Өлеңдер ✍️
Қош, бауырым
Кенеттен алып ұшты, жүрек жанды,
Қайғылы суық сөзді құлақ шалды,
Сұңқылдап радио хабар шашты
Тыңдады барлық әлем, қайғыланды.
Өлді кім? Валерий ме?.. Тандың ба естен?
Аспанды тұрақ еткен, бұлтты кешкен,
Өлімге кім қияды Чкаловты,
Бақытты Отанымның нұрында ескен.
Аспанда ол жүрген шығар ойын салып,
Ер қыран айды айқайлап, күнді оралып,
Жазық төс, болат қанат, құрыш құспен
Бұлтты ойып, жұлдыздардан алқа тағып.
Чкалов арыстаным бүгін өлген,
Жанары отты көздің мәңгі сөнген.
Валерий арамыздан кетті біздің,
Ерлігін Отан сүйген көзбен керген.
Қош, герой! Қалар есте атың мәңгі,
Шын сүйген партия мен ұлы Отанды,
Жүректің түкпірінде сақтар халық
Қымбатты Валерийді ер қыранды.
* * *
Жауыз ойлап, жалған күлме!
Жаның таза болса егер.
Жәдігөй боп өмір сүрме,
Арын, таза болса егер.
Айтқаныңа басыңды сал
Ақиқатын ойласаң.
Тұрдым деген жеріңде қал.
Адамдығың жоймасаң.
* * *
Ғабиден сұрап едім насыбайды,
Бермесең де көңілім жасымайды,
Несіне сонша сараң бола қалдың
Шақшаңды сұрағам жоқ басыбайлы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter