Өлеңдер ✍️

  19.06.2021
  345


Автор: Фариза Оңғарсынова

Керегіп жүр жаныма басқа бір ән

Керегіп жүр жаныма басқа бір ән -
қайсарлыққа, өрлікке тастар ұран.
Маңыма ылғи біреулер жиналады
сезімін - сел, жүрегін жас қарыған.
Аспан ашық, болғанмен қала жарық,
жүрмесе де үйінде бала налып,
жазатайым біреуге жасын түссе,
қалады олар жырақта жараланып.
Алдарқатса мені арман үмітті ғып,
жүдейді олар қалғандай құрық сынып.
Сен ойыңа алмаған жайларыңды
жүргендері ішінен ұғып, біліп.
Ортақ етпей ешкімді мұң - жайыма,
жығылтуға тырыспай ыңғайыма
жүрсем де, азап, бейнетім менен гөрі
бататындай солардың шымбайына.
Өмір - нулы көл емес қаз жайлаған,
тірлігінен баз кеше жаздайды адам.
Қайғырғанды мен үшін көру қиын -
басқа азабы өмірдің аздай маған.
Жетер жолда шырқау көк - арманына
қырандардай қайырылмас жан қамына,
керегіп жүр маған да басқа бір ән
ұмтылыс пен от берер бар маңыма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу