Өлеңдер ✍️

  14.06.2021
  2418


Автор: Қазақ өтірік өлеңдері

Өтірік өлең: 10

Айтпаймын өтірікті мен басынан,
Бозторғай айыл өрдім шудасынан.
Жыланның қызын қырғи алып қашып,
Айдаһар ат мініпті құдасынан.


 


Аюмен құда болдым, өзім барып,
Ұлыма бесіктегі қызын алып.
Барғанда құдалыққа Қаратауды,
Жөндедім бес ай, бес күн бұзып алып.
Аюды арқандадым жібек жіппен,
Көк сона құда бопты инелікпен.
Қаңтардың ми қайнаған ыстығында,
Жүк артып түнде көштім бөгелекпен.
Айтайын көзді жұмып көргенімді,
Жалған деп сенбейді ғой өзге мұны.
Сейілдеп бақа көкте жүрген кезде,
Байғұстың шөлден өлді көлдегі ұлы.
Ақ шабақ алты құлаш түйе тапты,
Жарыста жасыл қоңыз аттай шапты.
Құдамыз жеті қабат көкте жүріп,
Жүз жылда құдағиын әрең тапты.
Ақылдан ер жеткен соң болдым жарым,
Бір қоян мал дегенде қолда барым.
Әйелім сол қоянды жаздай сауып,
Түйреді сары майдан сегіз қарын.
Ақ тасты сорпаға ездім, қатық қылып,
Дәм-тұзын сол арада татып тұрып.
Ұстап ап арыстанды сабап жатсам,
Көртышқан бас салғаны басып тұрып.
Ақылдан адаспаңдар, жарандарым,
Бір суыр мал дегенде қолда барым.


Қарға мен әлгі суыр тамыр екен,
Екеуі тасып болды үйде барын.
Алыстым айдаһармен жалғыз өзім,
Бұл өзі жалған емес, рас сөзім.
Шығарып биік сайдың жотасына,
Ағыздым ала арқанмен соқыр көзін.
Алтыннан ақ қоянға тақтым таға,
Бір тышқаннан үш тонға тіктім жаға.
Қыс болғанда сол тонды жамылып ап,
Ішінде ойнақ салды бала-шаға.
Анадан тумай тұрып жауға шаптым,
Беліме ақ қурайдан қанжар тақтым.
Он бес жыл сұр көжекпен найзаласып,
Он рет өлсем дағы аман қаппын.
Арасын жарып қосқан қара тауым,
Басында жайқалып тұр бақша, бауым.
Екі жүз құнан қойым егіз тауып,
Апанда жусап жатыр қозыларым.
Ар жақтан алты шыбын айдап алдым,
Біреуін ашуменен байлап алдым.
Шыбынды байлаудағы сойғанымда,
Екі қап, сегіз дағар майын алдым.
Арбаға бес қарсақты баса шектім,
Шіркінді жүргізе алмай азап шектім.
Масаға екі теңді теңдеп алып,
Үстінен қара судың атша желдім.


Арбама парлап жектім көк құтанды,
Үй салдым, сырғауыл қып көк бұтаны.
Түлікке бағып едім жеті тырна,
Шілденің аязында ол жұтады.
Астыма қоңыз мініп, қоян қудым,
Бір тал қылмен арыстан аузын будым.
Жоғалып қара тауық, он жыл іздеп,
Астынан қара жердің тауып келдім.
Аспанға қармақ салып, жайын алдым,
Бүрге сойып, мың қарын майын алдым.
Қоңыздан он бес қора қыстатуға,
Аспанға алты қабат сарай салдым.
Аспанда сона мініп қалықтадым,
Мінсем де жиырма жыл жалықпадым.
Қолыма бір тал қылдан қармақ алып,
Қоймадым теңіздердің балықтарын.
Аспанда қолмен қашап егін салдым,
Ақы алмай, тамақ ішпей тегін салдым.
Қызына құмырсқаның ғашық болып,
Сұлуды көрген жерден талып қалдым.
Аспанға алты жерден тіреу қойдым,
Той қылып, мың масаны сонда сойдым.
Жүрегін біреуінің төрт бөліп жеп,
Нансаңыз өмірімде бір-ақ тойдым.
Ат қылып мініп жүрмін қырғауылды,
Шулатты жығып кетіп бір ауылды.
Пәлені құмырсқаға жапқанымда,
Көртышқан шешіп берді бұл дауымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Болат каусар
Болат каусар 23.02.2023 20:51
Өтірік өлең

Пікір жазу