Өлеңдер ✍️

  25.06.2021
  338


Автор: Құрал Көмекұлы

РУХ АЛАҢЫ

1

Желтоқсанның жаны бар, жара басқан,
Желтоқсанның мәні бар — қара дастан.
Рух қонған алаңда тұрдым ұзақ,
Қызыл қаны ақ қармен араласқан.

Төбемізден түнеріп қарады аспан,
Ерлік пенен ездігі жағаласқан.
Көрдім анық түсімде ұлт рухын,
Биік түрған коз алмай қара тастан.

Семсер жүзі кеудеге дарымастан,
Қарғалар жүр қарқылға жарымастан.
Күл-қоқысқа көміліп шықпай қалды,
Әшейінде сұңқылдар «қара мыстан».

Көрінбейді «Даңғазалар» бұл жақтан,
Бұққан торғай бұқпантайлап тасадан.
Көздерін көлегейлеп қарайды,
Алауына аландағы Рух жаққан.

2

Бейнесі рухтың түгелдей от жалын,
Маңдайына түсіріпті ат жалын.
Маңайына отты сәуле таратып,
Жарқыратты жасындарын, шоқтарын.

Айыр тілді аждаһа жалаңдаған,
У шашпақ боп алаңға тұр аңдыған.
Еркіндіктің екпінінен шошынды,
Ұландардан бөрідей ұрандаған.

Сол ұраннан ұштанды жасын біткен,
Жасындардың жандары асыл неткен?
Найзағайын аспанның қолға алып,
Басталды ерен толқын ғасыр күткен.

Жуасыған жусанын дала сүйген,
Сілкініп кетті бәрі дабыл-күйден.
Орыстардың мұжықтары шоқынып,
Біздің шал да қол жайды дүға-тілмен.

3

Қарт Тарих тұр ойға алып өткенді,
Рух отымен ғасырларды естеді.
Он алтыда ақ патшаға тайсалмай,
Бабаң сенің осылай бел шешкенді.

Сонан бері жүз жыл сусып өткен бе?
О, тәкәппар рух! Сен маған кектенбе.
Жатыр екен маздап шоғың сөнбестен,
Қайта лаулап желтоқсан боп жеткен бе?!

Көрдім енді Абылайды алаңнан,
Ақ түйесі аруана саналған.
Кенесары, Махамбеттер, Сырымдар,
Тоғысқандай Рух маңына сан арман.

-«Қыран-арман үзілмеген жалғасып,
Мен жүргенде бұл ғаламда жер басып».
– Деді де, Рух Тарих-қартқа бір қарап,
Ұландарға кете барды жол ашып.

Сонан кейін бодандықпен айқасып,
Ерлік, ездік кете барды шайқасып.
Алатаудың алаңынан атойлап
Толқын кетті шартарапқа жалғасып.

Сайын дала биіктетіп жалауын,
Өзгелерге айтып жатты қалауын.
Мұхиттарда «12-бал» ойнап,
Балтық теңіз тұтандырды алауын.

Кәрі құрлық ішке тартып тынысын,
Тындап жатты ұлы дала дабысын.
Томағасын қыран бүркіт сыпырып,
Хас тұлпарлар дүбірлетті шабысын.

Қиылғандай бодандықтың шынжыры,
Кеуделердің қанат қақты шын-жыры.
Жаңғырықтан дүние түгел сілкініп,
Ойға шомды ғасырлардың мұң-жылы.

Қырандарға өзге құстар жеткен бе?
Еркіндігі сірә оның шоккен бе?
Қызыл билік Римге ұқсап күйреді,
Ән шарықтап «Қазақстан» кеткенде.

4

Сол сәтте,
Артқа тастап сан ізді,
Рухпен бірге
Қуаттанып ән ізгі,
Еркек тоқты
Құрбандық боп ер Қайрат,
Құбыла жаққа,
Қарап тұрып жан үзді.

Ешкімге жалбарынған жоқ
Жан сұрап,
Жатса дағы жап-жас тәні
Қансырап
Рухқа карай қол созып,
Маңдайынан тер емес
Қан сорғалады тамшылап.

Қайран ердің
Жүрегін күрт кеміріп,
Үнсіз жатты
Рух көзіне телміріп.
Қош бауырым
Алдың жәннәт па? Дозақ па?
Құрбандығын шалған жұртың
Азат па?!....
Рух
Шарықтаған күйінде
Қол жайып,
Тұлғасы қыран мүсінге
Айналып,
Сеңгір көкке
Сіңіп кетті жай барып.

Бісміллә!
Бісміллә! Түсім бе?
Астаһфир Алла!
Жоқ әлде өңім бе?
Қолдай көргін жарылқаушы,
Дұғамды
Рух күресі басталып та кеткен бе?

P.S.
О, ғасыр пенделіктен арыл жаным,
Тоңбасын желтоқсанда қызыл қаның.
Өсетін көкке қарап қыран рухтың,
Киесін көкейіңде ұмытпағын.

Рухсыз өскен тұншығады көп сенім,
Рухсыз шындар білмей қалар шөккенін.
Сол аланды мен газеттен оқыдым,
Ортасынан қақ жарылып кеткенін.

Биіктіктің жолы болар біз шыққан,
Арымызға таңба болар кеш ұққан.
Сол сызат кетпесін жарып жер шарын,
Тағзым етіп құрметтегін сондықтан.

Алдымызда асқар-асқар ғалам жол,
Болашаққа баба рухы санам бол.
Желтоқсанда желбіреген бұл майдан,
Қазақ үшін қасиетті алаң ол.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу