Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
01.07.2021
256
Тастанды бала
Көзімді аштым, саулаған жаңбыр, бұлтты аспан,
Жатырмын аяқ астында – жолда жұрт басқан.
Суық бетонның ызғары тесіп кеудемді,
Тұншықтым желге есінен әбден алжасқан.
Ақпанның соңғы ызғары – менің жарығым,
Тағдырға осынау сорлатқан қатты налыдым.
Анашым, неге тастадың мені, қайдасың?
Ұғынбадың ба киесін бала зарының?!
Тоғыз ай бойы жатыр ем жылы құрсақта,
Неге сырт тептің, кез болдым қалай бұл шаққа?
Анам-ау, күнін көрер едік қой Алланың
Қара су, қара нанға да тәубе қылсақ та.
Барамын мұздап, сезбеймін аяқ-қолымды,
Ораларсың деп жатырмын қарап жолыңды.
Үлгерші, ана, шыққанша жаным көрейін
Жүзіңді бір рет, қысайын ыстық қолыңды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter