04.07.2021
  417


Автор: Қайырғали Медет

КИЕҢ ҚАЙДА ҚАЗЫҒҰРТ, РУХ БЕРЕР... (хикаят)

Қарт Қазығұрттың тарам-тарам сай-саласының бірін сағалай орын тепекен шағын ауылға көгілдір көктемнің ақ жауыны кенеттен шелектеп құйып кетті. Әлгінде ғана көктем шыға бусанып, ұйқысынан жаңа оянып маужырап жатқан тау бөктерін жаймашуақ нұрымен аймалап тұрған алтын күн әлдекімнен ұялғандай бір шөкім қара бұлттың арғы жағын тасалай қойыпты. Бейне бар болмысымен толысып, көріктеніп келе жатқан Көктем-арудың әсем де сұлу кейпіне тамсана қызығып, жасырын көз салып тұрған бозбала дерсің. Тау баурайына нөсер жаңбыр жаууы үшін сұр бұлттардың көк күмбезді тұтастай қымтауы міндет емес. Қазығұрттың биік шоқысына бір шөкім қара бұлт үйірілсе болғаны, міндетті түрде тым құрымаса жауын-шашын себелеп өтері анық. Бұған жергілікті жұрт әбден дағдыланып қалған. Ауа-райыңызды Қазығұрттың төбесіне қарап болжай береді. Көк жүзінде жауын шақырар қарақошқыл қорғасын бұлт түнеріп тұрса да, Қазығұрт шоқысы ашық болса, ел-жұрт жауын-шашын болады деп ойламайды да. Мына нөсер де аяқ-астынан төкті де кетті. Көктен құйылып тұрған мөп-мөлдір тамшылар жіпсіп жатқан жер бетінде лайсаң болып, жылға-жыраны қуалай, етектегі үлкен арыққа жиылып, одан ылдиға қарай жөңкіле ағып, әжептәуір мол суға айналып та үлгерді. Ауыл арасындағы кедір-бұдыр тас жолда лезде ойдым-ойдым көлшіктер пайда болды. Көлшіктер пайда болды. Көлшіктер бетін толассыз төпелеп жатқан ірі-ірі тамшылар оларды да шап-шағын арнасынан асырып, жиылған суды ылдиға қарай қуалауда. Оларға жан-жақтан әрбір үйдің боғатынан шүмектей аққан жаңбыр суы қосылып, төңіректі әп-сәтте-ақ ағыл-тегіл су басты. Шөкім бұлттан сығалап қараған күн нұрының сәулелі шапағы әр-әр жерге түсе бастады. Белдеулей жауған нөсер тауға қарай ентелей асығады. Табиғаттың көктем түсе басталатын осынау ерке мінезін ес білгелі ұнататын Бекжан есік алдындағы бастырмада баяғы әдетінен айналаға қызыға көз тастап оытрған. Қырқаларды қаптай құлақтанып шыққан көк, тал-теректерді жасандыра бастаған жасыл желек ақ нөсерге шомылып, тазара түскендей. Тау жақтан аңғар бойлай жан сарайыңды рахатқа бөлер саф ауалы самал жетті. Бекжан көзін жеңіл жұмып, терең-терең тыныс алды. Көкірегі кеңіп сала бергендей, әдемі бір күй кешті. «Таудың таза ауасына ештеме жетпейді-ау... Қандай керемет!» деп ойлады сосын. Кенет көрші үйден тұлымшағы желбіреген төрт-бес жасар балдырған жүгіріп шықты да, есік алдындағы көлшікке қойып кетті. Тұлымды жалаңбастың үстінде жеңсіз тоқыма кеудеше, аяғында қоңылтаяқ киген өзіне әлдеқайда үлкен екені көрініп тұрған резеңке етік. Шалшық суды ары-бері шалпылдата кешіп мәз-мейрам. Арасында қолдарын созып кішкентай ғана алақандарын шапалақтай, нөсерге жүзін төсеп сықылықтай күледі. Оған сүйсіне қарап отырған Бекжан өзінің балалық шағы есіне түскендей , жымия басын шайқады. Сәлден соң үй жақтан жұқа көк орамалды сүйір иегінің астынан шарт түйе байлаған, су өткізбес сырт киімді иығына жалбағай жамылған жас келіншек шықты да, әлгі балдырғанға қарай тұра ұмтылды. Ол мәз болып, қашуға әрекеттенді.
- Ой-бүй-й, тұқымың өскір-ай, шық судан! Ауырып қалатын болдың ғой... Әй, тынымсыз неме-ай! Көзді ала бере далаға шығып кеткенін қарашы! – деп келіншек күйбелектеп жүр. Ебін тауып ұлының білегінен шап беріп ұстап, үйіне қарай безілдете сүйрей жөнелді. «Бәріміз де осындай болдық-ау, ә...»
Бекжан қарсы беттегі қырқаға көз салды. Оншақты ірілі-ұсақ қара төпей жауған жауынды елемей, беймарал жайылып жүр. Тіпті ауызға іліге бастаған шалғыннан бас көтермейді. Әудем жерде ақжалсары құлын тірсегі дірілдей шапқылап жүр. Мына жарық дүниедегі өзіне әлі беймәлім құбылыстардан үркектегендей оқтын-оқтын құлағын қайшылап қояды. Жайылып жүрген сиырлардың етегін ала төңірегіне осқырына қарап тұрған құласары бие шапқылаған құлынның әр қадамын бақылағандай. Кейде бір орында айналшықтауына қарағанда арқандаулы секілді. Шеткі үйлердің бірінен шыққан жасөспірім беткейге қарай бет алып ептелей жүрді. «Шамасы жылқыны жылжытуға шыққан болуы керек», деп ойлады бұл. Қырға өрлей бере әлгі жеткіншек көгалға тайып кетіп, етпеттей құлады. Оған шапқылап жақын келген құлын құлағын тіктеп, таңдана қарағандай жанында бір сәт аялдады да, кері айналып, жорға жүріске салғандай, аяқтарын айқастыра желе жөнелді.
- Жарығым-ау, ішке кіріп, шәй-пәйға отыр. Түс ауып барады екен ғой... Жаратқан ием, биыл нұрын аямай-ақ төгіп тұр. Тек мал-жанға ырысын берсін, әйтеуір, - деді сыртқа есік аузынан көз тастаған апасы.
- Жарайды, апа, кәзір кірем, - деді бұл апасына қарап. Сәл-пәл тұрған апасы қайта ішке еніп кетті. Арқандаулы биеге жетіп, оны шықшыттан сипап тұрған жасөспірімге қарап отырып, Бекжанның ойына бұдан біраз жыл бұрын әскерге кетпей тұрған бозбала шағында боз бие баққаны есіне түсті. Ол кезде осы нағашы апасы қатты ауырып, бүкіл туған-туыстарын едәуір әбігерге салғаны бар. Ес білгелі нағашы апасына табиғи боп өскен, мектеп табалдырығына аттағаннан бастап қолына біржолы көшіп келген Бекжан өмірінде бірінші рет өлім деген соншалықты қорқынышты екеніне көз жеткізген. Тіпті, «апам өліп қалса, не істеймін» деп зәре-құты қалмаған. Бірақ үлкендердің аузына жәутеңдей, оңашада көз жасын сығып алғаннан басқа қолынан келер дәрмені жоқ еді. Үлкен жеңгесі дәрігер-тін. Аудандық аурухана дәрігерлері шарасыздық танытып, «үлкен кісіні дәрімен піспектей бергеннен нәтиже жоқ. Санаулы күн ғана өмір сүруі мүмкін. Бала-шағасының көз алдында болғаны дұрыс-ау,» деп бойында әл-қуат ада болған, құр сүлдесі қалған апасын алып кетуді өтінген. Амал қанша, ағайын улап-шулап үйге алып келіп, төргі бөлмеге жұмсақ жайғастырып, күні-түні күзетуге көшкен. Алғашқы күн хал сұрай клген тоқсанға таяса да аттан түспеген Әшірбай қария төсек басында отырып, «атам қазақ Қазығұрт қымызы мың да бір кеселге дәру дейтін. Боз бие байлап, аузына буы бұрқыраған күйде саумал қымыз тамызып отырсаңдар, дәртке қуат болар ме еді, қарақтарым,» деген.
Қарияның айтқанын сол күні-ақ екі етпеген-ді. Боз биеге қарау, яғни, жемдеу, суару мен үнемі отты жерге жылжыта арқандап тұру Бекжанға жүктелген. Содан бұл боз биенің жанынан шыққан емес. Тіпті, кейде жем беріп жатқанда құлақ түбін қасылай, кекілін сипай отырып, оған апасы туралы әңгіме де айтатын. «Тоя же, боз бием. Қажет десең, тағы да әкелем. Тек апам, жазылып кететіндей қымыз берші. Сенің саумалың апама ем, дәру болсыншы,» деп көзіне жас мөлтілдейтін.
Апасының аузына тұрақты тамызған саумал шым-шымдап болса да, тәніне тарап жатқан секілді. Бірақ, ертелі-кеш үлкендер жағының айтуына қарағанда, апасының рең-басынан бері қарар нышан байқалмайды. Әлде ағайын күзетуден шаршады ма, кім білсін. Бір жетіден соң, күбір-күбір сөйлесіп, «енді әрекет қылмасақ болмас. Ортаның қазан-табағын, самаурындарын әкеп, отын-су, керек-жарақтарды дайындай берейік. Жақсы кісіні жөн-жоралғысымен дұрыстап аттандырайық», дегенге тоқтады. Түс ауа есік алдында абыр-сабыр алашапқын басталды да кетті. Мал сойылып, ет боршаланып, жастар жағы ара, балтасын сайлап, тасыр-тұсыр отын дауындауға кіріскен-ді. Жеңгейлердің бірі «өл-л-ә, ананы қара, апам терезеден қарап тұр,» дегені. «Қалжыңың құрсын сенің, өлейін деп жатқан кемпірді...» дей берген екіншісі терезеге көзі түсіп кетіп «көтек» деп тұрған орнында құлап түскен. Соңғы бір тәулік бойына нәр сызбай қозғалыссыз жатқан апасы шын мәнінде әйнектен қарап тұр еді. Көпшіліктің біразы «астапыралла» деп тілдерін кәлима келтіріп жатса, енді бірі «о, тоба!» деп өз көзіне-өзі сенбей, әрі-сәрі болды да қалды. Екі-үш келін әлгі есінен тана құлағын абысындарының бетіне су бүркіп әуре. Апасы түк болмағандай біраз қарап тұрды да, ары қарай жүріп кетті. Состиып тұрған көпшілік есікке қарай ентеледі. Үлкендермен жағаласа Бекжан да ішке ұмтылды. Апасы төсегінде отыр екен. Ішке енген туыстарына қарап «далада не боп жатыр?» деді ақырын. Үн-түнсіз аңтарылып қалған көптің арасынан бір көкесі «өй, жеңеше, қатты қорқыттыңыз ғой... Сосын қорыққан арты қуагыш болсын деп... Құдайы тамақ бергелі жатыр едік» деген. «Е, бәсе. Мен у-шуды да естімей, сілем қата ұйықтап кетіппін ғой... Ернім кезеріп қалыпты, сусын әкеліңдерші,» деді апасы. «Ойбай, саумал, саумал әкеліңдер, жеңешеме!» деген әлгі көкесі артына бұрыла айғайлап. «Әй, мәләдес, сөз тауып кеттің,» деп көп ішінен біреу көкесінің арқасынан қаққан... Содан бері апасы, құдайға шүкір, бірде-бір рет ауырған емес. Содан бері Қазығұрт қымызының қасиеті, саумалы қымыздың емдігі, дәрулігі туралы сөз «пәленше апам...» деп басталатын болған. Бекжан сол оқиғаны сағына елжірей еске алып езу тартты.
Қырқадағы жеткіншек құласарысын әлі сипалап тұр екен. Кім біледі, мүмкін ол да, көкейде жүрген арманын текті жануардың құлағына сыбырлап айтып тұрған шығар... Бекжан орнынан еріне, созыла көтеріліп, шәй ішпекке ішке қарай беттеді.


* * *



Сай ішіндегі су жағалай отырған Көкбастау ауылана кеш ерте түседі. Қазығұрт шоқысы мен Өгем тау жоталарында батар күннің алтын жалқыны әлі де көз қарып тұрғанда, Көкбастау әжептәуір күңгіттеніп қалады. Сондықтан, жұрт мал жайғауға, қора-қопсыны түн баласы қымтап бекітуге ертерек кіріседі. Ал, ақшам үйіріле ауыл тыныштық құшағына енеді. Бірлі-жарым әупілдеген ит, осқырына пысқырынған жылқы, ыңырси шөңіреген қара мал үні болмаса, Көкбастау бір пәс құлаққа ұрған танадай күй кешеді де, сосын бейғам қалың ұйқыға кетеді. Ілуде бір суыт хабармен суыт жүрген пенде болмаса, қараңғылық қоюлана түсе, ауылдың басы мен аяғын жалғап тұрған ирелеңдеген жалғыз тас жолда тірі адамның бос сенделіп жүруі неғайбыл. Неге екені белгісіз, үлкен-кіші ауыл жұрты осыған қалыптасқан. Ерте жатып, кеш тұрады. Кеңес дәуіріндегі қамсыз тірлікке еттері үйреніп, бір амалы болар деген түсінікке бой алдырған. Бұлар үшін шаруаны өзге біреу істейтіндей. Тым құрығанда домаланған бақабас бөлімше меңгерушісі Қалыбектің тамағын жырта айғайлаған қарлығыңқы дауысы бір шығуы керек. Сонда ғана жайбарақат «не істейікке» көшеді. Міндетті түрде кемі күндік тапсырма керек. Әйтпесе, тау қозғалса да, қозғалмауға дағды еткен. Құдай оңдап, соңғы төрт-бес айда ел егемендік алып, тәуілсіздік таңы атқалы ауыл іші тым-тырыс. Айғайлап жүрген жан көрінбейді. Сапқоз, аудан орталықтарында не боп жатқанын ешкімнің онша хабары жоқ. Екі-үш мұғалім болмаса, өзгесі саясаттан аулақ. Әліптің артын баққан халық. Әйтпесе, тіршілігі қыз-қыз қайнаған облыс орталығы да қол созым жерде. «Алла тағалла елге тыныштығын берсе, бір амалы болар... Құдайға шүкір, қамбада дән, қорада мал бар... Аштан өліп, көштен қалмаспыз,» деген қариялар жағы өзге әңгімеге бармайды. Жастар жағының үлкендерден асып, жаңаша тірлік жасауы, жұлқына әрекет етуі екіталай. Тәрбие солай. Не істемек болсаң да, не ойлап жүрсең де, шалдардың алдынан өтуің керек. Олар «е, бопты, алдыңнан жарылқасын!» демей бірдеме бастау мүмкін емес.
Сондықтан болса керек, бұрынғы сыныптас достары түн жамыла, ешкімнің көзіне түспей Бекжанның үйіне келген. Негізгі ойлары Темір айтқандай, «заман болса өзгерді, енді қарап жатудың реті жоқ». Төңіректе болып жатқан жайларды екшеп, бір ортақ мәмілеге келер оңаша отау керек. Ал Бекжанның үйі, Темір айтқандай, «таптырмас офис». Өйткені, ол бір үйде апасы екеуі-ақ. Әрі түнде болған әңгімені ертесіне ертелеп елге жая қояр бөгде кісі жоқ. Жұртшылыққа қашан, қалай не айтады, не айтпайды оны өздері ғана шешу керек. Сөйтіп, заман көшіне ілесер әрекет етпесе болмайтын мезгіл жетті. Мектеп қабырғасынан ұйымшылдығымен танылған достардың басты мақсаттары осы еді.
- Иә, жайшылық па?! Жүріпсіңдер түнделетіп, - деді Бекжан достары жайғаса отырып болған соң, оларға айнала қарап.
- Мына заманда жай жүруге бола ма? Қазақ халқы ғасырлар бойы армандаған егемендігін алды. Тәуелсіздік туы желбіреді. Бүкіл ел болашаққа ұмтылуда. Жаңа өмір құрмақ. Ал біз... – мектептегі ең жас мұғалім саналатын тарихшы Әшірхан тәп-тәуір әңгіме бастап келе жатты да кібіртіктеп қалды.
- Түрлі ойларға түріткі болып жүрген мына Темкең. Темке, өзіңіз мына Бекжанға бәрін рет-ретімен жүйелеп айтып беріңізші. Біз де асықпай тағы бір тыңдайық, - деді Ойрат. Ойрат жоғары оқу орнына түскенімен, оны толық бітірмей тастап кетке-ді. Себебін сұрай қалғанда «май-май болған механиктен, тап-таза шырттай жүрген шопырлығым артық» деп әзілге бұрып жіберер жауабы дайын.
- Жарайды, әңгіме былай, - деп ұзақ әңгіменің боларын сездіргендей Темір шынтағындағы құс жастығын түзеп қойып алды. – Әшірхан айтқандай, тәуелсіздікке қол жетті. Егемен ел болдық. КСРО келмеске кетті. Осымен іс бітпейді ғой. Енді әрбір дербес мемлекет жеке өмір сүруге әрекет етуі керек. Әрбір ұлт өз елін, өз халқын саясаты, экономикасы мен рухани дамуы жоғарғы ел қатарынан көргісі келері анық. Ал, оған қалай жету керек?! Міне, мәселенің мәні осында. Бізге дамыған, бай, өркениеті биік мемлекетті ешкім әкеліп алақанымызға сала қоймайды. Қайта, аяқтан шалуға тырысады. Өйткені, бәсекелестік туады. Бәсекелестік бақай есепке құрылса, ішкі байлығымыздыәлдекімдер талан-тараж қылса, елді-жерді қорғар баяғы «Жеті жарғы» сияқты заңнамаларымыз болмаса, ең бастысы патриоттарымыз болмаса жағдай қиын.-Темір жан-жағына бажайлап қарап алды. Бәрі үнсіз ұйып тыңдап отыр. Кейбірі әжептәуір ойға да кеткендей. Ол сөзін онан әрі сабақтады. – Сондықтан қарап отырмау керек. Мен «Егеменді Қазақстан» газетін ғана оқимын. Өзге газеттердің бетін де ашпаймын. Олар шатастыруы мүмкін. Сосын тек «Хабар» арнасын көремін. Содан ұққаным, Елбасы саясатын, жүргізбек болып отырған барлық реформаларын осы ауылда отырып, төменгі жақтан қолдау жасаған ләзім. Ол үшін ауылды байыту қажет. Біздің ауыл бай болса, Қазақстан да бай болады. Міне, сөйтіп, барлық ауыл осылай әрекет етсе, бүкіл елдің ахуалы жақсарары сөзсіз. Ал, ауыл қалай бай болады?! Ол үшін бүкіл басқару тетіктері жастардың қолына, яғни, қатар-құрдастардың қолына көшуі керек. Жас мөлшері біркелкі болған соң, ой айту, пікір білдіру ашық болады. Үлкендік жасап тізе батыру, жағымпазданып өтірік мәймөңкілеу, үлкенге сөз қайтара алмай үнсіз қалу болмайды. Прюлализм, яғни ашық пікір арқылы демократизмге жетеміз.Билік бір ғана адамның қолында болмайды. Ортақ пікірге келіп, ортақ шешім шығарылады. Ол шешім халық мүддесін ғана қорғауы, яғни осы ауылда тұратын әрбір адамның игілігі үшін тиімді болуы керек, міне, мәселе қайда!... Біз кезіндегі жас гвардияшылар секілді ант не серт қабылдап, Жарғы бекітіп, қандай қиындық болса да, бірге әрекет етуге тиіспіз. Алдымен осыған келісіп, мақұл десек, әңгімені ары қарай жалғастырып, күнделікті шаруаға көшеміз. Ол үшін кім қандай қызмет алады, күнделікті өзара есеп беріп отыру қалай жүзеге асады, шаруашылықтың қаржы мәселесі қалай құрылады, қалай жұмсалады, деген сияқты мәселелерді талқыға салуымыз керек.
- Темкең өте салиқалы әңгіме қозғап отыр. Әрі ақылға қонады. Серт не ант қабылдасақ, жауапкершілік артады. Кімнің неге икемі бар екенін анықтап алайық та, жұмысын жүктейік. Кейін ол мойнына алған іске басымен жауап берсін. Әр істі бірге ақылдасып атқарар болсақ, біраз жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Біз ғой ауылдан көп ұзамадық. Ал, мына Бекжан ағаларының арқасында бүгінде енді етек жая бастаған бизнес деген тірлікке тәп-тәуір араласып қалды. Әрі Кеңес әскерінің соңғы тұяқтары қатарында шыңдалып қайтты. Ел көрді, жер көрді дегендей. Сондықтан, Бекжан басшы болса, біз қосшы болуға дайынбыз, - деп екінші жақтан сөзге Әбдір араласты. Әбдір мектепті қарық қылып оқымаса да еті тірі, көпшіл, еңбекқор. Сондықтан ата кәсібім деп, әкесінің ақ таяғын қабылдаған-ды. Бір отар қойды алдына салғанда, біреулер «қаршадай бала қой бағып мәз болмайды-ау» десе, көпшілік «көзін ашқалы әкесімен бірге отар соңында жүрді, мал бақса, Әбдір бақсын» деген. Бұл ел үмітін ақтай білді. Сыйлы азамат болды.
- Басшы, қосшы мәселесіне әлі келеміз. Әшір, сертіміздің негізгі тармақтар түсірілген қағаз сенде ме? Соны оқып жіберші, - деді жиын төрағалығын өз қолына алған Темір Әшірханға бұрыла. – Мектепте үзіліс аралығында Әшір екеуміз ойласа жүріп түзген едік. Негізі төрт тармақтан ғана тұрады. Сол жетер деп ойладық.
- Қазір, - Әшірхан жан қалтасынан төрт бүктелген ақ парақты ашып оқи бастады.
- Көздеген мақсатқа жету үшін мына төмендегі ережелерді қатаң сақтаймын:
Қайрат-жігерімді, оқу-тоқуымды туған ауылға қызмет етуге арнаймын;
Ауылды бай қыла отырып, өзім де бақуатты болуға тырысамын. Бұл жерде «Адам еңбекке – адал еңбекақы» принципін ұстанамын. Жемқорлыққа салынбаймын;
Қандай жағдайда да арақ ішуге, ішкілікке салынуға қарсымын. Той-томалақта, қатты қинаған жағдайда тек ырымын жасап, ерінге тигізіп қана қоюмен ғана шектелемін;
Шаңырақ көтеріп, отау тігерден алдын қыз таңдауда оның дәстүр-салтты, әдет-ғұрыпты терең білуіне ерекше мән беремін. Әдепті, ибалы, ісмер қалыңдығым бәрімізге ұнауы керек. Сонда ғана оған үйленемін;
- Әй-әй-әй, бұлай болмайды! Неге менің болашақ жұбайым бәріңе бірдей ұнауы керек?! Бәріңе бірдей ұнайтын қалыңдық үйімде отырса, мен қалай беймарал жұмыс істеймін? Екі желеу, бір сылтаумен үйімнен шықпай қойсаңдар қайтемін, а?! – Бұрышта бұйығы отырған Қанапия бір бүйірден сөз бұзды. Қою қара шашты, талпақтау танауының астындағы жирен мұрты ерекшеленіп тұратын Қанапия есеп-қисап курсын бітірген қаржыгер болса да қу тілімен, тапқыр сөзімен көпшіліктің көңілін бір көтеріп қоюға әуес-тін.
- Қанаштың сөзі жөн. Арамызда Темкең ғана үйлі-баранды. Соңғы тармаққа саклсақ, Темкеңе ажырасуға тура келер. Жеңгеміздің мінезі ой-ой ғой! – деді Әбдір. Бәрі ду күлді. Темір Қызарақтап қалды. Онысын сездірмегендей жымиған болды. Бірақ екі беттің алауы қызғылттанып ұялғанын жасыра алмады. – Сондықтан, соңғы тармақтағы бірінші сөзді ғана қалдырып, қалғанын алып тастауды ұсынамын. – Әбдірдің ұсынысын бәрі қолдады.
- Осы төрт тармақта негізгі талаптар қамтылған екен. Сертке де, антқа да лайық. Ең бастысы, меніңше, қаржы көзін тауып, істі заманға сай жаңаша жүргізу. Ауылда бізге «бұларың не» дейтін адам табыла қоймас, қайта қуанбаса. Қазір бұрынғы сапқоз мүліктерін, жайылмалы, суармалы жерлерді жекелерге бөліп беру басталды. Әр адам өз үлесін алып, ортаға біріктірсе, тәп-тәуір шаруашылық құруға болады. Сол себепті, тездетіп шаруа қожалығын құруға құжат дайындап, заңды тіркеуден өткізуге кірісу керек. Созбалақтай беретін ештеме жоқ, басшы, қосшыларды да бүгін сайлап, анау ешкім отырмайтын бөлімше канторын ашқызып, қатырып жөндеп, офис жасап, көшу керек деп ойлаймын, - деді елгезек Мұқан ойға алған шаруаның тез біте қоюына ынтық болып. Жалпы, Мұқан шаруашылықтағы біраз істерге араласып қалған ауыл маманы. Жас та болса, білгір агроком санатында. Сарыағаштағы совхоз техникумды үздік тәмамдаған. Содан бері ауылда жұмыс істеп келеді. Бәрі Мұқан айтқан тоқтамға келгендей, бір сәт үнсіз қалды. Беймәлім болашаққа көк дөнен көңіл алқына ұмтылғанымен, секемшіл албырт сезімнің қобалжуынан ба, әйтеуір, әрбір жүрек лүпілінде беймаза діріл бар екені анық. Бұл діріл батылсыздыққа бой алдырмай, жолдастық, достық қимастыққа ұласып, нартәуекелге бел байлатқандай еді.
- Тоқтам осы секілді. «Қол жұмылмай – жылынбайды» деген. Ешкім қарсы емес қой, - деді төраға Темір жан-жағына қарап. Бәрі бас изесті. – Олай болса, ант қабылдау рәсіміне көшейік. Ол үшін бәріміз қатар тұрып, шетімізден ортаға шығып, жаңағы антты дауыстап оқимыз. – Достар орындарынан жапа-тармағай көтеріліп, сапқа тұрды. Темір айтқан ретпен ант қабылдады. Бұл рәсім олардың бойына сенім құйғандай әсер етті. Өздерінің әлденеге жауапты екенін сезінді.
- Бұл бір біткен іс болды. Қазекем де айтқыш-ау, мұндайда «Топтанып ұшқан торғайға, Тұрымтай да бата алмас», немесе «Ауылдың иті ала болса да, Бөрі келгенде бірігеді» деген, - деп қу тілді қаржыгер Қанапия өз-өзінен мәз болды. Оған Әбдір құрдасы:
- Ой, Қанаш-ай, осындай сезімді селт еткізер сәтте сенің қауашағыңа «Жақсы бастама – істің жартысы» деген сияқты құлаққа жағымды естілер мақал-мәтел де түспейді-ау. Адам өзі қисықтау болса, тіліне де бұралаң-бұралаң сөздер ілігеді ғой деймін, - деді.
- Жә, жігіттер, жиынды «Тамашаға» айналдырмайық. Күн тәртібіндегі келесі мәселе өте жауапты. Ұйымдастыру мәселесінде қызмет бөлісу тармағы тұр. Бұл жөнінде кім не айтады? – деді тарихшы-ұстаз Әшірхан достарының айдалаға лағып бара жатқан сөздерінің басын өзекті әңгімеге қарай бұрып. Нағыз үнсіздік енді басталды. Ешкім ештеме айтпай, бәрі жер шұқылап біраз отырды. Қазақ үшін сонау ықылым заманнан бері шешімі табылуы ең қиын шаруа осы. Тақ талас билік басына келу, ауылнай, болыс сайлау, қызмет бөлісу қиынның қиыны екеніне тарих беттерін парақтасаңыз көзіңіз жете түскендей болады. Міне, қазақ үшін осындай сәтте оның бойындағы бар жақсы, жаман қасиеттері нышан берері хақ. Мәрттік пен жомарттық, сыйластық пен жолдастық, қысастық пен тақастық, қызғаныш пен қимастық, аяқтан шалу мен қолтыққа су бүрку, алакөздік пен аярлық сияқты кеше түрлі пейіл-ниеттерді тізіп шығу мүмкін емес. Өйткені, қазақтың жаратылысы өзгелердің бойынан табыла қоймайтын ерекше қасиеттерге, басқаның ойына да кіріп-шықпайтын құйтырқы әрекеттерге толы. Оған дау жоқ. Дегенмен, әр түйіннің бір шешілер сәті болады. Үнсіздік тым ұзаққасозылып бара жатқан соң. төраға Темір тамағын кенеп қойды да:
- Енді бұл ең жауапты мәселе... Менің ойымша, біздің құрмағымыз серіктестік бола ма, қожалық не қоғам бола ма, әйтеуір, қазір басшыны президент деп, онан соңғысын бас директор деп атау дәстүрге еніпті. Онан әрі шаруашылық бағытына қарай атала берер. Бір жағынан, қазақ жеті санын киелі санаған, біз де жетеу екенбіз. Екінші жағынан, мұнан артық басшылық құрамы көптік етер. Сол себепті, осындағылар қажет деген лауазымды белгілеп, оны бірден сайлап кетейік, - деді.
- Жөн-ақ. Бірақ бұрын ел билеп, сала басқарып көрмегенбіз. Бізде оңай тәжірибе жоқ. Ақсақал, қарасақалдардан қоссақ қайтеді?! – деді Әбдір батылсыздана.
- Жоқ, олай болмайды. Ақсақалдардан ақылдастар алқасын құрамыз. Ал, барлық істі ортада келісіп, ақылдастармен тиянақтап алсақ, тәжірибе деген сол. Ешкім басшы боп тумайды ғой. Үйреніп кетерміз, - деп оған Ойрат уәж айтты.
- Сондада анау бөлімше меңгерушісі болған Қалыбек көкемді басшылыққа алсақ болмас па екен? – Әбдір түпкі ойынан әрі арыла алмай отырған сыңай танытты.
- Ол көкең қып-қызыл коммунист қой. Кеше сәбет үкіметі құлап, коммунистік партия тақтан тайғанда Қалекең теріс қарап, нәр татпай үш күн жатыпты. Өз-өзінен күбірлеп «мүмкін емес» дей берген соң, балалары «облысқа дәрігерге көрсетеміз» деп алып кетіпті дейді... Қазір онсыз да билікке коммунистердің қолына су құйып жүрген комсомолдар келіп жатқанға ұқсайды. Олар жас болған соң, коммунист көкелерінен көп нәрсені үйренген ғой. Жұмыс істемесе де, сылдыр сөзбен құлаққа тебуге шебер бұл комсомол дегенің, - деп Ойрат та алған бетінен қайтпасын білдірген болды.
- Қазір адамды қызметіне қарай құрметтейтін заман туды. Оны түрлі жиналыстарға, мерей тойларға барып жүргенде байқап қалдым. Ағыл-тегіл ақылың, елге сіңірген еңбегің ешкімге қажет емес. Пәлен қызметтің тұтқасын ұстаған десе, жұрт танысын-танымасын жапа-тармағай жалпылап сыйлауға көшеді. Момақан данышпан мен адал еңбекпен алақаны тілім-тілім болған шаруақор бір шетте елеусіз қала береді. Ол жағын да есте ұстаған мақұл, - деді бір шеттен Әшірхан.
- Бүгінде билікке, сосын, әзірге жөн-жобасы жоқ қарабайыр бизнеске жаппай жастар келіп жатыр ғой. Бұрынғы кадрлардан қайыр жоқ, ал, жастар әйтеуір бір жаңалық әкеледі деген пікір қалыптаса бастағандай. Сондықтан, өзіміз ғана басшылықта болғанымыз дұрыс, - деді аз да болса ысылған Мұқан.
- Бекжан әлі бірде-бір әңгімеге араласпады. Барлық айтылған сөзді санасында зерделеп, зерттеп отырған сыңайлы. Менің ұсынысым осы Бекжанды президент сайлайық. Әлгінде Әбдір де оның кандидатурасын ұсынған-ды. Ешкім өзіне ұсынылған қызметтен қашқақтамауы, сылтау айтпауы керек. Тек дауысқа саламыз. Кәне, Бекжан болашақ шаруашылықтың президенті болсын дегендер қол көтерсін. – деді төраға Темір анау-мынау әңгімелерге тоқтау сала. Бәрі бір ауыздан Бекжанды президенттікке бекітті.
- Бас директорлыққа осы іске ұйытқы болып жүрген Темкең лайық деп ойлаймын, - деді сосын Әшірхан. Достар дуылдаса, оны да таққа тағайындап қойды.
- Енді, - деді Бекжан, - мен айтайын. Әшірхан маған орынбасар, бүгінгі тілде айтқанда, вице-президент болсын. Ол идеология жағын қарайды. Өзі тарихшы дегендей, істі алып кетеді. Мұқан бас агроном қызметіне лайық. Бір жағынан өзінің істеп жүрген шаруасы. Ойрат бас инженер болсын. Техникадан хабары бар. Білімін де сырттай болса да, бітіріп алар. Ал, Әбдір бас зоотехниктің жұмысын дөңгелетіп әкетеріне сенім мол. Төрт түліктің бабын біледі. Қанапия болса, есеп-қисабымызды жүргізіп отырар бас бұғалтыр болуға таптырмас адам. Менімше осылай. Мақұл десеңдер, бәрін дауысқа салайық. Әлгінде Темкең айтты ғой, сылтау қабылданбайды.
- Сонда да, Беке, мен байғұс мектептің аттестатын әрең алдым ғой. Ел-жұрт бұдан хабардар. Басқа біреуді ұсынғанымыз жөн болар, - деді Әбдір ыңғайсыздана қызарақтап.
- Онда тұрған ештеме жоқ. Мен де дипломсызбын. Ол жағынан қорықпай-ақ қой. Екеуміз сырттай оқып-ақ табақтай диплом аламыз әлі. Ал сенің мал шаруашылығын бес саусағыңдай білетініңе ешкім шәк келтіре алмайды, - деді Ойрат оның күдігін сейілте. Бәрі бұл уәжге тоқтағандай болды. Сосын, бірауыздан сайланған достар әп-сәтте-ақ бір мекеменің білдей-білдей басшылары болып шыға келді. Бәрінің көңілі тоқ.
- «Жігіттің жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра» деген. Енді ұятты болып қалмау жағын қарастырып, ертеңнен бастап шешіле іске кірісу керек. Әрбірің өз салаларың бойынша есеп-қисап жасап, не бар, не жоқ бақылаудан өткізіп, неден бастау керек дегенге нақты ұсыныс, тиянақты іс-шара белгілеп әкелесіңдер. Кездесу, тойыс жиын күніге кешке қарай, әзірше, осы біздің үйде болсын, – деді Бекжан өзінің алғашқы президенттік тапсырмасын беріп. Бәрі жалпылай бас изесті.
- Таңдайымыз кеуіп кетті ғой. Түн жарымынан ауса да, апамның шайын ішіп кетейік. Мен қазір өзім-ақ дайындай қояйын, қарсы болмасаңдар, - деп Ойрат ас үйге қарай беттеді.
- Су жаңа қызметімізді қаймақ қатқан қою күрең шәймен жақсылап жуайық, жігіттер, – деп Қанапия қозғалақтап қойды. Оның бұл сөзін қолдап, екі-үш жігіт жылы жымиды.
- Не істесек деп алабұртқан көңілді бір демдеп алдық. «Әркімнің өз жері - жұмақ» деген. Шіркін, біздің киелі Қазығұрттың баурайы атам заманнан бері құт-береке ғой! Ел аузындағы керемет аңыздарды айтпағанның өзінде, бертіндегі Тәуке ханнан бастап талай хандарға жайлау болған, Абылай хан балалық шағының біразын өткізіп, көк майсасына аунаған. Төле бидің төл жайлауы болған қасиетті жер емес пе бұл?! Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би үшеуі ел тағдырын ойлап, талай-талай мәслихат құрғанда, осы Қазығұрттың баурайында отырғаны тарихтан белгілі ғой. Сондықтан, әрбір бастаған игі ісімізді ата-баба аруағы қолдай берсін! - деп тарихшы Әшірхан ішкі тебіренісін жасыра алмады.
- Иә, киелі Қазығұртта сонау Нұх пайғамбардан бастап, талай даңқты адамдардың табанының ізі қалғаны енді-енді сөз болып жатыр ғой. Атақты Майқы би де өмірінің соңында Қазығұртты мекендепті. Шыңғыс хан мен Әмір Темір де атойлап қалың нөкермен Қазығұрт арқылы ары-бері талай өткенге ұқсайды. Бәйдібек бабаның да малы Алатау мен Қаратаудың арасына сыймай, осы Қазығұрттың төбесіндегі «Орда қонғанды» да жайлаған дейді ақсақалдар. Мал жайып жүріп, әр ауылдың ақсақалдары жиналғанда осындай қызық-қызық әңгімелер айтатын, - деді Әшірханның сөзін жалғай Әбдір де өзінің ақсақалдар арасында жүрген құйма құлақ екенін білдіре.
- Ақыры өткеннен сөз қозғап қалдыңдар. Мен де сендерге бір насихат айтайын, - деп ендігі жерде бас директор болған Темір көпшіліктің назарын өзіне аударды. – Тоғыз жасар Жетес тоқсандағы Төле биге сәлем бере барыпты. Сонда Төле баба былай деген екен:
- Бата басқа, қына тасқа, ақыл жасқа, не қалайсың, балам? – депті. Сонда Жетес бала:
- О, қасиетті баба! Ат берсеңіз өліп қалады, тон берсеңіз тозып қалады. Ат, тонға бергісіз өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпейтін бір өсиет айтсаңыз соған ризамын, - депті.
- Онда қолыңды жай, балам, - деген Төле би:
- Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзегің талса өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол.
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол! – деп ақ батасын берген екен. Батаның әр сөзі өнеге ғой. Кешегі сәбет дәуірінде бәріміз мақұрым болып, енді ғана көзіміз ашылып, бабалар сөзіне ден қойып отырмыз ғой. Сондықтан Төле бабамыздың осы батасы жұғысты болып, ісіміз алға шалқи берсін, әумин! – Достар аталы да баталы сөзге бет сипап, әумин десті.
- Міне, шәй да дайын. Қанапия күрең деп еді, бұл құла шәй болды. Әрі бұл «іш те құла» деген сөз, - деп Ойрат дастарханын көтеріп кіре берді. Оның әзіліне езу тарта күліп, достар, ендігі жерде әріптес-қызметтестер хош иісі танауды жарған сүтті шәйға қол созды.


* * *



Бекжанның үйінен түн жамыла шыққан достар күбір-күбір қоштасып, жан-жаққа тарасқан. Әп-сәтте қою қараңғылық құшағына еніп, көзден ғайып болған. Самаладай самсаған сансыз жұлдыздар ғана өзара жымыңдаса, жер бетіне әлсіз жарығын төгіп тұр. Өлара кезі болғандықтан көк жүзінде Ай жоқ. Ирелеңдеген тас жолы түгілі, жеке үйлерге электр жарығы кем берілетін жағдайға жеткен. Төңірек тым-тырыс. Алқаракөк аспандағы қаптаған жұлдыздарға көз тастаған Темір «таң атуға дейін біршама уақыт бар сияқты. Жақсылап көз шырымын алып алайын,» деп ойлады. Өзінің ауыл ортасындағы тозығы жеткен кішігірім екі бөлмелі үйіне жеткенде, сыртқы есікті ақырын ашып шам жақпай, аяғының ұшымен жүріп, өзгелерді оятып алмайын дегендей бір шетте тұрған шағын диванға қисая кетті. Көптен ойға алып, маза бермей жүрген шаруасы іске аса бастағанына көңілі жайланып қалғандай. «Қай істі де бастау қиын деген. Құдай қаласа, бір үлкен мәртебелі тірлік болмақ. Тек әр мәселені жан-жақта талдап, сосын барып шешім шығару керек. Ең бастысы жігіттерді уыстан шығарып алмау қажет. Менің ойымдағы нәрсені міндетті түрде жүзеге асыра отырып, олардың әрбірі өздері ойлап тапқандай әсерде болуы керек. Сондықтан, олардың әрбірімен үнемі жеке-жеке пікір алысып, белгілі бір бағытқа жол сілтеп отыруым қажет. Мұнда кім болса да, менің ой-пікіріме, ақыл-кеңесіме титей де күмән келтірмегені абзал. Әйтпесе, алауыздық туып кету мүмкін... Жас та болса, бас бола білетін Бекжанды қатарға оп-оңай қосып алғанымыз жақсы болды. Көп жылдан бері оның санасына көп нәрсені құя беріп едім. нәтижесіз болмайтын сияқты» деп ойлады сосын. Осылай жатып өткен күндерді еске алды.
... Сәбет дәуіріндегі «коммунизм деген тегін өмір сүретін кезеңге де таяп қалдық» деп молшылықта күн кеше бастаған сәтте де мұның отбасының тұрмысы төмендеу болды. Әкесі аурушаң еді. Сауыншы болып істейтін шешесінің еңбекақысы шиеттей алты баланың күнделікті тамағына әрең жететін. Жаз шыға Темір ферманың бұзауын бағып, қара күзге дейін азын-аулақ ақша табатын. Мұның өзі отбасына әжептәуір көмек-тін. Бұзау соңында жүрген қарадомалақ бала бүгінгі күніне ызалана тісін қайрап, ертеңгі болашағынан өшін алмақ болатын. «Қалайда үлкен бастық боламын» дейтін бірде жігерлене, бірде әлдекімге, әлденеге ашулана булығып. Мұндай сәтте онша-мұнша қиқарланып, шетке қаша жөнелген асау бұзаулардың жон арқасынан талдың солқылдақ шыбығы шып-шып тиетін. Ол байғұстар Темірдің ашу-ызасының құрбанына айналғанын қайдан білсін, не болғанын түсінбей, онан бетер мөңкіп, шаба жөнелетін-ді. Бар ермегі бұзау соңында жүріп кітап оқу еді. Қолына түскен кез-келген кітапты таңдамай оқи беретін. Осылай ол Карл Маркс, Фридрих Энгельс пен Владимир Ильич Лениннің талай-талай кітабын оқып тастаған. Ол кезде бұл социализм негізін қалаушылардың том-том еңбектері қалаған тіліңізде кез-келген ауылдық кітапханаларда сықиып тұратын еді. Сөйтіп, Темір әлдебір қоғам құрудың теориялық негіздерін өз құрбы-құрдастарынан әлдеқайда бұрын оқып, үйренген. Сөйте тұра, пешенеге жазылғаны шығар, педагогика институтының еңбек пәні бойынша дипломын алып шықты. Туған ауылына келіп, мектепте еңбек пәнінен сабақ бере бастады. Қосымша көрші ауылдардан келіп оқитын отыз шақты балаға ашылған интернатта тәрбиеші сағатын берді. Мектептен тыс уақытының көбін сонда өткізетін. Темірдің қоғамдық құбылыстарға деген көзқарасы сонда жетіле түсті. Интернатта қалайда сабақ оқымауға тырысатын жоғарғы сынып оқушылары бұған нешетүрлі құйтырқы сұрақтар қоятын-ды. Бұл кейде дұрыс жауап бере алмай тыпырлап қалатын. Сосын тұрақты газет-журнал ақтаруға көшіп, бірте-бірте қоғамдық-саяси мақалалардың астын сыза оқуға дағдыланғанын өзі де байқамай қалған еді. Мұның нәтижесі интернатта, мектеп қабырғасында түрлі пікірталастарға ұласып жатты. Қоғамдық мәселелерде Темір өзге әріптес мұғалімдерден көш ілгері тұрғаны көп жерде көзге ұрып тұратын. Сосын, олар мұнымен санасатын жағдайға жетті. Беделді ұстаздар қатарына қосылды.
Бірде интернат үйінде ойламаған оқыс оқиға орын алды. Мектеп ұжымы әжептәуір дүрлігіп қалды. Интернаттағы тәрбиеленушілер арасындағы қоғамдық күнделікті әдетке айналған пікірталас барысында көзге түсіп жүрген екі-үш оқушының, оқушы болғанда да оныншы сыныпта оқитын қыз баланың ата-анасы мектепке келіп шу шығарған. «Мектептегі мұғалімнің бірі менің бойжетіп отырған қызымды айналдырып жүр екен. Бұл не деген сұмдық?!. Көршім келіп айтқанда, жүрегім ұстап талып қала жаздадым... Масқара-ай!» - деп қыздың шешесі мектеп деректірінің жағасынан алған. Айтарға сөз таппаған деректір дереу жиналыс жасаған. Ду-ду сөз барысында әлгі оқушы қызды Темірдің мектеп пен интернат арасында ары-бері ертіп жүргенін көргендер шықты. Енді мұғалімдер жағы бұған дүрсе қоя берді. Алғашында Темір кәдімгідей сасқан. Сосын «сендер не әңгіме айтып отырсыңдар?! Құдайға шүкір, менің сүйіп қосылған тәп-тәуір келіншегім мен асықтай ұлым бар. Ал оқушы қызды үнемі ары-бері екі арада ертіп жүргенім рас. Ол менің шәкіртім емес пе?! Басқаша ойлауға қалай ар-ұяттарың жетіп отыр?! Әңгімені өршітпей, интернатта жатқан барлық баланы шақыртып, ақ-қарасын айырып алу керек. Қайдағы бір салпыетек әйел өсектеді деп сөзге қалар жағдайым жоқ» деген. Абырой болғанда, интернаттағы оқушылардың бәрі Темірді жақтап шықты. Тіпті, әлгі сөзге ілікпен оқушы қыздың өзі «болашақта саясаттанушы болғым келеді. Маған Темір ағай көп нәрсені үйретуде. Ол кісіге айтар алғысым шексіз» деп батыл-батыл сөздер айтып, ал дүрлігіп келген әке-шешесі Темірден кешірім сұрап қана қоймай, рахметтерін да айтып кеткен-ді. Содан кейін мұндай артық-ауыс әңгіме біржола тиылған.
Бекжан да Темірдің үздік шәкірттерінің бірі еді. Ол ұстазының ойына ой, пікіріне пікір қоса білетін. Темір оған іштей қатты риза болып, мүмкіндігінше өзіне жақын ұстауға тырысатын. Бекжан Темірге еліктегені сондай ешкімнің ақылын тыңдамай, еңбек пәнінің мұғалімі боп шыға келген. Содан әскер қатарына аттанып, бұрынғы кеңес әскерінің қатарында қызмет етіп, тәуелсіздік орнар алдында елге қайтып оралған.
Бекжан әскерден келгенін естіген соң, ертеңіне азанғы шайын апыл-ғұпыл іше салып, көшеге шыққан. Ауылдың басына қарай өзін күнделікті мазалап жүрген түрлі ойлармен арпалысып келе жатқан-ды. Бекжанның өзі қарсы жолыға кетті:
- О, Темке, мен сізге сәлем берейін деп шыққан едім, - деп қол алысқан екеуі құшақтаса кетті. – Мен кеткелі ауыл-елде не жаңалық? Бала-шаға, жеңгейдің жағдайлары қалай? Мектепте нендей өзгерістер бар?
- Е, не болушы еді?! Бәз-баяғы, өзің көргендей. Дегенмен, қазір «балапан басымен, тұрымтай түсымен» деген заман болып тұр ғой... Былайырақ қырға шығып, әңгіме құрсақ қалай қарайсың? – деді Темір мұны қолтықтай.
- Жарайды. Енді біраз күн демалып, сосын ойланармыз не істеу керегін, - деп Бекжан да ыңғайға көне кетті.
Екеуі қыр басына шықты. Төңірек алақандағыдай анық көрінеді. Таңғы таза ауа сонау Шымқаланың өзін қозы көш жерге жақындатып әкеп қойғандай. Әр сайдан бұлақ жағалаған ауылдардың төбесі қарауытады. Сарыала күздің қара суығы әлі түсе қоймаған. Сонда да ертеңгі мезгіл салқындау екенін екеуі жота басына шыққанда сезді. Әлгінде сайдағы ауыл іші жып-жылы секілді сезілген. Өгем тауы жағынан денені сергітер жеңіл самал есті.
- Қазығұртты сағынып қалыппын, - деп Бекжан «Кеме қалғанға» көз тікті. – Әскерде қол бос кезде киелі тау туралы әңгіме айтып жүрдім. Одан бастау алған шипалы бұлақтар, төңірегіндегі әулиелі жерлер, қасиетті таудың етегін жайлаған әулие-әнбиелер-Ақбура Ата, Көзді Ата, Шілтер Ата, Қайнар Ата, Қызыл Ата, Әңгір Ата, Мейраш Апа, Қошқар Ата мазары, Ақбастау, Суық бастау, Көкбастау деп саусақтарымды бүге санағанда бәрі қайран қалады. Бір тауда соншама киелі нәрсе бар ма деп таңдай қағады. Мен «Қазығұрт жәй тау емес, кие қонған тау» деп Нұх пайғамбардан бастау алған аңыз-әңгімелерді тағы да бастап келем, оған елтіген біразы осында қалай да бір келуді армандап кетті. – Бекжан жымиды.
- Иә, Қазығұртты Адам Ата мен Хауа Анадан бергі тараған адамзат ұрпағының алтын бесігі деп босқа айтпаса керек. Қазақ халқының несібесіне бұйырған киелі мекен ғой, бұл! – деп Темір де тебіренісін жасыра алмады.
- Дұрыс айтасыз. Осындай өлкеде туып-өскен бізде арман болмауы керек сияқты. Бірақ «армансыз адам алысқа бармас» деген де нақыл сөз бар емес пе? – деді Бекжан қасында тұрған Темірдің иығына қолын сала. – Төменде «балапан басымен, тұрымтай түсымен» дедіңіз...
- «Арманы жоқ жігіттің пәрмені жоқ» деген де бар. Сол себепті арман да, пәрмен де болуы керек мына алмағайып заманда. Бүгінде мен мектептен кеткем...
- Неге?
- Деректірмен көзқарасымыз үйлеспеді... Мен де қарап жүрмей, сонау Италияның өткен ғасырда өмір сүрген дәрігер-педагогы Мария Монтосориден бастап, орыстың Антон Семенович Макаренкосына дейінгі небір ғұлама педагогтардың еңбектерін ақтарып шықтым. Сосын ойға қалдым. Біз балаларды дұрыс оқытып, дұрыс тәрбиелеп жүрген жоқ екенбіз. Бұлай оқыту жүйесі қазаққа болмайды деген ойға келдім. Біздің этнопедагогикамызға ештеме жетпейді. Оны заманға лайықтау керек. Қазақ боп туған баланы бөтен елдің тәрбиесімен тәрбиелеу дұрыс емес. Әр ұлт өз ұрпағын өзіндік наным-сеніммен, өзіндік дәстүр-салптен өсіруі керек. Сол ұлттық ортада тәрбиелеп, жетілдіру қажет. Саған түсінікті болуы үшін айтайын. Мысалы, бір отбасында бес бала болса, екі жастағы сәби де он жастағы жасөспірім де бірдей тәрбие алады. Біріне-бірі білгенін үйретіп, үлкен кішіге қамқор болады. Мектепте неге солай етпеске?! Жалпы айтқанда, біз балаларды көлбеу жүйемен тәрбиелеп жатсақ, енді тік жүйеге көшу керек қой. Мен осыны деректірге айттым. Үш сағат отырып, бәрін дәлелдеп түсіндірдім. Көкейіне қондырдым. «Мектептегі оқыту жүйесін қайта қарау керек» дедім. Ол, тіпті, қуанып «Темір-ау, мынауың ешкім ашпаған жаңалық қой! Идеясы да керемет. Қазақтың да бала оқытуда өз жүйесі болу керек» деді. Сөйте тұра «біз кішкентай адамбыз. Жоғарыдан не дейді, соны ғана орындап, тып-тыныш отыруымыз керек. Сен бала «бүйректен сирақ шығармай» жайыңа жүр. Мына түріңмен кесірің бәрімізге тиіп жүрмесіне кім кепіл,» деді. Ескі жүйеге әбден қатып қалған, тек тапсырманы ғана екі етпей атқарып отыруға машықтанған. Жаңаша ой толғауға тіпті де қорқады. Көңіл түкпіріндегі бір ой мені жақтаса, бер жақтағы болмыс түбегейлі қарсы. Содан мен өздігімнен жұмыстан кеткенше, деректір көкең өз көлеңкесінен өзі қорқып жүрді. Кейін үһ деп бір дем алғанға ұқсайды, - деп Темір ыржия күлді. Күрек тісінің бір екісі түсіп қалған екен. Орны опырайып, көзге оғаш көрінді.
- Енді не істемек ойыңыз бар?
- Мына заман да қызық боп бара жатыр. Түбі Одақ тарқайды деген жел сөз естіліп қалады кейде... Олай болса, күніміз қалай болмақ?! Өз еркімізбен өмір сүрсек жақсы... Соған байланысты түрлі ойлар мазалайды. Бұрындары адамдар өзара арқа-жарқа болып әңгімелесіп, сырласып, әзілдесіп жататын еді. Қазір аталас туыстың өзі бірінің-бірі жағдайын сұраудан қалып барады. Сұраса да, ернінің ұшымен, амалдың жоқтығынан, біреу зорлағандай боп хал сұрасады. Ал, анау шетелдік сериалдардағы бір кейіпкердің тағдыры үшін күйіп-піседі. Тіпті, оның болашағын болжап, сарнай жөнелетінін қайтерсің. Ағайын адам біріне-бірі жылы сөз, жақсы тілек айтуға келгенде міңгірлеп, айтарға ештеме таппайды. Бөтен адамдар секілді, жан сезімін, ойлаған ойын айтып сыр бөлісу, мұңдасу жайына қалып барады. Тек өзіне жақсы болса, болғаны. Осыған таң қаламын. Жан жылуы деген өшіп бара жатқандай. Көзімізді ашқаннан күн көсем деп танып келе жатқан Лениннің «бір қоғамды өмір сүріп, қоғамнан тыс болуға болмайды» деген қағидасы бар еді. Жат болып, шет қалу мәселесін кезінде Маркс те жазған. Ол кісі адамдар өзара емес, жұмыстан тыс қалып, оқшаулануы туралы айтқан. Қазір әркім өзімен-өзі. Адами қадір-қасиетті, үлкенге құрмет, кішіге ізет ибасын ұмытып бара жатырмыз. Мен түсінбейтін бір рухани жұтаңдық қазақтың өн бойына дендеп еніп барады. Батысқа, орысқа еліктеу онсыз да әлжуаз жұртты алжастыра түскен. Ес-жағынан айырылған адам бәріне бас шұлғы береді. Егер ұлттың болашағын ойламасақ, өзгелердің қазақ үшін бас қатырмасы анық. Телеарна, газет-журнал, кино дегендер өзгенің үгіт-насихатына толы. «Қазақ нашар, қазақ сауатсыз» деген саясатты меңзейді. Өзіміздің ақпарат кеңістігіміз болмай, оңбайтынымыз хақ. Онсыз өзгенің астарлатып, тұқыртып, кемсітіп отырғаны отырған. Ал, әр адам өмірлік ақпараттан өзіне керегін електен өткізгендей сұрыптап, екшеп пайдалануға әлі үйренген жоқ. Рухани таяздықтан құтылып, ішкі мәдениетті қалыптастыру қажет. Сонда ғана әлемге жаңаша көзқараспен қарай бастаймыз. Бірақ оның ауылы әзірге алыс сияқты. Қазір қазақ жастары уақытты бос өткізуге дағдыланған. Істерге іс жоқ. Шынтуайтқа келгенде адамға уақыттан қымбат не бар?! Әйтеуір «күн өтсе болды» деген бойкүйездік, немкеттілік жайлаған. Көл-көсір ен байлығымызға қожа ретінде сезінбейміз. Оны көлденең көк атты талан-тараж қып әкетіп жатыр, қазаққа керегі жоқтай. Күнделікті күйкі тірлікпен бір үзім нан табу үшін қара базарда жүрген қара халықтан қандай ұлттық рух не өрелі әңгіме күтуге болады? Оларға жаны ашып жатқан ешкім жоқ. Мен «Голос Америки», «Азаттық» сияқты шетелдік радиостанцияларды мүмкіндігінше үзбей тыңдаймын. Сонда естіген едім, Кеңестер Одағын ұстап тұрған компартия Ресейдің өзге ұлттар үшін жүргізген отарлау саясатын негізге алған деп... Ертеректе айтуға қорқар едік, қәзір нешетүрлі әңгіме көп. Кеңес дәуірінде халықты ұлттық рухтан айыру үшін жасырын түрде «ата кәсібінен айырып, әйелінің бетін ашып, иманынан тайдыру керек» деген саясат ұстапты. Оны қазақ халқына тәжірибе жүзінде қолданған дейді. Тілінен, дінінен, дәстүр-салтынан айырылған халыққа түрлі ойдан шығарған ортақ дәстүрлерді таңу оңай ғой. Аралас отбасын мақтаймыз, бәріміз орысша ғана сөйлейміз, мешітке бармай, комсомолдық той жасаймыз. Өзінің ата тарихын білмеген бала детдомдағы әке-шешесіз баламен бірдей болады емес пе?!. Осылай ұлттық түйсікті оянбай жатып тұншықтырып отырған ғой. – Темір бір сәт үнсіз қалды. Бекжан Темірге барлай қарады.
- Сіз нағыз революционер сияқтысыз ғой. Қай-қайдағы адамның санасына дөп тиетін сөздерді айтасыз, - деді сосын .
- Заман көшінің алдына шықпасақ та, ортан белінде жүруге тырысамыз ғой. Әрі, бос болған соң, көп оқып, көп тоқуға тура келді, - деп Темір де ағынан жарылды.
Сол күні таңертеңнен күн батқанша қыр басында жүрген екеуі өздерінің көп адамның әңгімесіне айналғанын білген жоқ. Қырдағы екеудің ары-бері қолдарын артына ұстап, бірде қарам-қарсы қол сілтеп, енді бірде қол қусырып тұра қалуы, арасында көк шөпке отыра кетіп, біреуінің әнтек көтеріліп қос қолын аспанға сермеуі сырт көзге шындығында қызық әсер қалдырары анық-ты. «Не деген бітпейтін әңгіме, о, тоба!» деп Бекжанның апасы да бір-екі рет күңкілдеген де қойған. Жайшылықта апасының Бекжанмен онша шаруасы болмайтын. Әскерден келгені кеше, «балаңыз кеп, көзайым болдыңыз ба?» деп келіп-кетіп жатқан көрші-қолаң, ауылдастардан ұят болды. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем берер» деген Бекжанның қолын алайық, қайда өзі?» - дейді кейбірі оның қырда жүргенін көрсе де көрмеген болып. Апасы сондайда күңкілдеп қалады.
Не керек түрлі әңгіменің жетегіне ерген екеуі қас қарая төбеден төмендеп, ауыл шетіне іліккен. Күні бойы айтыла-айтыла таусылған шығар дейтін әңгіме қайта жаңа қырынан қыза түскендей. Оған сөйлеп келе жатқан Темірдің бірнеше рет сүрініп кетсе де, аяқ астына қарамай, тіпті, оған мән де бермей, қолын тоқтаусыз сермеп келе жатқаны дәлел еді. Екеуі Бекжанның есігінің алдында бір сәт аялдады. Бірақ, тиегі ағытылған әңгімеге тоқтау болмады. Темірдің сөзін бөле Бекжан:
- Ішке кірейік. Апамның сақтаған сүрі былқылдап пісіп те қалған шығар, - деді. Екеуі үйге кірді. Бекжан айтқандай, дастархан жаюлы, ет асулы тұр екен. Апасы:
- Не көрінді сонша қырдан түспей?! Әбден ашыққан да шығарсыңдар?! Мен ауқатты түсірейін, қазір, - деп ас үйге кетті. Екеуі қаталап қалыпты. Қою сүтті шәйді ыстығына қарамай, үнсіз біраз сораптады. Апасы буын бұрқыратып бір табақ ет әкелді. Бабына жетіп, асықпай піскен сүрдің иісі танау қыттықтады. Жұтына етке бас қойған екеуі ішектері шұрқырап, қарындары қатты ашқанын сол сәтте барып білген. Сораптап сорпа ішкен соң барып, маңдайдан тер бұрық етіп, жан шақырғандай рахатқа бөленді. Бірақ, күні бойғы әңгімеге әлі нүкте қойылмаған еді. Тамағын сәл жөткіріне қырнап, Темір тағы сөз бастады.
- Әрбір елдің тарихын парақтап отырып, мен бір нәрсеге көз жеткіздім. Міне, Кеңес өкіметінде, не көп зауыт, фабрика көп. Рас, қазір азая бастады. Өнеркәсіпте істеген адамдар екі-үш ауысымда кезектесіп істесе де, әбден діңкелері құри шаршайды. Ештемемен айналысуға мұршалары жоқ. Тамағы тойса, ұйқысы қанса болды. Жылына бір рет еңбек демалысын береді. Сол жұмысшылар саясатпен айналыса ма? Жоқ. Түрлі деңгейдегі депутатыққа да компартия өзі ұсынып, сөзден шықпайтын момақанды өткізіп алады. Ешқайда шығуға мұршасы жоқ жұмысшы не малшы, бейшара, Алматыны не Мәскеуді көріп мәз. Сиезде не мәселе көтерілді, нендей ұсыныс болды, нені қолдап қол көтерді, ол жағын ұқпайтын да еді. Сол сияқты, базарда сауда жасап жүргендердің де ештемеге көңіл аударуға шамалары жоқ. Саудасы жүрсе болды. Кешке сүріне құлайды. Шаршаған адам саясатты қайтсін?! Көпшіліктің санасы, ақыл-ойы жетіп, кемшін тұсты байқамауы үшін адамдардың көңілін өнеркәсіп пен саудаға бұру бұрыннан бар айла. Күнделікті нәпақаның соңына түскен адам ұлттық, тарихи мәнді мәселелерді, құндылықтарды ұмытып, ештемеде жұмысы жоқ қарапайым пендеге айналады. Солай емес пе?
- Иә, солайы солай. Бірақ, өнеркәсіпте, базарда жүріп-ақ ұлттық дәстүр-салтқа, тарихқа мықты адамдар бар ғой, - деді Бекжан да сөзге май тамыза.
- Мен ондайды жоққа шығармаймын. Бірақ, олардың білгені үстірт, мәселенің бергі жағы ғана. Тарихқа, ұлттық құндылыққа тереңдеп бару үшін білім керек. Ұдайы зерттеу қажет. Ондай тақырыптағы кітаптар, көне жәдігерлер қара құлыппен бекітіліп, сонау терең мұрағат сөрелеріне тасталған. Зиянды дүниелер есебінде. Қазаққа қатысты дүниелерді тірнектеп жинау үшін ұлтшыл болу керек. Біреуден «ұлтшыл деген сөз естиміз бе» деп қорқып, зәрезап болғанбыз. Әлемді астыртын билеп отырған жөйттің, не сары орыстың қараулығын әшкерелемекке ниеттенсең, сенен бұрын «ұлтшыл, арандатушы» деп айғайлап шыға келеді. Оны өзге емес, өзіміздің қаракөз қара орыстарымыз іліп әкетеді. Өз қолдарымен құрбандыққа шалады. Одан қорыққан дос-туыс іргесін сенен аулақ салуға тырысады. Сөйтіп, қараптан-қарап жүріп бәрінен айырыласың. Кешегі 86-ның желтоқсанында солай болды ғой. «Ұлтшылдар» деп айдар тақты. Қәзір, әйтеуір, жұрттың санасы ояна бастаған, содан қорқып ол райдан қайтты. Сол үрдісті жалғастырып ұлттық мүдде, ұлттық рух дегенді айта беру, жұрттың, өзгенің де құлағын үйретіп, санасына сіңдіре берген жөн. Ертең алда-жалда жеке мемлекет болып кетсек, ең алдымен осындай мәселелер кесекөлденең шығары сөзсіз... – Темір қарны тойып, жылы жерде маужырап, көзі кілдіріктеп бара жатқан Бекжанды шынтағымен түртіп қалды.
- Сен ұйқыға кетіп барасың ғой...
- Жо-жоқ, Темке. Тыңдап отырмын... Кейде-кейде көзім тартып қалады... Шаршағаннан-ау...
- Е, жарайды, тыңдап отырсаң бопты, - деп Темір ойын әрі сабақтады. Бір тәулікке жуық тек Темірдің әңгімесін тыңдай-тыңдай есеңгіреп қалған Бекжан қайта-қайта мүлгіп кете берді. Темірдің бір сөзін естісе, бір сөзін естімейтін халге жетті. Осы кезде бөлмеге апасы кіріп:
- Әй, сендер ұйықтамайсыңдар ма?! Таң сібірлеп атып келеді, - деді.
- Жарайды, мен үйге қайтайын. Іздеп қалған шығар, - деп Темір орнынан тұрды. Бекжан оны есік алдынан шығарып салып, қайта кіріп кеткен... Содан бері бес-алты айдың жүзі болыпты. Құдай аузына салғандай жеке мемлекет, тәуелсіз ел болдық. Темір өзінің сәуегейлігіне риза болып, көңілі марқайып қалды. Енді, міне, ойға алған шаруалары бірте-бірте жүзеге асатын сыңайы бар. Осылай жақсы ойларға оралып жатқанда есігінің алдынан шықпайтын көршінің қызыл әтеші айғай салды. «Е, таң атуға жақын екен ғой. Сәл болса да мызғып алайыншы,» деп Темір дуалға қарай бір аунап түсті.


* * *



Достар ойға алған үлкен істі ешкімге жария етпей, әрбірі өз бағыты бойынша әрекет жасап жатты. Күнде кешкі ауқаттан соң, ауылдың о басы мен бұ басынан көшеге қыдырған болып шығады да Бекжанның үйінде бас қосады. Күнделікті дағдыға айналып келе жатқан жиын кемі үш-төрт сағатқа созылады. Атқарылған шаруа күндік іс-жоспардан сызылып, жаңасы жазылады. Және мұның бәрі жеке-жеке аты-жөндері көрсетілген қалың журналдарға жазылып, белгіленіп отырады. Қайсыбірінің күндік тапсырмасы орындалмай қалса, соны тұрғызып қойып есебін тыңдайды. Сосын жан-жақтан ұсыныстар айтылып, талқыға салып, ол мәселені шешудің оңтайлы жолы тыңдалады. Осылай іс жақсы жолға қойыла бастады. Бұларды аудан атқамінерлері де танып, шаруа қожалығы басшылары ретінде мойындай бастады. Бұл олардың жігеріне жігер қосып, бастаған іске деген құлшынысын арттыра түсті. Өзге жұрт не істеп жатыр дегендей аудан түгіл облыс, тіпті, онан әрі қандай озық істер атқарылуда соған құлақ түріп, қажетін пайдалануға әрекеттенген сәтті қадамдар жасауға тырысты.
- Бүгін өзекті мәселелерді тиянақтап, екшеп-текшеп алайық, - деді Бекжан арада ай өткенен соңғы бір жиында. – Қанапия екеуміз ауылдың атына орай «Көкбастау» шаруа қожалығының Жарғысын жасатып, заңды тіркеткенімізді білесіңдер. Кеше оның есепшотын ашып, салық бөліміне тіркеттік. Сосын, міне, штампы мен мөрін да жасатып алдық. Бүгін алдымен, бас агроном Мұқанды тыңдайық.
- Аудандағы жер мәселесі шешіліп қалды. Соңғы құжаттарды алу жаңағы пешатыңа қарап тұрған. Қазір етектегі ел егістігін кеш те болса бастап кетті. Бізге де егістіктің науқаны келіп қалды. Уәде бойынша ауылдағы елу шақты түтін басына деп мың гектардан сәл ғана асатын жер тигелі тұр. Қалғаны бөліске түсіп кетіпті. Аудан әкімі туыстарына екі-үш қожалық құрғызып, егістік жердің он мыңнан астам гектарын алып қойған. Ол кісі қолында тұрған соң «қоныштан басып» отыр. Жер сұрап ауданға қатысы жоқ адамдар да жүр. «Әкімнің қолына бірдеме қыстырады» дейді. Сөйтіп, қалағанынша жер алады екен. Біз тағы үлгеріп қалыппыз. «Суармалы жерді көкөніс егуге деп сол мың гектардың ішінен шығарарсыңдар. Басқа жер жоқ,» деді жеркомдағылар. Ал, жайылымға... қиындау болып тұр.
- Неге? – деді Бекжан.
- «Естіген құлақта жазық жоқ» деген. Ақсу-Жабағылы қорығынан бері Өгем тауындағы мың жарым гектардай шұрайлы жайлауларды аноу-у жаққа, - Мұқан сұқ саусағын төбеге қарай шошайтып қойды, - депутат қып өзіміз сайлап жіберген үш көкеміз өзара бөліп алыпты дейді. Ал Қазығұрт баурайындағы жайылымдарды аудан әкімі әлі бөліске жібермей отыр. Әйтеуір сылтауы көп. Одан да құрқол қалмасақ жарар еді.
- Жоқ, құрқол қалмаймыз. Бар нәрсені бүгінде жекеге бөліп беруден басқа амал жоқ. Әйтпесе ел шулайды. Ал халыққа қарсы келуге әкімнің қауқары жоқ. Ұдайы хабарласып тұр ауданмен, - деді Бекжан бас агрономға тапсырманы нықтап. – Сосын, мына ауыл іргесіндегі елу гектардағы алма бағын да ұмытып кетпе.
- Жер демекші, бұрынғы база ретіндегі бірнеше қора-қопсы төңірегіндегі жерлерімен қосылып жекеменшікке ашық сатылып жатыр. «Ауданда қаржы жоқ, шамаң келсе, қазір ақшасын төле де ала бер. Ұзартылған несиеге қарамаймыз. Қолма-қол ақша қажет,» дейді ауылшаруашылығы басқармасындағылар. Соның жағдайын қайтпекпіз, мендегі ақылдасар шаруа осы, - деді бас зоотехник Әбдір.
- Біз кемі екі мал базасын алып қалсақ, жақсы болар еді. Бірақ қаржы жағы қиын болады-ау, - деді бас директор Темір шарасыздық таныта.
- Оған қайдан, қолма-қол ақша сұрап отырса... Сонда да, мен ағаммен сөйлесіп көрейін. Өзіміздің қаладағы жеке фирмамызда ақша болуы керек. Амалдап көндірермін. Тіпті, болмағанда бір мал базасын алып қалу керек. – Президент Бекжан осыған бекем бел буғанын аңғартты.
- Сөйткенің жөн болар. Бөтен емеспіз ғой, түбі бір қайтарармыз ол қаржыны. «Қазір ақшаға өте зәруміз» дерсің ағаңа, - деді Темір оны қолдай көңілденіп.
- Сосын, - деп сөзін жалғады Әбдір, - біздің ауылдағы елу түтінге қозысы- тоқтысы, саулық-қошқары аралас үш жүздей бас қой, тана-торпағымен қырық шақты ірі қара тиесі болып тұр. Ауданның есебі солай. «Соны халықты шулатпай, түсіндіру керек,» дейді аудандағылар.
- Аздау екен. Басқа-басқа біздің сапқоздың өзінде кемі он отар қой, төрт базада қаншама сауын сиырлар бар еді ғой. Біз сияқты төрт бөлімшеге шаққанда кемі екі отар қойдан, бір-бір базадан келеді емес пе? – Темірдің көңілі толмады.
- Азын-аулақ малды халыққа таратып, базаларды сатып отыр емес пе? Төрт базада сиыр болса, сай-саладағы жаздық, күздік қоралар қаншама еді дейсіз? Кейбіреулер батпанқұйрыққа тап болған. Жекеге бөлудің арқасында малды түнделетіп базар асырып жатыр. Біздің сапқозға келген бас зоотехник жұртқа таратқанша, өлген деп актілеп, қойларды КамАЗ-КамАЗымен Тәшкенге артып жүр деген сөз бар. Халық әлі де дүние-мүлік өкіметтікі деп бірдеме деуге қорқып отыр. Өкіметтікі жекеменшікке өтеді деген саясат санасына қонбай тұр ғой жұрттың. Тау баурайындағы бұлақтар басындағы бірнеше қораны аудан әкімінің өзі баяғыда-ақ туыстарына жекеменшікке аударып, құжаттарын қанттай қылып қойыпты. Пәлен дей алмайсың. Былай қарағанда бәрі заңды, - деді Қанапия Темірдің наласының түп-төркініне түсінік беріп.
- Әй, біздің әкім де жап-жас боп, жүдә пысық екен. Әйтпесе өзіміздің-ақ ауданның жігіті ғой. Зулап тұр-ау, сабазың, зулап тұр... – Сөзге бас инженер Ойрат араласты. – Ал техника мәселесі тіптен нашар. Бізге бөлінетін бір қираған комбайн, шынжыр табан жоқ, төрт доңғалақты екі ескі «Белорусь», бір «ГАЗ-53» мәшинесі, сосын дәнсепкіш, тырма, соқа сияқты ұсақ-түйек нәрселер. Ең сорақысы, бұл техникаларды халыққа төрт доңғалақ төрт адамға, мотор алты адамға, кабина үш адамға деген тәсілмен бөлген. Оған кімнің ақылы жеткенін түсінбеймін. «Он үш адамға бір тірактір, оны жүргізе ме, қосалқы бөлшек етіп сата ма, өздері біледі,» дейді «Селхозтехника» мамандары. – Бәрі дуылдасып қалды.
- Қызық екен!.. Өзім де техниканы қарық қылып бере қоймас деп ойлап едім, - деді Бекжан. – Жарайды. Менде бір ой бар осыған байланысты. Бірақ оны кейін көрерміз...
- Жоқ, Бекжан. Оны айтудың реті қазір келіп тұр. Жігіттер де ойлана жүрсін, - деді Бекжанның ойын айтпай түсінген Қанапия оған.
- Онда былай. Біз жердің тең жартысына қарақұмық егеміз. Қалғанына арпа-бидай ексек те жетеді. Қарақұмықты Ресейге өткіземіз де айырбасқа қажетті техника аламыз. Қанапия екеуміз бәрін есептеп көрдік. Пайда шаш-етектен. Әрі қарақұмықты ешкім талан-тараж қылмайды, - деді Бекжан. – Оны қалай пайдалануды біздің өңірде ешкім білмейді. Тары секілді қауызынан айырып, қуырады дегендей жұмысы көп. Орыстардың жеңсік асы. Құдай қаласа, көрерміз.
- О, несі тағы?!. – деді Әбдір.
- Е, оны сен жемейсің, - деп күлді оған Ойрат. – Орысша айтқанда «гречиха». Етке үйреген адамға ол ас боп жарытпайды, - Бәрі қосыла күлді. Әбдір иығын қайқаң еткізді.
- Енді рухани мәселелерге ойыссақ, - деді вице-президент Әшірхан, - наурыз айы артта қалса да, жер енді-енді бусанып жатыр. Сондықтан Наурыз мерекесін өткізіп жіберсек қалай дейсіңдер?!
- Әттең, дүркіретіп қырда өткізгенге бізде әлі қаржы жоқ-ау,ә?!. Жұрт арқа-жарқа болып, бір жасап қалар еді, - деді Ойрат бұл ұсынысты іліп әкете.
- Шынынды енді-енді тойлана бастаған Наурыз мерекесін дұрыстап қолға алғанымыз жөн болар. Жақсылап сценарийін жазып, мектептегі өнерпаздарды қатыстырып әдемі концерттік бағдарлама түзуге болар, - деді Темір ойға-ой қосып.
- Ән-би, ат жарыс, бәйге, күрес сияқты ұлттық ойындарды Әшірхан сен өзің басы-қасында жүріп ұйымдастырсаң. «Орамал тон болмайды, жол болады» демекші, азын-аулақ шама келгенше жүлделерді қарастырармыз. Ал үлкен дастарқан мәзіріне, ас-ауқатқа мен өзім жеке қалтамнан демеуші болайын. Қанша дегенмен алғашқы ісіміз. Үлкендерден бата алармыз. Ертең халықты жинап, бүкіл жағдайды түсіндірейік. Біздің ісімізге ешкім қарсы бола қоймас. Сол жерде Наурыз мерекесін қай күні тойлау керегін ауылдастармен келісіп, бір тоқтамға келерміз. Ертең әрбірің жұрттың кез-келген сұрағына дайын болыңдар. Онда бүгінге осы жетер. «Алда ұлы істер күтіп тұр» дегендей. – Бекжан жиынды қорытқандай ыңғай танытты.
- Біраз мәселені өз мойныңа алып отырсың, Бекжан. Жеке қалтадан қаржы шығару оңай емес, ауырлық қылып жүрмесін, ойлан. Соңғы шешімің, байламың солай болса, онда бәріміздің атымыздан саған рахметімізді айтайын, - деді мұндайды күтпеген Әшірхан ризалығын жасыра алмайды.
- Ештеме етпес. Ортақ іс қой. Бірге бастаған ісіміздің аяқтан тұрып кеткені ең бірінші мәселе болуы керек емес пе?! – Бекжан ақырын жымиды.


* * *



Ертеңіне сәске түсте ғана «Көкбастау» тұрғындары түгелге дерлік ауыл орталығы саналатын ескі шағын дүкен алдына жиналып болды.
- Әй, бұл не жиын?! – деп Молдабай ақсақал сәлем бере ұмтылған ауылдастарының біріне, - Біздің бар екенімізді өкімет ұмытты ма деп едім. Ешкімге көрінбей, ешкім елемей, осы сайдың ішінде тым-тырыс қалатын шығармыз деп ойлағам.
- Көке, сайдан шығып не қыламыз? Қырға шықсаңыз жел домалатып бәрібір сайға түсіреді ғой, - деді жастар жағының бірі.
- Ә, қызталақ, Сәкенбісің?! «Әкесі құрдастың баласы құрдас». Бұл салпыауыз менің бір тұтам бойым мен тоқтының салмағындай тұрқыма қарап айтып тұрғаны ғой бұл сөзді. Әй, мен сенің сырықтай әкең құсап, үп деген самалға сұлап түспеймін. Құдай берген сала құлаш тілім бар. Жел тұрса, сол тілмен бір түп жусаннан ұстай қоям, - Молдабай ақсақалдың сөзін топалаң күлкі басып кетті.
- Түнеугүні көрші аудандағы қыз бен күйеубала келіп кеткен. Солар айтып отыр, енді ауылдан бастап облысқа дейін әкім деген басқаратын болыпты. Бұрынғы шаруашылықтағы бар дүниені жекеге бөліп беріп жатыр екен оларда. Бізде, әйтеуір, жым-жырт қой... Сосын әлгі селсебет деген болмайды дейді күйеубала, - Ұлықбек қария өзі естіген соңғы жаңалықтармен елді құлағдар етті.
- О, пәтшағар, онда саған қиын болатын болыпты ғой. Қит етсе, әлгі қисық көршіңнің ала сиыры есігіңнің алдына жапалап кетсе де, селсебетке жүгіретін едің, - деп оған құрдасы Бекалы тиісе кетті.
- Ой, тәйірі, мен ауылдан шықпағалы жылдың жүзі болды емес пе?! Алжиын деген шығарсың сен қақпас қайдағыны мандып, - Ұлықбек құрдасына бірден жауабын беріп үлгерді. Осы кезде:
- Құрметті ағайындар, берірек жақындаңыздар! Ақсақалдарға арнайы орындықтар қойдық. Келіп жайғасыңыздар. Жиналысымызды бастайық, - деген Темірдің жұмсақ та қобалжыңқы дауысы шықты. Жұртшылық жапырлай алға қарай ұйысты.
- Ауылдастар, - деді онан әрі Темір, – біз бүгін сіздерді келелі әңгімеге шақырып отырмыз. Заман болса өзгерді. Енді тау түкпірінде тығылып, бұйығы жата берудің реті жоқ. Өмір талабына сай жаңаша тірлік жасап, ауылды, елді көркейтуге ат салысуымыз керек. Сол арқылы өз тұрмысымызды түзесек деген ниет бар. – Осылай сөз саптаған Темір көсілді-ай келіп. Өздері халықтың қамын ойлап «Көкбастау» атты қожалық құрғанын, кіндік қаны тамған туған жерін түлетуге «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеуге» бел шешкендерін, киелі Қазығұрттың түкпірінде жатқан шағын ауылды әлі-ақ бүкіл Қазақ жұрты танып-білетінін жырдай қып төккенде ауылдың кәрі-жасы ауыздарынан суы құри тыңдап, кейбір көңілі бос ақкөңіл ағайын «ой, ерім-ай» деп көздеріне жас алып, құршан болды. Алыңғы қатарда қаздай тізілген ақсақалдардың бірі «әп, бәрекелді!» деп орнынан қозғалақтап та қойды.
- Біздің Темкең майдалап бастап, іші-бауырыңызға кіре әңгіме айтқанда қалай елітіп, соңына еріп кеткеніңізді білмей қаласыз-ау, ә?! Қарашы, жұрттың есіл-дерті соған ауған, - деді бір шетте тұрған Қанапия қасындағы Ойратқа сыбырлай.
- Ойбай, тек соның айтқанын тыңдап қасында жүре берсең, үш-ақ күнде «зомби» қылып щығарады ғой, білмейтін бе едің?!. – Ойрат ақырын сықылықтай күлді.
- «Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ, ұйым жоқ болса, күйің жоқ» деген. Сондықтан сіздер бізді қолдайды деп сенемін. Біздің құрып отырған ұйымымыз қалай да ел болып еңсемізді көтеруді көксейді. Осыны ойлаңыздар. Бізде басқа ниет, пиғыл жоқ. Сөз соңында дана бабамыз Төле бидің:


«Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек,
Бірлікті ойлаған соң тірлік керек.
Ағайынға ала көз бола қалсаң



Аузыңнан несібеңді біреу жемек,» - деген кесімді нақыл-ақыл сөзін тағы бір еске салғанды жөн көрдім. Қосып-алар ұсыныс, пікірлеріңіз болса, айтыңыздар! - деді Темір көпшілікті шола қарап, «мен болдым» дегендей.
- Баланыкі жөн сөз. Анау-мынау деп не керек. Барлық жерде осындай іс болып жатыр екен. Үлеске берген жерді алғанда, мен не істей алам, - деп сөз бастаған Ұлықбек қария Бекалы құрдасына қарап, - сен не істей аласың? Бізге екі метр жерден артық не керек қартайған шағымызда? Үлес болса, елдің игілігіне, бала-шағаның ертеңіне деп ортаға салайық. «Бөлінгенді бөрі жейді». Берген малын бүгін сойып жеп, ертең не істемекпіз? Онан да «көптен көрген ұлы той» болсын. – Қария көпшілік атынан шешімді сөзін бір-ақ айтты. Жұртшылық дуылдаса «жөн, жөн», «бөтен емес, өзіміздің балдар ғой, алдарынан жарылқасын», «іске сәт» десіп жатты.
- Оу, жамағат! – Молдабай ақсақалдың шіңкілдеген жіңішке де ащы дауысы шықты. – Әлгі балдар өткізсек деген Наурыз тойға әркім шама-шарқынша тоқаш-нанын, көже-қатығын көтере барсын, ел-жұрт деген атымыз бар. Бұларға көп салмақ сала бермейік. – Көпшілік осыған тоқтап, көңілдене дүкен құрып, бірін-бірі қимай, бірте-бірте тарқасты. Жаңа құрылып, ел-жұрт қолдаған «Көкбастау» шаруа қожалығының жаңа басшылары көңілді бір демдеп, «үһ» десті.


* * *



Көкбастау Көкбастау болғалы мұндай керемет мереке көрмеген. Көнекөз қариялардың айтуынша, кеңес өкіметі орнағалы сан түрлі қолдан жасалған тауқыметтерді бастан кешкен байғұс қазақ Наурызды тойламақ түгілі, наурыз көженің өзін көршілеріне ғана кіріп, көптен ұрланып ішкен екен. Мұндай ұлан-асыр тойды көкбастаулықтар ел егемендік алған соң барып, емен-жарқын, ерекше көңіл күйде тойлап отыр. Қариялар бұл күнді көргендеріне «тәубе» десті. Жастарға ұлттық болмысқа тән неше алуан ойын түрлерін үйретіп, ұмытқанын еске алып, мәре-сәре болды. Сол күні ауыл сыртындағы қырқа ерекше түрленіп кетті. Көктегі күн де нұрын аямай төкті. Жер құлпырып, жан жадырады. Ауылда тірі пенде қалмады. Құндақтаулы нәрестеден еңкейген кейуанаға дейін Қазығұрттың қырқасына шықты. Балалар жағы «Соқыртеке», «Түйілген орамал», «Шертпек», «Қазандоп», «Түйебас», «Қуаласпақ» ойнап асыр салса, жастар «Көксерек», «Орамал тастамақ», «Теңге ілу», «Қыз қуу», «Тоқ бәйге» қызығына түсіп мәз. Күші тасып жүргендер жиылып «Өгіз тартыс», «Қазақша күрес», «Аударыспақпен» әуре. Ақ жаулықты әжелер мен қынама бел келіндер жағы әдеп-ғұрып, дәстүр-салт әлеміне еніп кеткен. Иісі бұрқыраған табақ-табақ етті, аққа толы саба, күбілерді, дәмге толы кең дастарханды көріп, қарт Қазығұрттың баурайына ырыс, береке қонғанына шүбә келтіру күпірлік еді. Сол күні жұрт қас қарайғанша қырдан түспеді. Бұрын-соңды ауылдастар еңсесі мұншалықты көтерілмеп еді.


* * *



- Кешегі Наурыз мерекесін өткіземіз деп қатты шаршап қалыппыз, - деді кезекті жиынға жиналғанда Әшірхан. – Бірақ ел-жұрт дән риза. Бәрінің көңіліне болашаққа деген сенім ұялағаны анық. Енді байқаймын, жастар имандылыққа бет бұруға бейім, сондықтан, асарлатып ауыл мешітінің құрылысын бастасақ деген ой бар. Сосын, апта сайын алтыбақан ұйымдастырсақ. Бұл жастарды сергітер еді. Шамаға қарай ақылы жасасақ, өзін-өзі ақтайды.
- Бұл ұсыныс қабылданады. Осы бағытта жұмыс жасай бер. – деді Бекжан оған. – Ал, Әбдір, сен малдарды сұрыпта. Еркегін, кәрісін базарға шығар. Жас, өсетін мал ал, ақша қалып жатса, айлыққа жинаймыз. Малшыларды жасақта. Мұқан, қарақұмық егуге дайындық жаса. Көкөніс егетін жерді ретте. Ойрат, қолда барды өзімізден, тіпті, жетпесе, көрші ауылдармен келісіп болса да, техниканы сақадай сай ету керек. Күзге салым жаңа техника мәселесін шешуге тырысайық. Жалпы, ауылдағы азаматтардың бәрі жұмыспен қамтылатын болуы керек. Темір, бұл сенің міндетің. Ауылды аралап есебін алып жүр. Қазір көрші елден келіп, қора-қопсы, там салып берушілер көбейуде. Сөйтіп, бар ақшаны қағып әкетіп жатыр. Оған жол бермеу жағын қарастырайық. Әшірхан, осы да ойда болсыншы. Біз Қанапия екеуміз «Агробанктен» несие алу мәселесін шешеміз. Құдай қаласа, «балапанды күзде санайды» дегендей, «Алтын күз» мерекесіне дейін тәп-тәуір жетістікке жетерміз. Бірақ ескертіп қояйын, жұмысбастылықты сылтау етіп, отбасын құрып, шаңырақ көтеруді ұмытып кетпеңдер, олай етпей жазаға ілігіп қалсаңдар өкпелемеңдер. Үйлену кезегі кестесін түзіп қойыңдар, бұл қалжың емес. – Жігіттер жымыңдасып қалды.
- Бүгінгі тапсырманың ең қиыны соңғысы болып тұр. Үйде де апам «үйлен» деп миды ашытып жүр. Құдайдың құтты күні есітер сөзім сол болды. Шынында біржақты болмасақ, тыныштық жоқ шығар, - деді Ойрат ағынан жарылып, - Бірінші кезекке мені жазып қойыңдар. Көздеп жүрген қызым да бар.
- Шартты ұмытпа. Бірінші бізге көрсетесің. Конкурстан өткізесің. Бойжеткенге айт, конкурсқа мықтап дайындалсын. Өтпей қалып жүрсе, ұят болады, - деп қалжыңбас Қанапия оған жабыса кетті. Ойрат екі қолын көтеріп:
- Бопты, - деді.


* * *



Қара күзде дейін жан беріп, жан алысқан жұмыс жүрді. Қоғамда жаңа өзгеріс, тың бағыттар пайда болып, саяси-экономикалық реформалар sдүниеге келе бастады. Аяқдоп ойыны сияқты ел басқару ісіне де командалық тәсіл енді. «Билік деген аты болмаса, ережесі ойын тәртібіне өте ұқсас көрінеді. Басшыны қорғайтын қорғаушылар, басшыға сәл сенімсіздеу көрінетін жартылай қорғаушылар, барып кел, шауып кел шабуылшылар. Шауып келіп, алып келсе, тіпті, жақсы. Ұпай түгелденеді. Қоржын қомпияды». Басқарудың командалық тәсілі дегенді естісе, Бекжанға неге екені белгісіз осындай ой келеді. «Басшы ауысса, бүкіл команда ауысады екен. Сонда ісін жақсы білетін, білгір маман болсаң да, командада болған соң, жұмыстан кетесің. Жаңа келген команда енді үйрене бастағанда, тағы да тарауға мәжзбүр болады. Көңілге қонымсыздау жері осы. Басшыға жақсаң, командаға енесің, ол кетсе, амалсыз сен де кетуге мәжбүрсің. Ал егер басшы біліксіз, жемқор болса ше... біліктілер соның артын жабам деп тыраштануы керек пе? Ел қамын емес, қалта қамын ойлайтындар көбейе бастаған... Сонда да жұрт қызметі барға жалпақтап әуре. Бұл қазақты түсіну өте қиын. Белі ауырып жұмыс істемейтін болған. Бойкүйез. Шетінен ақыл айтқыш. Сонда қазақ үшін кім жұмыс істеуі керек?!. Қашанғы еріншек, масыл бола бермек? «Оу, заманға сай жағдайыңды түзе,» деп мұрнынан тесіп сүйресең де жүрмейді-ау. Жанталасып, жеке фирмалар құрып жатқан өзгелер. Олар тек өз ұлттарын тартуда. Қазақты қабылдамайды. «Қабылдайын десек, маман жоқ» деп қол қусырады. Ұлттық маман жоқтығын өзгелер сәтті пайдаланып отыр. Оған заң тиым сала алмайды. Жалақысы жоғары жерде де, орта бизнестің тізгінін ұстағандар да өзге ұлт өкілдері. Мұны ойлап жатқан қазақ жоқ сияқты. Сонда өмір бойы қой баға беруі керек пе? Өзге ұлт неге қой бақпайды қазақ құсап?!. Әй, түбі ұлттық кадрлар қалыптаспай ісіміз оңбайды-ау. Кез-келген ұжымдағы билікті қолға алып, ұлттық мүддеге сай, еш кедергісіз басқарып отырсақ қой... Бұл да бір арман-ау...» Ал, әзірге «Көкбастаудағы» аз қазақтың өзі Бекжанды шаршатып болды. Сырттай бақылап, сөз қылғанға шебер. Бел шешіп, жұмысқа беріле шапқылап жүрген бес-алты азамат бар. Қалғаны сол баяғы қалпы. Олармен қашанғы айқайласа бересің?! Амал жоқ, басшымыз деген өздері барлық жұмыстың басы-қасында жүргені. Қожалықтағы жағдай түзеле бастаған соң, есікті теуіп кіріп, зіркілдеп сөйлеп, жоқты талап етушілер көбейе бастады. Тіпті, «өзіміз істемесем де, кезінде тиесілі үлесімізді сөзге келмей-ақ бергенбіз. Содан байып отырғандарыңды ұмытпаңдар,» дейтін топ пайда болды. Солардың күніге біреуі келіп, айғай шығарып кетеді. Бүгін де солай. Әлгінде соған ренжіп көңіліне қаяу түскен Бекжан кабинеттен шығып, ауыл шетіндегі баққа қарай жүрген. Жолдай санасын неше түрлі ойлар шырмап алғаны сондықтан. Бір жағы қатты шаршағаны да бар. «Қаладағы шаруамды-ақ дөңгелете бергенімде болар ма еді. Жолға қойылған іс жүріп жатыр ғой. Сонда да...» дейді бір ойы, «ауылдас болған соң, бір-бірімізге қол ұшын беру де парыз ғой,» дейді екінші ойы. Тұралап қалған жерінен қолтығынан демеп, қолынан тартып тұрғызсаң да, алға қарай талпынбай, қайта отыра кететін кейбір ауылдастарынан әбден күдер үзді. Қолына ақша ұстатсаң, отбасына емес, ішкілікке немесе картаға жұмсайды. Сөйте тұра, жеңіл жұмыс ұсынсаң да жарамай, ауру болып шыға келеді. Ата-баба аманатын айтып, ертеңгі күнге құлшыныспен қарауға қайрап, «жігерін, намысын туғызар-ау» деп өткір-өткір сөз айтсаң, «уақытында пешенедегіні көрерміз» деп табандап тұрып алатынына Бекжан қайран қалады. Ештеме ойлағысы жоқ. «Өзің мақұл, тым болмаса, анау бала-шағаңды ойласаң нетті?!» десе, оған да сөзі дайын. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі», несібесін өзі тауып жейді,» дейді. Кейде Бекжан айтарға сөз таппай қалады. Сосын «ойпырм-ай, осыншалықты жан-дүние жүдеулігіне, рухы азғындауына, ой-санасы тоқырап таяздануына бұлар қалай түсіп жүр?! Не деген бейғамдық, немкеттілік...» деп ойлаудан басқа шарасы қалмайды. Соңғы кезде қан қысымы көтерілетінді, жүрегі шаншитынды шығарып жүр. Мұндайда үйленгеніне бес-алты ай ғана болған келіншегі де кәдімгідей әбіржіп қалады. Сосын ештеме ойламауға тырысады. Бірақ оған қайдан?! Бір ойдан кейін бір ой, бір шаруадан кейін екінші шаруа мазалайды. Бүгін де сол «сабама түсе қояйын» деп шыққан. Шаруа қожалығына дүние біте бастаған. Қарақұмық егу арқылы ойлағаннан әлдеқайда көп пайда тапты. Ресей тарапынан табылған кәсіпкерлер келісім-шарт түзіп, ақшаларын кешіктірмей аударып, бұларға қажетті техникаларды бері тиеп, өнімді де өздері көзбен көріп, қолмен тиеп алып кетті. Бұларға еш қиындық түсірмеді. Малға қажетті базаға да ағасымен ауызша келісіп, қайтарымы пайыз есебімен бірте-бірте қайтар деп ақша алып, иеленіп қалды. Сөйтіп, мал басы құралды. Тек, елу гектардай алма бағы бұлардың меншігіне келер жаңа жылдан бастап тиетін болды. Биылғы өнімге бұрынғы сапқоз деректірі қожайын болып отыр. Аудан әкімінің аузын алып, бұларға биыл бұйыртпады. Бітік өнім берген бидайдан ауылдағы әр шаңыраққа екі тоннадан еңбекақы есебінде түсіріп берді. Ескі диірменді амалдап жүргізіп еді, ел ұнға қарық болып қалды. Көкөніс те жаман болмады. Күздік картоп пен қырыққабатты бұдан былай жинауға кіріседі. Әлі бір айдай мерзімі бар. Осындай жақсы-жақсы жетістіктерімен «Көкбастау» шаруа қожалығы аудан түгіл, облыстағы ауылшаруашылығына қатысты жиындарда аты атала бастаған. Бекжан қолға алған істі ұятқа қалмайтындай етіп жүргізгендеріне көңілі толып қалды. Бойын мақтаныш сезімі биледі. Бірақ... соңғы күндері басшы-достар арасында болмашы кикілжің, білінбес алауыздық нышан беріп қалып жүр. Бекжан әу баста оны шаршағандыққа балаған. Мұны қосқанда төртеуі шаңырақ көтеріп үлгерген. Сонда да, жиын-терін кезінде үй бетін көрмей кететін кездері болды. Бұл да бір себеп шығар деп ойлаған. Бірақ әңгіме басқада сияқты болады да тұрады Бекжанға. Кейде қызды-қызды жиындарда «қайда, қанша қаржы жұмсасаңдар да Қанапия екеуің шешесіңдер ғой. Елге беріп отырған еңбекақы болмашы ғана, соны ойламайсыңдар ма?» деп қалатынды шығарды Әбдір мен Мұқан. «Тамақтан өткен соң, кейде-кейде беріп тұрар азық-түлікті жұрт еңбекақыға есептемейді, олардың қолдарына шытырлатып ақша салу керек,» деп қояды оларды қолдай Ойрат. «Шытырлатып қолға салар ақша болып тұр ма, осы? Ақшаны ақша табады. Әйтпесе, бәрін таратып беріп қарап отырайық,» дейді шыж-быж болып Қанапия. Тек Темір ғана үндемейді. «Менің қаржыда шаруам жоқ. Мешітті салып пайдалануға бердік. Кейде алтыбақан, концерттер, түрлі кештер ұйымдастырып, халықтың көңілін көтеріп жатырмыз,» дейді Әшірхан өз ісін айтып. Соңғы екі-үш айда «халықпен тығыз байланыс жасауға септігі тиеді» деп Темірдің айтуы бойынша, ақыл айтар ақсақалдар алқасы құрылған. Оған көп емес, бар-жоғы үш ақсақалдан тұратын құрам бекітілген. Ұлықбек қария – төраға, Молдабай мен Бекалы ақсақалдар – орынбасарлар. Ауылда ары-бері ел кезіп шыға алмайтын, кешегі айтқанын бүгін ұмытып қалатын, демеу болар тобылғы таяқсыз есік алдына да бір қадам аттап баспайтын осы үш қария қалған. Бұл үшеуі тұрғанда өзгелер ауыз ашпайды. Бұл үшеуі бірдеме десе, бүкіл ауыл «ләппәйдан» аспайды. Бұл үшеуі бұрыс айтса да дұрыс, дұрыс айтса да дұрыс. Өйткені, ауылды бетке ұстар үлкендері осы кісілер. Сондықтан, бұл қариялардың айтқанын істемесе де, ауылдағы бір істі, жеке тірлікті бастамас бұрын үлкендер деп алдынан өту парыз. Ауылдан көп ұзай алмайды деген алқа мүшелері қайта ширай түскендей, араға күн салып, кеңсе есігін қағады да тұрады. Құдды сәбет кезіндегі өкіметтің жұмысына келгендей. Сосын, бұлар әуре. Өзге жұмысты жиып қойып, «шөлдеп қалмадыңыздар ма, шәй қояйық, салқын қымыз алдырайық» деп бәйек. Аталардың беделі бір көтеріліп қалады ондайда. Тән қаусап қалғанымен, тіл сайрап тұр. Бірін-біріне сөз бермей, жарыса біраз әңгіменің басын қайырады. Соңғы уақытта ақсақалдар келе жатқаннан оларға Темірді қалдырып, өзгелері кеңсенің артқы есігінен шығып, күйіп тұрған шаруаларына кететін болған. Бекжанның ол кісілерді көрмегеніне де біраз күн болыпты. Не әңгіме қозғап, не мәселе көтеріп, неге риза болмай жүргендерінен бейхабар. Темір де «пәлен-түген деді» деп жақ ашпайды.
Бекжан бауға жеткен соң, екі айыр боп өскен кәрі алма ағаштың иірленген төменгі діңіне жайғасып отырды. Бау ішін күрең күздің сұрқай реңі жайлап алыпты. Ерте сарғайған жапырақтар лүп еткен лепке үзіліп, жер құщып жатыр. Қызыл-сары алмаларын жиып алған соң, сидиып қалған бұтақтардағы қоңыр ала жапырақтардың сабақтары әлі мықты сияқты. Алғашқы ақ қарға бір көмілмей, ағаштар ұйқыға кетпей, бұтақтардан айырылғысы жоқ. Тау аңғарынан ескен қоңырсалқын самалға ақырын сыбырлап қоя береді. Қазығұрттың дөңес, белдері де қоңырқай тартыпты. Тау сағасындағы сай-салалардан бастау алған бұлақтардың, арнайы қазылған арықтардың өн-бойында, аңғар етектерінде жасыл желек жайқалып тұр. Ол жерлердің көгі сарғайып үлгермей, қар астында қалады. Етектегі жап-жасыл сазды ойпаң да, алғашқы қар түскенше төрт түлік малға жақсы от. Ауыл адамдары сауын биелерін үнемі сонда арқандайды. Ала жаздай кісінеген құлын-тай, мөңіреген торпақ-тана, маңыраған қозы-лақ сол арада шұрқырасып жатады. Күзгі салым төрт түліктің шұрқырасқан үні саябырсиды. Тек байлаудағы биелердің оқтын-оқтын пысқырынғаны ғана құлаққа шалынады. Бөгде дыбыс жоқ.
Бекжан төңірекке көз салып едәуір отырды. Ашуы сабасына түсіп, көңілі жайланды. Осы кезде ту сыртынан:
- Ой, сабазың! – деген Қанапияның даусы шықты. – Отырысты қара, табиғатты тамашалап! Біз сені таппай жүрміз. – Қасына жеткен Қанапия ағаштың түбіне отыра кетті.
- Сағынып қалдыңдар ма? – деді Бекжан да оған қалжыңдай.
- Біз емес, ауылдың шалдары сағынып қалыпты. Оншақтысы жүр, кеңсені жағалап. «Бекжанмен сөйлесу керек» дейді. Сосын Темкең өзіңе жіберді.
- Шалдардың шаруасын Темкеңе тапсырып ек қой.
- Темкең өзі шеше алмаған соң, жіберген шығар. Ол жағын білмедім... – деді Қанапия иығын қиқаң еткізіп. Екеуі кеңсеге қарай бет алды. Бекжан жақындағанда байқады, шынымен адамның қарасы біраз көбейіп қалыпты. «Не мәселемен жиналды екен» деп ойлады ол. Бұлар сәлемдесті. Сосын жапатармағай ішіке енді.
- Шырағым, Бекжан, - деп бастады сөзін Ұлықбек қария бәрі жайғасып болған соң. – Мына көпшіліктің саған айтар базынасы бар екен. Біз, ақыл айтар ақсақалдар алқасы, бұларды тыңдап, сөздері жөн деп ұйғардық. Ауылдың біразы қорадағы азын-аулақ малын қант-шәйға, киім-кешекке айырбастап түгесітетін болды. «Ел аузына елек қойып болмас» деген. Ел ішін сөз кезіп жүр. «Ағайының бай болса, асағаның май болады» деуші еді. Май асай алмай отырмыз. Жігіттердің өздерінің жағдайлары жақсы. Елді де ойласа қайтеді, дейді.
- Ақсақал әңгіме ауаны белгілі болды. Ауылдағы азаматтардың үштен бірі ғана бізбен жұмыс істеуде. «Жер үлесімізді бердік,» дейді. Ортаға қоспағанда не істейді ол жерді?! Оны жырту керек, егін салу, жинау керек, жанар-жағар май, тұқым дегендей, мұның бәрін атқаруға шамасы да келмейді ғой. Өзім-ақ шаруамды шыр айналдырам дейтіндер табылса, құба-құп. Жатыр ғой, әне, сәбет заманынан қалған сүдігерлер, ештеме егілмей... Жерін берген міндет емес. Біз де, бірінші жыл болса да, бидай, көкөніс, тағы басқадай нәрселер беріп, көмек жасап жатырмыз. Айлық аздау. Жұмыла істесек, бірте-бірте көбейтуге болар. Ал қолдағы малын, анығын айтқанда, бір қойын үш бөтелке араққа айырбастап жүргендерді де білеміз. Ол енді әркімнің өз шаруасы. Біздің де жағдайымыз ел қатарлы. Асып-тасып жатқан ештеме жоқ. Күз болған соң, жиын-терімнің есеп-қисабын жасап жатырмыз. Қайтарар қарыз, төлеп тұрар несие бар. Келесі жылға да тұқымдық, азын-аулақ қаржы қалдыруымыз керек. Қолда барды түгел таратып, қарап отырмаймыз ғой. Мүмкіндігінше ауыл көркейсін деп жүрміз...
- Білеміз ғой, қалай жүргендеріңді, - деп ұзын сары, иығы қушиып, жағы суалған, бадырақ көз көп ішікен міңгірлеп Бекжанның сөзін бөлді.
- Баудың алмасын да жоқ қылдыңдар. Бәрін Шымқалаға тасып жатыр деп естиміз, - деді оны қоштай, артқы жақта отырған божбан қара басын тұқыртып.
- Бие байлап, саумалды тегін ішесіңдер, - деді үшінші біреу.
- Алтыбақанды ақылы етіп, ақша жасағанды қай атаңнан көріп едің?! – деп қалды басын көтермей отырған әлі божбан қара тағы да, - Халыққа берудің орнына... – сөзінің соңын жұтып жіберді.
- Мешітке түскен садақаны да «мешітті біз салғанбыз» деп алып кететінге ұқсайсыңдар. Молдекең солай дейді екен. – Ұзын сарының бадырақ көзі жан-жағына ұрлана қарады. Ақсақалдар жағы үнсіз жер шұқып отыр. Бекжан қасындағы Темірге қарап еді, олда басын төмен салбыратып, алдындағы ештеме жазылмаған тап-таза қағазға шұқшиды. «Бұлардың әуені белгілі болды. Ауылдың шәуілдеген бәлеқорлары балақтан, ақсақалдар алқымнан алып, Темкең шылбырға жармаспақ қой. Олай бола қоймас». Бекжан жұртшылықты сын көзбен шола қарап, осылай ойлады.
- Айтып болдыңыздар ма? – деді сосын. – Баудың алмасы түп-түгел Шымқалаға тасылғаны рас. Ол бұрынғы деректірдің ісі. Бау жаңа жылдан бастап біздің балансқа өтеді. Бұл бір. Екіншіден, бие байлап, қымыз өткізіп отырғандар тәулігіне бір рет сол Шымқалаға жөнелтілген өнімнің тиесілі пұлын алып отыр. «Жоқ олай емес» дейтін бие байлаушы болса, қазір осында ертіп келіңіздер. Рас, мен денсаулығыма байланысты он күн бойы ертемен бір кеседен жылы саумал ішіп тұрдым. Оның ақшасын Жібек жеңгейге қолма-қол өз қалтамнан төлеп тұрғам. Алтыбақанға келсек. Ауыл жастары батыстың жын-шайтан әуеніне елітіп, қалаға қаңғуы керек пе?! Бақылаушысыз ойларына келгенін істеп, есірткіге әуестенсе ше?! Мына қаржы тапшы заманда қымбат киініп, шалқып ішіп-жегісі келіп, ұрлық-қарлық, тонаумен айналысса ше?!. Үндемейсіздер,ә?! «Тиыннан сом құралар» деген сәбет дәуірінің мақалы құба-құп. Сол алтыбақанға кіруге төленетін елу теңге жиыла келе азын-аулақ қаржы болары рас. Оған сол жастар түрлі ойындар ұйымдастырып, бәйгеге тігуге арзан да болса сый-сияпаттар алуда. Оның есебін тап-тұйнақтай етіп, «сөзге қалмайын» деп Әшірханның өзі жасап жүр. Риза болмаса, жастар өздері айтсын. Жастардан сұрамай, тоқтата саламыз десеңіздер, оған да мақұл. Бірақ, сосын бала-шағаға ие бола алмай қаласыздар. Әшірханның ұйымдастырып жүрген іс-шаралары түгел ұлттық негізге құрылған. Қалада ондай әлі жоқ. Енді мешіт мәселесі. Бүгінде бұрынғы коммунистердің біразы, комсомолдар түгел ес жиып, биліктің шаужайына жармаса бастады. Ал зейнеткерлікке шыққан мұғалімдер мен қаржыгерлер мешгіттерге имам болып жатыр. Біздің ауылдың имамы өздеріңіз сайлаған бұрынғы мектеп деректірі болса, көрші ауылда қырық жыл ревизор болған көкеміз имам болыпты. Ол кісілердің кезінде шайтан суды сіміре ішіп, шалшық суда аунап, ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шығып жүргенін әлі ұмыта қоймаған шығарсыздар. Онысын бүгінде ол кісілер «бірдеме қонайын деп қысқан соң...» деп сылтауратады. Мақұл, оларда «бес бересі, алты аласымыз» жоқ. Бірақ, құран аяттары мен хадистерге шорқақ адам бірлі-жарым сүрелерді жаттап алып, діндар болып кете алмайды ғой. Имамдылыққа келудің бір жолы – қасиетті Құран сөздерін терең оқып-үйренуге ден қою. Ол үшін қажетті оқулықтар мен оны оқытатын діни сауатты адам керек. Осылай жастардың діни сауаттылығын ашу жұмыстарымен жақын күндерден бастап Әшірхан айналысады. Осыны есіткен соң, имам «қызметтен айырылып қалам ба» деп жалған ақпарат таратса керек. Әрі Әшірханға «діни кітаптар мешітте тұруы керек. Сондықтан садақаның бір бөлігін соған жұмсауға болар» деген ұсыныс айтқанымыз рас. Жалпы, мешітті көркейтуге, жетім-жесірге көмек ретінде садақаны жұмсап тұруды имам көкемізге ұсынғанбыз. Арғы жағынан хабарымыз жоқ. Бірақ мешітке де есеп керек.
- Шырағым, сен өзің бір тәуір баласың. Дегенмен... «Мал қонысын іздейді, Ер туысын іздейді». Сондай бір алыпқашпа сөз бар. Өзіміздің Шегір руының баласы ма десек... – деп Бекалы ақсақал кенеттен әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып жіберді. Бір сәт бәрі тым-тырыс бірінің қабағын бірі бағып қалды.
- Әй, бұл жалғыз үй Жайдақ қой. Сіргелі деген іргелі елден. Ала қаздай адасып, сонау соғыс жылдары біздің елге қоныс теуіп, орнығып қалған кірме. Атасы марқұм осында қалқоз бастық болған. Бұлардың тұқымына бөтен руды билеу жазған шығар. Өзіміздің Шегірден ел басқарар бір бала шықпай тұр, дә, - Молдабай қария «бүйректен сирақ шығара» сөз төркінін туралап бір-ақ жеткізді. Ешкім «ақсақал мұныңыз қалай?! Бөле-жарғаныңыз не?» демеді.
- Бекжан Жайдақ батырдың тұқымы болса, біз Акпан батырдың ұрпағымыз. – Әлгі божбан қара гүж етті.
- Шырағым, Бекжан, сен көңіліңе алма. «Қазір әр ауыл, әр аудан өз руынан басшы қойып жатыр,» дейді ғой мына балдар. «Бұл өшіп бара жатқан шежіре-тарихымызды танып-білуге ықпал етеді. Балдарды туған жерін сүюге, ел басқаруға жеткен азаматтарды оларға үлгі-өнеге етуге үйретеді,» деді. Кім білсін?!. Сәбет заманында орысқа да, орманға да жалтақтап, ата-тегімізді ұмытуға шақ қалдық емес пе?!. Сол атам қазақ «Ат айналып қазығын табар, Ер айналып елуін табар» деп құп айтқан. Ерте ме, кеш пе солай болары хақ. – Ұлықбек қария жәйлап отырып көптің ойын жеткізуге тырысты.
- Е, гәп басқада деңіздер. Мен сіздерді халықтың мұқтажын айтады екен десем... Өткенде диірменді іске қосып, жүргізген инженер-технолог жігіт айтып еді: «Беке, ауылдың бір тұрғыны келіп, Жалайырдың диірменіне ұн тартқызбаймыз. Аудан орталығына апарамыз. Жұмысың жүрмей, өзің-ақ кетесің. Сосын бір Шегір келер мұнда деді,» деп. Мен оған: «Мас біреу шығар. Әйтпесе, өзің бірдеме дегенсің ғой,» - дедім онша мән бермей. Сөйтсем... дұрыс. Ұлеке, «Аталастан ауылдас жақын» дегенді де сол атам қазақ айтқан. Бұлай руға бөлініп, жікке, топқа бөлініп, айтыса берсек сөз бітпейді. Қазір, меніңше, айтысатын, тақасатын кез емес, әсіресе, мен үшін. Құдайға шүкір, қолымнан іс келеді. «Екі қолға бір жұмыс,» тек бас аман болсын, деңіз. Қалағандарыңыз Шегірдің жігіті болса, міне, Темкең отыр. Әрі істің басынан бері қасында жүр. Бірақ, мен өз қалтамнан шыққан қаржыны ешқандай үстемесіз, пайызсыз қайтарып аламын. Басқа әңгіме жоқ. «Ауылға еңбек сіңірсем бе,» деп едім, «Шегірдің ауылын Шегір көгертсін,» деп отырсыздар. Бопты онда, солай-ақ болсын, – Бекжан іркілместен ойындағысын айтып салды. Мәймөңкелеп «көкелер, бұларыңыз не?» дегісі келмеді. Әрі Темірдің көздегені де осы екенін жақсы білді. Сосын тақасқысы, жанжалдасқысы, шу шығарғысы келмеді. Тек жолға түсіп келе жатқан шаруа қожалығының тірлігі кері кете ме деп қана іштей қынжылды. «Өздері білсін,» деді екінші бір ішкі ойы.
- Әлгі, өз пұлың қанша еді? – деп қалды Молдабай қарт. Бекжан үндемеді. Жиын бойы сөзге араласпай отырған Темір тамағын қырнай жөткірініп қойды да:
- Қожалықтағы жарты дүниеден аспаса... – деп міңгірледі.
- Ой-бой, көп екен. – Молдабай қарт басын шайқады.
- Сонда ел-жұртқа не қалады? – Ұзын сары, бадырақ көз жан-жанына қарады.
- Бекжан шырағым, ел өзіңдікі. Өйтіп бөлем-жарам дегенді қойсаң қайтеді, - деді Бекалы ақсақал баяу үнмен.
- Сіздер қызықсыздар, «қызмет бөлгенде руың Жайдақ» деп шеттетесіздер, дүние-мүлікке келгенде «ел өзіңдікі,» дейсіздер...
- Сен қосқан үлесіңді алсаң, қожалық тұралап қалады. Сосын ауылдың тұрмысы кері кетеді... Қаладағы фирмаңның жағдайы жақсы деп естігем. Сен де осы ауылдың азаматысың ғой, Бекжан, - деп Темір оның сөзін бөліп жіберді.
- Темкең де жанды жерден ұстады. Әрі «Бекжан қожалықты тасып кетті,» деп жүрерсіздер. Ауылдың тұрмысы, қожалықтың шаруасы кері кетуі не кетпеуі сол менің қосқан үлесіме қарап тұрса, онда оны, Темкең айтқандай, ауылға демеушілік көмек ретінде қостым. Атқарғанымнан атқарарым көп болар еді... Амал немік... сау болыңыздар, - Бекжан орнынан тұрып кетті.


* * *



Көкбастаудан біржола көшіп кетпесе де, соншама ел үшін атқарған еңбегін елемей шеттеткенде, бөтенсің деп, өзге рудансың деп түртпектегенде Бекжанның көңілін қапагершілік жайлап, ауылдастарына деген өкпесі қара қазандай болған. Тіпті, «болған бойларың осы болса, бәріне рахмет,» деп ел жүзін көрмей кеткісі де келген, әу баста. Бекжанның аяқ-астынан Шымқалаға кеткенін түсінбей дал болған көпшілік «е, аздырып, тоздырар даланың бейнетін қайтсін, жаны тыныш, өзі үйренген қаланың тіршілігіне қайта оралған, дә... Басы жас, қаланың ырду-дырду ойын-сауығын сағынған болар» дескен. Жайсыз хабарды естіген қызметтестерінің мойнына су кетіп, бастары салбырап қалған. Бекжан «мән-жайды Темкеңнен біліп аларсыңдар. Ол қалай түсіндірсе, іс солай болған деп ойлаңдар» деген. «Сен кетсең, біз де кетеміз,» деп Қанапия мен Ойрат қосарласа бұлқынған. Көп ұзамай олар айтқанында тұрып, Шымқалаға Бекжанның артынан жеткен. «Жағдайды толық ұқтық, шешім әділ болмаған. Саған көпе-көрнеу қиянат жасаған. Шалдардың құлағын көтеріп, ру мәселесін қоздыруға себеп болған Темкеңнің өзі дейді жұрт. Біз сенімен біргеміз,» дескен сосын.
Бекжан қалаға келген соң, көпке дейін Темірдің бұл сұрқия әрекетін түсінбей жүрді. «Мақұл ол пендешілікке бара қойсын. Ақыл айтар ақсақалдар алқасына не жорық?! Әлде, Темір олардың қышыған жерін дөп басты ма екен? Сонда олардың жанды жері ру, жік мәселесі болғаны ма? Түсініксіз. Жалпы шалдардың руды, текті айтсаң, еліріп, делебесі қозып кететіні несі екен?!. Әлде мәселе төркіні басқада ма?» Осындай мазасыз ойлар, жауабы жоқ сұрақтар Бекжанның қауашағынан шықпай қойды. Бірде ұйқысыз түндердің бірінде Бекжан қолына ұлы Абайдың екі томдығының бірін алып, кітапты парақтап отырды. Аударма мен қара сөздері екен. Мектепте мұғалимасы жаттатқан өлеңдері есіне түсіп, ой тоқтата қайыра оқыды. Достық туралы көңілі күпті жүрген соң, сол жайындағы өлеңдерді көкірек көзімен оқуға тырысты. Ұлы Абайдың бұл туралы толғамдарын санасына құюға тырысты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу