Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  222


Автор: Фариза Оңғарсынова

Шыға жаздап шырқырап шыбын-жаның

Шыға жаздап шырқырап шыбын-жаның,
адалдық деп, шындық деп шырылдадың.
Жалғандықтың жырта алмай жамылғысын
қаншама рет қайнады зығырданың,
қаншама рет жылымға жығылмадың.
Ұғып жатыр кім бірақ мұның мәнін?
Сен жүргенмен шындық деп күнде құлап,
бірде күліп балаша, бірде жылап,
жүгіргенің шырылдап бұл өмірде
жатыр дейсің қажет боп кімге бірақ.
Жан күйіңді естуге Күн де жырақ.
Сен жоярдай бастағы қараң күнін
жабырқау жан ақтарды саған мұңын –
бәрін өзі жасап ап, қайғысына
ортақ етпей жүрмейді адам бүгін.
Ал ұғындың, бөлістің қасіретін,
содан жеңілдете ме заман жүгін?
Қаншама азап шексең де жер үстінде,
сақтайтын күш түбінде – адалдығың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу