Өлеңдер ✍️

  14.06.2021
  241


Автор: Ілияс Жансүгіров

Десе

Сені күткен көп заман,
«Ал аймала, мә, төсім.
Мә, мойыным, тамағым,
Сүйемісің, не етесін?
Аяңқырап аймала,
Қан шығарып кетерсін...»
Дегенге бір келсеңші,
Өйткені мен өлдім-ғой.
Апырым-ай, тас екенсің!..
* * *
Сонан бері көре алмай,
Сағынып ем тым қатты.
Сағындырып күн өтті,
Зарықтырып жыл жатты.
Сәулем, менің жанымсың,
Жанымнан сен қымбатты.
Махаббаттың ауруы,
Жүдетті де жылатты.
Жан жүректің толқыны,
Жылатты да жырлатты.
Жылау, жырлау сен үшін,
Мен үшін ол тым тәтті!
* * *
«Жаным сәулем,
Болдым әуре,
Мен тыныштық көрмедім.
У дертіңнен
Сарғайдым мен,
Құр әуремін, өлмедім.
Сен жалғанның,
Барша жанның
Жұлдызысың, нұрысың.
Сені таппай,
Таңым атпай —
Қараңғы өмір құрысын!
Неге сезім,
Неге көзің
Жандырады жүректі?..
Саған батып,
«Заң» қиратып,
Білдіре алмай күн өтті.
Осы ұнай ма,
Осылай ма,
Сүю мұндай күшті ме?
Әлде жаным,
Әлде қаным
Өмір уын ішті ме?
Неге іздеймін
Бір өзіңнен
Алданышты, өмірді?..
Сені сүйдім,
Неге тудың,
Неге уладың көңілді?
Шыдамадым,
Жандым, жаздым:
— Шын сөзіңді, — дедім, — айт!
Шын жүдедім,
Болдым азғын
Күте-күте сенен хат
* * *
Сұм жалғаннан,
Жаннан, жардан
Тапқан ем.
Жанға жанған,
Жанға талған
«Бол деп қорған
Айтқан ем.
Соңды-бұрын іште сырым
Еш жасырын
Қалмаған,
Көңілімді,
Өмірімді —
Бар шынымды
Арнағам.
Өртеп арды,
Асау қанды,
Албырт жанды
Ноқталап,
Бекер сөз бен
Мекер көзден
Мен іздедім
Ақ тамақ...
Отты қанды,
Бар иманды,
Жайдым жанды
Алдына.
«Сенсің!» — дегем
Мен білмегем,
Неге іздегем,
Қаңғу ма?..
Ұшан-теңіз,
Кез болып күз,
Жамылып мұз
Суыған.
Үміт еткен,
Мен дәметкем
Жылы жан.
«Сағындым!», — деп,
Жалындым көп,
«Нағылдың?», - деп,
Үздігіп.
Жан суыған
Жауабыңнан
Азынаған
Ызғырық.
Сендіре алмай, —
Жылай-жылай
Неше жылдай
Жазған хат.
Ашылмай сыр,
Шашылмай нұр,
Көргенім — бір
Дипломат10.
Көңілден сыр,
Көзден жаңбыр
Жауды тасқа
Пенде боп.
Жаңа, жаңа
Болдым шала,
Шара, шама
Менде жоқ.
Шыны сүйгем,
Шыны күйгем,
Еткен емен
Бақ талап.
Күймек үшін
Сүйгенім шын,
Болғам сені
Сақтамақ.
Сүйдім, жаным,
Уға уландым,
Қош бол, жаным,
Қаңғырдым.
Сау бол, күнім,
Міне, айыбым —
Жан қайығын
Жарға ұрдым!
* * *
Жайдары жарық аспаным,
Жасылды бұлт — түнердің.
Жасыдым жаман сөгілдім,
Жабырқап шерді жібердім.
Жанымның жарқын жұлдызын
Сөндірген соң күйзелдім.
Жалғанда жалғыз тілегім
Кетті — кімге сүйендім.
Бұл халіме себепші
Болған құрғыр мынау хат.
Сүйгеннен не күйгеннен
Болған сынды бауыр жат.
Соққы көріп өмірден
Жасыды ма біржола?
Безіп тастай көңілден,
Қажыды ма улана?
Әлде қажып болған соң,
Айныды ма, азды ма!
Әлде шын дос болған соң,
Осы ақылын жазды ма?
Әлде көңілін еңсеріп,
Жүрек ісін жықты ма?
Сол себептен белсеніп,
Шын күреске шықты ма?
Қайтсе дағы қараңғы
Қалды маған бұл жауап.
Ер күресте, — заманғы,
Аулақ! Аулақ! — қай Аулақ?
* * *
Мен әуре едім дос іздеп,
Тауып едім шын сүйіп.
Айтып-айтпай не керек,
Тастапсың ғой бір түйіп.
Жүрегімді, сырымды,
Енді айтарға — орын жоқ...
Сен біл жалғыз мұңымды,
Қалғанымды сорлы боп.
Жазба депсің! Жазбайын,
Мүмкін бе еске алмауға?
Айтқаныңдай қош, сәулем,
Кеттім, міне, майданға.

20-желтоқсан, 1930 жыл. Мәскеу




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу