24.06.2021
  168


Автор: Нұрхалық Абдырақын

Йассауи атамыз қазақ ұлтының ұлттық идеологиясын жасады.

Жыр-дастандардағы тотемдік ұғымдарды илаһи ілімге сай етіп назиралық жолмен жаңғыртты. Тәңірді-Аллаға. Көкбөріні- Адам атаға. Періні- періштеге. Киесі бар адамды- Әулиеге. Құт қонған дуалы ауыз адамды- Пірге ауыстырды т.б, солай қазақты келешек толысқан ұлт ретінде дайындады, ру басына қожаларды қойып, дәстүрлі діни сана қалптастырды, дін ғибадат қана емес, әуелде ұят болады деп әдеп-ақлақ, иба-ізет, ар-намыс, білім-өнеге, адамгершілік, мейірімділікті үйретті. Үлкенді силап, кішіні аялайтын көркем мінезді ұлтқа айналдырды. АН­ФАЛ сү­ресінің 29-aятындa: «Ей, мү­мін­дер! Аллaдaн қор­қыңдaр, Оғaн құл­шы­лық жaсaңдaр, тaқуa бо­лыңдaр, сондa Аллa сен­дер­ге ерек­ше қaбі­лет бе­ріп, жaқсы мен жaмaнды, aқиқaт пен жaлғaнды aйырaтын қүш бе­ре­ді. Кү­нәлaрыңды ке­ші­ре­ді, сен­дер­ді жaрылқaйды. Аллa қaмқор­шы, aсқaн жомaрт». Міне осылай Құранда көп жерде мадақталатын шын тақуалықты халық жанына әдемі сіңірді.


 


«Бір шәугім шай бөліспеген еншіміз» деп танымайтын бір бейуана Алтайдан Атырауға дейінгі алып аумақты көк тиінсіз аралайтын болды. Елінде жетімі, жесірі, қайыршысы жоқ ұлтқа айналдырды. Ел иманын парыз, ужіп, сүннет, мүстәхап, мәндүп, нәпіл амалдарымен қорғады. Адамдардың өмір сүру салты сүннетке лайық болды, солай тариқатты ұстанған озық ұлт деңгейіне көтерді. Қатынның пірі күйеуі деп, от басында отағасы «хан» болды, күйеуі қайтыс болған әйелдің пірі кем болды деп «кем-пір» термині қалыптасты. Ауыл ақсақалдары соттың рөлін атқарды, билер жоғары сот болды. Солай қоғам тәртібі күшті түзелді. Йассауи ислам ілімін қазақтың мақал-мәтеліне орап елге ұсынды, өлең-жырдың бәрі имандылыққа шақыратын ТҰНЫҚ жырға айналды, қазақтың рухани сұранысына тамаша азық бере білді. Сансыз шәкірт оқытты, соның арасынан әулие мақамына шыққандар халықты кереметімен тура жолға салды. Бүгінде кез келген қазақ «атам молда болған»,- деп мақтанышпен айтады, себебі барлық қазақ дінді мықты ұстанған, «Иа-сиин» сүресін білмейтін қазақ кемде кем болды, ол кезде. Соның күшімен бізді жаулаған моңғолдар,т.б  өздері бізге жауланып, сіңіп кетті. Орыстың ағы мен қызылы болып үш жыз жыл қазақты отарлап, ойына келгенді істегенде де бізді жоғалта алмады, қытайдың қайыс ноқтасы қанша қатайсада қазақ жоғалмайды. Қазақтың өмір сүруі басқалар үшін қылмыс болған сол заманда Йассауи ілімінің рухымызға сіңуінен аман қалдық Әллһамдүлла. Алайда тәуелсіздік алған 29 жылдан бері қазақтар өзін таба алмай адасты, сан мәдениет пен сан тарихтың ішінен өзін іздеп жүр.


 


Йассауи ілімі қазақ мәдениетінде, дүниетанымында, менталитетінде, әдебиетінде (өлең-жырларында), мақал-мәтелдерінде, салт-дәстүрінде күні бүгінге дейін айқын көрініп тұр. Йассауи ілімі болмаса қазақты көз алдыға елестеу мүлде мүкін емес. Йассауидің қазақ жыраулар поэзиясын қалптасыруда сіңірген еңбегі өз алдына. Жыраулар пірлерінің «Хәл» ілімін меңгеріп, дуалы ауызға айналып, ел-жұртқа, хандарға жырмен кеңес берді. Жыр тыңдағанда арқасы қозбайтын, рухтанбайтын қазақ жоқ, қазақтың бойындағы Алла жақсы көретін көп қасиет бар, ақкөңіл, адал, арлы, намысты, ұятты, батыр т.т.  осы жырдың рухына сіңгені болмақ, Алып далада диялект жоқ, ұлттың өзегін шірітпей ұстаған бір күш осында жасырынған. Сондықтан да жыраулардың еңбегі өлшеусіз. Күні бүгінге дейін халықтың тілі һәм көзі болып келе жатқан айтыс соның заңды жалғасы. Қазақты аттан түсіріп, қазы мен қымыздан алыстатып, жырын өртеген орыстар, бізді бізден жақсы білген. Йассауи ілімі қазақ ұлтының бас идеологиясы болғаны айдан анық. Абылай хан бастаған қазақтың хан-сұлтан, игі жақсылары алыс аумақта өмір сүрседе, соңғы демінде өзін «Йассауидің жанына апарып жерле»,- деп өсиет етуін терең ойлансақ біраз дүниенің басы ашылары хақ. Біз қанша Йассауиден алыстасақ сонша қазақ ұлтымыздан алыстаймыз. Әрине, жалған, білімсіз, надан сопылық басқа, (буддис, христиан сопылары тауда өмір сүрді, тәркі дүние болды, үйленбейді). Құранда еш жерде сопы термині кездеспейді, тек Асхабул суффа туралы айтылады. Біз дінсіз ғалымдардың көзімен тақуа мен сопыны шатастырдық. Йассауи атамыз нағыз тақуа, 63 жасынан соң жер астында ғұмыр кешуі Пайғамбарымызға деген әдбінен және Илаһи аян (анығын Алла біледі). Қазақ идеологиясы Қожа Ахмет Иассауиден бастау алады. Қожа Ахмет Йссауидің ілімінің бастау көзі  сүйікті Пайғамбарымызға барып тіреледі. Ал ата тегі пайғамбарымыздың немере ағасы Әбу Тәліпке барып тіреледі.


 


ХІХ ғасырдың екінші жартысында тарих саханасына «жадит» ұғымы шықты. «Жадит» араб тілінде «жаңа» деген мағына береді. Білім мен руханият саласындағы идеялық ұстанымды ұстанған жәдитшілдік бағыттағы мұсылман халықтары, соның ішінде қазақ халқының арасында кеңінен танымал болды. Оқу-ағарту саласындағы Исмайыл Гаспринскидің жадитшіл ұстанымының қайнар бастаулары түркі әлемінің көрнекті ұстаздары Әбдінасыр Әл-Курсави(1776-1812) мен Шаһабуддин Багауиддинұлы Әл-Маржанидің(1818-1889) дүние танымдық көзқарастары мен ұстанымдары болды. Жәдитшілдік қозғалысы мұсылман халықтарын даму мен өрлеу жолына, заманына лайық ғылым-білімнің жетістіктерін пайдалана отырып, өркениетті елдер қатарына қосылуды мақсат етті. (Б.Қ Бейсенов. Қазақ ойшылдары дін туралы: оқу-құралы-Алматы, 2012.-192б 161бет).


 


Абай жәдитшілдік жолды ұстанған зиялы. Ол өз ұлтының тамырын дәл басып, барлық кеселін айтып, одан арылудың да жолын көрсеткен. Мағжан атамыз «қазаққа ақылдан да, ақыннан да Абайдан асатын ешкім жоқ, одан кейін қолға қалам алудың өзі ұят»,- деп толқыған екен. Абайдың Абайлығы оның «Патша Құдай сиындым, тура баста Өзіңе» деп бір Алладан медет сұрайды, бар ісін Соған тапсыра қолына қалам алуында жатыр. Ол Құранды тікелей оқып нәр алған, Йассауи ілімін қазақ жыраулары негізінде терең меңгерген, шығыс шайрлары Фирдоуси, Низами, Хафиз, Жами, Сағди, Науаи, Сәйхалилерді түп нұсқада оқып бойына сіңірген. Өркениеттер ағысын орыс көзімен оқыды осының бәрін Абай өз хәлібінің(жүрегінің) сүзгісінен өткізіп синтездеп, туған еліне өлмес шығарма етіп ұсынды. Қазақтың бас ақыны, қазақ көсем сөзшісі «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»деп елді бірлікке шақырып, үлкен болашаққа бастады, «Құдай бір Құран шын, Құдайдың Өзі де рас, Сөзі де рас» деп өзіңді жаратқан Алланы тануға үндеді. «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түссе сәулесі, іштегі кірі қашырса, адамның хикмет кеудесі»деп адам айналамына бір сәт ақыл көзімен емес, жүрек көзімен қарай алсаң Құдірет иесін танисың. Сонда Жаратушының нұры түседі, бар күнадан пәктенеді, сол кезде адам нағыз адамға айналады деп өзінің «толық адам» болу идеясын ортаға салады. Абай «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкінді, ағасы Құдайберді ауыру төсегінде жатып інісі Абайға аманаттаған баласы Шәкәрімді өз тәрбиесіне алып, өзі шықпаған биікке жеткізді. Шәкәрім қажы қазақ өркениетінде өз алдына бір әлем.


 


ХХ-ғасырдың басында ұлттық рух Алаш көсемі Әлихан Бөкейханың бойынан және оның жанындағы тау тұлғалардан көрінді. Алаш зиялылары жәдитшілдік жолды мықты ұстанды. Олар «Әр қазақ қызының бас жасауына Абайдың өлеңдер жинағын беретін болсын»,- деп үндеу жасап, Абай өлеңдерін баспадан шығарып елге таратқан екен. Демек, бұдан Алаш арыстары ұлт ақылманы Абай Құнабайұлын өздеріне рухани ұстаз тұтқанын аңғарамыз. Алаш зиялылары «Айқап», «Сарыарқа», «Абай» журналдары мен «Қазақ», «Қазақстан» гәзеттерін шығарып ұлт, дін мәселесін көтеріп орыстандыру мен миссонерлік саясаттың жымысқы әрекетін әшкерелеп халқына көз құлақ болды. Алаштықтардың молдасы Ғұмар Қараш ағартушылық бағытта көп кітаптар жазды. Жәдитшілдік  Алаш көсемдерінің қазақ мемлекетін құру идеясына тың серпін берді. Әманда, еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!!! Қазақ мәңгілік ұлт!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу