Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  242


Автор: Фариза Оңғарсынова

Үміт және үкім

Биіктерге қомдайтын қанатыңды,
түседі еске кей жәйлар бала күнгі.
…Ағамменен жарыса домбыра алып,
тартқан болам «Абылды», «Нар атуды».
Төкпе күйлер талдырып саусағымды,
бірақ құрбыластарым тамсанулы.
Тым жасаңдау болсам да,
сол әуендер
әкететін көңілімнен қанша мұңды!
Кетер сіңіп уақытқа ғасыр-бұлақ,
өнер ғана өлтірмес асыл мұрат.
Үйірме ашты ауылда Ханым апай
домбырашы жастардың басын құрап.
Мен де бардым, ағама ер қарамын,
демеді ешкім: «Сен мұнда келме, жаным!»
Күйшілердің ішінде жасы да жас
әрі бойы бір қарыс мен ғанамын.
Кеңесуге ауылда жалыға ма еш –
басқаратын кім бар деп – тағы кеңес.
Қала жақтан әйтеуір біреу келді –
жас дейтұғын жас та емес, кәрі де емес.
Басшы болу – сын дейтін бекер-ді ұғым,
кім көрінген игеріп кетер бүгін.
Жетекшіміз домбыра тарта алмайды –
бишілерді басқарған екен бұрын.
Ауызды ашып қараймыз дана екен деп,
күй шертеміз жамырап қара тер боп.
Күңкіл шықты: «Бұл құрғыр әйел көрсе,
текешіктеу мінезі бар екен», - деп.
Аңғармайсың көр-жерді бал шағыңда,
бірбеткеймін, ермеймін әр сарынға.
Озып кетіп отырам оркестрден,
басқалардан жүйріктеу саусағым да.
Анам теңегендіктен мақтап ұлға,
қыңырлаумын, сонымнан жақпадым ба –
жынын құрыстырады жетекшінің
өзгелерден жақсылау тартқаным да.
Қала деген қиялдан алыстамыз,
намыс та аңыз ауылда, ғарыш та аңыз.
Күндіз-түні күй тарттық оркестрмен
баратын боп аудандық жарысқа біз.
Бір күні айтты жетекшім күлкімді үзіп:
«Сен бармайсың ауданға – құлқың бұзық,
алып-ұшып саусағың отырасың
оркестрдің ылғи да шырқын бұзып».
Аудан – Мекке. Талпынар бала бұған.
Менен төмен басқалар барады, ұғам,
«Кеңесті» де тарта алмай терлеп-тепшіп,
отыратын шыға алмай сағағынан.
Ата-баба қалдырған мол мұраны
бап білместің белгілі қор қылары.
Атанып ем ауылда «күйші бала»,
кеттім содан ұстамай домбыраны.
Ұяттыны тынбайды жеңбей сотқар,
жүгенсізді жазалар нендей сот бар?
Тағдырыма әлі үкім жүргізуде
сол жетекші секілді кездейсоқтар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу