24.06.2021
  150


Автор: Нұрхалық Абдырақын

Алтын орда һәм Иассауй

Әл-фараби атындағы қазақ ұлттық универсиеті PhD доктор.,и.о доцент


 


Аңдатпа: Ата-бабаларымыз моңғол шапқыншылығы, орыс отаршылдығы, жетпіс жылдық советтік қызылдар қырғыны кезінде тәнін берседе, рухын бермеді, өзін берседе, иманын бермеді. Бабаларымызды сол алапат жылдардан аман алып шыққан, өлмес те өшпес күш не, оны қайдан алды? Осы сұрақтардың төңірегінде ой толғайды.


 


Түйін сөз: Алтын орда, қожа Ахмет Иассауй, Берке хан, Сұлтан Бейбарыс.


 


 


 


Ата-бабаларымыз моңғол шапқыншылығы, орыс отаршылдығы, жетпіс жылдық советтік қызылдар қырғыны кезінде тәнін берседе, рухын бермеді, өзін берседе, иманын бермеді. Қаншалаған тайпалар жойылып бүгінде ізіде қалмады. Бабаларымызды сол алапат жылдардан аман алып шыққан, өлмес те өшпес күш не, оны қайдан алды?


 


          Ежелгі адамдар өздерін қоршаған құпия әлемді өз өресі жеткен деңгейде түсініп, қабылдауға тырысты. Бұл көптеген сенім мен нанымдардың пайда болуына себеп болды. Ежелгі заманнан осы уақытқа дейін жеткен деректерге сүйене отырып, кез-келген халықтың діні, наным-сенімдері мен дүниетанымы оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер ететін фактор екендігін білеміз.


 


Дәстүрлі нанымдардың негізгі түрлеріне: Aнимизм(тaбиғaттағы жанды-жансыздың рухы бар деп қарау және оған бас ию). Фетишизм («ерекше қaсиетті зaт» сенімі және олардың мaгиялық қуaтынa негізделген. Пұтқa тaбыну, бойтұмaр тaғыну). Тотемизм, ата-баба аруағына табыну, шаманизм,  көкке және жерге табыну, тәңіршілдік пайда болды.


 


Біздің алғашқы нанымдарымыз тотемизмге негізделді, әр тайпаның өз тотемі болды. Қазақтардың әлі күнге көк бөріні пір тұтуы, аққуды атпауы - осы мифтік жануарлардың күші мен қамқорлығына деген сенімі.


 


Көк аспанды, жұлдыздарды, күн нұрын жан тұрағы деп қарастыру - оларды құдіреттендіруге жол ашты. Дамудың белгілі бір сатысында адам болмыс пен сананың, тән мен рухтың ара жігін ажыратты және соңғысын жоғарғы әлеммен байланыстырды. Әлемдік діндердің бастау тегіне Көкке табынудың (Тәңірге сену) өзекті қағидалары оларға арқау болған. Көкке табыну - уақыт пен кеңістікті игеруге талпынған, қоршаған ортамен тіл табысуға ұмтылған адам баласының алғашқы таным түсінігі. Көне түркілер жерімен, Жібек жолы арқылы қаншама діндер өтсе де, түркілердің негізгі сенімі тәңірге, аруаққа, төтемге табыну болды. Ол кездің әдебиетінде басты тақырып елдік, ерлік, салт-дәстүр, жоқтау еді.


 


       Бұл үрдіс Хазіреті Пайғамбардың(с.а.у) (Илаһи билік 23 жыл) және оның  төрт халифатының (Ижма 622-651) 29 жылдан соң, 661-750 жылдарда Уммия билігі үстемдік етті. 751 жылы Түркештердің кезінде Тараздағы Атлақ шайқасынан кейін Аббасилер билікке келді. Содан бастап Тұран елі ислам дінін өз еріктерімен қабылдай бастады. VIII-IX ғғ Орта Азияда араб тілі мен мәдениетінің үстемдігі айқын сезілді. Әл-Фараби тағы басқа көптеген оқымыстылар осы кезде шықты.


 


 X-ғасырда орта азияда парсы тілі мен мәдениетінің үстемдігі байқалды. Х-ғасырдың соңғы жартысынан бастап Қараханиттер дәуірі басталды, Сатұқ Боғра хан өз тегін, өз тамырын іздеді. Сатұқ Боғра хан қайтыс болған соң хан тағына баласы Муса отырды. Ол 960 жылы ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялады. \1. 211бет\ Өздерін-ежелгі Тұрандықтардың ұрпағымыз деп жар салды. Осылай үш жүз жылға жалғасқан өз еліндегі мәдени, тілдік үнсіздік ғасырын бұзды. Ислам дінін ел идеологиясы етіп, түрік текті мұсыманбыз деп заңында жазды. Осыдан соң XІ-ғасырда түрік тілі мен мәдениеті өз териториясында салтанат құрды. 


 


Осы кезеңде қожа Ахмет Иассауй ұстазы Арыстан бабтың өсиетімен Бұхараға барып қожа Жүсіп Хамадани хазіретінің  қызыметінде болып, мүршидтік кемел мәртебеге жетеді. Жүсіп Хамаданидің екінші халпесі қожа Хасан Андаки 1157-жылы  рамазан айының 26-жұлдызында дүние салған соң қожа Ахмет Йассауи пір болып Бұхара халқына дағуат жасап жүргенде, Илаһи аянмен Түркістанға баруы ләзім болады. Пірлікті қожа Абдулхалық Ғыждуани хазіретіне беріп, барша шәкірттерінің оған қол беруін өсиет етті. \2.30-32беттер\ Туған өңірінің діні басқа отаршыл халықтардың қол астында қалатынын біліп, халқын  рухани жақтан құтқаруға келеді. Алда болатын қиын жағыдайларға елді дайындады.


 


Түркістан халқында ежелгі оғыздардан сақталған 24 тотемдік символ болды, олар көк бөрі, бүркіт, ителгі, қыран, сұңқар, тазы, қаршыға, үкі, қарылғаш, аю, ай, күн, жұлдыз, тұмар, от деп жалғаса беретін. Ежелгі дүниетанымда біздің ата-бабамыз қасқырдан тарайды, не қасқыр емізеді, әйтеу, ит тұқымдас етіп көрсетеді. (Қытай жазбаларында «солтүстік патшалықытар және ит елі» деген үлкен аңыз бар). Міне, бұл Иассауиден бұрынғы бүкіл түрік халықтарына ортақ шежіре.  \3.89-114беттер\


 


Пайғамбарымыздан бұрын құрып-бітуге шақ қалған Араб түбегі Құранмен сусындап, қырық құрау болған арабтардың басы бірігіп, мәңгілік Илаһи ілімнің нұрына шомылды. Құран түспесе, Пайғамбарымыз сол жерде тумаса Мекке мен Мәдинаға миллиондаған адам барар ма еді. Уотт Монтгомери «Исламның орта ғасырлық Еуропаға ықпалы» атты еңбегінде: Пайғамбар мисуагі әлемге тіс жауатын щетканы сыйлады. Сүннет көйлегі пижмаға айналды, ғұсыл тазалықты, дәрет төсекке аяқты жуып жатуды үйретті, жұмаға дайындалып сақал мұрт, шаш тырнақты алу жеке гигиена мен мәдениетті үйретті. Бұрынғы төсекке де жүн шекпендерімен құлай беретін жаман әдеттерінен айырылып төрт мезгілге қарай киім киетін болды, биттен құтылды, тамақты фарфор ыдыспен ішетін болды, кептірілген балық жейтін Еуропалықтар жеңіл сорпа, қою тамақ, тәтті тағам жеуді әдетке айналдырды,  Араб цифыры, компас, қағаз жасайтын дирмендер Еуропаға келді, солай жаппай сауаттанды.  Зайтүн,  інжір, банан, жүзім, құрма, шие жемістері келді,  егінді үнемдеп суғару үшін шағын арықтыр қазды, Гиттар алғаш Испанияда Кодрова халифатында пайда болды. Сәулет өнері дамыды, медицинаға жаңа серпін берді, солай Ибн Сина атымен аталды. \3.89-114беттер\


 


Қожа Ахмет Иассауи түркі халықтарының дүниетанымының көкжиегін кеңейтті, көне түркілік дүниетанымды ислам қағидалырымен байытты, жаңа өркениет қалыптастырды. Дәл солай мәңгілік ілім көне түркілік мәдениетке де өз сәулесін шашты. Қоғамды жаңартты. Иассауи түркінің ежелгі өмір сүру заңдылықтарының шариғатқа қайшы емес жақтарын сол бойынша қалдырды, қайшыларын назиралық жолмен ақырын жаңғыртып, синтез жасай білді.


 


Міне осылай Иассауи қазақ ұлтының ұлттық идеологиясын жасады.


 


Жыр-дастандардағы тотемдік ұғымдарды илаһи ілімге сай етіп жаңғыртты. Тәңірді-Аллаға. Көкбөріні- Адам атаға. Періні- періштеге. Киесі бар адамды- Әулиеге. Құт қонған дуалы ауыз адамды- Пірге. Ноянды- биге ауыстырды т.б, солай қазақты келешек ұлт ретінде дайындады, ру басына қожаларды қойып, дәстүрлі діни сана қалптастырды. \3.89-114беттер\


 


Дін ғибадат қана емес, әдеп ілім екенін санасына құйды. Әуелде ұят болады деп әдеп, иба-ізет, ар-намыс, білім-өнеге, адамгершілік, мейірімділікті үйретті. Үлкенді силап, кішіні аялайтын көркем мінезді қалыптастырды.


 


АН­ФАЛ сү­ресінің 29-aятындa: «Ей, мү­мін­дер! Аллaдaн қор­қыңдaр, Оғaн құл­шы­лық жaсaңдaр, тaқуa бо­лыңдaр, сондa Аллa сен­дер­ге ерек­ше қaбі­лет бе­ріп, жaқсы мен жaмaнды, aқиқaт пен жaлғaнды aйырaтын қүш бе­ре­ді. Кү­нәлaрыңды ке­ші­ре­ді, сен­дер­ді жaрылқaйды. Аллa қaмқор­шы, aсқaн жомaрт». Міне осылай Құранда көп жерде мадақталатын шын тақуалықты халық жанына әдемі сіңірді.


 


Тариқат-жол деген мағынада. Бастапқыда адам күнадан тазарып, рухани көтерілу жолында болып, барлық тән құмарлықтарымен (нәпсісімен) күреседі. Адам әлсіз болғандықтан тариқатта рухани тәлімгердің көмегінсіз тазара алмайды. Өз бетімен құлшылық жасап кемелдікке жете алмайды. Тариқат жетекшілері үкен әулиелерден болады. Орта азияда Қожа Ахмет Иссауи негізін салған Иссауи тариқаты, бұхаралық  Бахау-Дин Нақшбанди  негізін салған Нақшбандия тариқаты және хорезмдік Нәжім-ад Дин Кубра негізін салған кубравия тариқаттары кең таралды.\4\


 


«Әулие» сөзі арабтың «уәли»-жақын, дос, көмекші ұғымын білдіреді. Бұл сөздің шариғаттағы мағынасына келсек: күнә істеуден бойын аулақ ұстайтын, Аллаһқа шынайы итағат етуші. Оған деген махаббаты жалындап, Одан қатты қорққан және Хазіреті Пайғамбардың(с.а.у) сүннетін қалдырмастан мұқияттылықпен орындаған, иманы берік кісі. «Уәли» сөзінің көрше түрі «Әулие»(достар). \5.276\


 


Белгілі орыс ғалымы  Бартольд Исламның Дешті Қыпшақ даласына таралуы сопылардың еңбегі мен мұсылмандық отырықшы халықтардың  көршілес көшпелі тайпаларға ықпал дейді. 


 


Орда Ежен, Бату, Шайбан тел қозыдай тебісіп өсті. Әкесі Жошыдан қалған кең даланы місе тұтпай Бату қалың қолын бастап, батысқа жорыққа аттанды. Жайықтан өтіп, Еділ маңындағы  бұлғарларды бағындырып, қырық құраулы орыс кінәздықтарын шетінен талқандап, тез жаулады, одан ары Киев қаласын басып алды. Польшаны,  Венгрияны, Чехияны, Молдавияны ойрандап, Ертіс өзенінен Дунайға дейінгі кең-байтақ даланы уысында ұстады. Шығыс Еуропаны алған Бату хан Еділ бойына қайтып келіп, алтынмен аптап, күміспен күптеп хан Сарайын жасатып, Сарайшық қаласын салдырды. Ағасы Орда ежен мен інісі Беркеге де жер беріп, өз алдына ел басқартты. Берке солтүстік Кавказ және Еділ бойында түрік-монғол елін билеп отырды.


 


Бату хан дүниеден өте сала Монғол үстіртіндегі Ұлы хан Мөңке христиан Сартақты Қарақорымға шақырып, ұлыс билеушісі етіп тағайындады. Сартақ Қарақорымға кеткенде Берке өзін ұлыс ханы деп жариялап, ұлы хан Мөңкеге салық төлеу, соғыс олжасын тапсырудан бас тартып, шын мәніндегі Алтын орда мемлекетін құрды. \1.300-301бет\


 


Ислам дінін қабылдаған Беркенің таққа шығуымен Алтын Орданың Ислам тарихы басталған еді. Алтын Орда хандары басқа діндерге деген кеңпейілді яғни толерантты саясатын жалғастыра берді. Мемлекеттің аумағы Сырдария мен Ертістен Шығыс Еуропаға дейін, Балтық теңізінен Оңтүстік Кавказға дейін жалғасып жатқан еді. Сондықтан Батыс пен шығыстың көпестерінің сауда керуендері тоқтамай өтпеді. Қытайдан Еуропаға баратын сауда жолдарының көпшілігі Алтын Орда территориясынан өтетін. Сауда керуендерімен бірге білім мен ақпарат, жаңа түсініктер мен жаңа діндер бір-бірімен алмаса бастады. Әрине бұл керуендермен мұсылман дәруіштер яғни мұсылман миссионерлер Ислам дінін таратты. \6\ 


 


Бұхара қаласындағы Кубравия тарихатынның белгілі ұстазы Сайф-ад-Дин Бахарзи көптеген уәзірлер мен мемлекет қайраткерлері және билеушінің құрметіне ие болды. Берке хан дүниеге келгеннен соң анасының емшегін мүлде емген жоқ, соңында мұсылман әйелдердің бірі оны емізіп, өсірді. Өсе келе ол ағасының нұсқауымен түрлі елдерге барды. Осы сапарлардың бірінде ол Бұхараға келген. Онда ол сол кездегі данышпандардың бірімен кездесіп, одан нұсқаулар алды. Бұл данышпан құрметті әулие шейх Сайф ад-дин Бахарзи еді. Ол біраз уақыт оның қасиетті табалдырығын тоздырып тәлім алды. Меңгу Ханның анасы Бұхарада салған медресенің басқаруын шейх Бахарзи қарамағына қалдырды. Бірнеше ауылдардың төлейтін салықтарын осы медресеге арнады. Моңғолдар «ұлы шейх» атағын берген Бахарзи, монғолдар арасында Ислам дінінің таралуына оң ықпал етті. Алтын Орда ханы Бату хан мұсылман болмаса да, бауыры Әмір Берке шейх Бахарзи ұсынысымен мұсылман болып оған мурид болғанына қуанды. Кейбір аңыздарға қарағанда, Бату Хан мен Хулагу Хан да ол арқылы мұсылман болған, бірақ олар мұны құпия ұстаған еді. \7\


 


Әз Тәкенің пірі пір Мүрсәлі, Абылай ханның пірі жалаң аяқ Әздер, Бейбарыс сұлтанның пірі Қызыр бин Аби Бакр бин Муса әл-Адауи, Төле бидің пірі Шеххауа Тахир, Әмір  Темірдің пірі шейх Мир Саид Барака Жүніс ханның ұлы Ахмет хан мне Әбу Сағид сұлтанның  пірі қожа Убейдұлла Ахрар хз т.б хан-сұлтандардың Түркістанға өзін жерлеуді өсиет етуін ескерсек Берке ханның пірі болуы заңдылық.


 


Сыртқы саясатта да, Исламдық бағытты ұстанған ол, 1260/61 жылдары Хулагу мен соғысып жатқан Мысыр билеушісі Бейбарысқа елші жіберіп, онымен Хулагидтерге және олардың одақтасы Византияға қарсы әскери одақ құрды. Бейбарыс сұлтанда хатшысы Мұхиддиын Абд-аз-Захирге Алтын орданың ханы Беркеге хат жаздырды. Арнайы сыйлықтар жіберді. Бас кәде ретінде Құранды илеген таза терімен қаптап, туған жеріне сирек кездесетін нуба түйесімен жіберді. Күміспен күптелген піл тісі, күміс шамдар және құлыптар, жайнамаз, түрлі түсті кілемдер, қымбат асыл киімдер, лағыл тастар, гауһар жүзіктер, алтын жалатылған темір шоқпарлар, күміс ер- тоқым, асылға суарылған ұстара, жібек жіптер, ала маймыл терісі, найза, қылыш, терімен қапталған сандық. Одан бөлек асыл текті жүйрік аттарды жіберді. Адал-арамды жетік меңгерген аспаздар. Ғұлама ұстаздар және әдепті құлдар қосты. Хатты оқып беруге өзінің сенімді имамы Маджуддинді бірге жіберді. Әмір Көшербекті басшы етіп, Бағдаттан келген Сараған ноянды қосшы етіп, сәт сапар тілеп аттандырды. Сұлтан Бейбарыс Хижри 661( 1263) жылы Рамазан айының 17 күні қасиетті Мекке мен Мадина қалаларында Берке хан үшін арнайы дұға жасатып, оның атына ұмра қажылық жасауды әмір етеді. Өзінің ұлының атын азан ашқырып Берке хан деп қойды.  \8.114бет\ Берке хан одақтастықтан соң үлкен әскермен Кавказға басып кіріп, Кура өзенінің маңында Хулагилердің армиясмен соғысты. Бұл әрекет өз кезегінде Хулагудың бүкіл күшін Египетке жұмылдыруына мүмкіндік бермей, оның екі майданда соғысуына алып келді. Осылайша ол өзін халықаралық аренада Ислам әлемін қорғаушы ретінде көрсете бастады.


 


1313 жылы Алтын Орда тағына Өзбек шықты. Осыдан бастап Алтын Орданың исламдануы күшейді. Басқаша айтқанда Қыпшақ даласында Түркі-Ислам өркениеті қанат жая бастады. Хан тағына ие болған  Өзбек хан  Алтын Орданы түбірімен өзгерте бастады. Өзбек ханның барлық істерде өзінің ұстазы, шейх Эль-Мискаридің кеңестеріне құлақ түрді. Ол алдымен  мемлекеттік басқару мен сот ісінде енгізді. Мемлекетті ұлыстарға бөліп, оны мұрагерлікпен қалдыруға рұқсат берді. Сот істерінде Яса заңдарымен емес, шариғат үкімдерімен жүргізуге бұйрық берді. Шариғат заңдары бойынша елдегі сот ісі жүргізілгендіктен, оның маңыздылығы артты. Өзбек ханның тұсында Алтын Орда Ислам өркениетінің шеңберіне енді. Қырым түбегі мен солтүстік Кавказда тіпті бүгінгі Әзірбайжанда көптеген мешіт медреселер салынды. Өзбек хан Берке ханның Мысыр мәмлүктерімен одақтастығын жалғастырды. \9\


 


Алтын орда халқы негізінен қыпшақ, қаңлы, арғын, найман, қоңырат, керей, уақ, т.б этникалық жағынан әр келкі болғанымен негізгі тұлғасы түркі тілдес тайпалар болды. Басты әскери күші қыпшақтар еді. Басында бұл түркі тілдес тайпалар жеке-жеке Шыңғысханмен қарсыласып көрді, жеңіліп оған бағынды. \1.302бет\ Араб Әл-Омари Дешті Қыпшақ жайында былай деп  жазды: ертеде бұл мемлекет қыпшақтар елі болған. Ал орларды моңғолдар  жаулап алғаннан кейін қыпшақтар солардың қол астына қарап қалды. Содан кейін моңғолдар қыпшақтармен араласып туыс болып кетті. Жер моңғолдардың нәсілдік сипатын өзгертіп жіберді. Құдды бір анадан туғандай дәл қыпшақ болып кетті. Моңғолдар қыпшақ жерінде нек қиысып мекендеп қалды.


 


Алтын орда жергілікті халықтың ежелден келе жатқан ел басқару салтын өзгертпеді. Жргілікті түркі тілдес шонжарлармен моңғол шонжарлары өзара құдаласып қыз алысты. Құдандалық тіпті ерте басталған. Шыңғысханның өзі қоңырат қызы Ұлын ханымның ұлы. Әйелі Бөрте де сол елден. Екінші әйелі Хотоқтай меркіт қызы. Жошының бір әйелі Сартақ қоңырат қызы. Тағы бір әйелі Бектумыш Керей қызы. Шыңғысхан бір қызын ұйғыр Идиқұтқа, бір қызын қарлұқ Арсылан ханға берген. Жошы өзінің үлкен қызын қаңлының ұлыс бегі Тұғырылдың баласы Сұнақ тегінге берген. Міне осы үрдіс Алты орда кезінде тіптен күшейді. Моңғол шонжарының өз дініне берік түркі тілдес тайпалардың қызынан туған балаларының тілі анасының тілінде шықты. Бұл жағыдай моңғолдардың жергілікті халыққа сіңіуін тездетті. Уақыт өте келе моңғолдың өздері де түркі тілінде сөйлей бастады. Алтын орданың әдеби тілі қыпшақ тілі болып сақталып қалды.\1.304бет\


 


Шыңғыс ұрпақтары арасында, Берке, Мүхаммед, Барақ, Ахмед, Сабыр, Мубарак, Хәлил, Ходжа, Ильяс, Данишменд, Хасан, Мәлік, Туевкет (Тәуекел), Бахтияр, Адил, Қарақожа, Абай, Тавакул-ходжа, Ибрахим, Арабшах, Тимур-Шайх, Әли, Хасан және т.б. көптеген мұсылманша есімдер кездеседі. \10\


 


Түйін: Адам рухани жақтан жауланбаса, ешқашан ешкімге жауланбайды. Алтын орда Дешті Қыпшақтың ежелгі мекені кейін де солай сақталды. Пайғамбарымыз (Илаһи билік 23 жыл) және оның төрт халифатының (Ижма 622-651) 29 жыл осы кездерде рухани патшалық пен әкімшілік патшалық бір адамның қолында болды.  651жылы Уммия билігі келгеннен бастап рухани патшалық пен әкімшілік патшалық екі адамға бөлінді. Адамды тәрбиелейтін Пайғамбарлар тізбегі тоқтаған соң, рухани билік әулие-ғұламаларға берілді.


 


Рухани билікті қолында ұстаған ислам дінінің үлкен ұстаздары Қожа Ахмет Иассауи, Бахау-Дин Нақышбанди, Нәжім-ад Дин Кубра қатарлы көптеген әулиелердің жолын ұстанған шәкірттері, жойқын сұрапыл соғыстармен саяси тарих жазған, алып империялардың қол астында езіліп-жаншылып  жатқан халықты құтқарды. Рухани сауыт киген біздің ата-бабаларымыздың иманы сынбады. Өздерін де ұрпақтарын да жоғалтпады. Молда-қожа, ишан, дуалы ауыз жырауларды тізбелемесек те солардың төл шәкірттері Абай Құнабайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Шәді Жәңгіров, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Нұржан Наушабаев, Тұрмағмбет Ізтілеуов, Ақмола Мұхаммедияров, Әбубәкір Кердері, Мақаш Қалтаев,  Нұржан Надшабаев, Мұсабек Байзақұлы, Әріп Тәңірбергенов,  Иманжүсіп  Құпанұлы қатарлылар болды.


 


Біз асыл дінімізге жабыссақ қана мәңгілік елге айналарымыз шын.


 


Пайдаланған әдебиеттер:




    1. Ниғымет Мыңжанұлы. «Қазақтың қысқаша тарихы». Үрімжі: Шынжаң халық баспасы. 1987. -682бет

    2. Мәулана Әли ибн Хусейін. «Рашахат ани әл-Хаят». Астана: жедел басу баспаханасы,ЖШС.- 2017. -456 бет.

    3. С.Керімбай, М. Төлеген, Ә.Нәби, А. Тасболат. «Яссауи феномені». Алматы: «Орхон» Баспа үйі, 2017.-456 бет).





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу