Өлеңдер ✍️

  30.06.2021
  226


Автор: Фариза Оңғарсынова

Сиыну

Зындандағы қарақшының өзіне қайрат беруі

Әуелі Алла,
сонан соң Бекет әулием!
Аруағыңа бас идім!
(Сиынарым өзің болғанда, мен неменеге жасимын!)
Атаңа нәлет Талас бай сілекейімді шұбыртты
маған деген зынданды жанынан қазып ас үйдің.
Мен жиһангер атанғам
сойыл, шоқпарды бақ қылып,
жортуылменен далаға дабыл қақтырып!
Менен қорыққан сәттерде ақсарбас шалып, «аллалап»,
өзіңе сиынып жатты жұрт.
Талай мырзалар дірдек те қақты алдымда менің
сасқаннан
орындарынан шақ тұрып!
Далада кеңдік болғанмен,
қорқау көңілдер тар мұнда.
Бағы бар иттер шалқайып жатыр ақ отау тігіп
шалғынға.
Сол байғұстардың «бақ» дейтіндері сорлы мал
бір түнде ғана кете баратын олжа боп менің алдымда.
Даланың кеңінен не пайда,
көңілдер көрдей тар болса…
Азғантай ғұмыр арпалыспен өтті аңдысқан тағы аңдарша.
Жағымпаздық пен бақастық тұнған мынау заманда мендей боп
тентіреумен өткен жан қанша!
Әділет іздеп арпалысқаннан не пайда,
Зынданда шіріп қалған соң…
Жоқ, жоқ! Көңілім, жасыма!
Пендешілікпен сайқал дәуренге құмартып.
Өмірдің өзі қарақшы қылса, өкінерім жоқ бұған түк.
Иә, Бекет әулием,
жаныма жігер бере гөр!
Итшілеп өмір сүргенше,
көкжал боп өлгенім мың артық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу