Өлеңдер ✍️
Бүгін менің туған күнім
Бүгін менің туған күнім ой пəле ай.
Басымызға келер түрлі ой талай.
Мұқағали сөзін жүрмін қайталай.
Сондада ел ақынсың деп айтады-ай.
Көп тауқымет тартқызды ғой өткенім.
Бірақ келді тəуелсіздік көктемім.
Туған күнге не берем деп сұраса,
Көршілерден қалайтыным көп менің.
Ұстататын саясаты жаға шын.
Көк мұхиттың мекендеген жағасын.
Америка не берем деп сұраса,
Түсір дер ем долларыңның бағасын.
Көп өлеңді құрайын мен ойдан қай.
Мұқаң өткен туған күні тойланбай.
Өзбекстан не берем деп сұраса,
Ташкентті қайтар дер ем ойланбай.
Біздің бақтың жемістерін кім үзді.
Халқым үшін жасап істі шын ізгі.
Неміс халқы не берем деп сұраса,
Қайтар дер ем потенттеген қымызды.
Қалың қазақ бөлшегісің жанымның.
Маған керек көбейгені саныңның.
Путин менен не берем деп сұраса,
Басын сұрайм Кенесары ханымның.
Өлең жаздым биік рухпен шын іс қып.
Туған жермен көк байрағым шын ыстық.
Құдай менен не берем деп сұраса,
Елім үшін сұрайм мəңгі тыныштық.
Жанарымнан жасым аққан сел боп сан.
Бодандықта жұтып еді ел көп шаң.
Мен қазақпын тоқсан бірде тірілген,
Туған күнім он алтыншы желтоқсан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter