Өлеңдер ✍️

  03.07.2021
  882


Автор: Мұзафар Әлімбаев

Телефонмен жұбатады

Біздің Әсем келе сала сабақтан,
Татпай тұрып столдағы тамақтан,
Телефонмен шақырады анасын,
Хабарлайды бүгінгі алған бағасын:
– Мама, бүгін екі бірдей «Бес» алдым,
Есіңде ме алдың күні неше алдым?!
– Бәрі есімде! Айналайын есімде,
Құтты болсын «төрттігің» де, «бесің» де.
Терген білім, көрген тәлім – аспандап,
Азамат боп өсуіңе баспалдақ!
… Телефонмен хабарлайды бағасын,
Әсем солай қуантады анасын.
Сонда анасы бір жасайды шалқиды…
Қанатсыз-ақ көк жүзінде қалқиды…
Әсем егер алып қалса пәс баға,
Оңашада қара көзден жас тамар…
Сол күні бір айрылғандай тілінен,
Телефон да тырс етпейді күнімен.
Онда айтпай-ақ іштен сезіп анасы,
Телефонмен жұбатады баласын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу