Өлеңдер ✍️
ҮШ АНАНЫҢ ҰЛЫ ЕДІМ
Шар айнасын шайқалтып Жамилаштың
Бұлқынғанда, пердеңді фәни аштың.
Азан айтып ат қойып атам маған,
Иемденген ұлым деп Дарияшым.
Төсін иіп емізген аялаған.
Бір мен үшін жанын да аямаған.
Мейірімінің ақпейіл аңқылдаған,
Жан шуағын сан еміп тоя алмағам.
Келгенімде іздеп мен сөз анасын
Әліппен ән емізген Роза анашым.
Тұн ұйқысын төрт бөліп интернатта
Біз деп өткен ұмытып өз баласын.
Үш ананың ұлы едім тел емізген.
Ай – Күн куә нұр төккен төбемізден.
Емізген соң үш жүрек бір жүректі
Үш анаға еркелеп, елегізгем.
Үш ауылдың тентегі ем еркелеткен.
Сотқарлығым бәрін тең өртеп өткен.
Өкінерім, көре алмай жемісімді
Дарияш пен Розам –ай ерте кеткен.
Қайран қайта оралмас ерке көктем.
Үш ананың мейрімін желкен еткен.
Сөздеріңді еске алып сағынамын,
Қылығымды қызықтап ертек еткен.
Орны бөлек қашанда қос ананың.
Құдіретінен аналық аса алмадым.
Өзім әке болсам да ұл – қыз сүйген
Боз боран боп көзіме жас аламын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter