмасын кешкі дәм, түнгі ұйқысы.
Тұмшалансын қалай да аулақта сел,
Медеу ғана білсін тек бұл қиқысты.
Сарапқа сап тұр Басшы сыр, ақылын,
Оймен көріп тасқынның сұрапылын.
«Медеу медет болмаса осы апатқа,
Менен ғана, о халқым, сұра құнын!..»
Жолдас Басшы, ертерек бұлай деуге.
Қорқыныштан басталар құлау кейде.
Мықты болса бір халық біз мықтымыз,
Сынасқандай қуат бар құдаймен де.
Сен – солдатсың,
Солдатсың оң жақтағы.
(Жүк ауыр деп жүдейтін ол жоқ тағы).
Қарыздарсың қайда да жүруге алда,
Көре аласың қиырдан жон-жақпарды.
Жоқ, жасама ешкімге обал, жырым,
Қорқу деме жүректер қобалжуын.
Аулақ тұрып батырсу маған оңай,
Өз мойнымен көтермек олар жүгін.
Шамырқантар кейде бір күйкі де ерді.
Тауға мұз да, дауыл да сүйкенеді.
Адам адам болған соң
Әр алуан
Мінез-құлқы,
Жалыны,
Жүйкелері.
Ақыл, білім,
Қайраттан кенде еместің
Бір де бірі дей алмас пенде емеспін.
Мендегі бар кей мінез онда да бар,
Ой-шұқыры болмай ма кең белестің?
Ешкім бола бермейді жаз ұдайы,
Кейде күзгі ызғар да азынайды.
Біз адамды адамша бағалаймыз,
Біреулер көп, біреулер аз ұнайды.
Қайбір адам күледі қарқылдамай,
Шаттанады,
Шарқ ұрып жарқылдамай.
Ашынады біреулер
Іштей лаулап,
Қайнаса да,
Қайнайды сарқылдамай.
Мен байғұста ұстам жоқ, іркілу жоқ,
Жауарым аз болса да, күркірім көп.
Жек көргенге қараймын хас бөріше,
Және мұны жасырған бір күнім жоқ.
Қай нәрсе де – қолыңда жоқта арман.
Жүру қиын бұзаудай ноқталанған.
Денсаулыққа, меніңше, зиянды емес
Кейде ысқыртып ерекше боқтап алған.
Жүру, дейді, жүректің даруы шын.
Күлу, дейді, көңілдің аруы шын.
Білем, боқтау – әдепке, нормаға жат,
Бірақ, жақсы бір босап алу үшін...
Келіс те көп тіріде, керіс те көп.
Кейде тіпті қаламыз теріс те кеп.
Жүзден сексен адамға ұнағанды
Бармын сөзсіз тануға періште деп.
«Қиын сауда, деген бар, көпке жақпақ,
Кәрі, жастың көңілін бірдей таппақ.
Қара қылды қақ жарып жүрсең дағы,
Біреу даттап кетеді, біреу мақтап»1.
Белгілі жай біраздан ол маған да.
Мыңнан біреу жоқ емес оңбаған да.
Тегіс ұнау ендеше – оған да ұнау,
Оған ұнау – арға ұят болмаған ба?
Кім жек көрсін жылы сөз даусын онша.
Бірақ кейбір ауызда аусыл қанша!
«Сен классик» дейтіндер бар-ау маған
Дастарқаннан дәм, шарап таусылғанша.
Талмайтұғын топшы жоқ қанаттыда,
Жаңылмайтын жақ та жоқ санаттыда.
Сүрінбейтін тұяқ жоқ тұлпарда да,
Табиғаттан ұста емес талантты да.
Адам артар, артса да нендей міндет.
Адам айтар, айтса да сендеймін деп.
Адамға тек табынам туғалы мен,
Әкемді алған құдайға сенбеймін деп
Мақтамаса біреулер меңдемеспіз.
(Дәметсе оны, дәметер мендей ессіз),
«Ол езімдей, өзімдік» десе халық,
Тәңіріден, оллаһи, кем де емеспіз.
Лағып кетсем, оқушым, тақ маған сын,
Сен білесің кімнің де нақ бағасын.
Саған да айтам
Адамсың, пендесің деп,
Адамдықтан артықты таппағасын.
Құс ұшса да, қонбайды қанатымен.
Жер де жер ғой, борымен, болатымен.
Қарыздармын тағдырға,
Халық мені
Ұлым десе,
Атаса бала атыммен.
Өзге атақты қайтеді аңсап адам?
Сеніміне халықтың жан садаға!
Бұлбұл – бұлбұл,
Тыңдаса, таныса орман,
Басшы – басшы, ел-жұрты нанса ғана.
Қыран түлкі қумайды құмай үшін,
Құмай қыран болмайды – құлауы шын.
Жерде жүріп әр басшы жауап бермек
«Аспандағы» бәз бейқам құдай үшін.
Ол жауапты
Қуаң жаз, жұт қыс үшін,
Ол жауапты
Қой үшін, жыртқыш үшін.
Ол жауапты
Өлі мен тірі үшін де,
Ең аяғы ем қонбас «жұтқыш» үшін.
Әлгі адам да – бірі сол жауаптының,
Иығына тағы бір тау артты күн.
Құн деген не?
Қаза жоқ құны толар,
Күрт баспасақ «сел» дейтін жау аптығын.
Қалай кешер кешегі мөлдір Есік,
Құр күрсінсек хас сұлу өлді десіп?
Көк кеседен төгілген көп күмістей
Шашқан күн-ай құрбыға көлді көсіп!
Жарқын еді-ау сынаптай сұлап түскен,
Асыл жүзік көзіндей жылап түскен.
Жанарындай арудың жаудыраған,
Таңғы шықтай шың-құздан құлап түскен.
Жаңғырығы
Дыбыстай тиектегі,
Таңғы нұрын
Тұрғандай күй еткелі,
Бір басы шың,
Бір басы су түбінде,
Жасыл арша жағалай жиектері.
Жібек шаштай жайылған жас талы да,
Көл түбінде – аспанның астары да.
Көл түбінде толқыды ақша бұлттар,
Шыршалардың шәлі боп бастарында.
Айдынымен аймалап қайықтарды, –
Ғашықтарды, қарттарды, зайыптарды,
Жатты шалқып ел үшін Есік көлі,
Жаз нұрымен алдыңа жайып таңды.
Аққулар да бір шетте жүрді жүзіп,
Тұтқын етіп тіршілік түрлі қызық.
Күйген шыжық секілді күреңітіп,
Тас төбеде күн сонша тұрды қызып.
Басшы тағы сол көлге көз тосқандай
(Ой топаны бір емес, қос тасқындай).
Әлі есінде со бір күн, он жыл бұрын,
Ақырғы рет досымен қоштасқандай.
Бүгін Есік басында халық та жоқ,
Саясына, сәніне қарық та жоқ.
Жатыр енді суалған көздей болып,
Жанарында жас та жоқ, жарық та жоқ.
Зереніне оның да сел құлады.
Адам емес, әрине, сол кінәлі.
Қара қотыр қабыршақ боп жатыр көл,
Қалған сайын бүгіннен сол күн әрі,
Қанша оқиға, күндерді қиял құшты!
Қиял жүйрік болса да, зиял күшті.
«Сел» дегелі минуттер өтсе де тек,
Жиып жатты қала да жияр күшті.
4
Өрт түсті тасқын,
Дерт сұсты тасқын,
Тулаған тасқын,
Зулаған тас-құм,
Мың-мың айдаһар жалғанғандай,
Мың-мың айдаһар парланғандай,
Мың-мың айдаһар есілгендей,
Мың-мың айдаһар көсілгендей
Бұралаңдап,
Шұбалаңдап,
Ирелеңдеп,
Сүйрелеңдеп,
Мәңгі мұздан,
Әңгі құздан,
Лықсыған
Тұйықсудан
Күркіреп құлап келеді,
Дүркіреп құлап келеді.
Үйдей-үйдей қойтасты
Допша ырғытып келеді.
Телегей-теңіз шойтасты
Оқша ызғытып келеді.
Сиқыршының шарындай,
Қақпақыл қылып келеді.
Жалақтап жалап жалындай,
Тап-тақыр қылып келеді.
Кіші Алматы өзенін
Жарғалақ қылып келеді.
Кіші Алматы өзегін
Жарқабақ қылып келеді.
Бұрғылар батпас жерлерді
Қазып-ақ өтіп келеді.
Шоқшиған шоқы, белдерді
Жазып-ақ өтіп келеді.
Қағазды тілген алмастай,
Кесіп те тасқын келеді.
Жолында бұдыр қалмастай,
Көсіп те тасқын келеді.
Жарылған жерде атомдай
Бұйра шаң болып келеді.
Жүз жылғы темір татындай,
Бурасан болып келеді.
Секілді көзі шың шолар,
Мойынын созып, самсаған
Көкжасыл пингвин-шыршалар
Қиқым боп ақты жамсаған.
Көрікті көктем Мыңжылқы
(Мың жылқы бұрын жайлаған)
Секілді болды мұң жұрты,
Соғыста қирап жайраған.
Бөгетін кетті бауыздап,
Тасқынның бейпіл күштері,
Опырайып қалды ауыздай,
Жұлынған күрек тістері.
Топанның жолы тұл қазір,
Бітейді әрі сылақша,
«Горелник» – биік турбаза
Шұнтиып қалды шұнақша.
Тосқауыл бетон қалқандар
Сіреңкі үйдей бұзылды.
Білектей болат арқандар,
Бір сабақ жіптей үзілді.
Жағалай шауып жыраны,
Тасқынмен қатар жарысып,
Үш жігіт алас ұрады,
Зәресі ұшып, зәр ішіп.
Жындыдай оғаш істері,
Болғандай күлкі
Жатқа ары.
Қолдарында – эдельвейстер,
Ауызда – әйел аттары.
Кеткенде олар гүл теріп,
Қалған-ды қыздар жағада,
Шаштарын суда күлтелеп,
Шуласып бейне шағала.
Зарлайды үшеу жылғада,
Құлауға бар-ау жарға да.
Мамалап және жүр бала,
Кеткен-ау шығып қырға о да.
Оларды тыңдар тасқын жоқ,
Барады зырғып қашқын боп.
Келеді қаптап басқын боп,
Ұлиды бейне қасқыр боп.
Жойқынға сірә жоқ-ау шек,
Жоймасам, дей ме, маған серт?
Медеу, сен – соңғы соған шеп,
Шебіңді бұзса, саған серт!
***
Тиеліп әскер бара жатыр,
Шеруі шығар әдеттегі.
«Қайда?» деу бекер, қара да тұр,
Шашар ма сырын «ә» деп тегі.
Ағылды жүктер керуені,
«Волга» да талай үйден шықты.
Әлде бұл жексенбі серуені,
Құрылыс та тауда үйреншікті.
Жоқ!
Жатса бір сел таудан құлап,
Барады бір сел тауға қарай.
Келеді бір сел жаудай шулап,
Барады бір сел жауға қарай.
Тасқын мен тасқын көріседі,
Тасқын мен тасқын тілдеседі,
Біреуі – мұздың өлі селі,
Біреуі – оттың тірі селі.
Бүлікші бірі – ісі одағай,
Біреуі құрылыс жолында ұдай.
Өрлеуден бірақ түсу оңай.
Жасаудан гөрі жою оңай.
***
Мәшһүр, аңыз Медеу – мұз айдыны,
Жан-жағы жалбыр шырша, құз айбынды.
Желаяқ рекордшы конькилердің
Жыл сайын жер-дүниеге ұзайды үні.
Гранит стадион – жар-жақпардай.
Білмеймін, ғаламат бар қай жақта
ондай?!
Айдыны қатырылған күн секілді,
Төселіп не дөңгелек ай жатқандай.
Сол Медеу – саласында екі таудың,
Сол Медеу – арасында екі дәудің.
Сәл биік – плотина –
Үшінші тау –
Басына төнген бүгін екі ұдай күн.
Ақылдың заңғары ма, аңғалы ма? –
Сын туды басшы, инженер, сан ғалымға.
Дәу бөгет, көлденеңнен тұрып алған
Күдірейіп Кіші Алматы аңғарында.
Туырылған тыныштықтың тұр ығындай,
Шатқал мен шөлмек-өзен тығынындай,
Секілді екі таудың омыртқасы,
Әлде зор ескерткіштің тұғырындай.
Тұр маңғаз,
Мерт қатерден мақұрымдай,
Дүниенің – мен дегендей, мақұлы ыңғай.
Тұр тура астанадан әудем жерде,
Небәрі он сегіз-ақ шақырымдай.
Шың бетте көл орнындай қазандығы
Секілді селге деген жаза ындыны,
Шатқалдың аранындай үңірейіп,
Әңгіні биыл бүкіл жаз аңдыды.
Ал өзен жалт бұрылып бұл өзектен,
«Таудан да өтейін, – деп, – бір кезек мен»,
Бөгеттен бір бүйірлеу ағып жатыр,
Бұрқырап бетон тоннель – білезіктен.
Сәлден соң
Төл арнасын қайтарып ап,
Желісін бөгет бұзған
Қайта құрап,
«Айқайқай, еркіндік-ай!» дегендей-ақ,
Тартады Алматыға байтағырақ.
Енді осы қатер шақта бұлт торлаған,
Үстінде құз бөгеттің бір топ адам.
Шегедей-шегедей боп қадалып тұр,
Қанеки, ұшырып көр, сұр топалаң!
Жоқ, бұлар жандар емес қаңбақ қылар,
Құласа, сұңқарша тек самғап құлар.
Перзенті мына құрылыс осылардың,
Көтермек сонымен бір салмақты олар.
Тынымсыз етті қанша түн тізбегі,
Тынықпай түнде миы, күндіз белі?
Бүгін де ала таңнан осында олар,
Келген жоқ ауа жұтып, гүл үзгелі.
Бітеді немен тасқын – Тау аптығы?
Кімді кім?
Қалай тынар дау ақтығы?
Дүлей күш атайды не сауаптыны,
Не жұтпақ жауапсыз-ақ
Жауаптыны.
«Әне, сел!» деді біреу шыңғырғандай,
Санына бұралғандай шылбыр қандай!
«Әне, сел! Келіп қалды!» деген у-шу
Жаңғырып,
Жаңғырығы шыңды ұрғандай.
Сойқан сел шұбарланып, мұнарланып,
Жосылып, жоталанып, жұмарланып,
Тоннелдің ауызынан періп кетті,
Дегендей «ағар ма өзен мұны арна ғып?»
Бір лоқсып, бір шашалып лақылдаған,
Шырқырап шиыршық су атылды одан,
Азудай тас тигенде шақырлаған
Безгектей безілдеген, сақылдаған.
Тұйықсу запырандай зәр құсады,
Құсығы жер жыртады, жар құшады
Соғылып жартастарға, нар тастарға
Жарқ етіп шашылады жарқышағы.
Толқынды қуалайды толқын басып,
Күркіреп, сарқырасып, қорқылдасып.
Әйнекше уатылғандай күллі Алатау,
Жөңкиді тоғытылып жойқын тасы.
Тойымсыз тоннель баста күңтамақтай,
Сәлден соң күрт қылғынып қылтамақтай,
Бітеліп, тынды өңештен тамшы тамбай,
Сызатсыз, саңылаусыз қылтанақтай.
Солайша сол тар тоннель бастырылды,
Аузына тығындалып тас тығылды.
Сылақтай саз балшық, құм сылап салды.
Жасап көр, о мылқау күш, қастығыңды!
Мұхиттың қабат-қабат толқынындай,
Серпіні сілкінген жер солқылындай.
Тау-тау сел қайдан сыйсын бір тоннельге,
Шапшыды шыр айналып ол құйындай.
Бұқадай босап шыққан сіргесінен,
Тентек су дүр көсілген,
Дыр кесілген
Тастарды толқынына орап-орап,
Бөгетті соқты келіп іргесінен.
Тосқауыл мызғымады, міз қақпады.
Бүлікші бұза алмады құз қақпаны.
Апатын айдады кеп онан сайын
Арланып асқар таудың мұз жақпары.
Қарайды шың басынан күн еңкейіп,
Дегендей «Қайдан келген көл ең керік?»
Көл де емес, емес те емес, бір әсіре,
Шатқалды тасалайды көлеңке еніп.
5
Сезген жоқ Медеу күннің батқанын да,
Сезген жоқ таңның тағы атқанын да.
Талайдың өзі соның шатқалында.
Талайдың көзі соның қатпарында.
Ой сонда, тілек сонда, қол да сонда,
Селмен бол қопарсаң да, қолдасаң да.
Селмен бол! Қамал боп жат, қалқан боп
тұр!
Не қилы техника – ол да сонда.
Түнекпен көме алмады түн түкпірді,
Тау қойнын самала оттар тінтіп тұрды.
Сөнді сан прожектор әлгіде тек,
Әттең-ай, тоннельді сел тұншықтырды.
Тас, ағаш, тағы ненің сынықтары,
Баттасқан саз бен құмның былықтары,
Бөгеттен өте алмаған быламық сел
Бұлқынып шатқал-сайда тұрып қалды.
Тұрған жоқ, тұрары жоқ, тұнары жоқ,
Тулаудан тынған да жоқ, тынары жоқ.
Іздейді жол-саңылау, осал бөгет,
Мынаның құлары жоқ, сынары жоқ.
О жаққа, бұ жаққа да жұлқынады,
Танылып болмағандай құлқыны әлі.
Жайылып жалпақ тасқын барады өрлеп,
Бөгеттен асып шығу кіл құмары.
Аспанда қайта қалқып от еріді,
Енді айқын көрді көлді төте күні.
Вулкандай бұрқылдайды шатқал түбі,
Топан су түйе бойы көтерілді.
Шел қаптап сөнген көздей
Сенді үңгірлер.
Тоннельді – өзен жолын үңгіді ерлер.
Түк көрмей тас пен саздан
Шығып жатыр
Су көзін ашпақ болған сүңгуірлер.
Өзен ол селмен бірге құйып жатыр.
Саз-балшық сай түбіне ұйып жатыр
Насостар, земснаряд сорса да оны,
Барады биікке өрлеп тұйық жалтыр.
Танбаса осы тентек тасуынан,
Шығады шатқалдан да асып лаң.
Кетеді бөгетті де басып лаң,
Бәрі әлгі тоннельдің тек басырынан.
Бөрідей
Тастар сонда иірілген
Қалаға лап қояды үйірімен.
«Жасалсын жаңа өзектер құбырлардан,
Биіктен, плотина бүйірінен!
Құлайды бергі арнаға су олардан,
Халықты құтқарады шүбәлерден.
Ағады өзен қайта шұбалаңдап,
Су алмақ, арық, гүл, бақ, дуалы орман!..
Үкімет те, мамандар да соны ұйғарды,
Таразы мол ырғалды, зор ырғалды.
Сел өзі тоқтар деген жору қалды,
Басталды оған соңғы жорық алды.
«Болғанша бір күн әрі, бір күн сәрі,
Болса ғой қосалқы өзек үңгірі әрі!
Болған жоқ.
Болдырмаған қандай есеп?
Білмеймін, – дейді біреу, –
Кім кінәлі?»
Кім мұны, жолдас Басшы, ескермеген?
Қайсыбір мамандар ма дес бермеген?
Немесе анау тұрған адамдар ма
Қолдарын мезгілінен кеш сермеген?
Салмақты мінезі де, сүйегі де,
Қара сұр жігіт бөгет жиегінде,
Шабытты дирижердей тұр басқарып,
Түсіріп «оркестрді» жүйелі үнге.
Жұмысқа өзге адам да ойрандай нақ,
Жанын да қиюға бар ойланбай-ақ.
Сазарып іспен болып жүр тек о да
Жадырап жымиюды қойғандай-ақ.
Ал мына құбаша кіл күлімдейді,
Мазасыз өткізсін не түнін мейлі.
Тұрғандай бәрін көріп, бәрін танып,
Біледі шаруасын, бүлінбейді.
Анау да қызметіне жіті, қанық.
Түн сірә тыншытпаған құтын алып.
Қып-қызыл қай күнде де –
Барлыққандай,
Жүргендей не шараптан жұтып алып,
Жолдастар!
Бәрің жайсаң жігіттерсіз.
Жер қашан табиғатты жүгінтті елсіз!
Сіздер кіл жел өтінде жүресіздер,
Еріксіз еріктідей,
Үгіттеусіз.
Сұраймыз сіздерден тек, сұрасақ та.
Сынаймыз сіздерді тек, сынасақ та.
Қайқиған бас бармақ та боласыздар,
Қаласыз кейде ілігіп шынашаққа.
Менің де ауысады бармағым көп,
Менің де сірә салған салмағым көп.
Борыштан мен де ойлаймын құқымды көп,
Бергеннен алғаным көп, алмағым көп.
Жоқ емес міндетсу де кейде бізде,
Соғу да пәленмін деп кеудемізге.
Су ішкен күрішпін деп күрмектер де,
Жүзі ұқсас, мінезі өзге дейді егіз де.
Бірақ біз елдің қамы, ұлы іс десе,
Ұрандап «Аттан!» десе, «Ұрыс!» десе,
Тұрамыз бір кісідей ту астына,
«Құп» дейміз сын-сұрақсыз,
«Дұрыс!» десіп.
Басшы ылғи мамандардың ортасында
(Келудің емес алды-арты осында).
Кісі жоқ одан таныс, одан жақын
Бұл жердің әр төбешік, әр тасына.
Біреулер жүрсе абыр-сабыр қылып,
Өзін де, өзгені де сабылдырып,
Самалдай тер басатын,
Бұл кісіден
Еседі жайма шуақ, сабырлылық.
Сырт адам «үлкені осы» демесі анық,
Жатқан жоқ жарлық беріп келе салып.
Өзі әрбір инженерден, жұмысшыдан
Жүргендей бұйрық алып, кеңес алып.
Тартыспай пікір өніп-өсе ала ма?
Жеті жыл бұдан бұрын осы арада,
Шатқалға бөгет қылып бүк түсірді
Қопарып қос шоқыны осы адамдар.
Талай жыл бұл алыпты «толғатты» олар,
Талайын татты ащының «талғақта» олар.
Перзенттің уайымы көп тапқан соң да,
Ол кейде қарғаттырар, зар қақтырар.
Аз ба еді дегендер де «Құр қызбалық.
Жетесіз желігу бұл, жел қозбалық.
Тарихта теңдесі жоқ қопарыстан
Қирайды бүкіл қала, жер қозғалып.
Зіркілден шайқалады тұнған сел де,
Дауылға ұласқандай тынған жел де,
Қашқалы тұрса қоян,
«Тәйт» деу мұң-ақ,
Дәл сондай сілкінгелі тұрған жер де.
Қыруар жарылғыш зат жұмсалады.
Кім қашан, қалай газды тұмшалады?
Қайтеміз қаланы сол басып кетсе,
Зардабын уланудың кім санады?»
Әрине, күдік еді жаны бар бұл,
Жатады ұшқын атып жалын әрбір.
Жел соқса, өрт те шығып кетері бар,
Қалай тек қалтырайды дарыны алғыр?
Айнымай, мейлі қандай ат телісін,
Біреулер борыш тұтып, артты ер ісін.
Біреу тек көрді көзі жеткен жерді,
Бар бұғып қалғандар да портфелі үшін.
Белгілі күрес дәйім дау екені,
Бірге оның күмәні мен тәуекелі.
Тергейді, толтырады бірін-бірі,
Бірінің-бірі кейде дәнекері.
Тіршілік – тек әдемі ұран емес,
Сондай-ақ құстың бәрі қыран емес.
Дүмпуіл атаулы кіл лаң емес,
Бір қиыр жол да үнемі бұраң емес.
Бәрін де білу керек, барлау керек,
Сараптан өтуі шарт әр дау, дерек.
Сақтықтан,
Бірақ, қорқып сарнау бөлек,
Ақылдан
Ақылмансып алдау бөлек.
Дарын бар, дауласу бар, дау соғар бар,
Тасты да иітеді, сауса қолдар.
Бардай-ақ екі өмірі
Міндет алған,
Мамандар мынау тұрған –
Таусоғарлар.
Мінеки, академик – бас таусоғар,
Жас оты, жас жігері, жас даусы бар.
Басындай басы сонау ақ шоқының,
Әжімі жақпар-жақпар тастай шұбар.
Орыстың дана ұлы, аужар ұлы,
Сол бастап, сол қостады тау жаруды.
Сібірден ұшып келді ол бүгін де,
Соққанда тасқын атты жау дауылы.
Тұлғасы тіп-тік әрі үйелмендей,
Талайлар иығына сүйенгендей.
Әр сөзі, әр қимылы қолбасшыдай,
Басынан өткен қиқу-сүрең нендей.
Қарауға әлдеқайда сынғақ одан,
Әнебір қоңырқайлау сұңғақ адам.
Инженер – о да атасы бұл бөгеттің,
Демеген «қой, бәлеге, сынға қалам».
Ұйқысыз қара көзі қызарса да,
Түксиіп сақал-мұрты ұзарса да,
Жүр мұнда тәулік бойы тізе бүкпей,
Тынымсыз түн мен күні ұзар, сірә.
Қаймықпай қарсы бедел, сын, қаһардан,
Осылар бөгет соққан, шың қопарған.
Мың күндік, мың кісілік зор жұмысты
Секундта атқарғандар – шын қаһарман
Өлік боп шықса ақылы осылардың,
Шұқыр ма ек көздеріне, осып арын?!
Қайтер ек, қандай күйде болар едік,
Тұрмаса селдің қамал тосып алдын?
«Тұрмаса...»
Өзі де осы бір-ақ ойдың,
Басшының түршіктірді тұла бойын.
Қайрылып қала жаққа жалт қарады,
Қирады, көз алдында құлады оның...
Топанға оратылып, арқандалып,
Жоқ болды сейіл құрған дархан халық.
Атақты стадион – мұз айдыны
Қаңқадай ағып кетті талқандалып.
Құлады қырғын тасқын аунап таудан,
Бір аттап дачалардан, бау-бақтардан.
Жым-жылас проспект, зәулім үйлер,
Төрінде береке, ырыс аунақтаған.
Күн – сыңар көзілдірік сары әйнекті,
Санаса, тек сол мертті санайды епті.
Ішектей шорт үзіліп ән-күйлері,
Қалпақтай суға толы сарай кетті.
Жанышып бір аулаға бір ауланы,
Қаланың құрып кетті ірі ауданы.
Тірілер күреседі, болысады,
Жүректің қанды жасын бұлайды әрі.
Апырау бүл апаттың қандай тегі?
Алматы – бақша,
Күн мен таңдай телі.
Мыңдардың тырнақ алды қуанышы,
Мыңдардың елу жылғы маңдай тері.
Селк етіп, сұм түс көріп оянғандай,
Секундта терге Басшы боянғандай.
Қуанды бұл қиялы екеніне.
Серпіліп, сенім билеп, ноян жандай.
Құшуға, құшақ жетсе, құмартқандай,
Дейді іштей: «Халық қандай, қуат қандай!
Тасқынның жолын бөгеу былай тұрсын,
Тілесе, қайта тауға құлатқандай!..»
Ел риза ақыл, күшке, дос қауымға,
Қос тауды жығып берген тосқауылға.
Саған да алғысы бар, жолдас Басшы, –
Қол қойып, бас-көз болдық бас қаулыға.
Дүмпуіл дүр сілкісе былықтырып,
Күніңнің не боларын біліп тұрып,
Қорықпай қолдадың сен,
Бір кеудеде
Басшы мен инженерді біріктіріп.
Инженер!
Болады оны бақ тануға,
Адамша бар дауыспен мақтануға.
«Баспын» деп сыбырлап та айта алмайсың,
Керек-ау кейде ішті ақтару да!
Гүлдеді көз алдында сан шағылдар,
Жібітіп қатқан көнін сонша ағындар.
Қызметке кетті өмірдің қырық жылы,
Ғажайып қырық жылда
Қанша күн бар?!
Белгісі беріктіктің қазақта – нар;
Өседі биік бойлап азат шынар.
Боз қырау күзгі шөптей мынау шаштың
Өзі үшін ағарғаны
Аз-ақ шығар.
Самайдың қарап тұрып ағына сен,
Кейде бір
Жас жылдарды сағынасың.
Арызды
Жөнді-жөнсіз
Саған айтсын,
Сен қалай,
Кімге, не деп шағынасың?!
Күндер-ай,
Қонып алып қоңына аттың,
Қойнауын кезіп кетер Қоңыраттың!
Күндер-ай кен қопарған,
Жер қопарған!
Қалатын қобырап тың!
Көңіл-ақ тың!
Бәрі есте – көлеңке де, күнгей де есте.
Кейінге қарамайды кім белесте?
Басшының, бірақ, қазір уақыты жоқ,
Кеткен соң болмаса осы күн келмеске.
Тұр Медеу.
Күш те мұнда,
Сұс та мұнда.
Тұр Медеу.
Тозаң, түтін,
Ыс та мұнда.
Тұр Медеу.
Үрейлі де,
Ұстамды да.
Тұр Медеу
Ұқсап майдан штабына.
Отынан бүгін де жоқ күн жасыған.
Күн қақтап көйлексіз жүр кіл жас ұлан.
Қайда да солдат – солдат,
Бұлар солар
Дамылсыз жүк түсірген, құм тасыған.
Аспан да нөсерге бар,
Құбылмалы,
Әркімді асықтырып, қуырды ары,
Түсіріп жатыр халық құбырларды,
Пісіріп жатыр халық құбырларды.
Керегі – құбыр қазір,
Құны басым.
Жасыл от иісінен булығасың.
Соларды жалғап жатыр сварщиктер,
Батырдай киіп алып дулығасын.
Болса да қауырт жұмыс – қызу майдан,
Бір жерде жағдайға ерсі ызыңдайды ән.
Бір жақта күлкі, әзіл де естіледі,
О, заңын тіршіліктің бұзу қайдан!
«Сел!» деген кенет тағы зар үн шықты,
Дір етті плотина, жар тұншықты.
Пайда боп сонда лезде кемпірқосақ,
Шашырап аспанға аппақ жалын шықты...
6
Календардың беті тағы қайрылды.
Біреу тапты, біреу, бәлки, айрылды.
Жақсы өмірге келді жаңа бөбектер,
Түсті тәтті келіндер де ай нұрлы.
Календардың беті тағы қайрылды.
Қара шаштан ақ тал көрді қай құрбы.
Бірі «жақын пенсия» деп қуанды,
Бірі «қайран күндерім» деп қайғырды.
Календардың тағы беті қайрылды.
Жаңа күннің дастарқанын жайдырды.
Мың-мыңдардан біреу, мүмкін, жылады,
Біреу, мүмкін, зор қайғымен қайғырды.
Мысалы анау ар жағында Медеудің
Үш жігітке осынау күн – бедеу күн.
Күнде солар таныс жерге келеді,
Көкіректерін жарып шығып бебеу үн.
Күн оты мен қайғы отына барлығып,
Күнде үшеуі
Дауыстары қарлығып,
Иманындай үш есімді атайды,
«Жоқ» дегенге көне алмайды арлы үміт.
Қолдарында – эдельвейс сол күнгі,
Сағынғаннан – гүлдің бәлки, солғыны.
Дүниедегі ең тәтті үндер – құлақта,
Көз алдында – қолаң шаштар торғыны.
Қайда самал
Қасірет бұлтын түргендей?
Қайда-ау амал?
Жұбатады жыр нендей?!
Жағада олар шыршаларды тінтеді,
Жасырынбақ ойнап қыздар жүргендей.
Күңіренеді жүректерін қан қылып.
Кетеді алыс ащы зары қаңғырып.
Талып-талып тауға жетіп құлайды,
Тасқа ұрынған, тасқын соққан жаңғырық.
Не махаббат, нендей ыза, неткен дерт!
Адам шіркін қартая ма тектен тек?
Шешесін сел жұтып кеткен
Баланың
Есіттім мен шашы ағарып кеткен деп.
Тау тым-тырыс.
Томырық та тымырық.
«Көрдім» деуге
О да сірә тұр ығып.
Қашқандай-ақ жел де жауап беруден,
Үңгірлерге,
Ықтасынға тығылып.
Тұйықсу да тапқан бір сәт тыншуын.
Жатыр ма әлде жинап қайта тың суын?
Меңіреу мұздар тұр жағалай сіресіп,
Түйелерше тығып көлге тұмсығын.
Ақтады деп пір-табиғат сүндетін,
Қалай ғана лайларсың су бетін?
Етегінен Мыңжылқының қарасаң,
Көргендейсің ертегінің суретін.
Көкше мұздар көріскендей көкпен тек,
Көк кемердей, көкжиектей көкпеңбек.
Күн нұрымен мұнартады сағымдай,
Әттең,
Әттең,
Селі ғана –
Өктем тек.
Кей жылы көл бейне сүтсіз қысырақ,
Мұз желінін сауса да күн
Қысып-ақ,
Мыңжылқыға мың үрпіден таматын,
Мың жанардан аққан жастай
Жысырап.
Тұрса да енді
Аршыны еркін жазылып,
Сел жоқ бүгін жатқан тас, құм саз ұрып.
Көл басынан құлап түскен каналдай,
Қалған жары – қабырғасы қазылып.
Кіші Алматы
Мойнына о да ерін ап
Тұйықсудың айтағына еріп ап,
Шыңыраудай төмен кеткен арнасын
Әуліккендей бара жатыр керіп-ақ.
Қойнауында сан-сапат тас тұнғалы
Медеудің де екі ұдай боп тұр хәлі.
Есте шығар,
Есте шығар,
Соңғы рет
Цунамидей екінші сел ұрғаны.
Есте шығар,
Тітірентіп шатқалды,
Қара лаңнан
Ақ жалындар атқаны,
Сол ұйлыққан балшық-тастар үстінде
Айдын шалқар су жиналып жатқаны.
Қорқыныш не,
Тұрса тұнба тұйықтап,
Шөгіп қалса, сонда мәңгі ұйықтап?
Ұйықтамайды,
Жер қайысқан салмақпен
Итереді бөгетті осы иықтап.
Плотина төрт тағандап,
Тұр жер тіреп сіресіп,
Жаралыша ыңыранғандай,
Құрығандай сілесі
Қырық қабат үйден биік,
Жалпақ және бес есе,
Денесінен, сүзгендей боп,
Шаптырады су есіп.
Тұла бойы қара тердей
Қара лаңнан малмандай,
Әлде ызадан көз жасын сел
Сығып-сығып алғандай.
Бұл да биік Тұйықсудың
Тік жарынан тамғандай,
Сәл уақытта сарқырама
Болуға да қалғандай.
Сәл уақытта бөгетті де
Езіп, бұзып асардай.
Сәл уақытта қаланы да
Қара тұман басардай.
Ендеше тез сөз берейік
Анау ресми адамға,
Қалармын мен қатер шақтың
Тамырын тап баса алмай
– Ия, Мәскеу, құлақ сізде.
Айтқанымдай сағат бұрын.
Керек тек бір күн-ақ бізге,
Минутті де санап тұрмын.
Мұрша берсе тағдыр оған,
Аман өтсек осы кештен,
Заулайды су дәу құрсаудан –
Құрыш құбыр қос өңештен,
Шалқыр
Құлаш сермегендей,
Ескі арнамен еркін есе.
Бөгет
Тәні «терлегеннен»
Босамайды, беркімесе.
Мұны ұғыңыз,
Басшы емес тек,
Инженердің сөзі деп те.
Шықтық сірә бас белеске,
Құдірет күштің көзі – көпте.
Не керек? – деп жатыр достар
Ташкент, Баку, Киевтерден.
Не керек? – деп жатыр достар
Бүкіл, бүкіл сүйікті елден.
Мың сан алғыс бауырларға,
Өзімізде бәз бәрі бар.
Досы көпке ауыр бар ма,
Мақтанады мәз болып ар.
Жүреді есте ол әр жылда,
Ұмытпайды оны шілде.
Мол жетеді сол қаржы да,
Рақмет, Мәскеу, ол үшін де.
Жоқ, қала жоқ абыржыған,
Бар-ау тіпті бір паңдық та.
Қайнайды еңбек, тамылжиды ән,
Батырлық па, бейқамдық па!
Ия, сенім жемісі анық,
Дағды етпеген бұғып олар.
Керек болса
Жең сыбанып,
Күллі Алматы шығуға бар.
Қанша мама
Сан саладан
Ұсынып тұр ақыл-күшін!
Сусындайды жан солардан.
Ия, ертең ақырғы сын.
Е,
Миллиард болуы хақ.
Қарымтаны қайырды тың.
Тұр онда тек оруы қап...
Қош,
Сізге де қайырлы түн...
Бол мейлі берік неме, осал неме,
Еш күштен көңіл күйін осал деме
Басшыны
Шаршағанын ұмыттырып,
Тастады бір сергітіп осы әңгіме.
Әлгі сөз ойға оралып, қайта келді.
Тыңдасаң, тағы-тағы айтар еді.
Өзге іс жоқ,
Тілегін тек Алматының
Тұрғандай тілеп қазір байтақ елі.
Қай кезде қазақ жалғыз жетісулі?
Еске алып керсек ескі Жетісуды,
Жеті емес, шарылдасып, шырылдасып,
Кемінде жатты он aна, жеті сіңлі.
Ағы бар, сарысы бар, көгі де бар,
Тау ене, сусыны мұз, көбігі қар,
Шуы бар, Тентегі бар, Бүйені бар,
Көпірді жазға салым көбіне олар.
«Шолақ сай тез тасиды» дегендей-ақ,
Жатты олар жол-өткелді көгендеп ап.
Мал кетті, адам кетті, пана кетті,
Малтықты Кегенде де ат, Бөгенде де ат.
Жарлының суға батқан арбасына
Болмайды жәрдемші жан жар басында,
Болса да, құр айғайдан аса алмайды,
Шара жоқ, дәрмені жоқ жармасуға,
Жалғыздап жеді солай хан да жұртты,
Жалғыздап жапан түзде аң да жыртты.
Жалғыздап жау талады, жұт талады,
Жалғыздап небір заңсыз заң да жұтты.
Бір жерде таңдай кеуіп талыпты адам.
Бұл жерде топан қаптап тарықты адам.
Жетісу «жер жаннаты» болмас бұрын
Өткен-ау қилы-қилы тамұқтардан.
Кеш жату ғадеті ме, міндеті ме
(Мен оны ала алмаймын тым кепілге),
Айқара
Ашып тастап терезені,
Үңіліп тұрды Басшы түн бетіне.
Кім сүймес әсем жазда Алматының
Арудың құшағындай талма түнін?
Қоқсытып қара шаштай жапырағын
Табады таң алдында тал да тыным.
Сылдырлап,
Шүу-шүу, сырын шертіп нендей,
Асығыс, арықтар сәл ентіккендей.
Қалғиды ұйқылы-ояу жазира гүл,
Өзінің жұпарына елтіккендей.
«Үф» десе, тау самалы дүркін атып,
Қаласың қош иісті бір құлатып.
Жаныңнан өткендей-ақ кербез сұлу,
Жел беттен иіс майын бұрқыратып.
Сезбейсің жер бетінде шаң барын да,
Ұйқыда бозғылы да, шабдары да.
Жоқ болса кірпік қағу,
Жоқ қашан да
Қаз-қатар көше бойы шамдарында.
Сол көше жаралғандай түн-мақпалдан,
Жиегін алтын зермен сырмақтаған.
Әне тек жалғыз бір жұп барады өтіп,
Бұлбұлдай
Кешеуілдеп сыр ақтарған.
Жүрген жоқ көбелек те көп ербеңдеп,
(Бұл тұста Басшы қазір көрермен тек).
Бір қырын көлеңкеден
Көрген айтар
Көз асты әжім тартып көнерген деп.
Дейді ерні:
– Қайырлы түн, тақсыр жандар,
Алаңсыз, жайлы жатып,
Жақсы ұйықтаңдар!
Күнді ұстап қолдарыңа,
Ояныңдар,
Сендерге гүлдер құмар,
Таңсық таңдар.
Заң, үкім – талаптарың, тілектерің.
Сендерсіз шыға алады тілектен кім!
Қандай тіл жеткізе алар
Бұл ғасырдың
Сендердей ардагерлер түлеткенін!
Ерекше бұл түн.
Әрі байырғы түн.
Көргей-ақ ұрпақтар да
Қайыр-құтын.
Оятсын таң шапағы,
Бұлбұл әні,
Жасыл бақ, жарқын қала.
Қайырлы түн!
Мең-зең боп
Мұз ұйықтауда, құз ұйықтауда.
Жатыр тек жойқын айқас қызып тауда.
Қол салды Басшы тағы телефонға,
Уақыт жоқ, әттең, түнді кызықтауға!
Бас сұрақ
Трубканы алғандағы –
Бұл кеште қанша құбыр жалғанғаны,
Шатқалда шыпылдаған судан биік
Бөгетте қаншалықты жал қалғаны.
– Көп рақмет! – деді, көңілі толғаны да,
Ұйқының кіріспек боп ол қамына.
Сөйткенше шылдыр етті бір телефон,
Жаңадан суыт хабар болғаны ма?!..
– Құт лебіз қуантады, жан күледі.
Тың жерге керегі осы жаңбыр еді!
Апыр-ай, жақсы болды-ау, жақсы болды-ау!
Ә, Медеу халін осы таң біледі...
Болса да Басшы сөзі бұғаналы,
Құқым жоқ тыңдауға оны бұдан әрі.
Менікі Медеу жайы, тасқын жайы,
Бұзуға жетпейді арым уағданы.
7
Оқушым, сенсің маған тәңір қатаң,
Болғанмен ой-тілегің тамырға тән.
Көргіш те, естігіш те, білгіш те сен,
Сені мен қалай, немен таңырқатам?
Түстім тек қызыққаннан жылдарға ара,
Жөнелген жер шарындай зырлап ала.
Әрине, жұртқа аян хикаяны
Жырласа мендей аңғал жырлар ғана.
Ақынды қақтаған да, ақтаған да ар.
Ақтаса, кезінде сол ақтап алар.
Ақынды талантты деп таныған көп,
Аз, бірақ ақылды деп мақтағандар.
Бақсы деп данаға да тақса тұмар,
Кім маған берер одан жақсы атын, ал?!
Өлең – ол детектив те, ермек те емес,
Менің де өзге мұрат, мақсатым бар.
Жазбаймын уақыты өтсін, ойнасын деп,
Жазамын, Абайша айтсам, ойласын деп.
Ойласын өзі жайлы, заман жайлы,
Көргенге қиялымен бойласын тек.
Сол үшін шықтым тағы жел бетіне,
Бақи боп сынның у мен шербетіне.
Әйтпесе Медеу аман қалғандығы
Сен түгіл мәлім жұмыр жер бетіне.
Белгілі бөгеттен сел аспағаны,
Тұрғанмен тас қайнатып аспан әлі.
Белгілі сақталғаны сан мың өмір,
Ел мүлкі, Алматы-ару, астана ары.
Әнеки, кең шатқалды кернеген су,
Түнде ұйқы, күндіз маза бермеген су
Атылды құрыш құбыр қос өзектен,
Өзеннің арнасына өрден еңсу,
Мәз халық, жапырлаған, жалындаған,
Жүрегі аз-ақ қана жарылмаған.
Аспанға ытқыды кеп дулығалар
Бастардан күні-түні алынбаған.
Ытқыды кепкілер де, малақай да,
Ұқсайды секірген жұрт балақайға.
Қалаға желмен болсын, сумен болсын,
Жетті сірә «ура» мен «алақай» да.
Тұра алмай, күледі тек, біреу жерден,
Шошырсың тіпті кейбір реңдерден.
Соғылып жатыр сарт-сұрт жауыр қолдар,
Босаған жаңа ғана рульдерден.
Кім жанын тілмен, үнмен сездірді ыңғай!
Аяулы
Айтылмаған сөздер қандай!
Қызарсын ағы түгіл, қарашығы,
Жайнаған, жасымаған көздер қандай!
Сүйісіп, сынап жатыр күшін ерін.
Құшағы айқара ашық кісілердің.
Білмейсің танысың кім, бейтаныс кім,
Білмейсің үлкендер кім, кішілер кім.
Өткізген кірпік ілмей өр түндерді,
Көздерде
Жас па, тер ме, мөлтілдейді.
Сүртпейді, жасырмайды ешкім оны,
Төл сезім, төл бақыты, төл тілдері.
Ұрпақтар өнегеден ұрық алсын,
Қояр ем музейге ерлер дулығасын.
Сақтар ем ақ сор басқан көйлектерді,
Түтікке тамызып ап нұрлы жасын.
Тұрғызып тұғырларға тұлғасын да,
Бөгеттің қояр едім қыр басына.
Соғар ем елде сонау жартасты ойып,
Жеткендей бір ғасырдан бір ғасырға.
Олардың ойында жоқ «ерлік» деген,
Тарихтың бір бетіне ендік деген.
Өз үйін, өз қаласын сақтауды да
Міндет деп айта алар ма ел жүктеген?
Кім қарсы алғыстар мен батаға онша,
Мақталса, еңбек жанса, атақ алса?
Тілектің қазіргі тек ең үлкені –
Дәл осы тұрған жерде жата қалса!
Сезбес ед күн батып, таң атқанын да,
Тас, тақыр жанбасына батқанын да.
Мен білген тірліктегі ең тәтті ұйқы –
Дер еді, – шіркін Медеу шатқалында.
Бөгеттің толса дағы халыққа алды,
Айтпақшы, көзім тағы шалып қалды:
Әнеугі үш жігіт те жүр осында,
Танитын өзге ешкім жоқ ғарыптарды.
Білемін қасірет оңай тозбасын мен,
Олар тек боп жүрген жоқ өз басымен.
Шок, гүлден жұртқа тал-тал ұсынады,
Кез келген бетті сулап көз жасымен.
«Мың рақмет!» деген сөздер – тілдерінде,
Қазадан кек алғандай түрлері де.
Гүлі, әлде, Қыздаркеткен дер жағаға
Белгіге қойып қайтар гүлдері ме?
Еркімен қайғыны ешкім ащылар ма?
Жанардан тебіренбесе жас шығар ма?
Шат жұрттың жүрді жуан ортасында
Бір жасап Басшы менен басшылар да.
Алматы баяғыша, бәз қалпында,
Жазмыштың жан досындай мәз қалпында.
Маймаңдап сайға қарай жүгірісіп,
Басты тек тау жақ шетте қаз қаңқылға.
Тосыннан шыға келіп жел қапталдан,
Тосты ернін жапырақтарға бұлғақтаған.
«Су сұлу келеді» деп сыбырлады,
Сүйінші сұрағандай гүл-бақтардан.
Жылжиды сел тұтқыны сайда шұбап,
Ұнайды тасқындамай, жай басуы-ақ!
Тұрса да тілдей бұлтсыз тас төбеде
Биязы күн де ерекше, жайма-шуақ.
8
Сел өтті. Арада екі жыл түледі.
Олар да жыр тіледі, сыр тіледі.
Көп нәрсе тақтадағы бор жазудай
Күн сайын есімізден сүртіледі.
Жетпіс үш ұмытылған жоқ бүгінше.
Алуан әңгімеге тоқ бүгінше.
Әр түрлі өз желі бар әр ауыздың –
Бір лаулап, бір бәсеңдер шоқ бүгінше.
Біреулер сөйлер
Көзбен көрген болып,
Біреулер жөн-жобасын өрген болып,
Біреулер ет жақыным қатысты дер,
Біреулер шығар шала «өлген» болып.
Құдіретті қопарысты дауда демеп,
Біреулер жүрген тіке тауда, демек.
«Қайтер ек егер Медеу болмаса?» деп,
Ұстаймыз жағамызды, тәубаға кеп.
Әрине, келген сұрақ ол маған да.
Жетпейді шын ерлікке зор бағаң да.
Қайтер ек, Медеу – Медеу болар ма еді,
Тағы да «бірдеңелер» болмағанда?
Айталық, адам біздің болмағанда?
Айталық, заман біздің болмағанда?
Әлбетте, қиын сұрақ емес бұлар,
Дегенмен есте жүрсе бұл да әманда!
Ерлік пен ұлылыққа сүйінсек те,
Түю жөн осыны ойға түйіншектей.
Толғанбай тамашалап, таңырқау да –
Шайнамай жұтуға тек үйірсектей.
Шарт емес ойлау тегіс дана болып.
Көрейік кейде тіпті бала болып.
«Неліктен? Қалай? Қайдан?» дегендердің
Жауабы жетсін мейлі ара қонып.
Күнә емес дарынсыздық, алымсыздық.
Кінә тек – алғысы жоқ, ары үнсіздік.
Болмасын жер бетінде жамандықтар,
Қазадан басқа ешбір әділсіздік.
Осылай толқытады, толғантады
Медеудің зорға ынталы торғын таңы.
Дін емес, шындық дүние Меккесіндей
Айнала туристерге толған тағы.
Тыңдайды олар соның сыр-аңызын
Тасқынның жатыр еңбек сылап ізін.
Біреулер ойға батып тұрады үнсіз,
Бітпестей біреулердін сұрағы ұзын.
Ер бөгет нығыздалған, тығыздалған,
Дегендей тапты заман, туғызды арман.
Ер бөгет бөктерленген, биіктеген,
Тұрса тек, аз-ақ төмен тұр құздардан.
Бұл, бірақ құр қоқайған шоғыр ма ондай,
Мұзы атып жазықсызды, шоғы ұрғандай?
Бұл – бір тең тіршіліктің мүшесіндей,
Ерлік пен ізгіліктен соғылғандай.
Тесік тау – жаңа тоннель үңгірі әне!
Жемісті озған уақыт, күн құнарлы.
Су түгіл поезд заулап өткендей ол,
(Демеспіз ендігәрі «кім кінәлі?»).
Түнейді басында адам Тұйықсудың,
Көкейге мұзбалақтың түйіп сырын.
Қайықтар айдынында жүзеді оның,
Менсінбей менменсуін, иықсуын.
Табиғат тақсыр күш қой нағыз әлі
Тулар-ақ тас-талқан боп бағзы әлі.
Тұр бірақ басып ақыл көл тамырын,
Тілесе, өзі қолдан ағызады.
Күндерін кей шілденің ызғарлы еткен,
Қарайды мұздар көктен, құздар көктен.
Төменде – Шымбұлақ пен шың бұлақтар,
Төменде – Мыңжылқы мен Қыздаркеткен...
Бөктерде – берен қала, белді қала,
Медеуге ел қуатын берді қала.
Бәрі бар – бақыты да, бағы да мол,
Жоғы тек – ұлы ерлікке белгі ғана.
Бас белгі – бас бөгеттің өзі, әрине.
Сұлудай соған түсер көз, әрине.
Айттым ғой, «Егер Медеу болмаса...» деп,
Бітеді, басталады сөз әр үйде.
Әлқисса, дастан тамам сел туралы.
Сел – сылтау. Бұл, оқушым, сен туралы.
Және бұл қанатты акыл-ой туралы,
Тебіренген сені менен мен туралы.
Жыр – менің жаужарағым, ер-тұрманым
Дауысы о да сендей ер тұлғаның.
Болса да қандай «егер»,
Ұмытпайық
Советтік, досым, бізді ел туғанын.
Жырлады жеткенше ақын
сөзі, тілі.
Классик бола ала ма көзі тірі?
Толғансын,
Толықтырсын оқушы өзі,
Қойыссын өзі нүкте,
өзі үтірді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter