Шығармалар ✍️
Абай іздеген ұлт бақыты...
Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек.
Абай
Асан қайғы желмаясымен жеті түнде де тоқтамай қазақ үшін «жер ұйық» іздесе, Абай қазақ үшін қолынан қаламын еш тастамай күндіз-түн ой үстінде толғатып «ұлт бақытын» іздеуден еш шаршамаған, өз қиялындағы кемел қазақты аңсаған аңыз тұлға.
Абай құба шөлден су тауып қаталаған туыстарын, өз қазағын сол «бақыт суына» шақыраған жанға ұқсайды. Алайда айналасы, сол қамқор жүректі түсінуге шамасы жетпейді... Абайдың «Мыңмен жалғыз алыстым...., Қайран сөзім қор болды-ау..., Қараңғы қазақ даласы..., Мен өліп қалған сияқтымын...., Мен бір жұмбақ адаммын..., Ішім толған у мен өрт..., Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық..., Саудасы – ар мен иманы» - деп ұлтының бақыты үшін өзін қоярға жер таппайды. Қандай адам бақытты болады? Ойшыл қиялдан кемел адам жасайды, сол кемелдікке қазақты, тіпті адамзатты шықырады.... «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек». Абайдың ақылдың үстіне қондырғалы жүргені қандай сәуле?!!! Патша құдай, сыйындым тура баста Өзіңе деп Абай сөзін бастайды. «Бізді жоқтан барғып жаратқан Алланың кітабы Құранды шын түсініп, Хақ пайғамбар Мұхаммед(с.ғ.у) сүнеттін орындасақ, көркем мінезін, білімділігін ұғынсақ, шыншыл болсақ, ізгі сөз сөйлейтін, ізгі іс істейін жақсы адамға айналамыз, міне сол адамның ақылының үстіне сәуле құйылады. Көкірек көзі ашылып, дана болады. Солай кемел адам санатына жатады»- деп ой қорытады. «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі, іштегі кірді қашырса, адамнның хикмет кеудесі»- деп өлеңмен ой өреді. Қазақтың «көзі соқырдан көкірегі соқыр жаман, көкірек көзі ашылған....» - деген сөздерінің сыры осында. Демек, өзіңді Жаратқанның тыйғандарынан шын тыйылып, бұйырғандарын ықыласпен істесең бақытты болғаның дейді Абай. Ақылға сыймас ол Алла. Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер, Жарлық берді Ол сіздерге, сөзді ұғарға, - деп ақын тебірене толғайды. Бұған жетудің жолы жалқаулықтан, надандықтан, залымдықтан құтылу. Терең ойға шому, кәсіп қып, еңбек ету сынды бір-бірімен сабақтас асыл ойларды өлеңі мен қара сөзінде кезек-кезек толғайды. «Мінездерін көргенде қайнайды қаның, ашиды жаның», - деп туған халқына күйінеді. Бұл қазақты түзету үшін не асқан бай болып ата-анасын паралап балаларын оқыуға беру, не қолыңда билік(закон таяғы) болып, күшпен балаларын ғылымға беру, - деп келешек білімді қазақты көз алдына елестетеді. Абай керегін түсінген адам алар деп, ақ қағаз бен қара сияны ермек етіп жазу столына шұқия отырады. Бар тірлігін тоқтатып, ояу да, ұйқыда да халқын ойлайды...түсінде көреді....Ақшоқыда ақын рухани ой әлеміне енеді, биікке көтеріледі.... «Біріңді қазақ бірің дос көрмесің істі бәрі бос» - деп елді бірлікке шақырады. «Тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса?» - дейді, міне Абайдың шын болмысы...
Абайдың оң құлағына азан шақырып, сол құлағына һамат түсіріп қойған шын аты Ибраһим. Адамның аты оның болмысынан хабар береді. Әкесі, көкесі, әжесі тағы басқа білгіш туысы атын қойды деген күннің өзінде де адам әуелде Әлмисақта тозаң ретінде Алла алдында жаратылғанда аты беріледі. Тек сәби дүниеге келгенде адамдар сол атты іздеп табады. Демек, Абайдың шын болмысы атынан көрінеді. Жалпы, мың жылдықтарда сіңген қазақ болмысын исламнан бөліп қарастыру қаншалық қателестірсе, Абайдыда исламнан бөлек зерделеу мүлде басқа бағытқа алып кетері хақ. Абай Құнанбайдай аға сұлтанның отбасында дүниеге келді. «Жеті жарғымен» қаруланған Абай әкесі ұлтының қамын жеген, дін исламды мықты ұстаған заңғар тұлға екені баршаға аян. Оның қажыға барғаны, одан кейінгі тақуалықты ту еткен өмірін көз алдымыздан аз өткізсек Абайға жақындай бастаймыз. Иә, Абай кішкене кезінде Семейдегі Ахмет Риза медресесінде білім алды, сол жерде сауатын ашып араб, парсы білді. Құран, сүннет, усул, фиһ, ақида ғылымдарын терең меңгерді, кейін келе шығыс ақындарын құныға оқыды. Онымен тоқтамай орыс классик әдебиетінің дәмін татты. Абай тануда оның биік те қатпары қалың дүне танымына бойлағанда, адамгершіліктің, имандылықтың тамаша үлгісін көреміз.
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Абай білімін өз ортасында, қазақ даласында практикадан өткізіп, иман көзімен, ақыл тезімен зерделей бастады. Шын ақылдық танымға сонда көтерілді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас»- деген Абай Алла хақ, Пайғабар шын, Иман кәміл, ғибадат парыз екенін шын білген нағыз мүмін. Абай өз бигіне шықты, адамзаттық білім Абайдың рухына сіңді, айтар сөзін жүректің сүзгісінен өткізіп, қағазға түсірді. Екі ғасырды артқа тастап бізді таңғалдырып отырған асыл сөз еш уақытта сөнбей жарқырай береді, жарқырай береді...
Лиаһи ілімдер әуелі адамның рухына сіңеді, сосын барып ол тәнде (бойында) көрініс береді. Аузында қанша жерден ілімі болып, іс-әрекетінде Құранға беріктік, имандылық, мәдениеттілік, ізеттілік, ұят, намыс, жауапкершілік т.б құндылықтар болмаса, оны кім дейміз? Демек, білім адам бойында көрінуі керек, сонда ғана ол шынайы білімді болады. Қазақтың иман жүзді деген сөзі содан қалған. Иман жүзді Абайға Алла Тағала «сөз» берді. Сол сөзбен қалам күресін жүргізді, ол қазаққа ғана емес, жалпы адамзатқа үн қатты:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті.
Абайдың қара сөздеріне зер салса 7, 17,19, 25, 31, 32, 43-ші қара сөздерінде жас ұрпақты, жалпы қазақты ғылым-білімге шақырады, соның жолын үйретеді. Надандық- адамзаттың қас жауы екенін айтады. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» - дегеннен сақтандырады. Бұл Абайдың ағартушылық, ойшылдық қыры, ол өз алдына үлкен әңгіме.
Абай өз ұлтына бақыттың жолын нұсқады. Өз ортасынан жанды мысалдар беріп, көз алдында жүрген адамдарды өз тілімен суреттеді. Жамандықты соқырға таяқ ұстанқандай көрсетті. Қазақ үшін Абайдың Абайлығы осы.
Ақын дәуір биігінде тұрып, өз замандастарынан бастап, заман ақырда келетін ең соңғы қазаққа дейін бақытқа шақырды. Қазақты жанынан артық жақсы көрді. Өз ұлтының кемістігін термештей отырып, ашына жазғанына қарап ол қазақты сонша жек көрген бе деп ойласақ қатты қателесеміз. Абай атамыз 29 қара сөзінің бәрінде дерлік, қазақ мінезіне, психологиясына, ұлт болмысына, қазақ өмір- салтына, қоғамына зерттеу жүргізеді. Өзі айтқандай алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім деп тақырыпқа дендеп кіреді, қазақтану ғылымын жасайды. Ұлтының ауруын көрстеді және оны емдеудің жолын ислам құндылықтарын “тез” (көрсеткіш) етіп соған салып түзеуге шақырады.
Ал Абайдың ішкі әлемі 12, 13, 16, 27, 28, 34, 35, 38, 45-ші қара сөзінен анық байқалады. Онда ойшыл терең ойға шомып, Аллаға жақын болғаны көрінеді.
Абай атамыз 12-ші қара сөзінде: Шала сауат адамның иманы өте әлсіз болатынына тоқталады. Адам сенім және ғибадатқа қатысты білуі қажет болған мәселелерді білмей толық мұсылман бола алмайды. Намаздың рүкіндері мен құлшылықтағы парыз, уәжіп, сүнетті хабары жоқ адам, қай жерде дәрет, қай жерде намаз, қай кезде ораза бұзылғанын білмей жасаған құлшылығы обал кетеді.... Абай соған күйінеді. Пайғамбарыздың Алла Тағала қандай да бір адамның қандай да бір істе маман болғанды жақсы көреді деген хадисін ашықтай түседі. Сауатсыз, білімсіздің шайтанның мазағына айналатынын ескертеді. Дүние және ақырет бақытына жету үшін әрине білім керек деп түйеді. Білім алу ер-әйел мұсылманға парыз екенін еске салады.
13-ші қара сөзінде: Иман туралы ашып көрсетеді. Білімі арқылы танып, сырына үңілген терең иман және атадан келе жатқан (өлтірем деседе өз иманын жоғалтпайтын) күшті, сенімді иманның қай кезде де берік болатынын айтады. Не білімі жоқ, не сенімі жоқ адамның иманы әлсіз, жарты екенін, ондайдың тек пайда үшін ақты қара деп, қараны ақ деп кез-келген уақытта дінін сатып кете беретінін ашына айтады.
16-шы қара сөзінде: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайқты болса екен деп қам жемейді» - деп бастайды сөзін ойшыл. Қазақтың енжар, салғырттығын Алла ісіне араластырып, «тілім келмейді» деп отырған бейшара халіне күйінеді...Құдды ақшасын сұрап келген саудагерге «барым осы» деп соңғы сөзін айтқандай күй кешкен қазақы жалқаулықты сындайды. Барлық нәрсенің өз шеңбері болатынын ашық ұғындырады. Релістен шықса от арбаның (поездің) құлап қалатынын еске салады.
27-ші қара сөзінде Абай атамыз Сократ пен Аристотилді сөйлестіріп Кәламдағы тауһид( Алла ұлы, Алла жалғыз) ілімін өте жоғары деңгейде кеңінен таратады, оқырманға ашықтап түсіндіріп береді.
28-ші қара сөзінде: Ең бір күрделі ұғым тағдыр мәселісіне кіреді. Адамның ерік қалауына тоқталады. Көлікке отырып рөлді қалай бұрсаң, солай кететіні сияқты сенің де жақсылық не жамандыққа кетуіңе еркің бар. Алла Тағала саған ерік беріп сынайды, ақыл беріп сынайды, байлық беріп сынайды.... Ақидаң(бағытың) дұрыс болмай, ақылың, білімің жетпей жасаған ғибадаттың шикі екенін айтады. Балаңа тәрбие беруің үшін де білім керек болатыны сияқты, барлық істі жүрекпен сезіну, білу талап етіледі. Біліміңді молайт, Илаһи ілім сен ойлағандай төмен емес, (мета физикалық ілім) нағыз білімнің биік шыңы деп оқырманды ұйқысынан оятады. Ақ иық ақын Мұқағалидың «Дін ғылымның атасы» - дегені еске түседі осы жерде.
34-ші қара сөзінде: Өлім туралы ой қозғап, қазақтың өлім келгенде амалсыз Аллаға сенетінін айтады. Барша әлемдердің Раббысы Алла Тағала ақыретте сұрақ алады, жақсылық, жамадықтың сиын не жазасын береді. Кез-келген адам алты иман шартқа (Аллаға, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, тағдырға, ақырет күніне,) толық сенбесе, ол адам мұсылман болмайтынын айтады. Қазақтың ақыретке толық сенетініне сенбеймін, - деп Абай ойын сабақтап сөзін дәлелдейді. Кей қазақтың қай жақта пайда бар сол жақта жүретінін сынайды. «Адам бір сәтте екі нәрсені бірге ұстай алмайды. Екі нәрсе бар болып, оның бірі ақыретке керекті, бір осы дүниеде керекті десе, қазақ ақыретті барғанда көрем деп осы дүниеге керектіні алады» - дейді. Ақыретке сенген адамда күндестік, бақастық бола ма деп салғастырмалы талдау жасайды.
35-ші қара сөзінде: «Алла Тағала мақшарға барған қажы, молда, сопы, жомарт, шейіттерді қатар қойып сұрар» - деп сөзін бастап, барлық амалдың ниетке, ықыласқа байланысты екенін ашықтай түседі. Қазақтың ниетің жолдасың деген сөзін одан ары растайды.
38-ші қара сөзінде: «Әуелі адам бір нәрсені жақсы көруі керек, жақсы көру үшін адамда адамгершілік, ақыл, ғылым болуы шарт. Ал бұларға жету үшін адам бойында жақсы қасиеттермен бірге дені сау болу. Бұған тағы ортаның(от басы, қоғам, дос) әсерін қосады. Адамның ғылым-білімге махаббаты оянса, сол адам болады, содан соң Алланы таниды, өзін таниды, айналасын таниды, жақсы мен жаманды ажыратады. Әуелі баланы бастан дұрыс тәрбиелеу керек, болмаса ол бала жарым адамға, жарым мұсылманға айналады. Ондай баладан кемел адам шықпайды. Алла Хақиқат, Оған тек адам шынайлықпен жақындайды. Адам ғылымы-білімі арқылы әр нәрсенің ішкі сырын білуге, хақиқатқа, шындыққа ұмтылуы керек. Ғылым Алланың бір сипаты әйтсе ғалым адам Аллаға ғашық болуы керек, шынайы ғылымды іздеген адам дүние-мүлік, мансаптан, ақшадан бойын аулақ ұстай алады, сонда ғана ол шын ғалымға айналады. Соңын намаз оқудың толық барысын ішкі мәнін аша түсіндірумен аяқтаған. 38-ші сөз Абайдың бар болмысын көрсетін ерекше толғанысынан шыққан кесек туындысы. Кезінде осы сөзге бөлек бір мақала арнағамыз (Абайда қайтатану хақында" 29,11,2017ж).
45-ші қара сөзінде: Алланы барлығына, бірлігіне тоқталады. Жер бетінде қандай адам болмасын бірдеңеге құл болады, не ақшаға, не Алла жаратқан табиғатқа, не аңға, құсқа, әйеліне, көлігіне, айтеуір адам бір нәрсеге. Соны жақсы көреді, соған жақын болады... кім Аллаға жақын болса сол кісі ғалым, данышпан һам бақытты. Ешқандай ғалым жанынан ғылым шығара алмайды, тек Жаратқанның жаратқан, жасап қойған нәрселерін сезу, көру, ақылмен талдау арқылы, - деп сөзін доғарады данышпан.
Абай қолына қалам аларда былай деп толғайды:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Ойшыл мені тану үшін кір іздемей таза көңілмен келіп ішіме үңіл деп ескертеді. Біреуді сыртынан естіп, жек көріп барсаң әңгімеңнің еш жараспайтыны сияқты, бүгінде жазғанды оқымай жатып, оқысада ішіне үңілмей жатып, не түсіп қалған бір әріпке, не ауысып қойылған бір үтірге сын айтатындар бар. «Тыңдағыш қанша көп болса, сөз ұғарлық кем кісі»- дейді Абай, осы арада бізге ішкі мәніге үңілу қағидасын айтып кеткендей. Демек, Абайдың әр сөзі әр заманға қарай талдай алсаң талдана беретін. Уақыт, мекен кеңісітігінен шығып кеткен дүр сөздер. «Арғын, Найман жиылса, таңырқаған сөзіме» - деп өзі жазып кеткендей ақынның әр сөзінде ат көтере алмас атан түйенің жүгі бар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter