27.06.2021
  258


Автор: Қарауылбек Қазиев

ҚАДИША

Үй алдындағы зәулім терек көлеңкесін ұзарта берді. Бар айнала күңгірт сары реңге толып, қоңырлануға бейім. Демек, бұл кеш белгісі ғой! Болса, болса екен. Әлденені іздегендей аңсаулы көңіл соны қалайды. Сол қоңыр кеш аяулы қимастық әкелердей үнсіз елжіреумен асыға күтеді. Тезірек болса екен...
      Осы бір сәт жақындаған сайын көңіл түкпіріндегі кызуы басылмас күнәсыз балалығымның гүл атқан шағы біртін-біртін бас көтеріп, қол созымға келетін сияқтанады. Осы түннін дымқыл топырағында сәби жүрегімнен алғаш рет шымырлап шыққан ыстық жастың ізі жатыр. Осы түнің тұнық ауасынан қайда барсам да жүрегімнен естіліп тұратын аяулымның үнін тыңдаймын. Осы түннің мейірімді құшағынан көктемгі тұмандағы күн көзіндей елжіреп тұратын Қадишаның жылы жанарын көремін...
      Иә, оның аты Қадиша еді. Орта бойлы, қараторы жүзінде үзілмей келіп тұратын қуаныш иірімі тәріздес ілтипатты жарқырау бар. Бетіндегі жұқа қызылы нәзік биязылықтың лебін өскендей білінбей үлпілдеп, бар ажарын жайнатып тұрады. Күлкісі де өзгеше: уақ тістері көрініп, біртүрлі іш тартқандай болушы еді. Шымқай қоңыр көздері ішінде жас бар сияқтанып, мейіріммен мөлдірейтін.
      Ауылдың көп жігіттері ынтық боп, әрқайсысы-ақ Қадишамен қатар жүргенді мәртебе санады. Өзі біздің ауылға жақында келгендіктен бе, әйтеуір Қадиша жайындағы әр түрлі сөз топ ауылдың қажетіне жүгірген жалғыз електей ел арасын кезіп кетті.
      "Инабатты қыз екен. Қимылы да бұлт үстімен жүргендей жұп-жұмсақ. Бәрінен де әзілін айтсаңшы" деген мақтау сөйлемдер келгеннін ертеңінде-ақ әсіресе бозбалалар арасына тезінен таралған болатын.
      ...Жұмыстан шыққаннан кейін кілең жастар бірігіп-ап, би алаңына жиналамыз. Қыздармен әзілдесіп, ойнап-күлгенді сүйетін едік. Түнгі төңірек қап-қара тыныштық құшағына сүйеніп, аспандағы қалың жұлдыз қара жерге шыққан бәйшешекке ұқсап жыпырлап тұрады. Лептей есіліп қанатты вальс желпініп жатады. Жанарынан қуаныш оты ұшқындап, үлпілдек шашындағы ақ бантигі таң шолпанын-дай күмістеніп Қадиша жүреді... Онымен билеген кезімде өзімді қаншама берік ұстауға тырысканыммен, себепсізден Қысылып, демімді әзер шығаратынмын.
      - Бүгін бірге билейікші, - деймін естілер-естілмес қып.
      - Билеп жүр емеспіз бе? - дейді ол да ақырын сыбырлап.
      -Жәй, әншейін...
      - Ал басқа біреулермен ше?
      Мен жүзіне тура қарай алмай, именіп қаламын. Қадиша болса, қуанышты ажарын өшірмейді.
      - Сен тіпті аңқаусың, - деп күліп қояды. Сосын менің Үндемей, томсырайып қалғанымды көріп:
      - Ренжігелі тұрмысың... Соған-ақ өкпелемексің бе? - деп еркелеткен жанарымен жұмсақ қарайды...
      Мен тіс жарып ләм дей алмаймын.
      Тегінде, Қадишада жаттық деген болмаушы еді. Бәрімізге ашық, жарқын қабақпен қарап, жаңа ашылған балапан гүлдей таза күлкісін аямай-ақ үлестіріп жүрді. Соның өзін көңілімізге шырақ көріп, әлденеге ынтығып, Қадиша маңайынан шықпайтынбыз. "Қай жігіттің жұлдызысың?!" деген жазуды әр үміткердің-ақ жанарынан оқуға болатын еді.
      Несін жасырайын, көп көздердің бірі өзім едім. Көрші тұратынбыз. Арамызды табанындағы құмы көрініп, айна үгіндісіндей жарқылы дірілдеген жіңішке бұлақ қана бөліп жатады. Ауласындағы заттардың барлығы да көзіме оттай басылып, жақын сезіледі де тұрады. Себебі бәріне де Қадишаның нәркес көздерінің қиығы түсті емес пе? Үйінің кабырғасына түскен су ішіндегі күн сәулесінің ақырын ағараңдап, болар-болмас шағылысқан қыбыр-қимылын да, бұта саңлаулары аркылы шатырына ойнаған көп көлеңкенің ойық-ойық өрнектерінің сәл тербеліп, кірпік қаққандай құбылып тұратынын да көзімді жұмып жатқа көре аламын.
      Бәлкім, көршілігімізден шығар, басқа жігіттерге қарағанда Қадишаға бір табан жақын сияқты жүрдім. Сүт пен қаймақ аралығындай жымдасып кетпегенімізбен, әңгімеміз бен әзіліміз түзу еді. Қадишамен бірге жүруім көңіліме каншама қуаныш толтырғанымен, жүрек түкпірінде әлденеден сескенгендей калтыраған діріл де болатын. Өйткені Қадиша жанарының бір үшында адам білмес терең сыр байқалатын. Еркелеп, ойнап тұрып-ақ, тосын жағдайға ұшырағандай, жайнаған жүзінен мұңаю көлеңкесін жүргізіп өтеді. Қуанышты жанары іштей мұңданып, үлбіреген ернінен күлкі самалы еспей қалады. Ондайда мен ішіне найзағай ойнаған үлкен дауылдың шуылын естігендей жүрек елжірер үнсіздікте каламын. Қадиша касындағы бақыттылығым дыбыс шықса ұшып кетер бұтаға қонған торғай секілді еді. Әйтсе де біржолата қол үзіп те кете алмай, Қадиша тұтқынында болуға тағы мәжбүрмін. Жүрек шіркін бір сиқырлы күшпен Қадиша маңайына байлаулы болды.
      Кей қыздарға екі жігіттің басы қосылып сөз айтса, шекелерінің шодырайып шыға келетін әдеті ғой. Қадиша соңынан нешеме жігіт шұбырып жүргенімен, арнасынан асып-төгілгенді білген емес. Баяғы сол әзілқой, ақ жарқын мінезінен өзгеріп көрмеді. Рас бәріміздің әлпештеп-қолпаштаған жалғызымыз сияқты болғандықтан, еркелігі аралас паңдығы да болатын. Менменсігендей қылығын да аңғаратынбыз. Бірақ та ойнақы балалығы мен сүйкімді реңі ондайларын жуып-шайып, жарасымды көрсететін.
      ...Жұмыстан келген бетімде Қадишаны көруге асығамын. Міне, үй жапсарында ілініп, барлығы білінбей, ескерусіз тұрған жарты ай жүзіне рең кіре бастады. Ауыл ішінің ауасы салкындап, көрінбей шырылдаған шегіртке үндері де көбейді... Қадишаның жұмыстан қайтар уағы келе жатыр екен ғой... Өңі калай солғын тартқан! Біреу ренжітті ме екен, жоқ, әлде колхоз жұмысының ауыр тиіп жүргені ме? Қыз бала ғой, ауыр тисе, ауыр тиіп жүрген шығар, кешке дейін сеялка үстінде қадалып отыру да оңай деймісің!..
      Ол мені көрмеген адамдай, колының тікенін алғансып, төмен қараған күйі, ауласына кірді. Үстіндегі көнетоз жемпірін арық жиегіне лақтырып тастап, арқасына төгілген қос бұрымын бос жіберіп, салқын сумен жуына бастады. Сүртініп болған соң үйіне кіріп, терезесінің алдына келді. Саусақтары бұрымын өріп тұрғанымен, екі көзі алыстағы қиялын көріп, сонысымен тілдесіп тұрғандай телміріп қалыпты. Кірпігінен үзіліп түскен бір тамшы жасты көріп, іштей мұңданып отырғанын сезгенімде, жүрегім елжіреп жылап жібере жаздадым. Шынын айтсам, менен жасырын құпия сырдың жетегінде жүргеніне назаландым. Неге ғана сөйтеді екен, сауық үшін жаралған жанарына кірбің кілегейін үйірмесе нетті! Қадишаның сондағы солғын жүзіне күлкі үшқынын жүргізу үшін нендей киыншылық болса да даяр едім. Бірақ... мәселе басқада ғой.
      Сөйтіп, менің көңіл күйімнің тағдыры Қадишаның мерейі мен жабырқаушылығына байланысты болды. Күнделікті ойларым, көңілімнің бір шетін жылытып жүретін Қиялдарымның бәрі Қадиша туралы еді. Жұмыс үстінде онша сезіле қоймайтын, ал қолым бос кезінде өзімді қоярға жер таппаймын. Үйге келгенмен де, жайбарақат отыруға халім болмайды. Әлденені тілегендей ыстық сезім қанаты еріксіз көтеріп далаға шығарады. Алау көңілімнің тыңшуы Қадишаның үйге бір кіріп, бір шығып жүрген жеңіл Қимылының ұшында, анда-санда біздің үй жаққа тастаған көз қарасының қиығында сияқты. Оның даусы, мейірлене мөлдіреген көз жанары, жас бала еркелігіндей наздануы, сырын бүгіп, іштей тынған саналы қылығы бойыма әбден сіңіп, қайда барсам да соңымнан калмай еріп жүрді. Мен естіп, мен көріп, мен сезгеннің бәрінде де Қадиша бейнесі жүргендей болады. Ыстық толқынмен шымырлап шыққан сұлу күй қанатынан да, өрт жалындай алаулаған қызғалдақты алқаптан да, қылтиып шыққан күн мұртының әлсіз сәулесінен де, суыртпағы таусылмас ұзын жол сүресінен де Қадишаның суретін көремін. Мен еш уақытта жалғыз болмадым. Дауылдаған тынымсыз үміт жүрек лүпілімен біте қайнасып, бірге соқты. Биік шыңды сипалай, момақан қозғалыспен баяу қалқитын үлпілдек бұлт болмаушы ма еді. Сол сияқты тілсіз, тынымсыз шымшылаған сағыныш мұңы жүрегімді аймалап, жұмсақ қысып, үнемі мазалайды да тұрады. Аялаған ұлпадай сезімдер көкірегімді баурап, әлдеқандай бір нәрсені ынтыға күттім. Тұла бойымды кернеген сезімдер тасқынының ол кезде немен бітіп, қайда құяры белгісіз еді. Тынымсыз аңсау мен түсініксіз күтудің жауабы бір-ақ күнде қасымнан табылды.
      ...Жылы ұшыраған қызғылт сулесіне таянып, калың ағаштың ортасына еңкейген күн біртін-біртін батып кетті. Төңірек теңіз түбіне шөккендей тып-тыныш. Кешкі ауылдың жұмсақ түтіні шәліше желбіреп, созыла қалқып, бастарында ілулі тұр...
      Кеш өткізуге бас қосқан ауыл жастары біздің үйге жинала бастады. Уілсіз бұран, майда бүлкілмен аспанға шаншылған самауырын түтіндері мен куаныштан шалқып шыққан жастар күлкісі - думаны қызып, шаттығы жарасқан үлкен жиынның үстеме мерейін аңғартқандай еді. Жалын мен сағыныш атқан отты вальс ырғағының тынымсыз лепіруі жүрегімді үлбіреген мұңмен көмкерді. Шығар есігі жоқ тұйык арманның дауасы болмай, тысқа шықтым... Жып-жылы жұмсақ түн. Алыстағы сансыз жұлдыздар жылусыз от бүркіп, шет-шетіне кырау жалатқандай жылтылдап, үнсіз, тынымсыз жымын кағады. Көше дабыры да саябыр тауып, момын тартқан. Тек тозбас сарылына мініп, менің ойым секілді астан-кестен тулаған тау өзенінің дыбысы ғана бір сарынмен бұрқырап жатыр. Түні бойы кірпігіммен күзетіп шығатын Қадишаның көк қақпасына қарап, қиял бесігіне тербеліп тұрған едім, жұмсақ басқан аяқ тықыры естілді. Қадиша екен. Сүйкімді таныс лебі бетімді желпіді.
      - Кеш ұнамады ма, неге тұрсың состиып?
      Даусында еркелігі аралас жұмсақ қана діріл бар.
      Мен тіс жарып еш нәрсе демедім. Түстеп берер аты жок отты сезім айтарымды таңдайыма жабыстырып, тіл байлады.
      - Айтшы, неге көңілсізсің, әлде біреу ренжітіп жүр ме? - Қасыма келіп, кішкене алақанымен шашымды сипады. - Ер баланың ұяң болғанынын несі жақсы, ашылып жүргені дұрыс емес пе? Сен қызықсың...
      Жылы саусақтарымен қолымды ұстап, жүзіме қарап, ойнақыланып тұрды.
      - Шынымен-ақ күлмеймісің? Еш нәрсе деп сөйлемейсің бе? Өкпелегіш, мен сені өкпелегіш деймін.
      Еркелей сөйлеп, қолымнан тартып, үй жаққа сүйреді.
      - Жүр, бірге билейік, соңына дейін бір болайықшы... Мен өзімді нендей күйде ұстағанымды сезгенім жоқ.
      Көңіл тереңіндегі ішкі арнамен ағып жатқан арман мен тілектің күні жетіп, сағаты соққандай, бұзылған сеңше аптығып, қалтыраған деммен тұтығып калдым.
      - Қадиша, тоқтай тұршы...
      - Өкпелегіш бала... - Расымен түсінбейсің бе, жоқ, мені мазақ еткенді тамаша көремісің?!
      Қадиша басқа күйге ауысып, іркіліп қалды.
      - Солай де... Солай түсінеді екенсің ғой.
      - Басқаша қалай еді... Сен бәрін де біліп, әдейі істеп жүрсің...
      - Маған да оңай тиіп жүргені ғой сонда. Сенің жүрегіңді жаралауға құмар болғаным ғой? - Ол тамағы жасқа булыққандай сыбырлап сөйледі.
      Қадиша маған сүйенген күйі үнсіз қалды. Әлсіреп шыққан демі мен қалтыраған денесінен ішкі күйінің арпалысын аңғардым. Бірақ ол көп тұрған жок, сәлден соң анық, ширақ дауыспен батыл сөйлеп кетті:
      - Менің екі жүрегім жоқ кой, екеуіңді қоса сүйетін. Неге ғана оның орнында сен болмадың екен?! Сені түсінбей жүр деп ойлаймысың. Қайтемін мен?! Менің де төзімім сарқылып болды әбден. Азаптап, азапталмаймын енді.
      Осы сөздерді асыға айтып, жылдамдатқан қимылмен үйіне беттеді. Қасымнан зу етіп жай оғы өткендей болды. Өзіме әрең келіп, "Қадиша" деп дыбыстағанымша, қақпасы сарт жабылып, қалғып тұрған түн тыныштығын бұзды. Атша тулаған жүрегіме қан құйылғандай, соның тасқыны көзім мен құлағымды жауып, еш нәрсені аңғара алмадым. Қақпа мен қаранғы түн көз алдымда еріп, көше бастағандай болды. Арық кемері опырылып, ішіне төгілген бір уыс жұлдызды өшіріп кетті.
      Қадиша ертеңінде-ақ ұшты-күйлі жоқ болып шықты. Үй иесі Қадишаның таңғы поезбен Магниткаға, өз кластарының аттанған қаласына кеткенін айтты. Мен ол күні ешбір ойсыз, кұр сүлдермен ерсілі-қарсылы жүрдім де қойдым. Қайтадан түн басталды. Қадишамды жоғалткан түн кайта келді. Тағы да жұлдыздар жымыңдап, тағы да мейірлі самал жортты. Қара бұлдыр жерді тіліп ай туып келе жатыр. Кеугімдене бастаған түнгі айнала калғи түсіп, көз ілгендей тып-тыныш момындыққа шомған. Алып қашып, алысқа жүгірген тау өзенінің сарылы келеді. Көк астынан көрінбеген шегіртке шырылдайды. Жер жыртқан трактор гүрілдейді... Түн тірлігін өтеп жатқан бар құбылыс Қадишаны еске түсіріп, толастамас сағыныш әкеледі. Акырында кетіп тынды, енді не болар екен деген ой басымды шырмайды.
      Мен кимасымды іздей бастаймын.
      Баяу жүріп көк қақпаның түбіне келдім. Жым-жырт. Су караңғы терезе шынысы кешеулеп шыққан ай нұрына шағылысады.
      Үні сіңіп, күлкісі төгілген бакшасына бардым. Үн-түнсіз. Қараңғылық уысында сілкіне алмай, тұнжырап тұр.
      Күнде жүріп жол еткен жалғыз аяқ сүрлеудің шетіне отырдым. Ол да қыбырсыз. Қым-қиғаш жоңышқа бастары бір-біріне сүйенісіп, жайбарақат ұйықтап жатыр.
      Барлығынын нәзіктігі мен сұлулығы Қадишамен бірге кеткендей реңсіз, солғын көрінді. Мен дымқыл көктің арасына етпетімнен жатып Қадишаны ойладым. Түн қараңғылығы салмағын салып, өкпем кысылғандай болды. Уақ шықтар шашыма, мойныма төгіліп, бет-аузымды мөлдір тамшылар жуды... Мен аяулыммен коштастым.
      ...Әуеде калкыған ұлпа тозаңдарды шапағымен бояған кызыл ымырт жабыла бастады. Ауыл іші коңыр жейде киініп, бозғылт тартқан. Күл арасындағы өшер шаладай көмескіленген іңірдің алғашқы жұлдыздары көрінді. Үйдің қасына түн келіп жатты. Осы түннің ауасынан қайда барсам да жүрегімнен естіліп тұратын аяулымның үнін тыңдаймын. Осы түннің мейірімді кұшағынан көктемгі тұмандағы күн көзіндей елжіреп тұратын Қадишаның жылы жанарын көремін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу