Өлеңдер ✍️
Өзімді таныстыру
Түркістан - Ата жұртым, дала - жаным.
Даламды жұпыны деп қарамағын:
Пасауи, дәдем Қорқыт, Арыстанбаб -
киелі жатыр мұнда бабаларым -
әрқайсы алтын діңгек дараларым.
Қансырап Далам талай қылыштардан,
сонда да сүрінбеген Шығыс-тарлан.
Дұшпанын ыққан малдай түріп айдап,
ұлдары Ер Түріктің ұрыс салған,
бар әлем тілсіз қалды ығысқаннан.
Ақ Баян сұлу Жібек - ерен гүлім,
жүргендей сіңлілерін жебеп бүгін,
үйреткен өмірімен, өлімімен
жігітті қалай сүю керектігін.
Ана жұрт - Анадолым құндыз бағы,
қол жетпес еңлік гүлдей шын-құздағы.
Ер Түрік - шуақты аспан, Сіз бенен біз -
аспанның жерде жанған жұлдыздары,
Күн болар қатар жанса жұлдыз бәрі.
Қуансам, Күншығыстай нұрлы жүзім,
қуамын арғымақпен жыр қызығын.
Мекенім - Тұран дала, әз Түркістан,
түріктің батыр көңіл бір қызымын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter