Өлеңдер ✍️
Күй
I
Қобызшы - Молықбай шал Матайдағы,
Матайда - Кенже, Тұңғат Сақайдағы.
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы.
Жар қабақ, сида, арсақай, cap шұбар шал,
Жарықшақ, үні тозған, қансыған шал.
Іріңдеп екі көзі, қол дірілдеп,
Аузынан азу тісін аршыған шал.
Еңкейіп екіндідей күні кеткен,
Жұқарып, нашарланып күйі кеткен.
Қобызшы ол - «Ақ көбікті» аңыратқан,
Боздатып «Боз інгенді» күңіренткен.
Қобызшы ол - «Көк көбекті» күрілдеткен,
«Дүлдүлін Ер Әлінің» дүрілдеткен.
«Онсан мен Ормамбетгің айрылғанын»,
«Жыласқан ноғай - қазақ» күйін шерткен.
Қобызшы ол - «Қорамжанның» күйін тартқан,
Зарлы қыл қыр қиялын қиындатқан.
Қалыпты қолда қоңыр көне қобыз,
О баста сырмайлатқан, күміс шапқан.
Жайлауда ала қарлы, Амантекше,
Қарлатып, жаңбырлатып нөсер төксе,
Тоқсыртып кәрі аршаны, от маздатқан
Шал үйін сағынушы ек біз ерекше.
Құмар ек қобызшыны қолқалауға,
Жақсы едік жалынуға, аталауға.
Қобыздан құздың күйін, мұздың күйін,
Құмартып келуші едік біз тыңдауға.
Бұлттанса, құрыстанса мұз бенен күз,
Mac етіп, маужыратқан ішкен қымыз.
Тасқындап, көңілі өрбіп, күйі буып,
Дейтұғын: «Кәне балам, әпер қобыз!..»
Бес бұрап, төрт түкіріп, толғап тоғыз,
Қозғалар «құлақ күйден» жосып қобыз.
Көтерген көк түндігін күй өргегі
Құлатып асқарда ағын, мәңгіде мұз.
Ызғыған ызғырық күн, құлдырап қыл,
Алатау, әсем бұлақ сылдырап тұр.
Қиқылдап қырда қызғыш, көлде қаз-қу,
Қаңқылдап таңдай қаққан талда бұлбұл.
Желдеткен, желде кеткен желмаясы,
Желге не? Алақандай жер аясы.
Ақырып Алатаудан өзен құлап,
Саңқылдап самалданған сай-саласы.
Жау тиген, айқай-ұйқай, үріккен жылқы,
Долданған дуанасы шайқы-бұрқы.
Толқытқан тұңғиықты долы дауыл,
Дүлейі көл Балқаштың ұйқы-тұйқы.
Іңірде баяулаған дауыл бәсең,
Боздатқан бұлбұл күйін бабыңда әсем.
Асықтар алқымдасқан, мауқын басқан,
Сырласқан: «жарым да сен, жаным да сен!»
Әдемі үн айтақтаған, қой күзеткен,
Адамды - адам күткен, уһлеткен.
Самалдай сайдан соққан саңқылдатқан,
Әлдилеп қоңыр түнді қос бойжеткен.
Кейде күй талмаураған, талықсыған,
Кейде өжет, кейде долы, албытсынған.
Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек,
Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған.
А, деген, асқақтатқан, әнін қосқан,
Үн қайтса қосылуға қобыз тосқан.
Кәрі саусақ қылтылдаған қаздаң қағып,
Ойнақтап, үркіп билеп қылда босқан.
Қыңқылдап қыл күшігі қыңсылады,
Жә, әлде танысқан қыз сыңсығаны.
Жүректің қылмен қабат шегін шерткен
Саусақтың ыршығаны, шымшығаны.
Қайырған, текектеткен, жорғалатқан,
Сарқыған, екшеп қағып, сорғалатқан.
Талмаурап самайдан тер сыпырғанда
Тартуын «Боз інгенді» қолқалатқан.
Қозғалған қайта қобыз, қымти бұрап,
Қозғалтқан «кұлақ күйді» тартыңқырап.
Боздатқан «Боз інгенін» ыңырантып,
Күңіренткен бірде боздап, бірде жылап.
Тоңқалаң топ басынан асқан тұмақ,
«Бәлі» деп бас тұқырған төмен құлап.
Бой балқып, ой өрістеп, жаның жусап,
Күзетте қалған жалғыз сергек құлақ.
Ескіге, ертегіге ертер үшін,
Тамырын тартып шердің шертер үшін.
Қолқалап «Боз інгенді» сұрағанда,
Былайша бастайтын шал ертегісін.
II
«Баяғы, дін мұсылман аманында,
Бай бопты Бағлан деген, заманында.
Арқа отгап, асқар жайлап, құм күзеген,
Қыстауы Амудария аяғында.
Құм қоныс, мал суаты Сырдың суы,
Боз дала - тұяқ басты малдың шуы.
Көкпекті көгертпеген көктен нөсер,
Жарқылдап жай жарқырап жасыл туы.
Түйесі сары қоңыз маусымдағы,
Маясы, нары, үлегі, қаусырмалы.
Қалмайтын қайымаған бір тайлағы,
Келесін ие баққан Қаусылғазы.
Болыпты бір боз тайлақ келесінде,
Ол өзге, өзге түйе төбесінде.
Өренде, өлкеде жоқ айуан екен
Тартпаған бурасына, енесіне.
Туғаннан ардақтапты бай-бәйбіше,
Мал айтып амандыққа әлденеше.
Сақта деп, тілден-көзден сиыныпты,
Су ішсе, қырға кетсе, шөбін жесе.
Батқанда қырдың күні тұмандатқан,
Қатқанда Сырдың суы бұлаң қаққан.
Күл көрпе, қорда төсек, қолға байлап,
Үкілеп қара таспен тұмарлатқан.
Қызылда қыстың күні шұнаң қаққан,
Аязда түкірігің түспей қатқан.
Жабулап Самарқанның жібегімен,
Жабыла жануарды солай баққан.
Боз тайлақ жасы толған, қайымаған,
Қайғырып мал иесі зар жылаған.
Балгерге бал аштырып, бақсы ойнатып,
Қалмаған құмалақшы айырмаған.
Бақсы ойнап күңірентсе де қобыз үнін,
Қойқаптан қозғағанда Қорқыт жынын.
Боз інген боталамай болды бедеу,
Шашты ашпай құмалақшы қырық бірін.
Жұрт жиып Бағлан айтты: Елім-халқым,
Інгенім қайымады, көңіл салқын.
Әулие көп ауызы, не айтасыңдар,
Барлар жан бар ма ішінде мұның парқын?
Күңіренген бәйбіше де қоңыр қазша!
«Бермес пе ед бір шикі өкпе, ие жазса!»
Ұйлыққан үндей алмай отырған жұрт,
Шеттегі тұра келді жетім тазша:
«Ау жарандар, жарандар,
Маған да бір қараңдар.
Мен болжайын, байқайын,
Қамалмаңдар, бағыландар.
Мен дауасын айтайын:
Құлақ салып тыңдасаң.
Тойыңды жеп қайтайын,
Егер мені сыйласаң.
Жын, әруақ не берсін,
Өлтіресің қинасаң,
Көпке ортақ айуан мал,
Айтайын халқым, айтайын,
Түйеңе көрген түсім бар,
Ботасыз бедеу боз інген,
Болжадым, бермен алдыршы,
Өрістен ұстап қалдыршы.
Мүйізгегін жондыршы,
Шал бураға шөгерші,
Боз қараған шалдыршы,
Жібектен бұйда тақтыршы.
Желекі кілем жаптыршы.
Желге-күнге тигізбей
Жекеше өзін бақгыршы.
Боталайды боз інген!
Болғай мың бір қатасыз,
Ал түшкірдім: «аптұщы!»
III
Күннен күн, аптадан ай, айлар өтті,
Төлежіп, түгі түлеп, желін жетті.
Күн бітгі, боз інген де боталапты,
Ботасы алтын басты, күміс көтгі.
Бір ұры бұл ботаны ұрлап апты,
Бай дағы, бақташы да білмей қапты.
Ботаны ел аулаққа буып тастап,
Енесін керуенге әкеп сатгы.
Ақдамда апақ-сапақ сауда біткен,
Інгенді тіркеп керуен жүріп кеткен.
Артына қарай-қарай, боздай-боздай,
Құба құм, қоңыр түнді күңіренткен.
Боздаған ботасына зар илеген,
Қозғалған қоңыр іңірді әлдилеген.
Екі көз жасты өзендей сорғалатып,
Төрт табан құмды қосып нан илеген.
Сыр суы көңілі босап сың қылдаған,
Аспанда қаз бенен қу қыңқылдаған.
Тұнжырап жиде, жыңғыл дым үндемей,
Күйініп көкте жұлдыз, жел жылаған.
Күркілдеп жөтеліскен кейіп көппек,
Тартынып тұра қалса көткеншектеп:
Тоқымға білеуітпен бұттаған құл,
Жол тартқан, қузап айдап «атшу», «шөк» деп.
Сатылған, саудаланған құл да ашулы,
Айрылған ботасынан бұл да ашулы.
Басы бір-біреуі адам, біреуі айуан,
Білсін бе бірақ бұлар мұңдасуды.
Қайғырған қара түннің қараңғысы,
Томасарған тоғайдағы тораңғысы.
Жалғыз-ақ жылқышы құс көңіл айтып,
«Жоғыңның болсын, - деген, - оралғысы»!..»
Елсіз жер... еңіреген інгенде күй,
Селеулер жел оятқан билеген би.
Аулақта қорқақ қоян зар тыңдаған,
Тұқырып қала берген шеңгел мен ши.
Көбейген көк жүзінде жұлдыз қоздап,
Боз інген зар қақсаған жолда боздап.
Түктіде түйедегі зарлы сарын
Қажытпас қам көңілді қалай қозғап?
Қозғайтын қобыз тартса әсіресе,
Төңкеріп жан көңілін әлденеше.
Құм кезіп, түзде безіп тыңдайтынбыз,
Түйенің күйін сонау тартқан кеше.
Түн қандай жазғы өліарадағы,
Үн қандай күңіренген даладағы.
Тартынса тықымына таяқтаған,
Тарынған тазша-дағы бағанағы.
Құл ұрса тартқан бұйда іркілмеген,
Бұйда үзсе - қайта мықтап тірке деген.
Телміріп құлға төніп төгілген зар,
Дегендей «неткен қатал шіркін» деген.
Дегендей:«тазша-ау, мені тақымдама,
Тап берме, таяғыңмен жақындама.
Өзің құл, өзің-дағы мен сықылды,
Ұрмастан ойла соны! Ақыл бар ма?
Артығың менен сенің - білесің тіл,
Тіліңнің пайдасы не? Жайымыз бір.
Ботама босанайын, бұйдамды қи!
Маған мін, кел қашалық, қайталық жүр!.
Дегенге түсінсін бе, құл көнсін бе?
Құл қашып қожасына, құмда өлсін бе?
Құл айдап, түн жамылып, інген зарлап,
Керуен кете берген Үргеншіге...», -
Деп күйші отырушы ед ертегі айтып,
Зары деп Боз інгеннің күйін тартып.
Егіліп ертегісін естуші едік,
Отыр деп кім байқаған шалды тантып.
Әсем күй саусақта би, саңғыраған,
Жүйрік үн жүрек жалмап жамыраған.
Боздатса «Боз інгенді» зарлы қобыз,
Сарыны cap даланың аңыраған.
Кер дала, күрең түнгі керуен қандай,
Қоңырау күлдір-күлдір жүрген қандай.
Еңіреп күңіреніп сарындаған,
Зарлаған тіркеудегі інген қандай!
Боздауын қобыз боздап, аңырауын
Қыл сарнап, керуеннің дабырауын
Ұғасың анда-санда, ойнақы үннен,
Кей қағыс күлдірлетіп қоңырауын.
Алатау айрыларда алтын күннен,
Күйменен шал сөгілген күңіренген.
Кеш батып, кешкі қозы жамыраумен,
Қобыздан «інген зары» сонда үзілген.
Осындай ертегі айтып Молықбай шал,
Қобызға «Боз інген» деп қосқанда зар,
Жүректе жебе сауған мұңды дауыс,
Жанды улар, жыға жығар, жүрек құлар.
Емес пе бір тұрлаусыз жас күн деген,
Жас жүрек албырт асау бас білмеген.
Көр бала, көргені кем, көрсе ұнаған,
Қобызды шалға күйін мастірлеген.
Күй сол ма ол күндегі бұлдайтұғын,
Сазы ма сұр заманның тыңдайтұғын.
Басып па ед Алатауды ауыр бұлт,
Уайым орынды ма ед улайтұғын?
Ол ма еді күйі күйік зарлы заман?
Жаншылған зарлы ма еді зар жылаған?
Күйініп күйін тартып, күйдірген шал,
Кім еді, білмей тұрып кінәламан.
Жара не шалдың сонау жүрегінде,
Зар оның жазылған ба сүйегіне.
Болмаса жапан дала жылауда ма ед,
Мәнісін мен ол күнде білемін бе?
«Қажыған көңіл қамын, жүрек жанын,
Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын.
Әлемнің әуеніне бермес ем-ау,
Қазақтың мұны тартқан күйші шалын.
Деп шалды өте мақтап, асырып тым,
Асыра сілтеңкіреп бағалаппын.
Жарғақ шал, жарық қобыз, жалғыз дауыс,
Тартқаны кімнің күйі? Байқамаппын.
Сол шалдың тыңдай-тыңдай зарлы үнін,
Байыпты уайымға балғын күнім.
Сол бейбақ зарлай-зарлай соққан екен
Жұқтырып жүрісінің ауыруын.
Ол қайдан жабыстырды жан ауырын,
Ішті ме жүрегі оның өмір уын.
Ондайға мен тоқталман, сын тоқталар,
Мейілі, қайдан алса қобыз күйін.
Алдандым осы шалдың күйін тыңдап,
Жабығып, өрге өрлемей, төмен құлдап.
Көңілді көне күйдің тоты басып,
У сеуіп жүрегіме, жанымды улап.
Еріксіз алған баурап шалдың күйі,
Жүрекке жұққан шері басқан кірі:
Жылаған, күңіренген ол, күйін тартқан,
Жырлаған дертті жүрек, улы миы.
Көп жүргем көңілім жүдеп, жаным жадап,
Жабыққам, жатырқағам, тартқам азап.
Сонау күй жүрегімді тыныштатпаған
Пышағын кейде салып, кейде қадап.
Шатырлап бұлт алған Алатауды,
Сатырлап бұршақ төгіп, нөсер жауды.
Сарқанның қып-қызыл боп суы тасып,
He болды, біле алмағам, шалдың аулы.
IV
Ашылған күн даланы долдандырған,
Басылған алай-түлей соққан боран.
Қысқан қыс іріп-шіріп қырдан кетіп,
Жақсы жаз ойды-қырды нұрландырған.
Арылған жапан дала жауған удан,
Жарқырап қыр қуантып нұр күн туған.
Қамқорым қайраттының білегімен,
Жын бұғау быт-шыт болған қырды буған.
Құрт, қасқыр тозғындаған жатқан жайлап,
Өлік ел тұра келген құж-құж қайнап.
Біз азат! Біз жасаймыз! - деген жарлы,
Қызыл ту қызғалдақтай қырда жайнап.
Ұлы ду, жамырасқан жарлы халық,
Қайратты қайраған сол, жанды жанып.
Жарлы елдің жазын берген, нұрлы күннен,
Бір тамшы жүрегіме кеткен тамып.
Ыза боп көне күйдің күйігінен,
Бөлініп кеткем өскен үйірімнен.
Шыңшықты шыңнан іздеп шыққам жолға
Қойғам да мәселені бүйірінен.
Қалдырап құла құм мен боз даласын,
Қалдырап даланың қыз, бозбаласын.
Талап қып жауар ма деп нұр іздегем,
Аралап үлгілі елдің кент - қаласын.
Қайнаған, қыбырлаған қала келгем,
Дәметкем дәннің дәмі нәр-ақ елден.
Жасапты талай еңбек, талай білім,
Бергенін әл-шамамша ала бергем.
Күй көргем көкті қауып күрілдеген,
Жан-жаққа «киін» деген, «жиыл» деген.
Күш көргем тауды-тасты талқан етіп,
Қорқытқан, шалқып оты дүрілдеген.
Жан көргем жабырласып күшін қосқан,
Еңбегін еншілескен, ісін қосқан.
Өмірін өздерінше өзгертуге,
Қайнаған, қайрат еткен, қол ұстасқан.
Көргенде күйелі төс, күсті білек,
Тапқандай жаңа ауыл, жаңа тілек,
Жылы қан улы бойда шым-шым қайнап,
Сауығып сала берген дертгі жүрек.
Мыңдаған оркестрлі көргем топты,
Жырлаған жаңа өмірдің күйін соқты.
Жуылған жүректен у сол күйменен
Аршығам көңілімді басқан тотты.
Балғалар сом темірді соққан қапы,
Тас, шойын қорып отқа, қайнап ақты.
Иіріп жүн-жұрқадан жіңішке жіп,
Машина қоңыр самал күйін тартгы.
Сол күйге жан жалынған, жүрек жерік,
Шойындай сонау отта кеткем еріп.
Қобыздың улы күйін қаннан сарқып,
Соңғы күй тұла бойды кеткен керіп.
Нұрланып қызыл от боп күн шыққандай,
Түн кетіп жарқанаттар тұншыққандай.
Тыңдағам мыңның күйін жүрегіммен:
«Оян қарғыс таңба басылған,
Жалаңаш - аш күл, қайрат қыл»
Көкке өрлеп, жер тербеткен үн шыққандай.
Бұл емес, қырда аңыраған анау қобыз,
Бұл емес, ызылдайтын жалғыз-жалғыз.
Бұл өктем болат жігер, күрес күйі
Қосылған мың-мың дауыс, мың-мың ауыз.
Сондықтан осы күйден, ұлы күштен,
Көңіл шат, көкейге үні қона түскен.
«Жалғыз үн, жарық қобыз, Молықбай шал,
Тартар ма керек күйді - көкей тескен?»
Жоқ, тартпас, қобыз үні кері кеткен
Берінің ыңыранғаны - белі кеткен.
Болмаса ажал күтіп анау шалдың,
Жұртта қап еңіреуі - елі кеткен.
Арылып жастың албыт тентегінен,
Құтылып соқыр сордың жетегінен.
Қуарған, қуанбаған сорлы шалдың
Енді қош айтысқан жер ертегімен.
Сонымен сол сапардан қайтқам елге,
Өкініп өміріме кеткен желге.
Жаңартқан жан жүректі әсем күйдің
Әніне әсерленіп басқам мен де.
Сонымен сол барғаннан кейін қайтқам,
Мен дағы жаңа тапқан күйді тартқам.
Бағыстап жарлы жұртқа жүрек жырын,
Байқамай, жыр айтам деп, сырымды айтқам.
Мен емес, мендей талай бармыз бірге,
Сол күйді айналдырдық оркестрге.
Даланы дүркіретгі күй оятты,
Басылды қобыз үні... шал да көрде.
Күй күшті, тауды-тасты бұзатұғын,
Орнына өз өрнегін сызатұғын.
Талқандап тас кереңді үн оятып,
Дүкені дүниенің қызатұғын.
Күй күшті, істі, еңбекті сүйдіретін,
Тамырын тас емшектің идіретін.
Жарлының тілек күйі, жүрек күйі,
Өмірді бүлдіретін, күлдіретін.
Аңдайын айдаланы мекендеген,
Көңілін өміріне көтермеген.
Жарлы жұрт жаны сүйіп тыңдаған күй,
Мұратқа енді осылай жетем деген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter