Әңгімелер ✍️
Әңгімелер ✍️
30.06.2021
552
ТОТЫ ҚЫЗ БЕН ТОТЫ ҚҰС ЖӘНЕ МЫСЫҚ (хикаят)
Олар алтау еді. Алысып-жұлысып, аунасып-қунасып ойнап, таласып-тармасып бір табақтан тамақтанатын. Бірінен соң бірін алақанына салып, арқасынан сипап еркелететін үй иесі тағамның түр-түрін табаққа толтырып қоюдан жалықпайтын. Аста-төк ауқат қашанда жеткілікті болса да анасының жып-жылы қарнына кенедей жабысып, бір сәт жұп-жұмсақ емшекті сүліктей сормаса мейірі қанбайтын. Одан басқа анасы бірде балапан, бірде шегіртке сияқты тапқан-таянғанын ортаға тастағанын, әсіресе тірідей әкелгенін ұнатушы еді. Ондайда қақбақайлап қуып ойнап, бірінен-бірі алып қашып, тартқыласып-жұлқыласып ләззат алатын. Осылай қайғысыз, қамсыз өз бетімен тышқан аулайтын шамаға дейін есейді. Есейгені жақсы-ау, есесіне күн аралатып, мысықтың бір баласын біреу алып кетіп, саны азая бастады.
Алтауының да үй егесі қойған аты бар-тын. Мына мәуленнің аты Тарғыл еді. Кезек бұған да келді.
- Маған осы ұнап тұр,- деді қартаң әйел.
- Анау аласын алсаңызшы. Бұдан гөрі сәл қомақтылау. Еті де тірілеу.
- Жоқ, мынаның көзі тым ойлы екен. Ана үшеуіне қарағанда ақылды сияқты. Аппақ немесе шымқай қара мысықтарды ұнатушы едім. Бала кезімнен бері ондайлардың талайын баққанмын. Мынауың тарғыл екен. Бірақ көзі ұнады.
Сырмасы сырылып жабылған тас қараңғы сөмкенің ішінде кете барды Тарғыл. Шығуға әрекеттеніп, қаншама мияулап, тырмаланғанмен ештеңе өнбеген соң, шыдамы таусылып, тым-тырыс жата бергенен басқа лажы қалмады. Тұншығып өліп қалмасын десе керек, аракідік сырма сырылып, бір жұмсақ алақан арқасын сипайды. Жалпы мысық атаулылар адамның алақаны сипағанды қатты ұнатады. Сипаған сайын апиынға еліткендей бойы балбырап, ғажайып бір күй кешіп жаны рахат табады.
Бір кезде сөмке ашылып, әлгіндегі арқасын сипаған алақан бұны көтеріп жерге түсірді.
Бөгде үй, бөтен иіс. Тарғыл тіміскіленіп жаңа баспанасының қыр-сырымен таныса бастады. Қызығарлықтай дәнеме жоқ. Еденде басы артық ештеме жатпағанына қарағанда мына қартаң әйел бір өзі бір үйде тұратын жалғызілікті жан секілді. Алдына шыныаяққа құйылған сүт қойды. Ішіне нан турапты. Әлгінде ғана тойып тамақтанып алған Тарғыл шыныаяқты иіскеді де кері бұрылды. Қожайыны мытып ұстап әкеліп, тұмсығын сүтке тықты. Басын тартып алған Тарғыл, мұрнына сүт кетіп, әлденеше рет пысқырып, түшкірді.
- Же, мынаны! Үйрен енді осы үйге, менің тамағыма!- деген үй иесінің сөзін құлағына ілмеген ол, теріс айналып жүре берді де анадай жерге шоқиып отыра қалып, алдыңғы аяқтарымен тұмсығын сүрткіледі, сосын табандарын, тырнақтарының арасын жалап тазалады.
- Кесірін қара мұның..., менсінбеуін...., қарның ашсын..., көремін әлі!
"Жемегенде қайда барамын, керек етсем өзім-ақ мияулап мазаңызды аламын. Маған керегі ойын еді. Ойнайтын ештеме жоқ екен",- дегендей Тарғыл еті үйренбеген бейтаныс қожасына мөлиіп қарады.
- Түсіндім,- көтеріп, алақанына жатқызып, арқасын сипады қартаң әйел,- доп, өзі жүгіретін ойыншық тышқандар әкелемін. Серік тауып берсем жақсы болар еді. Емшектес деп алмадым ана бір сыңарыңды. Әлі-ақ қора-қопсымен, бау-бақшамен танысасың. Қашан үлкейгенше далаға шығармаймын. Жабайы мысықтар жиі келеді онда. Көзіне түссең, бір шайнап мерт қылар, ұрғашы болсаң олар тиіспес еді. Қаңғыбас иттер де көп. Олар да сенің ең қауіпті жауларың.
Тарғылдың мына үйдегі жетімдікпен, жалғыздыққа мәжбүр қылған мұңлы ғұмыры осылай басталды. Егесі уәдесін орындап, доп та, түрлі ойыншықтар да әкелді. Алайда, анасының сүтін еміп, сыңарларымен ойнап, далада, ашық аспан астында кең тыныс алғанға не жетсін...
Қайсы бөлмеде жүрсе де "кіс-кіс" деп қайта-қайта шақырып, жалығуға мұрша бермейтін егесі жатар алдында қойнына кіргізетін.
Адам денесінің жылуынан жаны рахат тауып, енді көзі іліне бергенде Тарғылдың орны алмасатын. Бірде қарын, бірде жүрек, бірде тізе дегендей денесінің әр жеріне бір сүйкеніп, пырылдап жатқанын ұнататын егесі. Ал ұйқыға кетер сәтте Тарғылды кереуеттен түсіріп:
- Бара ғой, орныңа. Мен ұйықтағанда қасыма жатушы болма. Аунап, езіп тастармын,-деп көрпені бүркеніп алатын. Ал Тарғылдың орны ескі-құсқы киім-кешек жатқан көне гарнитурдың ең төменгі есігі жоқ сөресінің іші. Сол сөренің бір бұрышындағы ыдыстарда су, тағам тұрады.
Жасы отыз шамасындағы қап-қара қасы қиылған, кәріс қыздарыныңкіндей қысықтау көзі де қарақаттай қап-қара, қап-қара қолаң шашы желкесіне түсетін бидай өңді, бетінде бір әжімі жоқ әдемі қыз келді бір күні үйге.
- Әзиза апай, мен айтқан аниматерапияны қабылдап жатырсыз білем ғой,-деді амандық-саулықтан соң Тарғылды кіс-кістеп шақырып.
- Анимаң не, Тоты-ау?! Мысық емдейді деген соң әкелдім ғой мына біреуді, өзің айтқан соң...
"Анимал" деп латынша жануарларды айтады. Мысықпен емделу де соған жатады. Оны, "фелинотерапия" деп атайды. Терапия-емдеу деген сөз.
- Ауырған өйер-бүйерімнің бәріне сүйкентудемін, өзің айтқандай. Жәрдемі бар секілді.
- Жәрдемі тиеді. Бірақ оны ауырған жеріңізге зорлап апарып жатқызбаңыз. Өзі табады. Итпен қыдыру, атқа мініп серуендеу – бәрі ем, бәрі аниматерапия.
- Қыдыру түсінікті, ал ат қалай емдейді?
- Ат үстінде жүрген адамда іш қатпайды, өт қалтасы толып қалу, өтке, бүйрекке тас пайда болу, ер адамдарда қуық асты безінің қабынуы, ісінуі сияқты кеселдер кездеспейді, әрі үстіндегі адам аттан қыруар энергия алады. Энергия дегеніміз күш-қуат. Күш-қуаты көбейген адам ауырмайды. Атты пайдаланып емделу "иппотерапия" аталады.
"Бәсе, неге менің шырт ұйқымды бұзып, қайта-қайта орнымды алмастыра береді десем, бір гәп бар екен ғой",- дегендей, Тотыға бақырая қараған мысық бөтенсіп, оның шақырғанына келмеді.
- Мынау не өзі, кене емес пе? –Тарғылды алдына алып, үңіле қараған Тоты, - сүйел екен ғой,-деп мысықтың оң көзінің астындағы қоңыр бидайдай түйінді саусағының ұшымен шұқылап көрді.
Мынадай уақиға болды бір жолы. Түс қайтқан кез. Бір сәт демалғысы келіп кереуетке киімшең құлай кеткен Әзиза аздан соң қорылға басты. Оның бір бүйіріне сүйкеніп бүктеліп жатқан Тарғыл мүлгіп кетіпті. Мұрнына келген жағымсыз иістен оянды. Жалма-жан орнынан тұрып, кереуеттен секіріп түсіп, иіс шыққан бағытқа қарай тұмсығын тосып, баяу аяңдады. Ас үйдің жабық есігінің саңылауынан жүрек айнытардай жағымсыз иіс ұрып тұр. Тарғыл жетіп келіп, кереуетке қарғып шығып, Әзизаның бас жағына тұра қалып мияулай берді. Көзін уқалап, "піш-ш" деп мысықты кереуеттен сырып түсіріп, бір аунап түсіп, қайта қорылға басқан егесінің жастығына қарғып шығып қайта мияуға басты. Жәй емес, зарлай мияулады бұл жолы. Егесі оянған сәтте көйлегінің жеңінен тістеп, тартқылады. "Не пәле көрінді саған?! Қараң өшкір. Сонша зарлайсың!"- деп әйел аяғын жерге түсіріп отырды. Мысық ас үйдің есігін тырмалап мияулады.
- Не бар онда?- есікті ашқан әйел жылдам басып барып газплитаны өшірді. Отқа шәйнек қойып, ұйықтап қалғанда, су тасып, отты сөндіріпті, ал газ ысқырып шығып тұр еді. Әзиза барлық есік-терезелерді ашып тастады. Содан соң Тарғылды көтеріп алып, тұмсығынан әбден сүйді.
- Құтқарушым менің. Сен болмасаң өліп едік. Өртеніп, түгіміз қалмас еді.
Содан бері Әзиза Тарғылды тым жақсы көріп кетті. Үйге біреу келсе әңгімені әуелі мысығын мақтаудан бастайды. Апаттан құтқарғаннан басқа оның емшілік қасиетін айтып, ауырғаны басылмаған жерлерін де, осы Тарғылым жазды деп мақтанады.
- Онда құда түсейік те мысығыңа. Өзің толық жазылып алған соң бізге прокатқа бер мысығыңды. Ақысын төлеймін,- деді бір әйел.
- Баяғыда-а, біздің үйде қара бояуға малып алғандай, сарғыштау көзінен басқа жерінің бәрі қап-қара мысығымыз болатын. Ауырған жеріңді тамыршыдай тауып, тап басып, сол жеріңе шығып жатып алатын. Сәлден соң кеселіңнің қайда кеткенін білмей қаласың. Сол қасиетін үйге келгендердің бәрі білуші еді. Ұшты –күйлі жоғалды бір күні. Біреулер ұрлап кетсе келер, еді... Өлтіріп қойды-ау, сірә,- деді екінші әйел. - Прокатқа алған мысық өгейлігін жасап, өз үйіне қашқысы кеп тұрады. Ондайлар емдей алмайды.
- Біздің бір мысығымыз бар еді. Сап-сары, түрі келіспеген. Екі жасар балам ыстығы қатты көтеріліп, ырсылдап ауырып жатқан. Далаға шығып келсем әлгі мысық бетін жалап жатыр. Басын түбегейлі жалап, шашын сулап, жатқызып тастапты. Дереу күйеуімді шақырдым. Өзім мысыққа қол тигізбейтінмін. Бірдемесі жұғып кетер деп. Күйеуім оларды өте жақсы көретін.
- Тиме, емдеп жатыр,- деді.
- Құрысын, бір жерін тістеп алар, деп ұмтыла беріп едім, алдымды бөгеді. Бет-аузының бәрін жалап болып, мысық үйден шығып кетті. Ал аздан соң балам шып-шып терлесін кеп. Кешқұрым жазылып, тамақ ішіп ойнап жүрді. Сол-ақ екен бір жеріміз ауырса ашып қойып, мысықты ұстап әкеп жатқызамыз. Ол келіп жалайды. Сол заматта-ақ біреу сорып алғандай ауырған жеріміз қоя қояды.
"Емшілік қасиет дарыған адамдар сияқты қасиетті мысықтар болады. Олардың қадірін бағалай білу керек",- дейтін күйеуім.
Осыдан бірнеше күн өткен соң Әзиза қатты ауырып, әлдекімдерге телефон шалды да кереуетіне құлап, ес-түссіз жатып қалды. Бірдеме сезгендей мысық зарлана мияулады. Артынша-ақ ақ халаттылар кірді үйге. Олар Әзизаны зембілге салып алып кетті. Үйде жалғыз қалған Тарғыл күні-түні мияулаумен болды. Кешелі бері оған ешкім ас та, су да берген жоқ. Кешқұрым есік ашылып, үйге көп адамдар кіріп, у-шу басталып кетті. Біреу мысықты далаға қуып шығарып жіберді.
Көзі үйренбеген, кең аумақты ауланың бір бұрышында тығылып, аштан аш бүрісіп отырған Тарғыл үйдің ішінен де, сыртынан да тек аңыраған, боздаған, сыңсылаған адамдардың даусын естуде. Аула ішінде қазан-ошақ асылып, от жанып, қатар-қатар қойылған самауырындар қайнауда. Сыртта жүрген адамдардың арасына кіріп көріп еді бірі теуіп, бірі бақырып қуалады. Жаны ашитын жалғыз жан табылмады. Дүркін-дүркін келіп тамақтанып кеткен адамдардан қалған қалдықтар төгетін жәшікке түсіп, тояттануға дәнігіп алды. Бірнеше күннен соң гуілі құлақ тұндыратын шыбын құжынаған жәшіктегі тағам қалдықтары иістеніп, жеуге жарамады. Кіріп-шығып, дүмеп жүрген адамдар сап тыйылды. Есікті ешкім ашпады. Сыртында үлкен құлып ілулі тұрғанын Тарғыл, әрине, білген жоқ.
Осы күндерде өзін осы үйдің қожасындай сезініп, тым-тырыс аула ішінде, маң-маң басып жүрген нән мысықтарды әлденеше рет көрді.
Көзі түскен заматта оларға қарасын көрсетпей, қатталып жиналған ағаш отындар арасына, басқа да өзі ғана сыятын тар қуыстарға тығылады. Ал қаңғыбас иттер мұнда бас сұқпады. Аула қоршауында олар кіре алатын тесік жоқ еді.
Әбден ашығып, ішегі шұрқырап, азып-тозып, құр сүлдері ғана қалған бала мысық қақпа астындағы тар қуыстан шығып, көше кезіп кетуден басқа амалы қалмады.
Қарны жабысып, әрдемені бір иіскеп, тіміскіленіп, жан-жағына алақ-жұлақ қарап, кезіккен адамнан да, ит пен мысықтан да жасырына қалып, жол тартқан Тарғыл тамақ иісі мұрныңды жаратын бір үйдің есігінен зып беріп ішке кірді.
Қатар-қатар қойылған үстелдердің әр жерінде екіден-үштен адамдар ас жеп, сыра ішіп, темекі тартып отырды мұнда. Тарғыл екі адам отырған үстелдің түбіне келіп керемет иіске тамсанып, тұмсығын жоғары көтеріп, езулерін жалады. Күбір-күбір сөйлескен екеу бұған көңіл бөлген жоқ. "Мі-і-і",- деп үн шығарды қарлыққан дауыспен.
- Ой, өлейін деп қапты ғой, мына бейшара. Түрін қарашы іші омыртқасына жабысып әрең тұр. Сонда соншама келіп-кетіп жатқандардан осыған бір түйір бірдеме беруге біреуінің жетесі жетпегені ме?!
- Қазіргі адамдар қиын. Пейілі жаман қазіргілердің.
- Иә, дұрыс айтасың. Мә, тойдыршы қарныңды, титімдейім,- мысықтың алдына таза бір түйір ет, қамыр тастады.
Мұны қаужап біткен сәтте даяшы келіп: "Пырс! Пырс!" деп қуды, ештеме тастамаңыздаршы, еденді былғайды. Ол жерге шымал үймелейді содан соң.
Даяшы қанша соңына түссе де мысықты ұстай алмады.
-Қума!- деді алдына аппақ алжапқыш таққан ер кісі. Тышқан көбейіп барады. Егеуқұйрықтар да сайраңдап жүреді түнде мұнда.
Даяшы мына сөзді құлағына қыстырған жоқ. Ұстай алмағанына ызаланып, бір ожау су әкеліп үстел астында бейғам отырған мысыққа шашып кеп жіберді. Ыстық су денесін күйдіріп баж еткен мысық тұра қашты.
Тарғылдың тоқтаған жері шағын кафе еді. Көше жақтан кірген есікке қарсы бетте және бір есік бар-тын. Тарғыл оқтай атылып, әлгі есіктен сыртқа бір-ақ шықты. Күйген денесі ашып, зарлана мияулайды. Суы баяу ағатын жіңішке арықтың жиегіне өскен ағаштардың көлеңкесіне іштегідей қатар-қатар үстелдер, орындықтар қойылыпты. Мұнда да күбір-күбір сөйлескен адамдар, мұнда да тамсандыратын, тіліңмен езуіңді жалауға мәжбүр ететін неше түрлі тағамдардың аса тартымды тамаша иісі. Әсіресе түтіндеген мангал үстіндегі шашлық иісі естен тандырардай.
Үстелді сүртіп тұрған даяшы қыз мысықты көре салысымен "Кіш-кіш" деп шақырып, алдына ет түйіршіктерін тастады.
Қайда кетті әлгі, бәле?! Деді алдыңғы даяшы шығып,- ә-ә мұнда отыр- екен ғой, және су шашты. Мұнысы мұздай су еді. Мысық шоршып түсіп, тітіркенген денесін жиырып, бір сілкініп, қол жуғыштың астына кіріп кетті.
- Нең бар онда?! Аясайшы!- деді сырттың даяшысы.
- Құрт оны, көзін құрт! Ауру жұқтырады,- деді іштің даяшысы.
- Түнде тышқандар тайраңдап, егеуқұйрықтар өріп жүреді ғой мұнда. Ауруды бұл емес солар әкеледі. Соларды жою үшін мұны осында бағу керек.
Мұнда тумбочкаға ұқсаған қаңылтыр қолжуғыш бар еді. Осының астында тығылып жатқан Тарғыл бұдан былай адамдар тарапынан қауіп төнсе жасырынуға қолайлы жай екенін түсінді.
Түнде кейде кафе ішінің бір бұрышында, түнеп бірен-саран тышқан аулап, күндіз адамдар аяғы астында таптала жаздап, жерге түскен қалған құтқанды қаужап күнелтіп жүрді.
Алғаш келгендегіден гөрі есі кіріп есейіп, еті үйренгенде аңдағаны түс әлетінде іште де, сыртта да ығы-жығы адамдар тым көбейіп кетеді екен.
Орын таппай кезек күтіп тұратындар қаншама, ондайда бұған тамақ беретіндер де, аяғымен теуіп, сонадайға ұшырып жіберетіндер де табылып жатады. Ал түнде музыка құлағыңды жарып жібере жаздайды. Әрі әуелбаста әжептеуір боп сықиып кірген адамдар біраздан соң айқай-шу шығарып, қырғын төбелес басталады. Күнде болмаса да күнаралатып өтетін ондай төбелестер бірде бірін-бірі қуысып, бірде таяқ ұстаған алабажақ киімділер араласып тарқасады. Тарғыл үшін мұндай төбелестер тым тиімді-ақ, үстелдер аударылып, тағамдар шашылып, тамаққа тойып қарық боп қалады.
Сондай бір төбелестен соң Тарғыл екі адам отырған үстелдің түбіне жайғасты. Түннің бір жақсысы іштің даяшысы мұны байқамайды.
- Қазіргі адамдар қиын,- деді ақ шашты кісі бұған бір түйір ет тастап пейлі де, пиғылы да жаман қазіргілердің.
Осыдан біраз күн бұрын бір "Жипті" көнетоз "Волгаммен" басып озып едім, біраздан соң қуып жетіп, әлгіден шынашақтай бес-алты бала түсіп: бізден неге озасың?! Неге масқаралайсың?! Кімді күлкі еткің келеді?! Кімсің сен өзің?!- деп дікеңдеп берсін. Біреуі жағамнан тартып-тартып жіберді.
- Баяу жүргендеріңе қарап, тоқтайды екен дедім. Әйтпесе озбас едім, кешіріңдер,- деп әрең құтылдым. Қарсыласқанымда тепкінің астына алар еді.
- Дұрыс, айтасың. Көрдің ғой, әне. Екі қыздың ортасында күліп-ойнап отырған жігітке ана үшеуі келді де тиісті. Қалай сілтейді-ә. Көзді ашып-жұмғанша үшеуін де сұлатып, даяшымен есеп айырысып, екі қызды қолтықтап тайып тұрды. Менттер келгенше қарамызды жоғалтайық десе керек, есін жия салысымен мына үшеуі де лезде табанын жалтыратты.
- Иә, қазіргі адамдар қиын, жаңылмасам әлгі жігіт әнебір жылы Сидней олимпиадасында тайсалмай жұдырықтасатын ана бір қубалықты нокаутқа түсірген боксшы.
- Дұрыс айтасың. Сол, дәл өзі, шемпион бола алмады бірақ. Бесінші ма, алтынша ма орынды алып қайтты,- мысықтың алдына және бір түйір ет түсті. Сөйлеу мәнеріне қарағанда мына екеуі әнебір жолы да тойдырып кеткен адамдар екенін ұқты Тарғыл.
Қаңылтыр қолжуғыштың есігін аяғымен тартса ашылатын, ішінде жоғарыдан аққан суды жинайтын шелек тұр. Топсысы сәл қисықтау бекітілсе керек, сірә, ішке кірген сәтте есік өздігінен жабылатын. Ал шығарда есікті тұмсығымен итерсе ашылуы оп-оңай.
Мұнда да түн жамылып небір нән мысықтар келеді екен. Далада түнеген күндері оларды исінен, тықырынан сезетін Тарғыл осында кіріп, шелек артында тығылып, бүрісіп жататын. Нән мысықтар қолжуғыш ішінде мысық бар екенін иіскеп білгенмен кіре алмайтын. Бірәз мияулап жүрген соң үні өшетін.
Кейде ай жарқырап, жұлдыздар жыпылықтасқан ашық аспан астында отырып та адамдар бір-бірін аямай түйгіштейтін.
Түнгі төбелестен соң қолжуғыштың астынан шығып жүрек жалғаған Тарғыл таңертеңнен бері нәр татпады. Түскі опыр-топырда бұған біреу бір түйір бірдеме тастамады. Түстену уақыты бітіп, адамдар тарап, сырттағы бір үстелде мұнда тым кешігіп келген екі адам ғана отырды. Оның бірі толықтау келген, орта бойлы, дөңгелек жүзді қасы қап-қара, қара шашты, қыр мұрынды ер адам. Екіншісі Тоты еді. Иә, баяғы Әзиза апайының үйіне жиі келгіштейтін туысы. Тарғыл оны бірден таныды. Исі де жатталып қалған екен. Барып балтырына сүйкенгісі келді. Адамның жып-жылы аялы алақаны арқасын сипамағаны қай заман. Сүйкенуге жүрегі дауалмады.
Тоты орындығының арқасына сөмкесін ілді. Алдында бір саптыаяқ сыра. Үстел шетінде целофан папкіге салынған бір бума қағаз және ұялы телефон.
Қыз ертелеу, жігіт кештеу келгеніне әрі томсырайып, үн қатыспай отырғанына қарағанда бірі-бірін танымаса керек. Тыныштықты сыған келіншек бұзды. Іші бүктелген шынашақтай-шынашақтай қағаздарға толы шағын қорап ұстаған оның білегінде баланың жұдырығындай ғана түсі жасыл мен көк аралас, имек тұмсық тоты құс жорғалап жүрді.
- Болашағыңызды болжап берейін,-деді сыған екеуіне кезек-кезек қарап. Мұндайды бұрын көрмеген жігіт абдырап қалды. Тотыға мына тірлік таңсық емес болса керек.
- Болжаңыз,-деп алақанын тосты.
Тарғыл әлгінде тоты құсты көрген сәттен-ақ көрші үстелдің орындығына, одан үстел үстіне шығып, мыналарды аса мұқият бақылап тұрған. Әсіресе, ана әдемі құсты қағып түскісі келіп, езуін жалап, тамсанып, одан бір сәт көз алмады.
Сыған келіншектің қолынан допша секіріп, қыздың алақанына түскен құс, бірдеме іздегендей алақанды шыр айнала жорғалап алып әлденеше рет шоқып көрді де қораптан бүктеулі қағаздарды бірінен соң бірін тұмсығымен тістеп суырып алып, алақанға тастады.
- Жетеді,-деді қыз. Қағаздардың бүктеуін жазып оқып, мырс-мырс күлді.
- Не жазыпты?-деді жігіт, алақанын жайып, - сабыр түбі сары алтын,-деді содан соң.
- Менің тағдырымды топшылайтын, болашағымды болжайтын сыңайлы. Сіз де алыңыз, әр қағазы небәрі жиырма теңге.
Аздан соң жігіттің алақанында жеті бірдей бүктеулі қағаздар жатты.
- Бұлар тисе терекке, тимесе бұтаққа, деп шамалап соға береді, аға. Айтқандары дұрыс, болжағандары орындалатын сияқты көрінеді кейде. Бұрын пал ашқызып көрген бе едіңіз?
- Басыма іс түсіп құмалақ, карта ашатындарға барғанмын бір кезде. Бірақ, мұндайларға сенбеймін. Мынадай құспен жүрген палшыны бірінші көруім.
- Қане, дұрыс-бұрыстығын тексеріп көрейінші. – Қыз сұрамай-ақ жігіттің алдындағы қағаздарды алып оқи бастады. Өз қағаздарын жігіттің алдына ысырды. Ол қыздың қағаздарына үңілді.
"Сіз бойдақсыз. Бүгін-ертең әдемі бір жігітпен танысасыз..."
"Сіздің алдыңызда екі үлкен кедергі күтіп тұр. Біріншісінен өзіңіз құтыласыз. Екіншісінен құтылуға жаңа танысыңыз көмектеседі".
"Сұлу өтіріктен ащы шындық артық. Деген мәтелді берік ұстаңыз. Жаңа досыңыз сізді әлбұлыққа жеткізеді".
- Қалай ойлайсыз мына айтқандары дұрыс па? –деді жігіт.
"Бойдақ" дегені рас. "Әдемі жігітпен танысасыз..." дегені болжам ғой. Ол мүмкін сіз шығарсыз...? –қасын кере жымиды.
- Екі кедергі тұр дегені де рас. "Біріншісінен өзіңіз құтыласыз". Бұнысы да рас. Қайда кетуші еді. Құтыламын. Бұлардікі әншейін үміттендіріп қою ғой. Үміттенген адам және алақанын жайып, жиырма теңгеліктерді лақтырмай ма? Енді сіздің билеттеріңізді талқылайық…?
"Болашақта зор жетістікке жеткіңіз келеді екен. Ойыңыз орындалады. Бірақ, көп күтесіз. Әбден қартайғанда да бәрі жеткілікті ғұмыр кешесіз".
"Сізді жақсы іс күтіп тұр. Одан ірі табыс табасыз. Бірақ оған дейін үлкен қауіптен әупіріммен әрең өтесіз".
"Сіздің екі қажеттілігіңіз бар екен. Екеуі де көп қиындықтарды жеңген соң ғана ойыңыздағыдай орындалады".
"Сізді бір топ досымсымақтарыңыз қаумалап, тым жақын жүргісі келеді. Жолатпаңыз. Шын мәнінде олар сізді біраз пайдаланып қалып, жамандыққа итеріп кеткісі бар. Қорықпаңыз. Сіздің өміріңіз оларсыз да қызықты, қамсыз, табысты, бірқалыпты өтеді".
"Мінезіңізді өзгертіңіз. Сенгіш екенсіз. Айналаңыздарға сақтықпен қараңыз".
Мұның бәрі әлгі мен айтқандай долбар ғана,-деді қыз.
- Иә, "шама, шама – екі қос уыс бір кілә" деген сияқты. Бірақ мені таңдандыратыны, сізге, яғни қыздарға арналған билеттерді қалай ерлердікімен шатастырмай терді әлгі титімдей құс.
- Біз аңғарған жоқпыз. Кім білсін. Қораптың бір шетінде әйел жыныстыларға арналған билеттер тоғытылған шығар. Әрі әлгі маған түскен билеттерді ер адамдарға да беруге болатын сияқты. Мені таңдандыратыны, әлгі орысшаны жөндеп сөйлей алмайтын сыған келіншек мынадай текстерді орыс тілінде қалай дайындады.
- Ол оп-оңай. Түрлі газеттерден, жұлдыз-жорамалдан көшірген, һәм орыс тілін жақсы білетін қожайыны бар. Бұл мына даяшылар сияқты даярға тап орындаушы ғана меніңше.
- Иә. Солай болуы да мүмкін екен-ау. Енді мына бірін тыңдаңыз. "Құрметтім, "иттің сыры егесіне мәлім" дегендей әйеліңіздің қандай екенінен өзіңіз хабардарсыз. Соның кейбір қылықтары есіңізге түссе қатты қайғырасыз, кей жағдайларда ұялып, жерге кіруге тесік таппайсыз. Талай рет ажырасқыңыз келді. Бірақ ұл-қыздарыңызды жетімсіретпеу үшін ол тірлікке бара алмадыңыз. Кейде оның көзін жойып, біржолата құтылу хақында ойлар келді, одан өзіңіз шошынасыз. Ренжи бермеңіз, жақында одан бөлек шығасыз. Одан кейінгі тағдырыңызды келесі кездескенде айтамыз. Әр бейсенбі күні дәл осы мезетте осы орныңызда отырыңыз".
"Бұған не дейсіз?" дегендей қыз жігіттің бетіне барлай қарады.
- Мұнысына кейінірек өзіңізбен жіті танысқан соң жауап берейін. Біз әлі бір-біріміздің атымызды да білмейміз ғой.
- Өңіңіз өзгеруі мына қағазда айтқандарды растап тұрған сияқты.
Сыған келіншек кеткен заматта-ақ құсқа деген дәмесін жоғалтқан мысық үстелден қарғып түсіп, мына екеуінің аяғының түбінде отырған. Аяққа оралғанды жақтырмайтын адамдардың теуіп жіберетінінен қорқады. Сондықтан мына қызды таныса да аяғына оралуға жүрексінеді.
- Мі-і-і! Мі-і!
Жігіт мысыққа ет, қамыр тастады.
- Марқұм Әзиза апамның мысығы сияқты тарғыл екен. Кіс-кіс, - қыз да бір түйір ет тастады. Ет пен қамырды қылғытып салған мысық қыздың аяғына сүйкенді.
- Және жолығайық, көбірек әңгімелесейік. Сыр ашысайық, "Сабыр түбі сары алтын",-деді қыздың әлгі сөзіне иығын қиқаң еткізген жігіт. Қыз сағатына қарады.
- Әңгімені жалғастырғыңыз келсе, мен күнде күндізгі сағат екіге таянғанда осында тамақтанамын.
- Сау болыңыз!
- Көріскенше күн жақсы,- қыз орнынан тұрды.
- Қайыр, қош.
Түс әлетіндегі кәдіуілгі опыр-топыр адамдар тарап, бірен-сараны ғана қалғанда қыз бен жігіт бірінен соң бірі келіп, кешегі орындарына жайғасты. Мысық бұл жолы тоқ еді. Әлгінде үстелде отырған адамдар да, даяшы қыз да түрлі тағамдар тастаған. Бұл жолы ол тамақ сұрау үшін емес, қыздың аяғына сүйкену үшін мына үстелдің астына кірді. Тым жылы, жұп-жұмсақ адам денесіне сүйкенген қандай рахат.
- Әуелі танысайық,-деді жігіт, қол ұсынып.
- Сөйтейік. Тоты.
- Жалғас. Бәсе кеше салған жерден ана сыған келіншекке неге алақанын жая қойды десем, әнебір титімдей құспен аттас екенсіз ғой.
- Ия, аттаспыз. Аттастарды қазақтар адас дейді. Тоты қыз бен тоты құс туған туыстар.
- Қане болашағымды болжап, кешегідей бүктеулі қағаздар тастаңызшы алақаныма. Құс тоты мен қыз Тотының қайсысының сәуегейлігі дұрыс келеді екен.
- Әзіліңізге рахмет. Орнымен қалжыңдайтындарды ұнатамын. Мына қыз Тоты, - қолын кеудесіне қойды,-кешегі құс тоты сияқты балгер емес. Небәрі қарапайым психолог, психотерапевт.
- Мәссаған, психологтар адамның ішіндегісін сұрамай-ақ біліп қоятын көріпкелдер емес пе?
- Тереңірек таныссақ қыз Тотының қаншалықты көріпкел, қаншалықты балгер екенін өзіңіз бағамдарсыз.
- Құс тотының кешегі қағаздары бірәз нәрседен хабардар етті. Ал сондағы алдыңда екі кедергі бар дегені дұрыс па?
Қыз жігіттің бетіне қарап күмілжіп, ойланып қалды.
- Кешіріңіз. Айтуға болмаса қажеті жоқ, менікі сығанның қабілетін тексергісі келген жәй қызығушылық қой,-деді Жалғас қызды ыңғайсыздандырдым деп ойлап.
- Түсінемін. Жете танысып, біліспеген адамға, яғни болашақта кімім боларыңызды құдай білсін, әзірше көлденең көк аттыға сыр ашуым керек пе, жоқ па? Дегенмен анау айтарлық құпия ештеме жоқ. Былтырғы жылы ипотекаға үш бөлмелі пәтер алдым. Қырық мың долларға түсті ол маған. Оның он бес мың долларын нақты төлеуге мәжбүр етті. Енді айына қырық сегіз мың теңгеден он бес жыл төлеп тұруым керек. Сонда осынша жылда тоқсан мың доллар төлейді екенмін. Әне, сізге кредит. Биыл кризис басталды емес пе. Банктер кредит бермей қойды. Халықта ақша жоқ. Үйлер арзандап кетті. Дәл қазір бар ғой, әлгі қырық мың долларға нақ сондай екі-үш бөлмелі пәтер алар едім. Ол үйді қазір сатқаныммен ешкім алмайды. Сатылған күнде былтырғыдан екі есе арзанға өтеді. Енді сол кредитті бір-екі жылда тез жауып тастаудың амалын қарастырудамын.
- Қиын екен. Оның үстіне биыл қыс қатты болды. Ал көктемнің алғашқы бір жарым айында аспаннан бір тамшы тамбай, шөп өспей қалды. Мал тым арзандап кетті. Қырық сегіз мың дегеніңіз қазіргі бағамен бір сиырдың құны. Тұратын жайыңыз жоқ па еді? Ол пәтерді неге алдыңыз?
- Екі бөлмелі пәтерім бар. Соны кепілдікке қойғанмын. Ән-неу бес қабат үйді көрдіңіз бе? Сол емхана. Мен сонда қызмет істеймін. "Жылу" жинайтындар жиі келеді бізге. Ондайлардан аулақтап, әркімнің айқайын естімей, өзім би, өзім қожа болғым келеді.
- Түсінбедім. Ол қандай жұмыс? Бас дәрігер болғыңыз келе ме, сонда?
- Жоқ. Жеке кәсіпкер. Оған білімім де, еңбек стажым да жетеді. Жоғарғы категориям да бар. Жеке кабинетімді ашуға, яғни әлгі пәтерді медициналық кабинет жасауға әуелі ол үйдің барлық құжаттары дұрыс болуы, содан соң санитарлық қадағалау, өрттен сақтандыру, еңбекті қорғау мекемелерінің қорытындысы, ішінде қандай бұйымдар барлығы, тағы басқа пәленбай құжат керек. Одан басқа есікті көше жақтан ашу, жол жиегіне дейінгі жайды алу. Сол жерде өскен үлкен екі қара ағашты кестіру. Барлық құжаттарды алып болған соң лицензия алу, пәтерді тұрғын үй емес, емдеу мекемесі деген құжат алу. Көше жақтан кіреберіс салу. Қайсыбір мекемеге кірсең де тұмсығы аспанға қараған жап-жас қыз-жігіттер отыр. Кірген адаммен сөйлесуі қиын олардың. Оның адамын тауып, қалтасына конверт салмасаң ісіңді бітірмейді. Әне кедергі.
- Екінші кедергі ше?
- Екінші проблема - өзімнің жеке емдеу орнымды ашып алған соң молырақ табыс тауып, әлгі кредитті жабу, құтылу.
- Сонда сыған келіншектің айтқаны дұрыс келіп тұр ғой.
- Дұрыс дей алмаймын. Оныкі жәй долбар. Менкіндей кімде қиындық жоқ, бәрінде бар. Сондықтан да сығанның қағаздары кімге түссе де дәл тапқан сияқтанып тұрады.
- Мүмкін, солай да шығар. Жә, кредит дегеннен шығады. Біздің елдің бір адамы өткен жылы көп кредит алып, екі үй тұрғызыпты, бірнеше жер телімін алыпты. Айына жетпіс мың теңге банкке төлеу керек екен. Соны төлей алмай басы қатып жүр білем. Жері мен үйін сатайын десе ешкім алмайды. Өзіңіз айтқандай адамдарда ақша жоқ.
- Иә, мен сияқтылар көп қазір. Өзіңіз қандай кәсіппен айналысасыз?
- Тәуелсіз журналистпін. Әрі жазушымын.
- Жазушыңыз түсінікті. Әлгіңіз қандай журналист?
- Журналист деген құжаттарым қалтамда, бірақ еш жерде жұмыс істемеймін. Кез келген газет-журналдарға мақала беріп тұрамын.
- Сонда мақалаңыздың қалам ақысымен күн көресіз бе?
- Жоқ-ә. Газет-журналдардың кейбіреуі ғана арзымайтын бірдеме төлейді, көбісі ештеме төлемейді.
- Кітаптарыңызға ше?
- Баяғыда-а, Кеңес Үкіметі бар кезде төрт-бес кітабым бірінен соң бірі шыққан. Оған әжептеуір қомақты қаламақы төлеген еді. Одан кейінгі жылдары төрт-бес шағын кітаптарымды өз қаржыма өте аз тиражбен шығардым. Біразы сатылды, біразы үйде жатыр. Шығаруға кеткен шығыным өтелген жоқ.
- Сонда сіз қайтіп күн көресіз? Бала-шағаңызды қалай бағасыз?
- Пеш, есік-терезе құрамын. Еден саламын. Серік табылса бетон да құямын. Кірпіш те қалаймын. Қорыта айтқанда еш жерде есепте тұрмайтын, патент төлемейтін, лицензиясы, дипломы жоқ тәуелсіз құрылысшымын.
Бірақ қазіргі адамдар жұмысын істеткізіп алады да жалақымызды төлей алмайды немесе төлегісі келмейді. Ертең кел, бүрсүгіні кел деп әуре-сарсаңға салады әбден. Оны айтасыз, бір танысымды үй егесі бірдемемді ұрлады деп жала жауып соттатып жібергенін естідім. Және бір танысымды ішкізіп, онымен жата төбелесіп, таяқ жедім деп бәле салады жұмыс беруші. Ол да сотталып кетер еді, еңбек ақысын сұрамайтынын, тек сотталудан аман алып қалуын өтініп жүріп, "бастан құлақ садақамен" әрең құтылады.
Әрине, көп ақшаны төлемеу үшін істелген әркеттер бұл. Әлгі сыбайластарымның қатесін қайталамау үшін, жарты немесе бір күндік жұмыстарды ғана тындырып, сол замат-ақ азын-аулақ жалақымды алып тайып тұрамын. Сол тиімді.
- Түсінікті. Ой, мы-сы-ық... Кешегі Тарғыл мысық. Құдды Әзиза апайымның үйіндегідей. Маналы бері аяғыма орала беріп еді. Сөзге айналып ештеме бермеппін,- ет түйірлерін тастады. Тарғыл оларға қарамай, қыздың аяғына сүйкене берді.
- Сіздің толық аты – жөніңіз кім?
- Жалғас Жаңғабылов.
- Жаңғабылов деген жазушының бір хикаятын оқығанмын баяғыда-а, мектепте оқып жүргенде бір журналдан. Кітаптары қолыма тиген емес. Өзіңіз құрылыста істесеңіз. Қатты шаршайсыз. Сонда сіз кітаптарды қашан жазып үлгересіз?
- Мен сияқтыларға үнемі жұмыс дайын тұра бермейді. Әсіресе қоңыр күзден көктемге дейін ұзақ уақыт бір кездері тапқан таянғандарымызды қаужап үйде жата беруге тура келеді. Ондайда қағаз шималаудан басқа амал қалмайды.
- Не пайда таппасаңыз, не бір атақ-абырой алмасаңыз, кітап жазудың қажеті қанша?
- Бар ғой. Азын-аулақ, лауреат, "Құрметті азамат" деген атақтарым бар. Е-е, Тоты-жан, мен бір пайда табу үшін немесе тарихта қалу үшін жазады дейсіз бе, жазбасыңа қоймай түрткілеп тұратын ауру ғой бұл жазушылық дегеніңіз, жазылмайтын ауру.
– Журналист, жазушы, құрылысшы. Сонда сіз үш бірдей мамандықты қалай үйрендіңіз?
- Орта мектепті бітірген соң оқуға түсе алмадым. Совхозға жәй құрылысшы боп болып жұмысқа кірдім. Бетон қаруды, кірпіш қалауды, сыбақ сыбауды сонда үйрендім. Институтқа түскеннен кейін әр жазғы демалыста студенттік құрылыс отрядының құрамында ағаш ұсталар бригадасында жұмыс істедім. Ол бригаданың дені неміс, орыс, украин жігіттері еді. Бәрі шебер, ұста. Үйдің шатырын жабуды, есік – терезе құруды, еден төсеуді, пеш салуды сол жылдары меңгердім.
- Ту-у, мынаны-ай! Сүйкене берді ғой. Құдды Әзиза апайымның мысығына ұқсайды өзі. Етті жемепті. Тоқ білем. Енді ештеме тастамаймын. Арқасынан сипар едім ауру жұқтырамын ба деп қорқамын қаңғыбас мысықтардан.
- Кешіріңіз. Менің тұратын уақытым таяп қалды. Осы маңда берудің үйін евроремонт жасап жатыр едік.
- Әлгінде көп ақы төлеуді талап ететін жұмысты қолға алмаймын деп едіңіз...
- Жұмыс берушінің сеніміне ену үшін әуелі шағын бір тірлігін тап-тұйнақтай етіп тындырып, шеберлігіме тәнті етемін. Содан соң ол ауқымды жұмыс тапсырады. Енді қалтасының қаншалықты қалың екенін тексеру үшін атқаратын ісімнің елу пайызынан көбірек ақшаны алдын ала төлеуін өтінемін. Ешқайда кетпейтінімді айтып, төлқұжатымды беремін. – Ол менің сұрағанымды төлесе онда кейін мені алдамайтын, қалталы адам екеніне көзім жетіп, шын пейілмен жұмысқа кірісемін. Қазір қарамағымда алты өзбекстандық жігіт бар. Бәрі де мен сияқты "тәуелсіз құрылысшылар". Ішімдік ішпейді, таңның атысы, күннің батысы бір тынбайды. Неше түрлі дәмді тағамдарды өздері дайындайды. Бізге ұқсап асхана, кафе қыдырмайды.
"Сөзіне қарағанда айтқанының бәрі шын-ау" деп ойлаған қыз жігіттің қап-қара боп күнге күйген қолына, мойны мен кеудесіне, әбден қабарған, мүйізденген күректей алақанына қарады. Иә, ақсаусақ емес, дене жұмысының адамы екені көрініп тұр.
- Онда өзбектеріңізбен бірге тамақтанбай, неге күнде мұнда түстенесіз?
- Шілденің мынадай ми қайнатар аптап ыстығында бір-екі саптаяқ сыра ішкенді ұнатамын. Одан соң сіз сияқты сұлу қызбен бірер сәт сұхбаттасып отырудың өзі ғанибет қой мен үшін.
- Рахмет. Менің де үзілісім бітті. Көріскенше күн жақсы! Сау болыңыз. Сау бол, мысығым.
Қатты ұйқыдан шошып оянып, тұтқиылдан төнген қауіпті сезген Тарғыл қолжуғышқа қарай қашқанда бөксесіне жабайы мысықтың тісі біздей қадалды, жан даусы шығып, бүктеле бұрылып, жауының тұмсығына тырнақтары сойдиған табандарымен періп үлгергені сол, бұны тістеген мысықты басқа бір мысық ала түсті. Екі нән мысық ұмар-жұмар боп арпалысып жатқанда, бұл бөксесін әрең көтеріп, қол жуғыштың ішіне кіріп кетті. Аздан соң шайқасқан ана екеуінің үні өшті. Тас қараңғыда жатып, тұз құйғандай ашыған жарақаттарын тілімен жалады.
Тұруға шамасы келмеген Тарғылды таңертең шелектегі суды төкпекші болып,қолжуғышты ашқан дала даяшысы көріп, сыртқа шығарды. Алдына нарын, су қойды. Мысықтың оларға қарауға зауқы соқпады. Суды ғана тілімен шылпылдатып, тамағын жібітті, әзер жылжып, қолжуғыштың астына кіріп кетті.
Әдеттегіше түстену тәмәмданып, адамдар сиреген кезде кафеге келген Жалғас пен Тоты бұрынғыдай емес, бірін-бірі көрген сәтте күлімдесіп, қол берісіп амандасты.
- Тапсырыс беріңіз,-деді жігіт, мәзірді қызға ұсынып.
- Сіз не қаласаңыз, мен де соған қол көтеремін,-үстелдің астына үңілді,-мысық көрінбейді.
- Бөтен мысықтар талап тастаған білем. Артқы аяқтарын көтере алмайды. Бөксесі қан-қан. Ана қолжуғыштың астында жатыр. Тамаққа да қарамады,-деді даяшы қыз.
- Алда бейшара-ай, өліп қалмаса жарар еді,-деді Тоты қолжуғыштың астына үңіліп. – "Кіс-кіс-кіс", "кіс-кіс-кіс", - деп шақырып еді, алдыңғы екі аяғымен жылжып, бөксесін сүйретіп шықты Тарғыл.
- Мі-і-і, мі-і-і.
- Мынаның жағдайы қиын екен,-деді төне қарап тұрған Жалғас.
- Өлетін бопты ғой,-деп қыз мысықтың бөксесін ұстап көрді. –Сүйегі сау сияқты. Сонда да рентгентке салып көру керек. Қатты жарақаттаныпты. Үстел үстіндегі қолсүрткіш қағаздарды сулап, қарсылығына қарамастан жүніне қатып қалған қандарды сүртті.
- Тамақты жемепті. Таңертең тастаса, ендігіге дейін бұзылып кетті бұлар,-қолсүрткіш қағаздармен орай ұстап, мысықтың алдындағы тамақты қолжуғыш ішіндегі шелекке тастады.
- Қашан жазылғанша бұлар аштан-аш жата береді,-деді Тоты қолын жуып тұрып.
- Тамақ суып қалады, жүріңіз,-деді Жалғас,-жазылады мысығыңыз. Әлі-ақ ойнап кетеді. "Сабыр түбі сары алтын".
- Сіз осы маңда тұрасыз ба?-деді Тоты тамақ үстінде.
- Жоқ. Алыста, аудан орталығында менің тұрағым.
- Мұнда қайда түнеп жүрсіз?
- Әлгі евроремонт жасап жатқан үйде, одан басқа осында бір бөлмелі пәтерім бар. Әнебір үйлер тым арзандап кеткен жылдары алып қойғаным жақсы бопты. Әйтпесе үйсіз-күйсіз жүріп, мұндай үлкен қаладан жұмыс табу қиын. Шабыт келіп, жазуға отыратын күндері сонда түнеймін, әрі кір-қоңымды жуып, жуынып аламын.
- Шабытыңыз қандай кездерде келеді сіздің?
- Дәл қазір қызу жұмыс істеудемін. Күндіз құрылыс, түнде жазу. Екі істі бірдей атқарудамын.
- Сонда не туралы жазып жүрсіз?
- "Тоты қыз бен тоты құс және мысық" деген шығарма.
- Мұныңыз қызық екен. Сонда мына мен, ана мысық және әнеукүнгі сығанның тоты құсы жайында ма?
- Иә, сол үшеуіңіз хақында. Антон Чехов айтқан: "Ән-неу бос шөлмек жатыр ғой. Сол туралы бірдеме жазуға тапсырыс беріңізші. Мынадай әңгіме жазып берейін" деп. "Палуанға оң-терісі бәрібір" деген сияқты кәсіпқой жазушы бірдеме жазғысы келіп, шындап қолға алса, жоқтан бар жасайды. Ал қазіргім әңгіме боп қала ма, повестке айналып кете ме білмеймін. Кейде шығарманың автордың ырқына көнбей, оны билеп кететін жағдайлары жиі кездеседі. Мәселен Лев Толстой жеңіл жүрісті бір әйел туралы әңгіме жазбақшы болған. Алайда әңгіме оның ырқына көнбей "Анна Каренина" атты үлкен романға айналған. Қазіргі туындымның әңгіме күйінде қалуы, повестке немесе романға айналуы екеуміздің қаншалықты ашылып, сыр шертісуімізге, ішіміздегіні бүкпей сыртқа ақтаруымызға байланысты.
- Сонда қалай, сіздің шығармаңызға кейіпкер болу үшін мен бүткүл өмірбаянымды айтып беруім керек пе?
- Жәй, өміріңіздегі өте қызықты немесе қайғылы, оқыс, ойландыратын, тебіренетін оқиғаларды айтсаңыз жетеді.
- Әуелі сіз айтыңызшы. Жазушылыққа бой ұруыңызға не әсер етті?
- Әсер көп қой. Бірінші – көркем шығармаға құмарлық. Сондағы жағымды кейіпкерлерге ұқсап: алғыр, тапқыр, батыр, атақты болуға тырысып бағу. Екінші – жазушы ұстаздар, ақын ұстаздар дәріс берді бізге институтта. Олар өздерінің немесе басқа ақын-жазушылардың өмірі, шығармалары хақында небір қызықты әңгімелер айтып беретін. Біз сол ұстаздарымызға еліктегіміз келетін.
Үшінші – курстас, тетелес құрбы-құрдастарымның арасынан өлең, әңгіме жаза бастаған талаптылар пайда болып, олардың түрлі баспасөз беттерінде көріне бастауы.
Төртінші – соңғы курста оқып жүргенде мен бір қызға ғашық болдым. Оған деген сүйіспеншілік сезімім менің шабытымды шарықтатып, жаңа туындыларды бірінен соң бірін дүниеге келтіре беруіме септігін тигізді. Қызға арнап емес, оған өзімнің кім екенімді, болашақта ел таныған, абыройлы, үлкен азамат бола алатынымды көрсету үшін жаза береді екенмін, қазір бақсам. Әрине, жақсы көрген адамның сынына ұшырамау үшін тың тақырыптар іздеуге, әдемі, әсерлі, көптің көңілінен шығатын жақсы шығармалар жазуға тырысып, тыраштанатынмын. Олардың газет-журнал бетінде жарық көруі, сүйіктіме ұнауы мен үшін теңдесі жоқ қуаныш, мақтаныш еді. Келесі жылы көктемде үй болдық.
Жұбайым өте бір инабатты, ақкөңіл, ұқыпты, тындырымды, бала мінезді, аса бір қағілез жан еді. Әсіресе, оның адалдығы ұнайтын. Кейбір достарымның оған сөз салғанын, жасырын кездесуге шақырғанын маған жеткізіп, олармен ендігәрі араласпауымды өтінетін. Көрші-қолаңның да жағымсыз қылықтарына жиіркене қарайтын. Ал жан-жануарларды, құстарды өте жақсы көруші еді. Қайдағы бір қаңғыбас мысықтарды, иттерді тамаққа тойдырып жіберетін. Содан соң олар айналсоқтап қайта-қайта келе беретін.
Айналамыздағы ауылдастардың балалары да оны өте жақсы көруші еді. Күніге бір мезгіл Дианамен бірге билеп, ән шырқап, оның қолынан конфет, шоколад жеп кетпесе көңілі көншімейтін. Есесіне тағдыр бізге перзент бермеді. Бірақ Диананың бір өзі он балаға татитын еді.
Аудан орталығының бір шетіндегі өзімізге бөлінген он соттық жердің бір бұрышына кішкене үш бөлмеден тұратын шағын балаған тұрғызғанбыз. Үлкен үй салуға ол кезде шама болған жоқ. Сол балағанның шатырына кептер, жанына жапсыра салынған қопсыға тауық асырадық. Дианаға ермек үшін әрине. Қол бос сәттерінде ол бақшаға егілген жеміс-жидектерді, көкөністерді баптаудан, әрі әлгі тауық пен кептерлерге қараудан бір жалықпайтын.
Біздің үйден екі шақырымдай жерден үлкен канал өтетін. Екі аралық кең теп-тегіс жазық. Бір жылы көктемде канал тасып, көлмек сулар көлшік-көлшік болып көлкіп жатты. Сонда көп тырналар қонып жайылып жүрді. Түнді де сонда өткереді. Кеңес Үкіметі құлағаннан кейінгі жылдары дүкендер тып-типыл, ел аш-жалаңаш кезең. Соншама тырналардың жайбарақат жайылып жүргеніне тамсана қарап, мылтықтың жоқтығына өкінетінін, әйтпесе ана құстардың екі-үшеуін атып алғысы келетінін бірнеше көршілерімнен естідім.
- Неткен сұлу құстар,- деп ұзақ қараушы еді оларға Диана. –Жақындасам үркітіп аламын-ау. Дүрбі әкеліп берші,- дейтін маған. Дүрбі кездестіру көзден ұшқаны қашан. Адамдар күнделікті тамағын әрең тауып, шықпа жаным, шықпамен әрең күнелтіп жүрген кез.
Екі тәулік өткен еді. Үшінші күні түнде тырналар үйірі түнеген жақтан шаңқ-шаңқ атылған мылтық даусы естілді. Түнгі аспан улап-шулаған тырналар қиқуына толы. Аракідік зарлана сұңқылдаған жалғыз жарымның үні естіледі. "Қолың сынғыр-ай, қалайша қолы барды екен сондай құстарды атуға?! Қырғын салды-ау, қырып салды-ау, бейшараларды",- деді Диана. Тырналар қиқуы біраздан соң бәсеңдеп барып, естілмей қалды. Сол түні Диананың жүрегі ауырып, екі рет "Жедел жәрдем" шақыруға мәжбүр болдым.
Ертеңіне кешқұрым жұмыстан келсем Диана алдымнан шығып:
- Тырна ұстап алдым. Біздің бақшаның ішінде жүр екен. Екі оқ тиіпті бір кездегі маған ұқсап. Мені де атқан біреулер,- деп сол жақ қолы шынтағының асты мен санындағы шорланып біткен тыртықтарды көрсетті.
- Кім атты?
- Кейін айтам. Әуелі тырна жазылсыншы.
Тырнасы орнынан әзер тұрып, бір жағына қисайып екі-үш адым аттайды да, құлайды. Оң қанаты мен оң аяғына бытыра тиген-ау шамасы. Жарақаттарын Диана дәкемен таңып тастапты. Ит-құс тимесін деп тор құрып, соның ішінде бағуға тура келді. Біраз күннен соң бір аяғын сылтып басып жүретін тырнаны көршілердің жерімен шекарасы тормен қоршалып бөлінген бақшамыздың ішіне жайып алатынбыз. Ұшып кетеді деп қорықпаймыз, себебі әлі жаралы қанатын жөнді көтере алмайды.
Сиыры мен танасына, иті мен мысығына, шошқасы мен торайларына адамның аттарын қойып шақыратын көрші орыс апайымыз тырнамызға да "Журик" деген ат таққан. Журиктің Дианаға үйірсектігі сонша тордан шығарып қоя берсек соңынан қалмайтын. Диана балаша қуанып, магнитофонды қосып, оның жанында түрлі қимылдар жасап, қолдарын бір көтеріп, бір түсіріп, етегінің бірде-бір шетін, бірде екінші шетін көтеріп, жер тепкілеп, шыр көбелек айналып билейтін. Күндердің күнінде Дианаға қосылып Журик те билей бастады. Әуен ырғағымен қанатын алма кезек көтеріп-түсіріп, мойнын бұлғақтатып, аяқтарымен "жер тепкілеп" мәз. Бүткіл денесін дірілдетіп, қанатының ұшымен жер сызып шыр айналатынын қайтерсің. Би біткен заматта мойнын созып, аузын ашқан күйі Диананың алдына барып "қру" деп үн шығарып, биікке секіреді. Диана оған пісірілген жұмыртқа, қант қосылған түрлі ботқалар береді.
Тырнаның билегенін алғаш көргенде жағамды ұстағанмын. Кейін көзім үйренді.
"Билегенін көршілер көрмесінші, көзі өтіп кетпесінші" дейтін Диана. Тырнаның мойнына тұмар іліп қойыпты бірде.
- Жапондарда тырна қызға айналып, өзі жақсы көретін жітігіне тұрмысқа шығып алады деген аңыз бар екен,-деді Диана бір күні.
- Оны қайдан естідің?
- Менімен қызметтес келіншек қалаға барғанда "Тырна ұлпалары" деген жапон драматургі Дзиундзу Киноситоның спектаклін көріпті. Өте қызық, аянышты дейді.
- Журик мекиен емес, қораз ғой. Байқа әкетіп қалмасын,-деп әзілдегенмін.
Күзде тырналар қайтқанда олардың қиқуын естіген тор ішіндегі Журик "қиқ-қиқ" деп, қанаттарын сілкілеп, серпіп, оңтүстікке қарай ұмтыла береді. Қоя бергіміз келіп еді. Қайтқан тырналарға ілесе алмай бір жерге қонып, әлдекімдерге жем болар деген оймен көпке дейін оны тордан шығармадық. Ұшуын тексеру үшін бір күні аяғына ұзын жіп байлап, бір ұшын өзім ұстап тұрып қоя беріп едім, кәдімгі сау тырналардай ұшты.
Бірнеше көршілерім, достарым тырна қуырдағын қашан жейтінін сұрап қоймайтын. Ертең, бірсігүні деп алдартқанмен мақсатымыз – Журикті үйіріне қосу еді.
Тырналар легі қиқулап, бірінен соң бірі ұшып жатқан күн. Журик тыпырлап, жұлқынумен әлек. Қанатын сермеп көтеріліп, басын торға ұрады кейде. Бір кезде бір үйір тырна біздің үйдің төбесінен тым төмен ұшты. Диана Журикті тордан шығарып:
- Жолың болсын, ендігәрі адамның қолына түспе,-деп басынан сипап, сүйіп қоя берді.
Журик ұшып барып, үйірге жетсе де арасына кірікпей қайтып келіп тыраулап бақшаның үстін айналып ұшып жүрді. Мына тырнаның бізді қимағанын сезгендей тізілмей, топтана ұшқан тырналар осы маңды айналсоқтай қалықтауда. Бірнеше рет тыраулаған Журик үшінші рет биіктеп барып тырналар легіне сіңісіп кетті. Тыраулаған үйір біраздан соң көп ноқатқа айналып суға шашқан бір уыс қиыршық тастай көкжиекке сіңіп ғайып болды. Үлкен бір іс тындырғандай мен ауыр күрсіндім. Диана көзіне жас алды.
Келесі жылдың наурыз айы-тын.
- Нәуірзек кеп қапты ғой,-деді Диана, кішкене көк құсты нұсқап,-біздің Журикте қайтарында үйге бір соғып кетер.
- Қазір ерте көктем ғой. Оған дейін қайда-а, әлі. Бір айдай уақыт бар,-дегенмін.
Сол күні түнде түс көрдім. Журик пен Диана әдемі бір әуен ырғағымен билеп жүр. Мойнын созып, аузын ашқан күйі Журик би арасында Диананың бетіне қарай секіріп қояды. Диана кенет кішірейіп құдды екі-үш жасар қыздың бойындай титімдей бола қалды. Мен бұған таңданып тұрғанда, ол атқа қонғандай тырнаның қос қанатының ортасына қонжиып отыра қалып, ердің басын ұстағандай мойнынан қос қолдап, қатып қалғаны сол, тырна көтеріліп, қалықтап ұшып көрінбей кетті. "Жақсы түс көрсең де, жаман түс көрсең қайыр-садақа бер" дегенді естігенім бар. Түсімді ешкімге жорытпадым. Дианаға да тіс жармадым. Бірақ қайыр-садақа бердім. Тауықтар мен кептерлеріміз жоғалған сол күндері. Ұрланған шығар. "Келетін бәлекет сонымен кетсін" дедік. Көп кешікпей тырналар қайтқан шақта Диана жоғалып кетті. Бір тірліктерімен қалаға кеткен еді, қайтып оралмады. Полицияға да хабарладым. Қалалық, аудандық ауруханаларды, олардың мәйітханаларын түгел тінтіп шықтым. Табылмады. Сонда ғой әлгі балгерлерге барып жүргенім. Әрқайсысы әрдемені бір айтты. Кейбірі қайдағы жоқты былапыттады.
- Тек бірі ғана: "әйеліңді тырналар аспанға алып кетті, күтпей-ақ қой". Үйіңде басқа да құстар бар екен. Олар мұны алдын ала біліп, үйіңді тастап кетіп қалған,-дегенде төбеме жай түскендей, есімнен тана жаздап отырып қалдым. Журик хақында әңгімелеп бердім. Жапон аңызын да жасырған жоқпын.
- Сенің келіншегің әуелбаста тырнадан қызға айналған әйел баласы еді. Адамдар арасындағы, озбырлық, алдау-арбау, қаныпезерлікті көріп, көңілі қалып қайтадан тырнаға айналып ұшып кетті.
Өзіңіз айтқандай долбар ғой бұл. Бірінші космонавт Юрий Гагарин ұшақ апатынан қайтыс болды емес пе. Оны әйгілі болгар көріпкелі Ванга: Аспанға алып кетті,-деп айтқанын оқығанмын. Соған ұқсас сенгің келмейтін ертегі сияқты нәрсе.
Бұл қайғы маған көп туындылар жаздырды. Тіпті жазушы ретінде қалыптасуыма көп септігін тигізді. Жапондар қызға айналып, жігітке тұрмысқа шығатын тырна хақында аңыз айтса, мен керісінше тырнаға айналып ұшып кеткен келіншек жайлы ертегі жаздым.
Диананы жоғалтқандағы жалғыздығым, ауыр көңіл күй психологиясын тереңдету, жалғыз өзім бір үйде, олардың биін елестетіп, жылайды жазады сублимация.
Міне, менің жазушылыққа бой ұруыма еткен әсерлер осындай.
- Ауыр оқиға екен. Одан кейін қайта үйленген шығарсыз?
- Иә. Ол да бір хикаят.
Біздің тұратын уақыт таяп қалды. Оны және бірде айтармын.
- Мен мысықты көрейінші...
- Бірге көрейік.
Екеулеп "кіс-кіс" деп шақырып еді мысық бөксесін сүйретіп, қолжуғыштың астынан шықты. Қыз оның басын, арқасын сипады.
- Қараңыз!- деді ол таңданып.- Мынау менің Әзиза апамның мысығы. Оң көзінің астында сүйелі бар. Мен алғаш көргенде кене екен деп ойлағанмын. Апайым дүние салған соң бұл қараусыз қалған. Міне сүйелі. Дәл соның өзі. Е-е-е, иә, қаңғып осында келген екен ғой.
Тоты Жалғасқа мысықтың адамды емдейтін қасиеті бар екенін, мұнымен Әзиза апасы емделгенін, әрі бұл мысықтың Әзиза апасын газбен уланудан сақтап қалғанын айтып берді.
- Міне шығармаға сюжет. Маған осындай фактілер керек. Мысықтар, олардың емдік және басқа да қасиеттері жайлы әңгімелеп берсеңіз.
- Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Калифорниядағы Дью университетінде доктор Джозеф Вэнс Раин әлемде бірінші рет парапсихологиялық зертхана ұйымдастарған. Сондағы көп жылдық зерттеулердің нәтижесінде мысықтардың болайын деп тұрған оқиғаны алдын ала сезетін, немесе болған нәрсені алыста тұрып-ақ білетін көріпкелдік қасиеті бар екеніне көзі жеткен. Оған мысалдар мына күнделікті өмірде жеткілікті. Айталық біреу жолға шығайын деп тұрғанда мысығы әлгінің балағынан тістеп тартқылап, бұрын істемеген өрескел мінез көрсеткен. Мысықтың "барма" дегенін түсінбеген егесі жолай машина апатына ұшыраған. Біреу қызметте жүргенде құлап белін қатты ауыртып алған. Үйіне келгенде мысығы оның беліне шығып, тәулік бойы түспей жатып алып, ауруды қойдырған. Көршіңіз жолсапарға кеткенде оның мысығы қараптан-қарап тынышсыздана берсе, әлгі адамның хабарын біліңіз. Бір жайсыздыққа ұрынуы мүмкін. Бейтаныс жерден өтіп бара жатқанда ілесіп келе жатқан мысығыңыз себепсізден себепсіз сес көрсетіп, пысылдап, айбат шексе ол жерді айналып өтіңіз. Мысықтар адамның көңіл-күйін де жақсы біледі. Ашуланып тұрсаңыз, еркелеп, пырылдап сүйкеніп, сабырға түсіруге тырысады. Әсіресе, олар адамның ауырған жерін табуға сезімтал әрі тезірек көмек көрсетуге құмар. Мысықтың емдік қасиетін пайдалануды фелинотерапия деп атайды.
Бірақ, орта ғасырларда Еуропа елдерінде жәй жүрген жұрттан, қараптан-қарап бара жатқан қарапайым халықтан тырнақ астынан кір тапқысы келгендей. Мыстандар мен қарадуа жасайтындарды іздеу науқаны басталған-ды. 1484 жылы Рим папасы Иннокентий ҮІІІ "қара мысық албасты, шайтандармен сыбайлас жолға түсті, енді солардың бейнесіне еніп, адамзатқа кесірін келтіріп, әлемді бүлдіруде" деп арнайы жариялаған соң қара мысықтардың басына қаралы күн туып, отқа өртеніп, дарға асылып, суға батырылып, тұқымы тіптен жойылып кетуге шақ қалды.
Содан бері Еуропа жұрты әлі күнге дейін қара мысықтан зәре-құты қалмай қорқатын болды. Қара мысықтың кездескені, жолдың кесіп өткені кесірге ұрындыратын жаман ырым ретінде бертін келе ресейліктердің, тіпті қазақстандықтардың да пиғыл-пікіріне сіңді.
Ал Англияда қара мысыққа кереғар пиғыл бар. Қара мысық "табыс, байлық көзі" деп түсінеді. Ағылшын теңізшілері "алапат апаттан сақтайды" деген сеніммен кемеде қара мысық асырағанды жақсы көреді. Олар қара киім, қара түс жағымсыз энергияны өзіне жұтып алып, адамды тіл-көзден, ауру-сырқаудан сақтайды деп ұғады. Бұл күндері Англияда мысықтар дәріханаларда сатылады.
Шамамен перғауындар билік құрған заманда болса керек. Египетті тышқан қаптап кетіп, қамба-қоймаларға тесіп кіріп, астықтарды құрта бастаған. Сол кезде қайдан келгені белгісіз мысықтар пайда болып, тышқан біткеннің көзін жойып, елді ашаршылықтан аман сақтап қалған деген аңыз бар.
Көне Египет елі мысықбасты Құдай ана – Бастқа табынған. Күн құдайы Ра са- Ұлы Мысық аталған. Яғни, қаракүш иесі Апол атты жыланмен айқасқа түсу үшін мысыққа айналып кеткен. Мысыққа арнап арнайы храмдар соққан. Мысықты жоғалту үлкен қайғы-қасірет саналған. Мысықты абайсызда өлтірген адам өлім жазасына кесілген. Өлген мысықты жылап-сықтап, арнайы қабірлерге көмген.
"Мысықты өлтірсе көп кесапат келеді. Дүниеде мысықтың қарғысынан асқан жаман қарғыс жоқ" деген сөз біздің қазақта да бар.
Мысықтардың қарғысы ұрған шығар, орта ғасырдағы Еуропада атжалмандар қатты көбейіп кетіп, оба ауруын таратып, бұл құрлықтың халқы қынадай қырылған.
Мұхаммед пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) Муйза атты аппақ қардай мысығы болыпты. Ол кісі бір күні ұйқыдан оянса үстіне жамылған шапанының жеңінде мысығы ұйықтап жатыр екен. Алланың расулы мысықты оятпас үшін үстіне жамылып жүрген жалғыз шапанының жеңін қырқып тастап кетіпті.
Бір жолы пайғамбарымыз өзін жыланнан қорғап қалған мысықтың арқасын сипаған екен, содан бері мысықтарды қандай биіктіктен, қалай тастасаң да жерге басқа жерімен ұрынбай, тек аяғымен ғана дік етіп, түсетін көрінеді. Әрі көзінен құлағына қарай тартылған жолақ Пайғамбар есімінің бастапқы М әрпі делінеді.
Мысықтың мияулағанының өзі ультрадыбысты терапия, яғни түрлі ауруларға ем екені белгілі. Мысық жағымсыз энергиямен қоректенеді. Мысық жатқан жерге жатуға болмайды. Сондықтан да орыстар жаңа үйге мысықты кіргізіп, жағымсыз энергия шығаратын жерлерді анықтап алады.
Әдетте жердің шамамен әрбір екі шаршы метрінде аумағы қос алақандай, кейде одан үлкен, кейде одан кіші жағымсыз энергия шығарып тұратын жайлар болатыны ғылымға белгілі. Ондай жайларды геопатогенді зоналар дейді. Ондай жерлерге төсек салып жатуға, немесе күнұзақ отыруға болмайды. Ал компьютер, теледидар, тоңазықыш, кір жуғыш машина сияқты бұйымдар электромагнитті жағымсыз энергия бөледі. Бұларды технопатогенді, яғни адам жанына отырса немесе жатса, ауру туғызатын техникалық заттар деп түсінуіміз керек. Мысықтар осылардың үстіне шығып жатқанды ұнатады.
Зерттеулерге қарағанда мысық асыраған адамдар басқаларға қарағанда ұзағырақ өмір сүретін көрінеді. Сондай-ақ жүрек, қан тамырлары ауруларына үш есе аз шалдығады. Қылтамақ кеселіне ұшырауы 30 пайызға төмендейді. Маскүнемдерге мысық ұстатса, 15-20 минуттан соң араққа тәбеті тартпай қалады.
Адамның қай мүшесі ауырса, мысық сол жерге жатып емдейді.
Алайда мына нәрсені есте ұстаған жөн. Мысықтың өзі ынта білдірмесе, емдеуге дайын болмаса оны еш уақытта зорлап мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ мысықты шын пейіліңізбен жақсы көруіңіз керек. Өтіріктен адамды жақсы көрген болып, алдауыңыз мүмкін, мысықты алдай алмайсыз. Ол сіздің пиғылыңызды түйсікпен-ақ сезіп қояды.
Өз мысығыңыз болмаса, бөтен мысық Сізді емдемейтінін білген жөн. Сондықтан ауладан ұстап әкелген мысық немесе көршіңіздің мысығын емдеуге пайдаланамын деп құр әурешілікке түспеңіз.
Мысықтың сенімді досы болған атақты жазушылар көп. Эрнест Хэменгуейдің 30 мысығы, Марк Твеннің 10 мысығы болған. Соңғы кезде мысықтарды зерттеген кітаптар көптеп шығарылуда.
Бізде мысықтың емдік қасиеті бар екенін жәй адамдар түгілі дәрігерлер де білмейді. Ал Англияда мысықтар дәріханаларда сатылады.
Мен күнде таңертең үйден шығар алдында мысығымды тамақтандырамын. Есікпе-есік қатар тұратын көрші пәтердегілер мысығын күндіз үйінде ұстап, түнде далаға қуып жібереді. Оларға да тамақ алып шығып беремін, қысқасы, мысықтардың "батасын алып" болып қана жолға шығамын.
- Мұныңыз қызық екен. Бала кезімізде біздің алыстағы ауылдың дүкеніне ойыншық түспейтін. Осы күнгі балалар теледидардың, компьютердің, қалта телефонының экранына үңіліп отырады ғой. Біздің бала кездің экраны дала, иә, қазағымның кәдімгі кең даласы болатын. Ал ойыншықтарымыз: мысық, күшік, қозы-лақ еді. Қайда барсам да менен бір елі ажырамайтын ала мысығым тас қараңғы түннің өзінде іздеп тауып, менің көрпеме кіріп, қойнымда жататын.
- Қытайда әлі еңбектемейтін, енді ғана өздігінен отыра бастаған сәбидің алдына: кітап, қалам, тарақ, қайшы, табақ, тағы басқа заттар қояды екен. Бала қайшыны ұстаса, өскенде тігінші, тарақты ұстаса –шаштараз, кітапты ұстаса – оқымысты, табақты ұстаса – аспаз болады деп болжап, есейгенде сол мамандықты игеруіне мүмкіндік туғызады-мыс дегенді бір газеттен оқығаным бар. Соған ұқсап үйіңізде көп мейман отырғанда, мысығыңыз қайсысына келіп бірінші сүйкенсе, немесе аяғына оралса, ең жақсы адам сол деп түсініңіз. Осындай да қасиет бар.
- "Адамдарды бейнелегің келсе, әуелі мысықтардың мінезін зертте",- дейді Олдос Хаксли. Демек мысықтар жайлы көп білгеніңіз психолог-психотерапевт сізге өте пайдалы болса керек.
- Мүмкін. Мен бұны алып кетемін. Әуелі бөксесін рентгенге түсіремін. Сосын мал дәрігерге көрсетемін. Ішек-құрттарынан тазалайтын дәрілер беру де қажет шығар.
- Үйіңіздегі мысығыңыз талап тастамай ма?
- Мұны ипотекаға алған үйімде ұстаймын. Бірін-біріне үйреткенше сонда бағамын.
"Мысықты қаншалықты жақсы түсінген адамның мәдениеттілігі де соншалықты жақсы",- кімнің сөзі еді? Орысшасы: "Человек цивилизован в той степени, в какой он понимает кошку". Есіме түсті. Джордж Бернард Шоудікі. Сонда мына қыз шынымен-ақ сол Шоу айтқандай ма?- деп ойлаған жазушы:
- Енді мысықтың хал-ахуалын сізден сұрайтын болдық қой,- деді.
- Иә, сөйтесіз. Көріскенше күн жақсы.
Қыздың қолындағы целофан қапшықта мысық тыпыршып, мияулап бара жатты.
Жазушы біраз уақытқа дейін мына кафеге түстенуге келмеді. "Неге өйтті екен? " Бір себебі бар ғой. Өзі, отбасы аман-есен жүрсе игі еді деп ойлайтын қыз оның қайсы үйде жөндеу жүргізіп жатқанын, қалта телефонының нөмірін біліп алмағанына өкінді. Бүгін есептесе мұнда келіп, жалғыз өзі тамақтанып жүргеніне жарты айдан асыпты. Ешкімі де емес. Небәрі жәй танысы ғана. Бірер сағат ермектесіп, әңгімелесуге жақсы серік еді. Жасы да үлкен, үйлі-баранды адам десе де, іші іздейтін, сол кісінің жоқтығы жан дүниесінде бірдеме жетпей тұратындай әсер ететінін де аңдайды.
Бүгін де бір өзі баяғыдай, Жалғаспен таныспаған, мысықты кездестірмеген кездегідей жалғыз отырған. Қасына шынашақтай жіп-жіңішке, жап-жас қыз келіп, шаншып қойған шыбықтай тіп-тік тұрып сөйледі.
- Сіз Тоты апай емессіз бе?
- Иә.
- Сәлеметпісіз? Ағайымыз сізге хат беріп жіберген еді,- деп, конверт ұсынды.
"Тоты қызға сәлем.
Хабарласапағаныма кешіріңіз. Мен ауыр халде ауруханаға түсіп, көп күндер бойы әл үстінде жаттым. Әлденеше рет "ана жаққа" барып келдім-ау. Қазір құдайға шүкір, кеселдің беті қайтып, ахуалым сәл-пәл түзелді. Сізбен әлі де талай кездесіп, әңгіме-дүкен құратынымызға сенімім молайған, үмітім оянған сияқты. Сіздіңше айтқанда: "Көріскенше, күн жақсы".
Ізгі тілекпен Ж.Ж."
- Сен бұл кісінің кімі боласың?
- Шәкіртімін.
- Қандай шәкіртісің? Ол кісі мұғалім емес қой. Мынаны өзі жазды ма?
- Өзі айтып тұрды, хатты мен жаздым. Жалғас ағай аудандық "Шабыт" атты әдеби-шығармашылық бірлестіктің төрағасы. Бізді шығармашылыққа үйретеді.
- Сен не жазасың?
- Өлең.
- Жақсы екен. Ағайың қайсы ауруханада, қандай бөлімшеде, нешінші палатада жатыр?
- Өзіміздің аудандық аурухананың ота бөлімінде, алтыншы палатада.
- Рахмет. Сау бол!
Бесінде жұмысын тәмамдаған Тоты аудан орталығы Ақсуға таксимен тартқан еді. Дәл "тыныштық сағаты" біткен уақытта жетті. Ота бөліміне кіргенде дәлізде тәлтіректеп, аяқтарын сүйретіңкіреп басып келе жатқан Жалғасқа қарсы жолықты. Алақандары күректей, екі иығына екі кісі отыратындай кешегі құрылыстың қара жұмысшысының жағы суалып, көзі шүңірейіп, иықтары қушиып, шидей боп қалған адам шошырлықтай азғын түрін көріп, қыз еріксіз көзіне жас алды.
- Ана-на-ау, алтыншы палатада отыра тұрыңыз. Қазір келем,- деген Жалғас "М" әрпі жазылған есікке енді. Даусы да қарлығыңқы, үні тым баяу.
- Кімге келдіңіз?-деді ақ халатты әдеміше қыз, палатаның есігі алдында тұрған Тотыға.
- Жанғабыловқа.
- Жазушыға ма? Орнында жоқ қой. Ол кісі алысқа жүре алмайды. Анда, холда орындық бар, сонда күтіңіз. Жүріңіз. Өте қиналып келіп еді, кетіп қалады ма деп едік, көретін күні бар екен, әйтеуір. Қазір дұрыс. Міне осында күтіңіз. Кімі боласыз?
- Жәй танысымын.
- Шығармаларын оқып па едіңіз?
- Иә.
- Керемет қой, ә! Қайдағыны тауып жазады. Ол кісінің талантына табынушы жалғыз менмін десем, көп екен. Жалғас аға мұнда түскен алғашқы күндері адамдар дүмеп келіп-кетіп жатты. Түрін көріп түңілген шығар, бәрі көзін бұлап, қайтумен болды, тіпті бір келіншек бақырып қоя берді. Өзінің әйелі ме десек, талантына табынушының бірі екен.
- Қай жері ауырған сонда?
- Көп қой. Ауру тарихындағы дәрігерлер жазған диагнозының өзі бір құлаш. Кетіп қала ма деп едік, көретін күні бар екен, әйтеуір қазір дұрыс.
Алтыншы палатада алты адам жатады екен. Жалғас кіріп кереуетіне жайғасты. Тоты орындық қойып, қасына отырды.
- Сонша жерден келіп, әуре болмасын деп әдейіге жатқан жерімді көрсетпеп едім хатымда,-деді Жалғас амандық-есендіктен соң.
- Оқасы жоқ. Небәрі бір сағаттық жол ғой. "Аурудың емі саудың сәлемі".
- Ол рас. Сізді көргенім ерекше әсер етті маған. Қазірдің өзінде жазылып қалғандаймын.
- Онда күнде келіп тұрудан жалықпаймын мен.
- Мыналардың мазасын алмайық,-деді Жалғас басқа кереуеттерде жатқандарға қарап, - аула сыртында кафе бар. Соның талдардың көлеңкесіне қойылған үстеліне жайғасып, кәдімгі өзіміз түстенетін кафедегідей әңгімелесейікші.
- Жүріңіз. Қиналмайсыз ба? – Тоты жазушыны қолтығынан демеп тұрғызып, қолының қарынан ұстап жетелеп жүрді.
- Мұнда мысық жоқ, бірақ,-деді Жалғас көлңкедегі орындыққа отырған соң күліп, келесі келгеніңізше бірін алдырып қоямын. "Сабыр түбі - сары алтын".
- Келесіде мұнда емес, қаладағы кафеде отырайық. Мысығыңыз ойнап жүр біздің үйде.
- Әзілім ғой. Мысық ойнап жүрсе жақсы екен. Енді кеселімнің басталғанын тыңдаңыз.
Әуелі ішім жүрмей, түйнеп, шыдатпай қатты ауырды. Оны тазаламақ болып дәрігерлердің тік ішекке тыққан пластмаса түтігі екі еліден әрі бармай, жіберген су кері ақты. Ішімді ұстап, сыйпалап, дүңкілдетіп шертіп көрген дәрігерлер: "Ішек түйілмеген", "соқыр ішек емес" деп ауырғанды басатын: баралгин мен ношпаны бөксеге салуды медбикеге тапсырды. Бұлардың күші алғашқыда екі-үш сағатқа ауруды толастатушы еді, кейінірек жарты сағатқа ғана жетті. Одан соң баяғы ойбай мен байбай. Осылай аһылап-үһлеп, күндіз-түні бір сәт көз ілмей, жанымды қоярға жер таппай үш тәулікті әзер өткізгенімде, сол жақтағы енім кернеп ауыра бастады. Бақсам жұдырықтай болып ісіп кетіпті. Мұны көрген дәрігерлер қалаға, қатерлі ісіктерді емдейтін ауруханаға жұмсады. Ондағылар ішкі ағзалардың бәрін ультрадыбыспен тексеріп, өкпені рентгенге салып, қанды зерттеп, ештеме таппады. Тоқ ішекті басында шамы бар түтікпен қарап, қатпаршақтары қалыңдап, қатты қабынып кеткенін, еннің ісуі осыған байланысты екенін, қатерлі ісіктен амандығымды айтып, аудандық ауруханаға жатып емделуге кеңес берді.
Онкологиялық аурухананың тексеру қорытындысы қолыма тигенше төрт тәулік өткен еді. Нәр татпағаныма, неше түрлі дәрілерді ішсем де ұйқы бетін көрмегеніме аптадан асыпты. Сол жақ бөксем ауыратынды шығарды соңғы күндері. Баралгин бе, но-шпа ма жіберілген иненің орнына тауықтың жұмыртқасындай түйін пайда болыпты. "Жығылғанға жұдырық" деп енді бұны уәйімдей бастағанымда ықылық ату қосылды. Ықылық атқандарды талай рет көргенмін. Ары кетсе бірер сағатта тоқтайтын. Менікі керісінше сағат сайын үдей түсті. Ақыр соңында ұзақ, толассыз, үсті-үстіне тиген ықылықтан бірер сәт тынысым тоқтап қалып, бірәз уақыттан соң қиқылдап-шиқылдап, әзер ауа жұтып, дем алатынмын. Аракідік есімді жоғалтып, әдемені бір сандырақтайтын халге де жеттім сол күні.
Шприц те, дәрі де таза ғой. Бұл қалай пайда болғанын түсінбеймін,-деді медбике бөкседегі түйінді ұстап көріп,-ауруханаға жатқызу керек. Ағаның халі күннен күнге ауырлап, әрі қарап барады. Қаланың дәрігерлері де соны айтыпты ғой.
Қысқасы есім кіресілі-шығасылы жатып, біреулердің мені зембілмен машинадан түсіріп, көтеріп алып бара жатқанын, ақ халатты адамдар бірінен соң бірі көріп, неше түрлі аппаратқа салып тексергенін еміс-еміс білемін.
- Қан қысымы, жүректің соғуы жаман емес. Өкпесі таза. Бар пәлекет мына бөкседегі түйінде, ісінген енде. Содан соң іште. Іштің жүрмей, ішек-қарынның кері толқуынан болса керек, ықылық атуы адам шошырлық екен. Тіпті тынысын тоқтатып, дем алдырмай қоюда,-деді әйел даусы.
- Сонымен не дейсіз?-деді ер адамның даусы.
- Меніңше біздердікінен гөрі сендер емдейтін аурулар басым бұл кісіде.
Өздеріңе алыңдар. Қажет болса, біз қалаған уақытта барып көруге дайынбыз.
- Терапевты отказываются. Оформляйте к нам в хирургию,- деді әлгі еркектің даусы.
Қиқылдап-шиқылдап, ықылық атып, соңында тыныс, бітіп қиналғанымды білемін. Содан соң...,- Жалғас көзіне жас алып, бет орамалымен құрғатты,- содан соң мені біреу құдды шампанның тығынындай тарс еткізіп жоғарыға атып жіберді. Төбедегі шамның түбінде тербетіле қалқып тұрып, төмендегі дәрігерлердің абыр-сабыры шығып, кушетка үстінде жатқан менің аузыма оттегі үрлейтін аппараттың қалпақшасын тосқанын, қолдан тыныс алдырғанын, жүрек тұсыма ине сұғып, дәрі жібергенін, тағы басқа қимыл-қозғалыстарын айдан-анық көріп, бақыладым. Одан соң жер бетіндегіден басқаша бір төрт қабырғасы да аппақ, сусылдаған сынап түсті арғы шеті көрінбейтін дәліздің бойымен құдды салмақсыздық жағдайындағы ғарышкердей қалқып, зымырап бердім. Алдымнан Журиктің арқасына отырып ұшып келе жатқан кішкене сәбидей ғана Диана кезігіп: "отыр мында, арқама",- дейді. Менің тұрқым да соншалықты кішкентай екеніне таң қалып, тырнаға Дианамен бірге мінгесіп отырып, айтып жеткізгісіз ерекше бір күй кешіп, ұшып кете бардым.
- Сен қайда жүрсің? Жер шарынан іздеп таппадым,- деймін.
- Біз үнемі осылай ұшып жүреміз,- дейді Диана.
- Журик жерге қонсыншы. Сөйлесейікте.
Диана Журиктің құлағына сыбырлады. Ол төмендей ұшып, бір әдемі көлдің жағасына қонды. Көлдің түсі де құдды бір сынап дерсің, жылтырағанда көз қарықтырады.
- Билеңдерші, билеріңді сағындым,- деймін. Сол сәтте ғұмырымда естімеген ғажайып бір әуен ойнап, Диана етегін желпілдетіп, Журик шыр көбелек айналып, қанаттарының ұшымен кезек-кезек шеңбер сызып, жер тепкілеп билесін кеп. Мына екеуіне әуесім келіп, менде қосақтаса билей бастағанда сақалы да, шашы да, киімі де күміс түсті шал келіп:
- Барыңдар өз жайларыңа- деп ана екеуін қуып жіберді.
- Сен не қып жүрсің?! Мұнда саған орын жоқ!- деді.
Шалдың киімі мен өңін көз шағылыстырған сынаптай жалбыраған түрінен аңдай алмадым.
- Қайт! Қайт! Қайт!- адам үнінен басқаша, айрықша дауыспен айтты.
Көзімді ашқанда тамырға қадалған инемен жалғасқан түтікпен биікте шыны құтыдан мөлдір тамшылар баяу тамып тұр екен. Кейіннен қандай дәрігердің қалай қимылдағанын, кімнің не істегенін айтып бергенімде, "Құдды теледидардан көріп тұрғандай айнақатесіз рас",- деп дәрігерлер таң қалды.
- Әуелі тынысыңыз, содан соң жүрегіңіз тоқтап қалды. Клиникалық өлімді бастан кештіңіз. Ондай сәтте кейбіреулерде әлгіндей көріпкелдік қасиет пайда болатыны бізге бұрыннан белгілі. Парамедициналық тілімен айтқанда жан тәннен ұшып шығып кетіп, бәрін бақылап тұрады,- деді бөлім меңгерушісі.
- Дәрігерлер екі күннен соң бөксемдегі түйінді пышақ тығып жарды. Ауырғанның көкесін көрсем де тістеніп, әзер шыдап жаттым.
- Ірің көп екен. Тампон..., және тампон...,- деген сөздерді құлағым шалады. Арбаға салып сүйретіп апарып орныма жатқызды бір кезде. Медбикелер сау бөксеме қайта-қайта ине сұғып дәрі жібереді. "Бұл да іріңдеп кетпесе жарар еді" деймін іштей.
Ішім өздігінен жүрді бір күні, ертеңіне ықылық атқаным басылып, сол сәтте әуелі Аллаға, содан соң мені емдеген дәрігерлерге мың рахмет айттым. Енге "Вишневскийдікі" деп сасық май таңды. Осыны жаға берсе үш айда жазылады екен. "Бұған пышақ тигізудің қажеті жоқ" дейді. Ал ішегім Мен күнде таңертең үйден шығар алдында мысығымды тамақтандырамын. Есікпе-есік қатар тұратын көрші пәтердегілер мысығын күндіз үйінде ұстап, түнде далаға қуып жібереді. Оларға да тамақ алып шығып беремін, қысқасы, мысықтардың е алое сөлі қосылған "қызыл май" жібереді. Соңғы кезде тобықтарым, тізелерім, қолымның саусақтарының буындары бірі қайтса, бірі ісіп ауыратын боп жүр. Терапевт көріп ревматизм деп қосымша дәрілер жазды. "Жұт жеті ағайынды" деген осы шығар, Тоты қыз. Дәрісіз ұйықтайтын болдым соңғы күндері. Там-тұмдап тамақ та іше бастадым. Бұған да шүкір.
- Қиын болған екен. Тәніңіздің аурумен күресе білу қабілеті күрт төмендеп кеткен. Мұны медицинада иммунитеттің құлдырауы дейді. Біздің денемізге күніне пәленбай түрлі ауру тудыратын микробтар, вирустар, паразиттер түседі. Бірақ біз ауырмаймыз. Неге? Себебі біздің денемізде қорғаныс мехнизмдері көп. Көздің жасы, ауыздағы түкірік, асқазан сөлі, қандағы түйіршіктер, тағысын-тағылар. Қорыта айтқанда, аурумен арпалысатын миллиондаған "әскерлер" бар. Сырттан жұғатын ауруларды айтпағанда 35-40 жастан асқаннан кейін денеміздің ана жерінде бір, мына жерінде бір обыр яки ісік тудыратын жасушалар оқта-текте пайда болып көбейе бастайды.
- Құдай сақтасын. Кәдімгі рактың клеткалары ма?
- Иә, қатерлі ісіктің клеткалары. Бірақ біздің "әскерлеріміз" сол заматта-ақ оларға "соғыс ашып" жойып жібереді. "Әскерлеріміз" әлсірегенде ғана сырттан келген немесе іште пайда болған аурулармен күресуге шамамыз жетпей, ауырамыз.
- Менің "әскерлерім" әбден әлсіреп, титықтап біткендіктен екен ғой осыншама қатты ауыруым. Күні кеше ғана ауыр жұмысты ойнап жүріп атқаратын жұмысшы едім...Неге сонша әлсізденіп, құлдырап кетті менің иммунитетім.
- Оны ойламауға тырысыңыз енді. Осы жағдайға дейін жетіп, жазылғаныңызға шүкіршілік етіңіз. "Ауруым жеңілді. Енді күннен-күнге күш-қуатым артып, энергия жинаудамын. Ісік кішірейіп, кетіп жатыр, жара шорланып бітуде. Күннен-күнге жағдайым жақсарып, барлық аурудың бойымнан аластатудамын. Мен мықтымын. Мен –сап-саумын!" деп өзіңізге өзіңіз айта беріңіз. Тіпті осыдан 10-15 жыл бұрынғы суреттеріңізді алдыртып, күнде әлденеше рет соған қарап, өзіңізді сол кездегідеймін деп көз алдыңызға елестетіп, әлгі сөздерді қайталап айта беріңіз, айта беріңіз. Сонда тез жазыласыз.
Кейін... Сіз әбден айығып, ауруханадан шыққан соң не себептен әлсізденгеніңізді, иммунитетіңіздің соншалықты қатты құлдырағанын анықтайық.
- Иә, сөйтіңізші. Айтып беріңізші бұдан былай құлдыратпауға тырысайын. Бұған да шүкір. Кеңесіңізге рахмет. Өзіңіз айтпақшы, баяғы, күнде барып жүрген кафеде кездесейік келесі жолы. Ә-ә, әлгінде мысық ойнап жүр дедіңіз-ау.
- Мал дәрігеріне көрсетіп, емдетіп алдым. Таралып өсіп қалды.
- Кім көрінгенге телміртпей, түрлі азаптардан құтқарып, дұрыс істедіңіз. Әрі әпкеңіздің мысығы болып шықты.
- Әпкем қойған оның аты Тарғыл еді. Тексеру үшін түкпірдегі бөлмеге тығылып, кісі-кіс деп шақырмай, жәй ғана Тарғыл деп едім, жетіп келді. Демек соның өзі.
- "Дүниеде мысықтың қарғысынан өткен қарғыс жоқ" деп сіз айтып едіңіз ғой. Қарғысы жаманның алғысы жақсы болса керек. Тарғыл сіздің үйге құт-береке алып келсін.
- Рахмет. Айтқаныңыз келсін. Осындай жақсы сөздеріңіз ұнайды маған.
Бөксесі ауырып, буындары сырқыраған Жалғас тақтай орындықта көп отыра алмады. Тоты оны қолының қарынан ұстап, демеп алып келіп, орнына жатқызды, қайыр-қош айтысып шыққан соң бөлімше меңгерушісіне кіріп, өзін таныстырды. Жазушыны екі орындық дұрыстау палатаға жайғастыруын сұрады.
- Ол ойымызда, бірақ еш лажымыз жоқ, үлкен ауруханамыздың іші-сырты түбегейлі жөндеуден өтуде. Мына жай бұрынғы балалар бөлімшесі. Ауырып келгендерді сыйдыра алмай, илаға келгендерін үйінен келіп-кетіп жүріп ем алуға бұйырып жатырмыз. Құдай сәтін салса өзіміздің бөлімше жөнделіп біткенше ол кісі жазылып, үйіне шығып кетеді.
- Соншалықты қатты ауырғанына, жүдеп кеткеніне не себеп болды екен? Қатерлі ісіктен аман ба әйтеуір?
- Қатерлі ісік жоқ. Өзі айтпайды. Меніңше, жазушы ағамыз ауыр стресс өткерген. Әлденеше рет өзіне өзі қол жұмсағысы келген. Алғаш ауырған күндері бірер сәт есінен адасып, қора-қопсының бір жеріне жіптен тұзақ жасап іліп қояды екен. Есі кіргенде әлгі тұзақты көріп, зәре-құты қалмайтын көрінеді. Себебі тұзақта адамның бас сүйегі ілулі тұрады дейді. Ол ақсиған тістерін сақылдатып: "Кел мұнда! Басыңды тық!"- деп шақырады екен. Осында жатқан соң да әжетханаға кіргенде, тұзаққа ілінген бас сүйекті көргенін, оның шақырғанын айтты. Бұнысы елес әрине. Психиатрға көрсеттік. Соның дәрілерін ішуде. Бірақ ауруының себебін айтпады. Өзіңіз ақырындап сұрап көрсеңіз...
Келгендегіден көп дұрыс қой, жазылып шығатынына кәміл сеніңіз.
Ауруханаға күнаралатып келіп тұратын Тоты бетіне қан жүгіріп, ақырындап өңі кіріп, оңала бастаған Жалғас өзін көргенде жас балаша мәз болып қуанып, қалбалақтап қалатынын байқады. Келген сайын үнемі жақсы сөз айтып жадыратуға, әзіл-қалжың айтып күлдіруге тырысады. Кітапханадан Жалғастың кітаптарын тауып, әңгіме, хикаяттарын оқып ертеңгі тапсырмаға тиянақты дайындалып, енді тақта алдындағы оқушыдай шығармаларын тәптіштеп, талдап, пістедей шағып бергенде автордың аузы ашылып, алақан шәпеттейді. "Біреуге өзіңді жақын тұтқызғың келсе, оның атын атап сөйле, туындыларынан үзінді оқы, ойда жоқта қоңырау шалып туылған күнімен құттықта" деген қағида бар психотерапияда.
- Өзгелер не дейтінін, не ойлайтынын білмеймін, өз басым жазушыларды мына дүниеде жоқ, яки бар болып ертеректе өмірден өтіп кеткен, немесе қасында емес, қашықтықтағы адамдармен тілдесіп, солардың басынан кешкендерін бірге кешіп, қуаныш-қайғысын бөлісіп, мына фәниден басқа, қиял әлемінде ме, рух әлемінде ме жүретін жандар деп түсінуші едім баяғыдан. Маған кәдуілгі өзіміз күнделікті көріп жүрген болмыстан гөрі сол әлем ұнайтын.
Осы жолы мен сол әлемге біржолата кетіп қалдым-ау, сірә. Мына сіздің жаныңызда әңгімелесіп отырған менің жаным яки рухым емес, тек тәнім ғана. Ауруханадан шыққан соң мен екі-үш күнде кезекшілікке түсіп, күнкөріске қаужайтын бірдеме тауып, әлгі бір бөлмелі пәтерімнен шықпай, ешкіммен араласпай, күні-түні тек жазумен әлектеніп, әлгі айтқан әлемімде ғана жүрсем деймін. Әсерлеп айтқанда бір кейіпкері боп ертегінің ішіне еніп кетіп, сонда мәңгілік қалып қойсам ғой шіркін... қалып қойғым келеді.
Ауырардан бұрын компьютер сатып алғанмын, қаладағы үйімде тұр. Әуелі соның тілін үйреніп, жақсы меңгеруім керек.
- Ертегі еліне еніп кетіп, қайтып шықпай қойсаңыз, сізбен қалайша кездесіп тұрамыз?- Тоты күлді,- бәрімізді де күтіп тұрған "ертегі елі"- ана дүние бар емес пе? Оған біржолата тартуға сізге ерте әлі.
- Жә, менікі ол емес, қиял әлемі сияқты ғой. Сізді ұмыту мүмкін емес, тіпті ана дүниеге кетсем де келіп, кездесіп тұрамын.- Әңгіменің төркіні әзілге көше бастаған сыңайлы.
- Тү-ү! Ол дүние туралы айтпаңызшы,- деді Тоты тұнжырап.
- Ақыр жұмысқа жарамаймын енді, жарауым да мүмкін-ау. Бірақ одан кейін қатты шаршап, жазуға отыруға шамам келмес. Тірлікке де өмірге де зауқым жоқ. Ештеме қызықтырмайды. Жазуым жүрсе, қиялымды қағазға түсірсем ғана жұбанатын, сергитін, ширай түсетін секілдімін.
- Көңіліңіз көтеріледі. әлі. Өмірге, тірлікке құлшыныс пайда болады.
- Түсімде ылғи да Диана, Журик үшеуміз сынап көлдің жағасында қыдырамыз. Ол әлемдегі ағаштардың, жапырағы, түсі, гүлдері, шөптері, бәрі-бәрі шай орайтын фольга түстес.
- Мынадай жарқыраған көлді, өсімдіктерді көрмеп едім ғұмырымда,- дедім Дианаға.
- Өзіңе ес білгелі етене таныс жұлдыз түстес қой бәрі. Қарашы аспанға, салыстыршы, жұлдыз түстес, -дейді Диана.
- Сені жоғалтқалы бергі уақытта мен аспанда ай жарқырайтынын, күн күлімдейтінін, жұлдыз жымыңдайтынын, бұлт жүзетінін ұмытқанмын. Аспанда кішкентайы бар, үлкені бар, лек-легімен, топ-тобымен ұшатын құстар ғана бар мен үшін, құстар ғана... Басқа ештеме жоқ. Мені алып кетші өзіңмен бірге.
- Бұл жердің егесі кәрі шал. Қария рұқсат етпейді,- Диана мен Журик лезде ғайып болады. Мен оянып кетемін, ішім әлем-жәлем.
- Бұл депрессия ғой. Қатты қайғыға ұрынып, жүйкесі жұқарған адамның ештемеге көңілінің қошы болмай, үнжырғасы түсіп жүреді. Жаман түстер көреді.
- Оқтын-оқтын өзіме өзім қол жұмсағым келеді. Сонда олар мені өздерінің қатарына қосып алатын шығар. "Сабыр түбі- сары алтын" деп жүремін бірақ.
- Ондай пиғылыңыз бар екенін дәрігеріңіз айтты. Қазір сондай ой басыңызға келеді ме?
- Психиатрдың дәрісін ішкелі бері сиреді.
- Ал тұзақ пен адамның бас сүйегі елестеуі ше?
- Олар көзіме көрінуін қойды.
- Ондай ой-пиғылды санаңыздан шығарып тастаңыз. Үйіңізде ұл-қыздарыңыз, немерелеріңіз күтіп отыр. Жұбайыңыз бар. Оны да Дианадан кем көрмесеңіз керек.
Жалғас ауыр күнәға батқан адамдай басын салбыратып үн-түнсіз қалды.
- Құпия болмаса айтыңызшы, әуелбаста ауруыңызға не себеп болды деп ойлайсыз?
- Дәл қазіргі кезеңде менімен ашық-жарқын әңгімелесетін өзіңізден басқа ешкім жоқ. Сіз маған қатты жаны ашитын, етене жақын жалғыз бір досым іспеттессіз. Ешкімге сырымды сарқа айта алмай дыхат боп жүр едім әлі-әзірше. Сізге шешейін.
- Иә, сөйтіңіз, жеңілденіп қаласыз. "Бір адам білген- құпия, екі адам білген жария" дейді ғой. Мен ешкімге тісімнен шығармаймын.
- Ежелгі Исфиджаб, қазіргі Сайрамда дүниеге келген Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың алғашқы ұстазы Балагардин бап деген ғұлама болған. Кесенесі сол Сайрамда. Шашы, сақал-мұрты аппақ қудай қарияны ел Ақ ата атаған. Ақ ата бір жолы шәкірттеріне:
- Ертең әрқайсысың ешкімге көрсетпей бір тауық сойып алып келіңдер деп тапсырма берген. Ертеңіне барлық шәкірт ұстазының тапсырмасын орындаған да, Қожа Ахмет құр қол келген. Ұстаз мұның мәнісін сұраған.
- Қайтіп тауықты ешкімге көрсетпей сойып әкелемін, құдай көріп тұр емес пе?-деген екен, сол кезде он бір- он екі жастағы бабамыз. Қазақтың: "Құдай сабырлағанды естімей ме?" деген сөзі содан қалса керек.
Диананы жоғалтқан соң бірер жылдан кейін өзіме ұнған бір келіншекке үйленгенмін. Ұсақ-түйек рәсімін өткізіп, енді үлкен тойға дайындалып жүргенде, бір күні терезе алдында жатқан кітапқа көзім түсті. Қазір аты есімде жоқ. Бұрын әлденеше рет оқығанмын. "Аш, ана кітапты!"деп біреу сыбырлағандай болды құлағыма. Қолыма алып парақтай бастаған едім ішінен бір парақ қағаз шықты. Конвертке салып, поштаға тастап үлгермеген жұбайымның құрбысына жазған хаты екен. Бұрынғы күйеуінің, күйеуі емес қой, үйленуге уәде беріп, ерлі-зайыптылардай жүріп-тұрып тастап кеткен жігіті түсіне кіргенін, қайдағы бір жазушысымақтың әйелі екенін, ондай сымақты менсінбейтінін айтыпты.
"Әне, қойныңдағы қатының қандай екенін біл!" деп сыбырлады әлгі дауыс.
Бұған дейін мен әйелімнің біреумен төсектес болғанына мән бермеуші едім. Сол жолы әлдеқандай бір еркектің астында тырдай жалаңаш шешініп, ыңырсып жатқанын көз алдыма елестеттім. Ішім удай ашыды бір сәт. Мен де Дианамен қанша жыл бірге тұрдым ғой. Қойшы соны, деп өзімді жұбатып, бәрін де ұмытуға тырысып бағайын деп түйдім. Хатты жыртпай, кітаптың арасына мұқият салып қойдым. Ләм-им деп сыр бермей іштей тынып жүре бердім.
"Тәні бөтендікі еді, жаны да, пиғыл-пейілі де бөтендігін істеді-ау" деген күдік қалды көкірегімнің бір түкпірінде. Алғашқы мамандығым құрылысшы емес пе; "көрсетейін жазушысымақты, мүмкін мен жайындағы ойы өзгерер деп" ол кезде екінің бірі тұрғыза алмайтын ішінде моншасы, гаражы, газы, суы, туалеті бар екі қабат үй салдым мына қолдарыммен. Дүние- мүлікке толтырдым. Үйдің айналасын саналуан гүлдермен көмкеріп, арша, шие, жаңғақ өсірдім, көздің жауын алатын жүзімнің жауһар моншақтары есік алдындағы аспаларда тізіліп, төбеден төмен қарай төгіліп тұрды.
Үйіміз асфальт төселген үлкен көше мен шағын тастақ көшенің бұрышында еді. Машинамды үлкен ұлыма беріп, өзім жұмысқа автобуспен барып келетінмін. Қақпаларымыз бір-біріне қарсы орналасқан кең көшенің қарсы бетіндегі үйде маскүнем біреу тұратын. Бір күні қызметімнен ертерек қайтып, әлгі шағын көшенің бұрышынан шыға қалып едім, әйелім мен әлгі маскүнем көршім біздің үйдің қақпасын ашып кіріп кетті. Ойымда ештеме жоқ басым, соңдарынан ентелеп мен де ендім. Мені күтпеген мына екеуі бір-бірне қайта-қайта қарап, сасып қалды да, жұбайым жүзім асатын көлденең белдеме темірге алдын ала ілінген менің пальтомды ананың қолына ұстата салды. Анау бір сөз айтпастан апырақтап тұра зытты. Ештеңеге түсінбеген мен аң-таң боп абдырап тұрмын.
- Оны неге бердің?- дедім әлден уақыттан соң өзіме келіп.
- Модадан қалды. Бәрібір кимейсің ғой.
Бұнысы рас. Шамалы ғана киілген әлі де жаңа драп пальто модадан қалған еді.
- Неге маған айтпай арнайы уақыт белгілеп, оны свиданияға шақырып, жасырып бересің? Неге мен бермеймін, немесе баладан беріп жібермейсің?!
- Ту-у, қойшы! Болмайтын нәрсені сөз қылмай, артық затты үйде ұстағым келмейді. Сол үшін бердім.
- Жарайды, қойдым,- дедім. "Сабыр түбі – сары алтын".
Әңгіме осымен біткен. Ол уақиғаны ұмытқалы қашан. Бірер айдан соң алыстағы тау бөктерінде тұратын жиен қыз-әпкемнің қызы тойға шақырыпты. Басымдағы толассыз ойлар төккен нөсердей құйылып, қағазға түсіп жатқанда той- томалаққа бармайтын әдетім бар. Жақсы бір хиқаят жазу үстінде едім. Біздің үйдің маңында тұратын қарындас пен күйеу баланың да тойға шақыру қағазын алғанынан хабардармын. Солармен бірге екеуміздің атымыздан өзі барып келуін өтіндім әйелімнен.
Олар тойға кеткен түні көп еңбектеніп тым кеш жаттым. Қатты ұйықтап жатыр екенмін. Біреудің "Тұр!" деген даусын анық естіп ояндым. Шамды жағып, сағатқа қарасам түнгі екіден асыпты. Аналардың тойдан келетін уақыты болды ғой, кешіккені несі, деп аулаға шыққанымда көше басынан бері қарай келе жатқан жарық көрінді. Машина үйдің тұсына келіп тоқтап, одан әйелім түсті. Бірінші қабаттың жағулы жарығынан оны, қарсы беттегі үйдің қақпасын анық көріп тұрмын. Күйеу баланың "Жигулиі" қашан ұзап кеткенше әйелім бері қараған күйі тікесінен тік тұрды. "Енді не істер екен?" деген оймен қаз қатар тізілген темір шарбақтың саңылауынан үңіліп бақылаудамын. Кенет ол ары қарай кілт бұрылды да, жан-жағына алақ-жұлақ қарап, жылдам басып барып, ана үйдің қақпасының темір есігін тартқылай бастады. Есік ашылмады. Сылдыр –сылдырынан-ақ ішінен ілулі екені белгілі еді.
"Қатыныңның не сітеп жүргенін көрсін деп әдейі ояттым",- деді манағы дауыс сыбырлап. Енді бері бұрылып келгенше қақпаның ілгішін ашып қойдым.
- Иә, біреудің есігін тартқылағаныңа жөн болсын.
- А-а,і-і... Басым айналып қапты.
- Басың айналғаны сонша шамдары жанып, ауласының іші жарқырап тұрған екі қабат үйіңді көрмей, аналардың тұтқасы да жоқ есігінің құлып салатын ілгегінің саусақ сиятындай тесігін мүдірмей таптың,- деп оған "Жигулиден" түскеннен кейінгі, қандай қимыл-қозғалыстар жасағанын бұлжытпай көрсетіп бердім. "Сасқан үйрек артымен сүңгиді" деген. Сол сәтте ол: "сен пәленшемен жүресің, түгеншемен ойнассың" деп шығармаларымды ақысын алып, машинкаға басып беретін және бір мен туралы мақала жазған тілші қыздарды айтып, аузына келгенін былапыттап, бет қаратпай бара жатқан соң бұрылып, түкпірдегі бөлмеге барып жатып қалдым.
Бәрі түсінікті. Осыдан екі жылдан бұрын әлгі көршімнің үйінде қайыненесі тұрушы еді, кісі жолатпайтын қабаған иті бар-тын. Қазір олар жоқ. Қайынене басқа қызының үйінде тұрып жатқанын естігенмін. Иті де көрінбейді. Әйелі, екі баласы жұмыста. Отағасы жұмыссыз. Тиін-тебен тапса ішкілікке жұмсап, үнемі мас боп жүргені. Менің әйелім де түстен кейін қолы бос. Үйде жалғыз өзі қалады. Мұның алдында екі мәрте киген костюмімді, қыстық пиджагімді, қара түсті шалбарымды таппағанмын. Әйелімнен сұрағанымда:
- Білмеймін. Мен сенің киімдеріңе қарауылмын ба?- деп кейіп тастаған.
Әйелім ішімдік ішпейтін. Бірақ меймандар келіп кеткен соң қалған арақ-шараптардың орталана беретінін байқайтынмын. Демек "басын жазып беріп те тұрады.
Ұйқым келмеді. Ашу-ыза кернегені сонша түн ортасында тұрып сарайға барып, балтаны алып келдім. Әйелім астыңғы қабаттағы бір бөлмеде бір өзі ұйықтап жатқан. Баяу басып жанына келдім. Қараңғыда бір жерін басып кетіп оятып алмау үшін мұнда кірерде дәліздің жарығын жағып, есікті ашық қалдырғанмын. Ол пыс-пыс тыныс алып қаннен қаперсіз жатыр.
Бір қиын істі істерде үнемі ойыма: "Сабыр түбі – сары алтын" деген мәтел сап ете қалатын. Бұндай ойдың келуіне бала кезімде оқыған бір ертегінің септігі бар.
Баяғыда бір бай жігіт боп қалған баласына:
- Сен менен қалған байлыққа ие болып, өз күніңді өзің көре аласың ба, жоқ па, өмір сүруге қаншалықты бейім екендігіңді байқайын,- деп жүз қой беріп, базарға жіберіпті.
Баласы базарға келсе біреу ақыл сататынын айтып, жар салып отыр екен. Жігіт жүз қойды бергенде әлгінің сатқан ақылы: "Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу".
Үйіне құр қол келіп, ақыл сатып алдым деп айтқан баласының әлгі сөзіне ренжіген әкесі оған екінші рет жүз қой беріп, базарға жібереді. Бұл жолы да ақыл сатып алдым деп құрқол келген баласының айтқаны: "Сабыр түбі – сары алтын" деген мәтел еді.
Қатты ренжіп, баласының нағыз ақымақ екендігіне анық көзі жеткен бай:
- Сенен ештеме шықпайды екен,- деп баласын үйінен қуып жіберіпті.
Айдала қу медиенде аштан-аш аяғын әнтек-тәнтек әзер басып, қаңғырып, өлуге аз-ақ қалған жігіт күндердің күнінде бір керуенге кезігеді. Керуендегілер жігітті өздерімен бірге ертіп кетеді. Бірнеше аптадан соң аптап ыстық қақтаған, тірі жаны жоқ қу тақыр шөлде ішетін суы таусылып, көліктері де, адамдары да әбден шөліркеп, қатты қиналып, болдырған креуен құм төбешіктерінің арасынан әрең байқалатын көне бір құдықтың қасына тоқтайды.
Керуендегілер бұл құдықтың сырына баяғыдан қанық болса керек. Керуен басы өз адамдарының бірін емес, жолай кезіккен мына жігітке құдыққа түсіп су алып шығуды бұйырады.
Жігіт құдықтың түбіне түскенде қолына жалаңдаған қылыш ұстаған екі адамды көреді. Бірі нән бақаны құшақтап, басынан сипап, екіншісі ақ қағаздай аппақ арғымақты құшақтап, басынан сипап отыр екен.
Қане, айтшы жігітім, мына аппақ арғымақ сұлу ма, ана тостақкөз бақа сұлу ма? Дұрыс жауап берсең суды қалағаныңша аласың. Қателессең басың кетеді,-деп әріректе төбе болып үйіліп жатқан адамның бас-сүйектерін нұсқайды. Жігіт:
- "Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу"-дейді.
Мынадай жауапқа дән риза болған анау екеуі жігіттің арқасынан қағып:
- Жоғарыға шық та шелегіңді тастап қанша су керек болса, сонша су ал,-дейді.
Суға қарық болып, бүткіл керуеннің мал-жанының аман қалуына және қаншама күндік жолға жететін суды ыдыстарына толтырып алуға септігі тиген мына жігітке керуен басы:
- Қанша жыл бойы осы құдықтың жанына өтіп, мұнда түскен адамның тірі шыққанын, көл-көсір суға қанықтырғанын көрмеп едім. Сенің бір кереметің бар екен,-деп жігітті керуеннің мүшесі етіп жариялап, сатуға апара жатқан заттарынан мол үлес береді.
"Өлмес құлға өлі балық тап болады" деп керуенге ерген жігіт енді сауда саттықпен бел буа айналысып, кәнігі саудагер боп әбден байыған жігіт көп жылдан соң түн ортасында баяғы өзінің үйіне келеді. Ақырын кіріп, ұйықтап жатқан әйелі мен оның жанында жатқан еңгезердей еркекті көреді. Ол жалма жан белінен ай балтасын суырады. Сонда баяғы жүз қойға сатып алған: "Сабыр түбі – сары алтын" есіне түседі. Ол балтаны жайына қойып, таң атқанын күтеді. Ертеңіне білгені - әйелінің жанында жатқан еркек, өзін әкесі қуып жібергенде емізулі қалған өзінің ұлы екен.
Бұл ертегіні қазір сізге айтып отырмын ғой. Сол бір ыза-кек, қатты ашу қысқан, есім кіресілі-шығасылы сәтте ертегідегі осы мәтел ғана ойыма сап етіп, есімді жиып, райымнан қайттым. Балтаны жатқан жеріне апарып тастап, төсегіме барып құладым. Таңға жуық қана ұйықтап кетіп, кештеу тұрдым. Әйелім үйде жоқ еді. Көңілімнің хошы болмай ұнжырғам түскен күйі ауладан шықтым. Көзім көршімнің дарбазасының есігіне түсті. Түн қараңғысын жамылып, оны тартқылап тұрған әйелім елестеді. Зырқ еткен басым қатты ауыра бастады. Нәр татпаған күйі қалаға тарттым. Мақсатым – қайткен күнде де әйелімді және анау үйдің есігін көрмеу. Кейіннен білдім әйелім сол күні ертелеп, төркініне кетіп қалыпты.
Қаладағы үйіме барып та мәз болмадым. Бір өзім ғана болғандықтан өрмекшінің торына шырмалған шыбындай небір жаман ойлардың шырмауына оралып, өзіме-өзім қол жұмсағым келе берді. Тіпті мойныма салатын тұзақ, оған ілініп мені шақыратын тістері ақсиған адамның бас сүйегі жиі елестеді. "Сабыр түбі сары алтынды" сан рет қайталап жүріп, ертеңіне осындағы үйіме қайтып келдім.
Мұнда да жаман ойлардан арыла алмай, әлденеше рет бірер сәт есімнен адасып, бірде сарайдың бұрышына, бірде моншаның кіре берісіне, тағы басқа жерлерге жіптен тұзақ жасап, іліп қойып, есім кіргенде әлгілерді шешіп алып, тастап жүрдім. Есім ауысқан сәттерде өз-өізімді аспауыма бірден-бір себеп "Сабыр түбі сары алтынды" айтатын болсам керек, сірә.
Әйтсе де жаман ойларым әйелімді күніге мың рет соққыға жығуға, жүз рет өлтіруге итермелейді. Тіпті өлтірудің неше түрлі тәсілдерін тауып, іштей жүзеге асырамын. Бірақ, "Сабыр түбі сары алтын" ол ойларымның жолдарын қалқалап бөгей береді.
Алайда шәйға бір батырып, қайта алып қойған шақпақ қанттай морып, күйреп, жүнжіп, жаман ойдың егеуіне әбден егеліп, жұқарып, азып- тозып, осы ауруханаға түстім.
- Қиын екен, аса ауыр психотравма, айтып жеткізгісіз трагедия. Әлгіндей стрестен кейін адам көбінесе анау дүниеге аттанып кететіні немесе осындай ахуалға дұшар болып, әупіріммен әзір аман қалатыны психотерапевтерге әлімсақтан аян.
- Мұнда ертелі-кеш ерігіп жата бергеннен кейін де баяғы ойлар мазалай береді. Мен мынадай тұжырымға тоқтадым. Ер адам өмірінде үш рет өледі. Біріншісі – бірге ғұмыр кешіп жатқан әйелінің басқа адаммен төсектес болғанын білгенде, бұны білген соң ажырасып кетсе өлмейді. Екіншісі қартаймай тұрып, әтек болып қалса, ол да өлгені. Үшіншісі – кәдімгі өлім. Сіз дәрігерсіз ғой, психотерапевтсіз. Ұяттау болса да айтайын қазір мен екі өлімді бастан кештім. Енді үшішісі ғана қалды.
- Сонда...?
- Иә, мен ауруханаға түспей-ақ әлгі қатты күйзеліс кезінде әтек болып қалғаныма анық көзім жеткен.
- Мынадай ахуалда ондай-ондай бола береді. Уақытша деп түсініп, бәрі қалпына түсетініне сеніңіз.
- Солай, Тоты қыз. Шіріген арқанға ілініп, шыңырау үстінде салбырып тұрған күй біздікі.
- "Өмір дегеніміз - күрес" деген екен данышпан Карл Маркс.
"Несібесін біреуден күтетін, оны молықтырудың басқа жолын іздегісі келмейтін адам ешуақытта өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды. Өз бақытың өз қолыңда. Оны жаса. Ол үшін еркіндікті бағала, ешкім көрмей тұрғандай болып би билеп, ән салуды үйрен, жер беті толық жұмақ секілді өмір сүр. Сол себепті мыналарды ұмытпа:
Ер адам ұйқысынан аман-есен оянса, онда сол түні өліп кеткен бір миллион адамнан бақыттырақ.
Егер адам ешқашан соғыс көрмесе, жалғыздық азабын тартпаса, түрмеде отырмаса, озбырлық көрмесе, онда ол жер бетіндегі 500 миллион адамнан бақыттырақ.
Денсаулығы мықты адам 3 миллион адамнан бақыттырақ.
Егер адамның үйі, дүние-мүлкі және киімдері болса, онда ол адам жер бетіндегі адамдардың 75 пайызынан байырақ.
Егер адамның банкте шоты, қалтасында ақшасы, артында аз да болса қоры болса, онда ол әлемдегі қамтамасыз етілген 8 пайыз адамның бірі.
Осы сөздердің бәрін түсіне білген адам әлемдегі екі миллион адамнан бақытты.
Бір пенде әлемді өзгерткісі келеді. Бірақ, әлем үлкен. өзі кішкентай болды. Сөйтіп, ол өзі тұрып жатқан қаланы өзгерткісі келді, қала да үлкен. Ол өзі кішкентай. Өз отбасын өзгеріткісі келді. Ол да үлкен, ол кішкентай болып шықты. Сөйтіп кішкентай адам әлемді өзгерту үшін ол тек қана өзін өзгертуі қажет".
"АҚШ конгресі ғимаратының алдындағы есіктің жоғарғы жағында міне осындай сөздер бар" деп жазылыпты бір газеттегі мақалада.
- Сонда мен не істеуім керек?
- Сіз әлемді, отбасыңызды, тіпті әйеліңізді өзгертуге әрекет жасамай, өзіңізді өзгерткіңіз келіп дұрыс шешім қабылдап отырсыз.
- Мен ондай опасыздықпен келісе де, көндіге де алмаймын, әуелі жазылып алайын. Содан соң бойымды аулақ алып кетемін.
- Сөйтіп, басқаша өмір сүресіз. Әйеліңізді өзгертуге тырыспайсыз, үйдің шырқын бұзбайсыз.
- "Бір адамдар бар - бір іс істер алдында әуелі ойға салып кесіп, пішіп алады, басқа бір адамдар бар - істерін істеп, содан соң ойланады" деген екен Лев Толстой. Менің әйелім соның екіншісіне жататын шығар деуші едім. Сөйтсем, ол істерін істеп болған соң да ойламайтын, Толстой айтқаннан да басқа, үшінші түрі екен.
- Дана адам бір істі бастардан бұрын соның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыстығын алдын ала біледі.
Ақылды адам әлгі Толстой айтқандай істі бастар алдында былай істесем қалай, олай істесем қалай болады, қателеспеймін бе опық жеп, ұтылып қалмаймын бе деп өлшеп, електен өткізіп барып дұрыс жол таңдайды.
Ақымақ – бас салып істерін істеп алады да, соңынан өкінеді, таяқ жейді, жазаланады.
Бұлардан басқа әулиелігі, көріпкелдік қасиеті бар адамдар бар. Олар болатын істі алдын ала біледі. Сіз осындай адамсыз, көріпкелдік қасиеті бар әулие адамсыз. Әйеліңіздің әлгіндей хат жазғанын, тойдан келген соң көршіңіздің есігін қағатынын алдын ала білгеніңіз әулиелік.
- Рахмет, тым көтеріп жібердіңіз. Мен өзімді ондайлардың қатарына қоспаймын. Себебі, алдын ала білгенімде мен ол әйелге үйленбес едім.
- Сіз қоспасаңыз мен қосамын. Сіз шын мәнінде әулиесіз. Бірақ дәл қазір сізге ең қажеттісі американдық ғалым Поль Бреггтің сөзімен айтқанда: "Өзін өзі сақтау - өмірдің заңы. Сондықтан да бай да, кедей де өз өмірі, өз денсаулығы үшін күрес жүргізеді". Сіз әуелі денсаулығыңзды түзеңіз. Содан соң бәрі орнына келеді.
- Ганс Христиан Андерсеннің "Екі бақа" ертегісі есіңізде ме?
- Андерсенді бала кезімде оқығанмын. Ех-е-е, Тотыжан аталаға айналған менің миым оны қайдан еске түсірсін.
- Есіңізге салайын. Екі бақа ойнап жүріп кастрюльдегі қаймаққа түсіп кетеді. Бақаның бірі күйгелек, уайымшыл, боркемік, жылаңқы екен де, екіншісі – айтқанынан қайтпайтын, өліспей беріспейтін, бірбет, батыл екен.
Біріншісі қаймақтан шығуға әрекет жасап, бір-екі рет секірген соң-ақ:
- Біз бұдан енді тірі шыға алмаймыз, құрыдық, бәрі бітті, өлеміз,- деп бар әрекетін тоқтатып, төменге шөгіп кете барады.
Екіншісі:
- Мен өлмеймін. Қайткен күнде де сыртқа, кеңістікке шығамын,-деп жоғарыға қарай секіре береді, секіре береді. Шаршаған сәттерінде тырнақтарымен кастрюльдің ернеуіне ілініп тұрып дем алып алады да, секіруді қайта бастайды. Пісе берген соң қаймақ майға айналады. Бұл кезде күн батып, кеш те түскен еді. Енді бақа тырнақтарымен кастрюльдің ернеуіне ілініп тұрып, таңның атуын күтеді. Таңертеңге дейін май тоңазып қатаяды. Енді бақа жәймен жорғалап, майдың ең биік жеріне шығып, бір секіреді де аман-есен өз жайына кетеді.
"Әрекет бар жерде берекет бар" деген, Сіз үнжұрғаңызды түсіріп, өзіңізді өзіңіз жүнжіте бермей, жазылуға бар әрекетіңізді жасаңыз.
- Рахмет. Күресемін. Жазыламын. "Сабыр түбі – сары алтын".
"Бейшара-ай, қандай қиын ахуалға душар болған. Тым сезімтал жандар ғана сөйтеді. Әлгіндей оқиғадан кейін өліп кете жаздайды",-деп ойлады Тоты таксиде қайтып бара жатып. Бір кездері өзі де осындай жәйтті басынан кешкен.
Институтты енді ғана тәмамдап, әйелдер босанатын үйде акушер-гинеколог болып қызмет істеп жүрген еді. Түрлі себептермен бас қосатын көңілді отырыстар көп еді сол жылдары. Сондай бір кезекті отырыста қыздай сызылған сыпайы, әдемі бір жігітпен танысты. Таныстықтың соңы шынайы сүйіспеншілікке, шын ғашықтыққа ұласты. Үш жыл бойы бірге жүріп тұрды екеуі. Қаншама кештерді, тойларды бірге өткізді. Өздері қатарлас жора-жолдастары, құрбы-құрдастары бірінен соң бірі үй болып жатты. Бұл екеуінің де тойын күткендер көп еді. Тіпті жігітінің де, бұның да ата-анасы, туған-туыстары аракідік құлаққағыс жасап, екеуінің қашан қосылатынын сұрайтын. Неге екені белгісіз сүйген жігіті үй болуға асықпады.
Шаршау дегенді білмейтін жас басы бос жас мамандарды бастықтары түнгі кезекшілікке жиі қоятын. Бір жолы түнгі аусымға түскені сол жап-жас екіқабат келіншек кіріп, құрсағындағы баланы алдырып тастағысы келетінін айтты.
Тоты келіншекпен сөйлесе отырып, оның тұрмыс құрмағанын, бұрын да бір рет құрсағындағы баласын алдырып тастағанын білді.
Бұл оған баланы алдыру өте зиян екенін, болашақта бедеу болып қалуы мүмкін екенін білімі мен тілінің жеткенінше түсіндіірп бақты.
- Неге екенін білмеймін, жүретін жігітім үйленуге асықпайды. Осылай етуімді жөн көрді,-деді.
Келіншекті көріп, баланың пайда болғанына төрт айдан асып кеткенін, енді оны алып тастауға заң жүзінде де рұқсат жоқ екенін ескертті Т оты.
Сөз арасында мына келіншекті осындай ахуалға түсіріп, мына тірлікке итермелеген өзінің сүйікті жігіті екенін білген Тоты:
- Ах, сволочь! –деді шаңқ етіп,-екеуміздің де басымызды қатырып жүрген екен ғой. Арам, қасаматқан. Сен менен гөрі: бос келіпсің. Қаншама рет төсектес болуға мәжбүрлегенде үйінің босағасынан аттамай, сенімен бір төсекте жатпаймын,-деп кесіп айтқан едім. Көнбегенім қандай жақсы болған. Әйтпегенде мен де сенің халіңді кешетін екенмін. Мен ертең-ақ оның сазайын тартқызамын. Ал сен оны сотқа бер. Ол не үйленуге мәжбүр бодлады, не балаң он сегізге толғанша алимент төлейді.
Ертеңіне жігітімен қалай, не деп сөйлесетінін Тоты есіне алған жоқ. Жағымсыз уақиғаларды есіне алып, жанын жүдеткісі келмеді.
Алайда сол күннен бастап ештемеге зауқы соқпай, өмірден, тірліктен түңіліп, бұл дүниенің бар қызығына қызықпай, көңілі қатты құлазып, өзі ұнатып, таңдаған мамандығын тастап, әйелдер босанатын үйдегі жұмысынан шығып кетті.
Ана келіншектің сірке суын ішіп, қайтыс болғанын естіді біраз күннен соң. Біреудің кеңесімен психотерапевтке барып, ұзақ емделіп жүріп, әрең өзіне-өзі келді ғой. Алайда, содан бері еркек атаулымен тым жақын араласа алмайтын ахуалға ұшырады.
Бұл емделудің ақыры Харьковке барып, төрт айлық психотерапия курсында оқып, бұрынғы мамандығын алмастыруға мұрындық болды. Психоретапевт болып қызмет істеп жүріп, ана жазушы басынан кешкенге ұқсас уақиғаларды басынан кешіп, жан азабын тартқан қаншама жандарға қол ұшын беруге тура келді.
Жуырда ғана өзі баяғыда әйелдер босанатын үйде бірге қызметтес болған келіншек алдына келді.
Жастай бір балалы болып, жесір қалған әйел біреумен көңілдес болып жүргеніне он бес жыл болған екен. Бір жолы көшеде кетіп бара жатып, оның бір үйдің түбінде тұрған машинасын көреді.
- Мынаның егесі қайда екенін білмейсіз бе?-деп сұрайды ол сол жерде тұрған бір әйелден.
- Ол кісі сексенінші пәтерде. Менің көршіме келіп тұрады.
Әрі қарайғысы белгілі. Ұрыс-керіс, жылау-сықтау.
- Мен сол деп сөз салғандарға күйеуге шықпай он бес жылымды өткіздім. Сөйтсем ол...,-деп егіледі.
Әне! Әйелі, бала-шағасы бар үйлі-баранды көңілдесін де қызғанып, қатты ауырып қалған. Тіпті бір мекемені басқаратын жасы алпысты алқымдап қалған ана адамның жұмыс орнына барып, бетіне түкіріп, киімінің дал-далын шығарып жыртып, үстелін аударып, қызметтестерінің көзінше ит масқарасын шығарып, абыройын айрандай төккенін де жасырмады. Ал сол адамның өз әйелі болғанда не істер еді бұл...?
Әне, әйелдер де қатты стреске ұшырайды. Психотерапиямен айналысқалы бері Тоты ондай-ондайдың талайын көрді ғой. Емдеді. Енді қайткен күндерде Жалғасты мына ауыр жан жарасынан айықтыруы керек.
Жалғас пен Тоты кафеде, баяғы орындарында отыр.
- Көрінбегеніңізге көп болды. Ту-у-у, тым азып кетіпсіз. Ауырдыңыз ба?-деді сырттың даяшысы.
- Ауырдым, өліп барып қайта тірілдім. Бұған да шүкір. Енді семіремін. Баяғы қалпыма келемін. Маған бір саптаяқ сыра әкел.
- Сыра жақпайды сізге. Тым салқын ғой. Тоқ ішектің ауруын қоздырып аларсыз,-деді Тоты.
- Қозбайды. Қатты азғаным болмаса, мен өзімді тап баяғыдай сезінемін.
- Еніңіздің ісігі қайтты ма? Толық қайтқан жоқ. Үш-төрт айда кетеді деген.
- Сыра ішпеңіз. Қандай қиын халде жатқаныңызды ұмыттыңыз ба? Толық жазылған жоқсыз әлі. Мына күйіңіз оттың бетін бүркеп тұрған жұқа күл іспеттес. Сабан тастасаң лап ете қалатын шоғы астында маздап жатыр.
- Қойдым, сіз жақсы білесіз, көндім.
- Міне мұныңыз дұрыс болды. Жұмысыңызды не істедіңіз? Жаңылмасам, жарты ақшасын алып қойдым деп едіңіз...?
- Ауырған заматта-ақ өткендегі сізге жолыққан қызды жіберіп, жағдайымды жеткізгенмін. Үй егесі түсінігі мол, инабатты адам екен. Мұндайлар өте сирек кездеседі қазіргі кезде. Әуелі дұрыстап айығып алуымды, содан соң төлеген ақшасына пара-пар жұмыс беретінін айтты. Осыны бітірсем тұрақты жалақы алатын жұмыс іздеймін.
- Сіз қайсы күні түс қайта боссыз?
- Менің үнемі өз билігім өзімде. Әлгі үйде таңғы алтыдан тұрып, түнге дейін тыным таппаймын. Ауыр жұмыс істеймін әрине. Жұмысшыларымды жұмсау ғой, менікі. Бұл үшін қожайыным мені қатты құрметтейді. Қалаған уақытымда, кейде 3-4,5-6 сағат қарамды көрсетпей кетсем де үндемейді. Менің жұмысымда сіздікіндей кесіліп қойған уақыт жоқ.
Сөзді сыған келіншек бөлді.
- Болашағыңызды болжап берейін, болашағыңызды болжап берейін,-делі ол мына екеуіне алма-кезек қарап.
- Әлі жүрсің бе? Қараңды жоғалтсайшы енді. Жаңа ғана жиып кеттің ғой тиын-тебеніңді,-деді даяшы.
Мына қызға үш қағаз, маған үш қағаз,-деді. Жалғас әмиянын шығарып.
- Бұған әркім өзі төлемесе бірінің тағдырын бірімен шатастырып жібереді,-деді Тоты алақанын тосып.
- Апырай-а, сондай да ырымы бар ма?
- Сондайы бар,-деді сыған келіншек.
- Тоты құс, тоты қызға бүйрегі бұрып, ең жақсы тілектер жаылған хаттарды берсе керек,-деді Жалғас.
- Қарыс-қарыс, сүйем-сүйем деген. Сөйтеді... Тоты күліп, шынашақтай қағаздардың бүктеуін жазып оқыды. Шынымен-ақ, өте жақсы болжамдар, тілектер бар.
Менікі де сондай, әпкесімен қатар отырған соң, жаман тілектері бар хаттарды тастауға ұялған-ау, ана тоты құс,-Жалғас жымиды.
- Сөйтеді. Сізге де бүйрегі бұрған,-Тоты Жалғастың алдындағы қағаздарды да оқыды.
- Бәрінде өте жақсы болжамдар жазылыпты. Демек, екеумізде де бұдан былай бәрі қалпында, бәрі оңды болады. Деніміз сау, пәле-жаладан, тіл-көзден аман-есен жүріп, ісіміз алға басады.
- Иншалла. Айтқаныңыз келсін.,- Жалғас бетін сипады,- "Сабыр түбі - сары алтын".
- Сонымен соншалықты қатты ауырғаныңыздың себебі неде деп ойлайсыз? Үй жағдайыңыз туралы не шештіңіз? Қазір қайда тұрып жатырсыз?
- Ауру туралы ойымды айтсам Яссауи бабамыз айтқандай, Құдай көріп тұрды бәрін. Өзі көргенін маған да көрсетті. Бүйтіп еркек боп жүргенше өлгенің артық деп ауру жіберді содан соң. Бұл бір деңіз. Екіншісі-меніңше әйелім де менің өлгенімді тіледі. Себебі, оның жәлеп екенін, опасыздыққа барып жүргенін, сол түні де барғысы келгенінің жалғыз куәгері мен ғой. Үшіншісі – ерлі-зайыптылар арасындағы сатқындықты адам баласының басына түскен ең ауыр жаза деп ұғып, Құдайдан күні-түні өлім тіледім.
- Шын мәнінде мен өлдім. Рухым мен жаным ана дүниеге аттанып кетті. Сол сәтте. Бірақ, тәнім аман қалды. Оны сақтап қалған дәрігерлер емес, шығармаларымдағы кейіпкерлерім. Олар әлі көп оқиғаларды бастан кешіп, түрлі тірліктер істеуі керек. Меніңше солардың тілегімен ғана әлі әзірше Құдай мені сақтап тұр.
- Енді мені тыңдаңыз. Қатты ренжу адамның аурумен күресу қабілетін, яғни иммунитетті құлдыратады,-дегенім есіңізде шығар. Одан басқа өзіңізге өзіңіз өлім тіледіңіз. Ондай ойдан кейін ағзадағы барлық жасушыларыңызды осы мақсатқа апаратын бағдарлама түзіліп, қызметін тоқтату бағытында жұмыс істей бастайды. Ықылық ату – тамақ ішуге қарсылық, әрі тыныс алуды жоюға бағытталған әрекет. Еннің ісінуі – опасыздыққа төзе алмаған жыныс органдардың өзі атқаратын істен бас тартқысы келгендігі ереуілі. Ереуілден кейін бір зауыттың жұмысшылары жұмысқа шықпай үйінде жатып алды. Зауыт тоқтады. Ол сіздің әтектігіңіз.
- Түсінікті. Ауруханадан шығып үйге барсам әйелім намаз оқитын болыпты. Намаздың уақыты болмаса да маған дінге берілген таза адам боп көрінгісі келгені білініп тұрады. "Намазға жығылмақ түгілі, қажыға барып келсең де сенің күнәңді Құдай да, мен де екі дүниеде кешпейміз" дегім келеді. Құбыланың қай жақта екенін білмей, күн шығысқа қарап жайнамазға басын қойғанын көріп, "сорлы" – дедім іштей. Бірақ соры қайнаған бейбақ ол емес, мен едім. Қанша кешірсем де қайнап, қаным басыма тепсе де, басқа артық сөз айтпадым. Ашу-ызамды сыртқа шығармадым. Піштірілген айғыр да, бұқа да айтқанға көніп айдағанға жүріп жуасып қалушы еді. Әтектік менің де пәпігімді басып, мына опасызға да дауыс көтере алмайтын ахуалға түсірген-ау шамасы.
Ата-бабаларымның әруақтары көріп тұр ғой бәрін, өлімнен ұят күшті. Ана дүниеге барғанда олардың бетіне қайтып тіке қараймын. Сәл-пәл ес жинап алайын әуелі, содан соң ажырасуға арыз беремін. Әтектіктің өзі шығармашылыққа деген ынта-ықыласыңды құртады-ау шамасы. "Тоты қыз бен тоты құс және мысық" хикаятымда, басқа шығармаларым да қозғаусыз қалды. Қазір өзбектеріммен бірге қожайынның үйінде жатырмын. Бір бөлмелі пәтерімді еурожөндеу өткізбек едім, жөндеу түгілі есігін де ашқан жоқпын.
- Оның бәрін әттектіктен көрсеңіз қатты қателесесіз. Организмнің аурумен күресу қабілетінің құлдырауынан деп қанша рет айттым. Тарихта өмір бойы үйленбей кеткен ғұламалар көп қой.
Барлық тіршілік иелеріне тән негізгі мақсат ұрпақ өрбіту десек те, сонау біздің дәуірімізге дейінгі Қытай тарихшысы Сыма Цяньнан бергі өзіміздің ғұлама дәрігер Өтебойдақ Тілеуқабылұлына дейінгі қаншама ғұламалар, барлық энергиясын ілімді дамытуға, шығармашылыққа жұмсаған. Солардың бәрі әтек емес екеніне кім кепілдік береді. Шығарма да жазасыз әлі. Әлсіздігіңіізді де, әтектігіңізді де уақытша деп түсініңіз. Сіз енді: "Бәрін де жеңемін, қалпына түсіремін" деп өзіңізге өзіңіз тапсырыс беріңіз. Барша ақыл-парасатыңызды ерік –жігеріңізді осы мақсатқа бағыттаңыз.
Бұл тақырыпқа әлі көп сөйлесеміз. Сіздің аяғыңыздан тік тұруыңызды өзім қолға аламын. Сонымен жұмысыңызды қалаған уақытта бес-алты сағатқа тастап кете беремін дедіңіз бе?
- Иә, менің жұмысымда сіздікіндей кесіліп қойған уақыт жоқ.
- Оныңыз жақсы екен. Мен бүгін боспын. Онда қазір менімен жүріңізші.
- Қайда барамыз? Онда қанша боламыз?
- Бара көресіз. Екі сағаттай уақытыңыз кетеді.
- Қалта телефоныңызды беріңіз. Кешігетінімді өзбектеріме айтып қояйын.
Көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы Тотының жаңа сатып алған пәтері әбден тозып кеткен екен. Қабырғаға жапсырған түсқағаздары көнерген, кірқожалақ, жыртық-жыртық. Ескірген терезелерінің ағаштары шашылып қалуға дайын. Су жүретін құбырлары мен батареялары да шіріп, тесілуге аз-ақ қап тұр. Еденге төселген линолеумдар адам көргісіз жамау-жасқауға толы.
- Ім-м, дә-ә,-деді Жалғас. Жұмыс көп екен, өте көп. Бірақ жігіттеріммен келсем үш-төрт аптада қанттай ғып шығарамыз.
Жалғас аяғына оралған мысықты көтеріп, алқанынына отырғызып, арқасынан сипады.
- Амансың ба, Тарғыл? О-о-оу, үлкейіп қапсың ғой. Торсықтай боп семіріп, тым сүйкімді боп кетіпті өзі. - Тышқан көп. Көрмейсіз бе қабырғалардың іргесінің бәрі шұрық тесік.
Тоты ескі үстелдің үстіне қойылған шағын тоңазытқыштан ет, ірімшік шығарып, мысықтың табағына тастады. Сүт алып, газплитада жылытып, ыдысқа құйып, алдына қойды.
- Мына жерден есік ашып, ан-нау тротуарға дейінгі жерді алып, емделуге келгендер күтіп отыратын жай салуым керек.
- Балконыңыздың боғаты құлап түсіпті ғой.
- Бәрі шіріген, ескірген. Қирап тұр. Әрі бұл үйде көпке дейін адам тұрмаған. Мен сізге бір қызық айтайын. Өткенде балконға шығып, алатын жерімнің қанша шаршы метр болатынын шамамен есептеп тұрғанмын. Тарғыл келіп, мияулап, шалбарымның балағынан тістелеп, тартқылай берді. Ішке кір дейтін сияқты.
- Не бар онда? Тышқан ұстағансың ғой. Соған мақтанбақсың ба?- деп ішке енгенім сол, балконның боғаты жалп етіп құлады. Аз-маз кідіргенімде ана плитаның астында қалады екенмін. Әзиза апайымды апаттан құтқарған Тарғыл мені де бір ажалдан алып қалды.
- Бұған ескерткіш орнату керек.
- Содан бері тым жақсы көріп кеттім өзін. Иә, ескерткіш орнатуға лайық бұл.
Үп етер самалсыз шілденің ми қайнатар ыстық күні шыжып тұр. Мынадай қапырықта ауру түгілі сау адамға жәй тыныс алудың өзі едәуір күшке түсетіндей.
Шатыр астына қойылған көлеңкедегі столда отырған Жалғас пен Тотының алдына тағамдар қойып: "тәбеттеріңіз ашылсын!" деп кетті даланың даяшысы.
- Бүгін жұмысшыларым моншаға түсіп, кір-қоңын жуып, демалуда. Қожайынымыз кеше жалақы берген. Сол себептен менің де қолым бос,- деді Жалғас.
- Бүгін сенбі ғой. Бізде түске дейін ғана жұмыс істейміз. Уақытыңыз бар екен, үйіме ертіп кетейін. Қонағым болыңыз.
- Қонаққа шақыруды қоя тұрыңыз. Сіздікіне барған соң мен де қарап қалмай, келесіде өз үйімді көрсетуім керек. Мана барып едім салқын екен. Саздың исі мүңкіген ауасына тұншығып қала жаздадым. Есік-терезелерді айқара ашып қойдым. Онсыз да мәз емес, жөндеу көрмегеніне жүз жыл болған үйдің іші өрмекшінің ұясы мен ысқа толы. Компьютер мен принтерді қорабынан шығармай қоя салғаным дұрыс болыпты. Қабырғаларды сыпырып, есік-терезелерді, басқа бұйымдарды сүртіп, шаң тозаңнан тазаладым. Едендерді жуып, терезелердің желкөздерін ашып кеттім...., - көзіне жас іркілді Жалғастың. Оны Тотыға білдірмей сүртіп тастады. Әйелі көршісінің қақпасын сырдырлатып, бөтен аулаға кіруге әрекет жасаған түннің ертеңіне көшеге шыққан бойда көзі көршісінің қақпасына түсті. Сол заматта-ақ әлгі есікті жасқана сылдырлата тартып, жан-жағына алақ-жұлақ қарап тұрған келіншегі көз алдына елестеді. Қазақта: "қаны басына тепті" деген сөз бар екенін білгенмен оған онша мән бермеуші еді. Бұл сөздің соншалықты дәл айтылғанын осы жолы көзі жетті. Көкірегің, бүткіл жан-дүниең ашу-ызаға лық толып, қатты кіжінгенде, көктемде қар еріп, лайқаланған ботана су арнасынан шығып кеткендей, алқына тулаған асау жүректің тепсіне лақтырған қан толқындары мидың тамырына сыймай, оларды керіп, насоспен жел үрлеген доптай, басты қатты кернеп, шілде қоңыздар кіргендей құлақтары тынымсыз шырылдап, тұманданған көздерінің алды моншаның буына түскендей буылдырланып кететінін енді түсінді. Иә, "қаны басына тепті" деген осы екен ғой. "Мына арадан тез қарамды жоғалтуым керек" деп шешкен ол басы ауған жаққа тартып отырды.
Аялдамаға жақындағанда көзі қарауытып, шілде қоңыздай шуылдаған құлақтары тас боп бітіп, басы айналып, ештеме көре алмай құлап бара жатқан соң электр бағанасына сүйеніп тұрып қалды. Бір-екі мәрте лоқсып еді құса алмады.
- Аға сізге не болды?-деген дауысқа көзін ашты. Бұның үйінен төрт үй төмен тұратын үйдің баласы екен.
- Мазам жоқ.
- Жүріңіз,-сүйемелдеп апарып, машинаға отырғызды. - Үйіңізге жеткізіп салайын.
- Жо-оқ! Үйге апарма!
- Қайда-а? Ауруханаға тартайын ба?
- Жо-оқ. Онда апарма! Жатқызып қояды. Ана балабақшаның жанындағы медпунктке...
Медпункттегілер қан қысымы тым көтеріліп кеткенін айтып, қолының тамырына, бөксесіне дәрі жіберді.
- Гипертониямен бұрыннан ауырасыз ба?-деді ақ халатты әдемі келіншек, мұның жүрегін тыңдап болып.
- Жоқ, ауырған емеспін. Қан қысымы деген біздің тұқымда бұрын-соңды атымен болған емес.
- Онда уақытша көтерілген деп түсініңіз. Бірдемеге қатты ренжігенсіз ғой. Қазір қалпына түсті. Енді үйіңізге барып, учаскелік дәрігеріңізді шақырыңыз.
- Жүріңіз аға,-деп қолтығынан демеп, машинасына отырғызған әлгі бала:-үйіңізді білем,-деді есікті жауып.
- Сен мені үйге апарма. Қалаға баратын жолдағы аялдамаға түсіріп кет.
- Апырай, ағатай-ау. Мынадай түріңізбен қиналып қаласыз ғой. Үйіңізге..?
- Жо-оқ-қ. Қ.., қалаға-а...
- Қан қысымыңыз қайта көтеріліп кетсе қайтесіз?
- Көтерілмейді. Қан қысымы деген біздің тұқымда атымен болған емес.
Аялдамада такси күтіп тұрған Жалғас әлгі баланың біреуге:
- Өзі ауырып, аяғында әзер тұр, қан қысымы қатты көт еріліп, жаңа ғана дәрі салғызды. Үйіңізге апарайын десем, ат тонын ала қашады,-дегенін естіді.
- Үйінен су шыққан шығар сірә.Кейде жазушылардың қырсықтығы, әкістігі, кейде әпенділігі де болады,-деді анау.
Жалғас таксимен қаладағы бір бөлмелі үйіне келді. Дала соншалықты ыстық, қапырық болғанымен есік, терезесі жабулы бөлме салқын екен. Бірақ, ауасы алмастырылмағандықтан зәктің бе, ыстың ба жағымсыз иісі келеді. Мұнда көне жазу столы, орындық және тоз-тозы шыққан төсеніш, қит етіп қозғалсаң арбаның майланбаған доңғалағындай шиқылға басатын "жылауық" ағаш кереует бар еді.
Соның үстіне ұзынынан түсіп, құлай кеткен Жалғастың тырп етуге шамасы келмей ұзақ жатты.
"Масқара, масқара ғой мына тірлік! Сол күні жұмысшылармен бірге түней бермей нем бар еді ондағы үйге барып: Әке-шешем, аға-інім, әжем қайтыс болғанда қаншама қатты қайғырып егіліп, еңіреп, жүдеп, жүнжіп, қаншама рет жер жастана жаздап едім. Шешемді жерлеп жатқанда көзім түк көрмей қалып, есімнен танып құлап түскенмін. Қапелімде су болмағандықтан көр қазушылар мұздай топырақты үстіме шашып, есімді жиғызыпты. Диананы жоғалтқанда да қатты қайғырдым ғой. Бірақ, "өлімнен ұят күштілігін", тән азабынан жан азабы жүз есе жаман" екендігін осы жолы кеше ғана жаныма батыра сезіндім.
Жаным, рухым өлді менің, қайтып келмеске кетті-ау, сірә. Мына өмірге деген барлық талпыныс ынта, ықылас, жігер-жұлқыныс, ұмтылыс-құлшыныстардың бәрі құлдилап, құздан құлап, құрдымға батты. Иә, шыбын жаны шырқырап, шыңырау түбіне шөгіп кете барды бәрі де.
Мына әлем, мұндағы бар тіршілік қызығы да, қуанышы да, тіпті тіл қатысатын тірі жанысыз, қаңғырлаған түбі тесік шелектей ешкімге керегі жоқ бос кеңістікке айналды лезде.
Жер бетіндегі барша тіршілік иесінің бұл фәниге келгендегі негізгі миссиясы ұрпақ өрбіту емес пе? Иә, әлемдегі ең ақылды тіршілік иесі адамнан бастап, әлектронды микроскоппен қарағанда әзер ғана көзге ілінетін вирустарға дейін ұрпақ өрбіту үшін ғана келеді бұл фәниге.
Шықылықтаған сауысқан, шиқылдаған шымшық, қиқылдаған қарлығаш, күркілдеген күркетауық - бәрі-бәрі шырылдап, шұрқырап, балапандарын өрбітіп, өсіріп әлек. Өзі түсінбесе де өз тұқымының өмірін өшірмеуге барын салып тырмысып, бағып өтеді емес пе бұл ғұмырдан.
- Ал адамның отбасы дегеніміз – бірін-бірі өте жақсы көретін, біріне бірі сүйеу, демеу болатын, тіпті бірі үшін бірі жанын пида ететін, сөйтіп, "мың өліп мың тіріліп" жүріп тұтас бір этностың, ұлттың белгілі бір мемлекеттің немесе қоғамның негізін құрайтын қозғаушы күші екені әмбеге аян.
А-ай, Құдайым-ай! Адамды несіне соншалықты саналы, ғылыми тілде айтқанда Hamo sapiens етіп жараттың..? Вирустары адамды ауыртып, өлікке қонған құзғындай. Бір сәтке көз қырыңды салшы, Құдайым-ау. Адам атты вирустар өзі мекендеген Жер атты тіршілік иесін қазып та, жарып та, жағып та түте-түтесін шығарып, там-тұмдап мүжіп, семіріп, құры сүлдесін де қалдырмауға бар әрекетін салып бағуда тез құрыса өзі де сонымен бірге жасайтынын білсе де соны істеуде.
Ай, Құдайым-ай! Өзің жаратқан адам деген мақұлыққа улы сана бермей, қар адамы дәрежесінде - hamo animalis. Күйінде қалдыруың керек еді. Сондай күйде-ақ адам өсіп-өніп, ұрпақ өрбітіп, басқа ешбір жан-жануардан кем емес ғұмыр кеше берер еді. Жер атты тірі тіршілік иесіне титімдей де зардабы тимес еді.
Ал.., ал дәл қазіргі менің жеке басым үшін ең маңыздысы – бір-бірімізді алдау, арбау, сатып кету дегенді білмес едік. Өмірдің қаншалықты қиямет қиыншылығын бастан кешіп, тән азабының талай талан-таражына талансақ та, тәлкегіне түссек те жан азабын тартпас едік.
Ар, намыс, ұят, нысапсыздық адамдарға ғана тән дүниеқоңыздық, жезөкшелік, мансапқорлық, жағымпаздық, парақорлық, нашақорлық, жылпостық, тағысын тағылар үш ұйықтасақ, түсімізге кірмес еді. Біз тек табиғи сезімдердің тізгінімен ғана жер басып жүрер едік.
"Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы" деп қорлау мен зорлаудың неше мың түрін көрсе де қазақ арына дақ түсірмеу, намысын таптатпау үшін өмірін қиюға барған, "қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді" деген сөз де осының куәсі...
Ал арыңа дақ түсудің, намысын таптауырын болып тапталудың ең сорақысы "сенген қойым сен болсаң, күйсегенің құрысын" дегендей сүйіктіңнің бөгде біреумен төсектес болып көзіңе шөп салуы екен-ау.
"Енді қайттім..?" Не істесем екен? Күніге мас болып, басы кәңгіріп, көшеде кәңгелектеп, жүретін ана антұрған ашынасы: "Мен жазушының қатынымен болдым" деп жарты әлемге жар салып мақтанып жүр-ау. "Өлтіру керек! Өлтіру! Қарнын қақ жарып, қанын судай ағызып, жанын жаһанамға жіберу керек".
"Өлтірсең мәз боларсың! Ұл-қыздарың мен немерелеріңе, құда-құдағи, жекжат-жұрат, дос-жарандарыңа жексұрын атанасың. Атасы әжесін өлтірді деген ешкім өшіре алмайтын қаратаңба бүткүл үрім-бұтағының сүйгеніне шоқ күйдіріп басқандай қара дақ болып қалары хақ".
Әрі жазушы деген атақ-абыройыңа нұқсан келеді. Жазғандарыңды оқу түгілі кітаптарыңды бидайдың ішінен терген қызыл миядай бір-бірлеп теріп, суырып шығарып кітапханалардан аластап, қоқысқа лақтырады.
"Солай екен-ау, жаман атқа ілініп, затым да, атым да өшеді екен-ау".
"Сенің өлтіргеніңді жан баласы білмейтіндей етіп, жым-жылас тындыруға болады ғой."
"Қалайша?"
"Мәселен, іштен бір ұрып, немесе газ бүріккішпен бір атып, уақытша естен тандырасың да сарайыңның бір бұрышына мойнына тұзақ байлап іліп қоясың. "Өзін өзі асып өлтірді. Аспа кеселге ұрынған. "Суицид" дейді де, әңгіме сонымен тынады, ".
"Апырай-а. Мынау бір оп-оңай жол екен. Бірақ мына мен пақырыңыздың қолынан бөдене сою да келмейді. Оны айтасыз тіпті тірі жәндікті өлтірген кезде мен оған қарап тұра алмаймын".
"Е-е, соншалықты болбыр, тым қорқақ, ынжық екенсің. Онда өзіңді өзің өлтір!".
"Өзімді өзім..? Қандай қорқынышты. Екі ұл, екі қызым, немерелерім бар емес пе? Оларды қайтіп қана жылатып-сықтатып тастап кетемін..? Ал кітаптарымда қаншама кейіпкерлерімнің тағдырымен арқылы ғана шешілмек. Оларды қалайша жарым жолда қалдырып, мына фәниден тұра қашпақпын. Олай істеу нағыз сатқындық емес пе?"
"...Ә-ә, солай де. Онда сен сияқты ынжыққа ең қолайлы және бір жол бар".
"Ол қандай қолайлы жол?"
"Ажырас. Содан соң ол білгенін істеп бақсын. Оған сенің басың ауырмайды. Жүрегін шаншымайды. Намысың тапталмайды. Себебі, ол сенің қатының емес. Иә, иә. Ең оңай, ең жеңіл жол – сен сияқты қолынан боқ келмейтін ынжыққа осы".
Қармаққа ілініп, судан шығып, жағада жатқан балықтай тынысы тарылып, ауа жетпей, аузын кереқарыс ашып, жиі-жиі дем алып, бейне бір тіршілікке толы кең әлемде емес, тар, қапас қуыста қысылып, кеудесі құрсауланып, жүрегі торға түскен торғайдай жан ұшыра тыпырши бастады. Маңдайы шып-шып терлеп, ентіге бастады. Шілде қоңыздар қонақтап, шулаған басы тарс етіп жарылатын үрлеген шардай кернеп барады. Мына бір бөлмелі пәтер сүңгуір киетін скафандардай тым тарылып, тұншықтырып, діңкәсі құрып, сіркесі су көтермей сілесі қатып жатты.
Әбден болдырып, тәлтіректеп, тұяқтарын әр жерге бір әнтек-тәнтек қадаған аттың тапыр-тұпырындай жүрегі өлместің күнін кешіп әзер атқақтайды.
Өліп барамын-ау деген үрейден зәресі қалмаған Жалғас жатқан орнынан әрең тұрып, есік-терезені айқара ашып, тілін кәлимаға келтірді. Айқара ашылған есікті де жаппастан баспалдақтан ентелей еңіске қарай баяу аяңдап, дүкенге тартты. Арақ ішсе асқазанындағы жарасы тұз құйғандай ашып қоя беретін. Содан да ғой, газды су, шампан ішсе, ішінде "ереуіл" басталып, бүлік шығатын. Содан сақтанғаннан "сухое вино" деп аталатын қызыл шарап қана ішетін.
Тіске басарымен қоса төрт шөлмек шарап алып келді. Жазу столының суырмасынан алған күрежкені лықа толтырып, бірінен соң бірін сыңғытты. Жүрегінің бір түкпірінде тұтанып қаулап берген өрте бірте-бірте сөне бастағандай, жаны жай тауып, сәл-пәл мызғып алды.
Таныс дауыстың сыбыры естілді құлағына.
"Мас боласың ғой, сорлы-ау. Ертең елдің көзіне қалай көрінесің?"
"Менің тула бойымнан мүңкіген шарап иісін, менің жан-дүниемнің, жүрегімнің бықсып жанған қоламтасының көңірсіген иісі деп ұқсын адамдар.
Таңертең зіл батпан басын көтеруге шамасы келмеді. Ішек-қарны аш қасқырдай ұлып тұр. Бірақ, зіл батпан басы тұп-тұнық. Миы бейнебір баяу аққан мөлдір судың бетінде бейғам ғана қалқыған жапырақтай тым ойсыз, қайғы да, қасірет те, беймаза ой, ашу-ыза, кек, кейіс кірмеді басына. Оның бәрін шаң-тозаңды сүртетін шүберектей сырып тастайтын қандай құдіреті бар шараптың...?"
Айтпақшы, бұл адамға тән пендешіліктің бәрінен ада тірі рух, әруақ қой. Иә, иә, құдды періштелер іспеттес.
Әлде бұны қошақандай момын ғып, іш қыжылын, ет қызуын басып тұрған кешегі шараптың уыты шығар. Бұлай іше берсе...
Демек Лондонның сөзі есіне түсті. "Ішкілік біз шаршаған, әлсізденген сәттерде бізге қол ұшын ұсынып, көмекке келеді. Сөйтіп, қиыншылықтан құтылудың оп-оңай жолын нұсқайды. Бірақ бұл уақытша ғана жетістік, алдамшы нәтиже. Оның берген күш-қуаты, көтеріңкі көңіл күйі, сағым істепеттес құр елес, ішімдіктің аз ғана әсеріне алданған біз – дүниенің бар құндылығына деген көзқарасымызды түбегейлі жоғалтамыз..."
Иә, бұл – уақытша, бұл алдамшы сәт. Шараптың уыты кеткен соң бәрі басынан қайта басталса керек.
Жалғас жуынуға кірді. Онда арқасындағы бояуы көшкендіктен алабұлттанған аспан секілді бір жеріңді бар, бір жеріңді жоқ қып көрсететін көнекөз айна ілулі тұрушы еді. Көздерінің айналасы қатпарланып, астыңғы қабақтары мен беті домбығып ісініп кеткенін байқады. Кенет... Кенет төбемен іргелесіп, ванна үстінен өтетін құбырда ілулі тұрған тұзаққа көзі түсті.
"Кел! Басыңды тық мынаған!"-деп сыбырлады тұзақтың төменгі жағында салбырай ілулі тұрған көз бен мұрын орны опырыла шүңірейген, адамның бас сүйегі, ақсиған тістері сақ-сақ етіп.
Тоз-тозы шыққан мына көне пәтердің бұрынғы иелері, ваннаның ас бөлмесінің, есік-терезелердің жақтауларына ұзындығы сүйемдей-сүйемдей сорайған шегелер қағып, жуандығы саусақтай жіптер керіп тастаған еді. Жуылған кір-қоқыс жаю үшін, әрине.
Шарап қызуының "шарапатымен" қап-қара боп кір басқан, шыбындар саңғып тастаған мына жіптерден тұзақ жасағанын, ана дүниеге – Дианаға барғысы келгенін түсінді Жалғас. Бірақ оны түннің қайсы мезгілінде, қалай ілгенін есіне түсіре алмады.
"Кел! Басыңды тық мынаған!"- деп сыбырлады ақсиған тістері сақылдаған бас сүйек.
Сыртқа қалай атып шыққанын аңдамаған Жалғас, бес қабат үйдің үшінші қабатындағы өз пәтерінің терезесіне үрейлене қарағанда, ванна үстіндегі тұзақта ілулі тұрған өз денесі елестеді. Тезірек қарасын жоғалтқысы келді мына арадан. Жұмыс істеп жатқан жігіттеріне соғып, ертең осында болатынын айтты. Еті үйренген таныс кафеге барып, Тотымен бірге отырғысы келді. Түс әлеті де жақын еді. Түтігіп кеткен тұрпайы түрін, үнжұрғасы түскен, реңсіз рәпәтін көрсеткісі келмеді қызға.
Аудан орталығына таксимен барып автовокзалда кенттің өз үйі тұратын бағытқа қарай жүретін автобусты күтіп тұрған. Басына сәлде орап, үстіне ақ шапан киген шал скамейкада отыр еді.
- Бері кел. Әй, балам. Кел мұнда, мына жерге отыр,- деді саусағын іле тартып. Бұл қасына барып жайғасты.
- Шыныңды айтшы, балам. Нендей пәлеге ұшырадың?- деді төбеден ұрғандай сөйлеп.
- Қайдан білдіңіз?
- Менің білмейтінім жердің астында. Сенің басыңдағы шашың қанша болса мен сонша адаммен кездескенмін, сөйлескенмін, сұхбаттасқанмын.
Жазушы екенін айтқанда басқаша сайрар ма еді. Қарапайым, қарабайыр құрылысшымын деген соң, шал төпелей түсті.
- Қара басқан ғой сені. Құдай тас төбеден ұрған. Түнімен әбден ішкенсің ғой, бір пәлеге ұрынғандықтан әбден ішкенсің. Түр қалмапты өзіңде. Әлпет жоқ. Айт шыныңды. Жап-жас болып не көрінді?
- Қайдағы жап-жас. Жуырда ғана елуге толдым.
- Жігіт ағасының жасына жеткенде не құдай ұрды сені?! Мына түрің не?!
- Жұбайым мерейтойыма үлкен сый-сияпат жасады. Көршіммен қашаннан бері ойнастық жасап жүргенін көрсетті,- Жалғас іштегі барын ақтарды. Тіпті түнде өзін тұзаққа іле жаздағанын да жасырмады.
Бірдемелерді күбірлеп біраз отырған шал:
- "Ертерек өлгің келсе ақымақ әйелге үйлен" дегенді оқыған едім Роллан Сейсенбаев деген жазушының бір кітабынан. Меніңше, әйелі ақымақ, жәлеп еркек, немесе еркегі ақымақ, маскүнем әйел біріншіден – анадай өмірлік серігінің күйігінен аурушаң болады, екіншіден – көтеріле білетін биіктеріне жете алмай төменде қалып қояды. Үшіншіден, ішімдікке қатты салынып кетеді. Төртіншіден: үнемі жан дүниесі өртеніп жүргендіктен өз қатарларынан әлдеқайда ерте ана дүниеге аттанасың. Мына түрің сол сені төменге қарай құлдырататын сатының алғашқы баспалдағы.
Жалғас ләм-им деп аузын ашпады. Аз үнсіздіктен соң шал қайта сөйлеп кетті.
- Мен бес жыл соғыста болдым,- деді баяу үнмен,- сол бес жылдың ішінде бірде бір рет төсекте жатып түнемедім. Жататын жеріміз шалшығы шылқылдаған окоп немесе балшығын былш-былш кешетін блиндаж. Үлкен дәретке де, кіші дәретке де соның ішінде отырамыз. Сол жерде тұрып, тамақтанамыз. "Жаңбыр жауса торғай баласын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайды" деп мәтел оқиды менің бірінші сыныпта оқитын немерем. Ал біздің төбемізден оқ, снаряд, бомба жауып тұрды үнемі. Балшықпен қоса судай аққан адам қанын кешіп жүреміз. Айналаң толы ажал құшқан алпамсадай жігіттердің өліктерінен аттап аяқ ала алмайсың. Татар ма, түрікмен бе, әйтеуір тілі біздікіне жақын біреу жолыға қалса туған бауырыңды кездестіргендей құшақтасып көрісіп, шөпілдесіп сүйісіп, адрес алмасамыз. Осыдан елге аман есен оралсақ туыс-бауыр болайық деп уағдаласамыз.
Біраздан соң әлгі адамның ішек-қарны ақтарылып, теңкиіп жатады. Әне! Біз сондайды бастан кештік. Оның жанында сенің қайғың не тәйірі. "Қатын өлді, қамшының сабы сынды" дейді атаң қазақ. Аяқ-қолың бүтін бе, көзің көріп, құлағың естіп, миың істей ме, өз күніңді өзің көре аласың ба, тәубе де, тоба де, құдайға мың шүкір де.
Еңгезердей еркек екенсің көтер еңсеңді. Болбырап, боркеміктеніп, босқа үнжүрғаңды түсіріп, жүнжи берме. Ертең-ақ мынадай бір құсты қолыңа қондырып аласың.
Шал және бірдемелерді айтып жатты. Қатты ойға шомып кеткен Жалғас оның сөздерін естімеді.
"Жоқ,- деді ол күбірлеп, мен енді ешуақытта да үйлене алмасам керек".
Тұзаққа ілулі тұрған бас сүйек елестеді бір кезде. "Кел! Басыңды тық мынаған!" деді бас сүйектің ақсиған тістері сақылдап. Денесі дір етіп, есін жиған Жалғас жан жағына қарап еді ешкімді көре алмады. Шалдың орны баяғыда-ақ суып қалған сыңайлы. Әңгіме айтып қоштаспай, үн-түнсіз кетіп қалғанына аң-таң. Әлде бұл естімеді ме? "Елес шығар, әлде Қыдыр ата ма екен..."
Сол түні ол қатты ауырды. "Жедел жәрдеммен" келген дәрігерлер дәрі-дәрмек салып, медбикелер келіп қарап тұрғанмен ауруы асқына беріп, ауруханаға түсті. Әсіресе, әжетханаға кірсе адамның бас сүйегі ілулі тұзақты көретінін. Ол: "Кел! Басыңды тық мынаған!" деп шақыратынын бөлімше меңгерушісіне айтқанда, меңгеруші психиатрға көрсетті.
- Суицид,- деді психиатр. Мұның қағазына қосымша дәрі-дәрмектер жазды.- Сіз ауруханадан шыққан соң психотерапевтке көрініңіз. Психотерапевт қана сізге жақсы көмектесе алады,- деді ол кетерінде. Содан кейін ғой оның Тотыға хат жібергені.
Ауруханадан шыққалы бері әлгі бір бөлмелі пәтерінің есігін ашқан емес-ті. Мана барды ғой. Ванна үстінде ілулі тұрған тұзақтан қорықпай, қырқып алып тастады. Тіпті мына үйдегі олай-бұлай керілген жіп атаулының бәрін қырқып, шегелерді суырып қоқысқа лақтырды.
- Сіз ауыр жағдайды бастан өткердіңіз. Әупіріммен ғана аман қалдыңыз әйтеуір. Соған да шүкіршілік етейік. Сіз менің тұратын үйіме барғыңыз келмесе, онда сіздің бір бөлмелі пәтеріңізді көріп қайтайық.
- Подъезге кіретін жердегі темір есіктері жұлынған, баяғы кеңес заманында газет тастап кететін, пәтер нөмерлері жазылған почта жәшіктер жұлынған. Кірген заматта қабырғаның бәріне жапсырылған түрлі жарнамалар толы. Ал пәтерімнің ішіне кірген заматта ондағы көріністерден ішіңіз ауырып кетеді.
- Хе-хе-хе. Ол үйреншікті нәрсе ғой. Менің офис жасаймын деген пәтеріме кіретін подъезд одан асып тұрған жоқ. Жә, сіз пәтеріңіздің сырты –ішіне ұялмаңыз. Мен Сізді сонда түнетіп, ертең қандай күйде болатыныңызды білем, Сіздің қаншалықты жазылғаныңызды тексергім бар.
Екеуі Жалғастың үйіне келді.
- Бәрі көне,- деді Жалғас,- есік, терезе, обой, ванна, қолжуғышы, линолеум, газплита, бәрі бәрін алмастыруым керек.
- Түсінікті. Еурожөндеуден өткізсеңіз, керемет бір пәтер болатыны көрініп тұр. Айтпақшы, қыста жылуы қандай?
- Жылуы өте жақсы. Бірақ мына батареялар, құбырлар шіріп тұр. Қыстың бел ортасында жарылып, әбіржітуі мүмкін. Сондықтан бұлардың бәрін жаңартамын.
- Енді осында тұрасыз ғой.
- Иә, басқа қайда барамын. Ана үйдегі бұйымдарды, киім-кешектерім мен кітаптарымды әкеліп алсам жетеді.
- Бүгінше осында түнеп көріңізші. Адамның бас сүйегі ілінген тұзақ елестер ме екен, түсіңізге кірер ме екен? Байқайық. Елестемесе, түсіңізге кірмесе, онда өзіңізді өзіңіз жойғыңыз келген ойдың кеткені. Керісінше болса, басқаша сөйлесеміз. Мен ондай ой көріністер мен елестерді құртудың амалдарын қарастырамын. Одан басқа әрқайсысы жеке-жеке файлға салынып, мұқабаға тігілген бір бума қағаздар әкелдім. Онымен танысасыз. Міне, қараңыз.
Мынау простатитті, аденоманы, еннің қабынуын кетіру үшін қолданылатын түрлі емдердің түрі. Қараңызшы: магнитпен емдеу, прополиспен емдеу, жаңғақ, пияз, пісте дәнін, сарымсақты қалай қолдану, бәрі-бәрі рет-ретімен жазылған. Сіз бірдемені ұғып алыңыз. Мұның бәрі де ерінбей, жалықпай, ұзақ уақыт емделуді қажет етеді. Бір-екі күнде немесе бірер онкүндікте ойнап шыға келемін деп ойламаңыз. Ал мына дәрілерді бүгіннен бастап ішіңіз. Геримакс – құрамында жень-шень, витаминдер, микроэлементтер бар. Таңертең бір түйірін тамақтан жарты сағат бұрын ішесіз. Бір ай. Гелариум – күніне бір түйірден үш рет ішесіз. Бұл көңіл-күйді көтереді. Күш қуатты көбейтеді. Мына витапрост форте қуық асты безінің ауырып, ісінгенін кетіреді. Ал мынада жазылған жаттығуларды бүгіннен бастайсыз. Бұл еркектердің потенциясын күшейтетін иога жүйесінен алынған жаттығулар.
Бүгін осының бәрімен оқып танысыңыз. Осында түнеңіз. Ертең таңертең өзім келіп жағдайыңызды сұрап, біліп кетемін.
Тотыны шығарып салып келген Жалғас ваннаға кіріп, душ қабылдап, жуынды. Елегізіп, қайта-қайта жоғарыға қарай берген оған ешқандай тұзақ та, адамның бас сүйегі де елестемеді.
Есін білмей жүріп, жіптен тұзақ жасап, ілетін сананың қатысынсыз іс-әрекет жасаса да оған басын тықпайтын Жалғастың тірлігі лунатизм – айкезбе немесе эпилепсия – қояншықтың кейбір түрінде кездесетінін білетін Тоты Жалғастың енді өзін-өзі дарға аспайтынына көзі жетіп, осында түнетіп, сынағысы келді.
Сол түні Жалғас таң атқанша тұяқ серіппей ұяқтады, бірақ таңертең ертемен оянып алып көзін ашып отырып-ақ түстегідей көрініс көрді.
Диана мен Журик ылғи жағасында қыдырып жүретін сынап көл жақтан арбаға жегілген бір қора қап-қара түсті мысықтар келеді екен. Құдды шанаға ит жеккен терістік халықтары сияқты. Мысықтар жамыраса мияулап, арба сырғып келеді. Жегілген мысықтардың ең алдында Тарғыл.
Осы сәтте сынап көлі жағасында Журик қанатымен жер сызып, етегі желбіреп, керемет бір әуенге қосылып, билеп жатқанын көрді. Олар кенет биді тоқтатып, бұларға: "Қош! Қош! Қош!" деп айқайлап, Диана қолын, Журик қанатын бұлғайды.
"Бұлар неге келіп қоштаспайды?",- деп ойлайды Жалғас. Сол сәт мысықтар сүйреген арба зуылдап кетеді. Ал Диана мен Журик көрінбей кетті.
- Журик пен Диана қайда кетті? Мына Тарғыл бастаған кіл қара мысықтар бізді қайда әкетіп барады?
- Диана мен Журикті сынап көлдің жағасына келген шал ертіп әкетіп қалды. Оларды сіз енді ешуақытта да көрмейсіз. Көрсетпейді. Ал мына мысықтар сіздің барлық жаман ойларыңызды, ауру-сырқауларыңызды, жағымсыз энергияларыңызды алып кетіп барады. Енді бір қоқысқа апарып төгеді.
- Сонда мен шынымен-ақ сап-сау болып, сауығып, бар кеселімнен құлан-таза айығып кетемін бе?
- Иә. Тап солай. Бар кеселіңізден арылып, айығып, құлан-таза жазылып, құлындай ойнақтап шыға келесіз. Соған сенңіз.
- Иншалла, айтқаныңыз келсін!
Анасының аялы, алаудай ыстық құшағында анарын аузына салып, ақ уыз сорып, жан рахат күй кешкен сәбидей балбырап ұйықтап жатқан Жалғас әзер көзін ашты.
Ол өзін тап жұмақтағыдай тып-тыныш тылсым кеңістік тұңғиығында ешқандай әрекет, берекетсіз басқа әлемге қарай қалқып бара жатқан ғаламшардай сезінді.
- Уһ-һ! О, тәңірім, тәлкекке түскен тағдырымды тағы да бір тентектің тепкісіне тап қылмай, таптатпай, оңғара гөр!

* * *

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter