Өлеңдер ✍️
Өтірік өлең: 5
Айттым да өтірік өлең желдеп кеттім,
Соңымнан көбелекке кел деп кеттім.
Асауын бөгелектің ұстап мініп,
Астыма бес қап бидай теңдеп кеттім.
Бөденемен қайырдым бөлтірікті,
Басына қарағайдың көл тұрыпты.
Өзгесі өтірік болса да, осыным шын,
Бір шалды шіркей теуіп өлтіріпті.
Бір қоянды міндім де, аспанға ұштым,
Екпініне шыдамай жерге түстім.
Алты күндей-ақ боран соғып еді,
Жалғыз қурай түбіне ас қып іштім.
Жүк артып инелікке ерте көштім,
Шүйкелеп сары майдан арқан естім.
Мұртына шегірткенің ат арқандап,
Дегенде өлдім-талдым, әрең жеттім.
Қамысты жылқы ұстауға құрық қылдым,
Жусаннан үйге тіреу сырық қылдым.
Бір талын сақалымның кесіп алып,
Көшкенде мал айдайтын шыбық қылдым.
Аспанға алты жерден тіреу қойдым,
Той қылып, мың масаны сонда сойдым.
Жүрегін біреуінің төрт бөліп жеп,
Нансаңыз, өмірімде бір-ақ тойдым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter