Өлеңдер ✍️

  25.06.2021
  406


Автор: Құрал Көмекұлы

БӨРІЛЕРГЕ ГИПОТЕЗА

Көкке қарап ұлығанда бөрілер,
Бытырадай ұйқың қашып бөлінер.
Мола жақта ақ кебінге оранып,
Тірілерге елестейді өлілер.

Қараңғыда таулар шошып мүлгіген,
Төңіректе үрейленген түнгі дем.
Жер мен көктің төбе шашы тік тұрып,
Сап тиылды өзен, бұлақ күлкіден.

Көкке қарап ұлығанда бөрілер,
Қызыл қаның тәтті болып көрінер.
Зардың емес, ардың үні шыққанда,
Жүдеу көңіл өгей күйді сезінер.

Мына зарды түсінетін бар ма жан?
Момын далам, қайда кеткен бар мазаң.
Көроғлыны көрден көріп емгізген,
Адамдарға түсіндіре алмасаң.

Бөлтірікпен бөліп ішкен көк сүттен,
Көрдің ұлы жұбаныпты өксікпен.
Бөрілердің ұлығанын ұғам мен,
Көроғлысын көкке қарап көксеткен.

Ұлығанды түсінеді жаратқан,
Зарың сенің жан-жарамды қанатқан.
Серттен тайған сендер емес, адамдар,
Көроғлыны қайта көрге қаматқан.

Көрдің үлы жылу тапса бөріден,
Ізгілікті іздеп кетем әріден.
Көрдің ұлын қайта көрге көмгенді,
Қиын екен ұғындыру бәрінен

Тар кеудемді өксік қысып тұр менің,
Көкірегім — терезесі тұр менің.
Көроғлысын көктен іздеп ұлыған,
Бөрілерге «гипотезам» бұл менің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу