Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
01.07.2021
163
Япыр-ау, қайда кеткен шуақты өлең?
«Япыр-ау, қайда кеткен шуақты өлең?
шуақты өлең жазғанға құр ат берем!»-
деп бүгін жыр іздейтін адам бар ма –
біреу мені іздесе қуат көрем.
Сыңғыры байқалмайды – бұлақ керең,
сыбдырлап жайқалмайды құрақ деген,
Қарақат, бүлдіргеннің иісі қайда –
күбірлеп өзіме - өзім сұрақ берем.
Өлеңімде сұрақ көп, өмірде де,
тыншымайды, мазасыз көңіл неге?
Бір ғажайып кездерге жетем деуші ем –
түсімде ме, білмеймін өңімде ме?
Туады екен тірлікте не түрлі күн –
ақберен жыр – жабырқау жетім бүгін;
ұстаймын деп жыр туын жүрген мен де
керегі жоқ бір нәрсе секілдімін.
Қамасам деп назына намыс, ардың,
жүріп келем – қураған қамыс алдым.
Іздемесін жырымды, түбі әйтеуір
жүректермен туар бір табысар күн.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter