Өлеңдер ✍️

  18.06.2021
  369


Автор: Жұмағали Саин

Ақта ата-ана борышын

Таң атты жарқын нұрымен,
Құшақтап біздің өмірді,
Бөленіп қызыл арай,
Мектеп те көзге көрінді:
Бұрынғыдан өзгеше,
Кербез, сұлу сыланған,
Маңайын гүл басыпты,
Балалар жүр қуанған.
Бөбек күйі, жан күйі,
Ана баптап баласын.
Шөп-шөп сүйді бетінен,
— «Сен сабаққа барасың».
— Апа!— деді Гүлзада.
— Айтшы, көзім қарасы!
— Кітаптары қолында,
Мынау үйдің баласы...
— Білдім, сәулем, назыңды,
Әне кітап, сен де ал!
Ұқыпты бол, зерек бол!
Қағаз да бар, қалам бар.
Мектеп білім ордасы,
Сенің ұшар ұяң сол.
Оқы, жаным саясы,
Инженер бол, ғалым бол!
Мұғалімді қадір түт,
Айтқандарын ұғып ал.
Тәртіпті бол қарғашым,
Оқуыңа зейін сал.
— Апа,— деді тағы да
Айдай нұрлы ақ Шолпан.—
Ал, мектепке баралық,
Ала жаздай сағынған.
Ақта ата-ана борышын,
Мектебіңнің алды бол!
Күнде қуант үй ішін,
Үміт те сол, тілек сол!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу