Өлеңдер ✍️
ҒАЙЫП ЕРЕН, ҚЫРЫҚ ШІЛТЕН
Самұрық боп көк аспанда қос қанатты жайғанмын,
Ғайып Ерен, Қырық Шілтен, қасиетіңнен айналдым
Айықтырып елді дерттен қойғаныңа қайранмын,
Киелі жер, кіндігіңе менде келіп байландым.
Ұрпағым деп болашаққа жалғастырған ғасырды,
Теберікке бердің моншақ таңбасы бар тасыңд.
О, ата-анам, сенің ізің көзге оттай басылды,
Сүртіп жаттым кірпігімнен домалаған жасымды.
Ортаңыздан өтті досым,
Өтейін деп талпындым.
Неге екенін Алла білер, орта жолда алқындым,
Мені буып жібермеді кереметі толқынның,
Кешіре гөр, деп өтініп алған беттен тартындым.
Күміс үні сыңғыр қағып асып жатқан белдерден,
Кәусар шипа бұлақтарың ішсем бойға дем берген.
...Дұға оқыды шырақшы ата,
Мен де оқыдым елге ерген,
О, Жаратқан, құдіретіңмен жермен бірге тербелген.
Сан рухы әруақтардың күшіменен құранның,
Әуелі Алла, бір кешірім Мұхаммедтен сұрандым.
Шалыс басқан шүрегей ем бодауында ұранның,
Тұрдым енді бойды тіктеп ұлы болып Тұранның!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter