Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
28.06.2021
211
* * *
Жақсы жігіт қызғанар,
Жар қылығын құт көрсе.
Жаман жігіт сызданар,
Жібекті жүндей түткенше.
Көкірек пақыр дүңкілдеп,
Миыңды шағар біткенше.
Ақылы кірер мүмкін деп,
Ғұмырың өтер күткенше.
Сая болар қара тал,
Көшеті жерге түптенсе.
Еңбегің зая балапан,
Енесін ертең жүк көрсе.
Қулығын қыздар асырар,
Кетуді үйден құп көрсе.
Бидай да дәнін жасырар,
Қауызы кеуіп үккенше.
Асылды асыл түсінер,
Майысып сынбай тіктеле.
Ұятты болар кісілер,
Ұжданы тозып үптелсе.
Жастық шақтың қызығы,
Жайқалтып отау тіккенше.
Жазмыштың жетсе сызығы,
Брмақтың басын бүкенше...
Дүниеде кезек біркелер,
Біреуге-біреу кектенсе.
Таудың да басы бүркелер,
Бұлттың буы кепкенше.
Арлыны өсек күйдірер,
Аямай түпке жеткенше.
Иманың нұрын кім білер
Иллалла білмей текке өлсе.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter