Өлеңдер ✍️
Қарындас
(Спортшы қыздарға арнаймын)
Жүзі гүлдей жайнаған,
Қарақат көзді қарындас.
Киіктей тауда ойнаған.
Сағымменен аралас
Көзіме менің көрінді.
Көрінді де салды ой,
Ақ жібектей төгілді
Ақ арудай біткен бой
Ат секірмес биіктен
Ақ алмастай жарқырап,
Ақ бөкендей атылды
Аңтарылды жұрт қарап.
Тұр ем қатып көз тігіп,
Атылған киік лағына.
Қыз құбылды жүз күліп,
От қойып ақын жаныма
Қолаң шашы құндыздай
Желмен ойнап құлпырды.
Көз алдымда жұлдыздай
Қыз тұрған жоқ, күн тұрды.
Астында асау арғымақ
Солқылдатып қара жер,
Қыз шықты тағы зымырап,
Өнерімді енді көр —
Деді ме көпке бір қарап,
Қынаптан қылыш суырды,
Заулап ақты астында ат
Жер апшысын қуырды.
Күнмен қылыш жарқылдап
Қыз қолында ойнады,
Ағашты кетті ол турап
Бір талын да қоймады
Кескір қылыш, өткір қыз
Ел ынтыға қарады.
«Бақыттым» деп «армансыз»
Жұрт жанына балады.
Қарақат көзді қарындас
Атпенен мың құбылды,
Таңдану,
Сүю аралас
Мыңдаған көз сүрінді.
Арнасында тұра алмай
Ақыннан да сөз кетті,
Асыл қызға жыр арнай
Асығып қалам тербетті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter