Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  185


Автор: Дидар Қуаныш

Арудың сыры

Жастығыма жетерліктей күн кештім,
Өз сырымды өзім айтсам, сенбес кім?..
Өткен күннің өшпес өртін, жарқыным,
Тырысқанмен, өшіре алмас енді ешкім.

Қателестім, қателігім көп менің,
Жаным, бірақ, өтінемін, сөкпегін.
Сенсің – тәубем, сенсің – менің көп күткен
Қарашада келген соңғы көктемім.

Бұрын қалай көктем исін сезбегем?
Жүргенмін бе, жүрек емес, безбенен.
Күзгі желді самал жел деп шатасып,
Жасыл бақ деп күзгі бақты кезген ем.

Сансыз ойдан ой-санамда сандалған,
Мазалайтын әркез ала таңдарда
Мен ендігі қорықпаймын, алтыным,
Ақ қанатты қарлығашым, сен барда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу