Өлеңдер ✍️

  17.06.2021
  169


Автор: Жұмағали Саин

Сап-сап!

Сап, сап, көңлім! Сап, сап, шіркін, сабыңа!!
Айтарым бар деп қыстама тағы да.
Сөгер біреу сені бурыл тартты деп,
Қарамай-ақ өз шашының ағына.
Сап, сап, көңлім! Сап, сап, шіркін, сабыңа
Мен көз жұмбай тыным болмас жағыңа.
Кезенгенін қиып түспей ежелден
Қайта түспес алмас пышақ қабына.
* * *
Күрес, тартыс алып күшпен қызады,
Ескі өмірді күсті қолдар бұзады,
Кәрі дүние түрленеді, жайнайды,
Көне тартқан жүзінде нұр ойнайды.
Жаңа заман өз дүниесін ашады,
Зор адыммен асулардан асады,
Жасартады, жаңғыртады өмірді
«Қызуында соғып қатты темірді».
Мұнда да іздер алшаң басқан салмақты
Басқа іздерден көрінеді әруақты.
Құрады олар қирағанды жаңартып
Жердің үстін ескілерден тазартып.
Тынымсыз қол, қимылдаған мыңдардың
Күрестері
Жаңа белес жылдардың,
Дүниеге құрды жаңа дәуірді
Жасартты да өзгертті ескі ауылды.
* * *
Шалқар, Шалқар!
Бала кезден таныспын,
Сенде талай жалаң аяқ жарыстым.
Тек қолыма беріп қойып гүліңді,
Сонда менен неге бүктің сырыңды
Неге айтпадың құлағыма сыбырлап.
Неге тұрдың жан баладан сыр ұрлап,
Жаздым соның ертегісін ұласқан,
Соның сөзі сырыңды ашқан жыр ашқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу