Өлеңдер ✍️
* * *
Сүйетін пайғамбардың үмбеті бар,
Үмбетке міндеттеген сүндеті бар.
Құдайға құлшылығын құп көрмейтін,
Пенденің нәпсі деген індеті бар.
Ауыртып, ауыртпай-ақ әкететін,
Ажалдың бұлжымайтын міндеті бар.
Дейді ғой барар жерің қап-қараңғы,
Аңдап тұр періштелер ақ-қараңды.
Амалға тіріңдегі сүйенбесең,
Шығарар мүңкір-нәңкір масқараңды.
Бұйырса сілекейің сия болар,
Қағаз қып үстіңдегі қаптамаңды.
Имансыз өткен болсаң ант ұрған шын,
Үрейден көзің ағып қалшылдарсың.
Сараңдық ақырыңды тақыр қылар,
Сиратта қыл көпірі тартылғансын.
Әшкере бар тірлігің, параң жүрмес,
Артыңда үйме –жүйме алтын қалсын.
Тірлікте парызына адал ерге,
Қарайды мейірленіп қара жер де.
Сауабың таразыда басым болса,
Ұшқандай ұмтыларсың шабақ өрге.
Ләйллаһа иллалладан хабар келіп,
Жөнделер мүшкіл хәлің тоба дерге.
Естіген мұның бірін ел біледі,
Білем деп кеудесіне жел кіреді.
Ашылса соқыр көзі иман іздеп,
Алла деп зарлар еді жан жүрегі.
Айттың не, айтпадың не әумесерге,
Құлқы жоқ парықтайтын әңгімені.
Құдая, адал ішкіз, адал жегіз,
Тұтпасақ адалдықты адам неміз.
Жем шөпке тойып алып ерігем деп,
Қасқырға шаңқай түсте таланды өгіз.
Күзетсең күні-түні иманыңды
Сіз үшін ең қайырлы қадам деңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter