Өлеңдер ✍️
Кавказ
Кап тауы - Кавказ тауы ертедегі
Жын қайнап, дәу мекендеп, ұшқан пері.
Сықылды Сайфіл Мәлік, Хасен, Мәлік
Ерлері ертегінің жүрген жері.
Қойқаптың емес пе еді жолы қиын,
Дария, асқар, теңіз, орман құйын.
Айдаһар, маймыл патша, жады кемпір,
Жай - жайын, алып дәулер, жындар жиын.
Сол Қойқап мынау Кавказ көлбеп жатқан,
Батыстан Шығыс беттеп өрлеп жатқан.
Қос теңіз, бас - аяғын қойнына алып,
Құшақтап ертеңді - кеш тербеп жатқан.
Төменде Қара теңіз баурын сөккен.
Өрінде Каспий теңіз айдын төккен.
«Қоспаймын екеуіңді» дегендейін,
Қос теңіз ортасына Кавказ шөккен.
Дегендей «аса алмайсың» көкке өрлеген,
Дегендей «баса алмайсың» кеуде керген.
Тек аунап арпалысып теңіз жатыр,
Сүйкеніп Кавказға ұдай соққан желмен.
Басында екі теңіз әлде бір ме?
Айтар ма білім билік бұл пікірге?
Вулкан қайнап, су тасып төгілгенде,
Қалды ма Каспий аунап бір түкпірде?
Қалай да үлкен ойран болған бұрын,
Біз емес тексеретін түбін мұның.
Біздікі - жер сұлуын мадақтау ғой:
− Сұлу не? - Қара теңіз, Кавказ, Қырым. .
Кавказдың сұлулығы биігі ме?
Басына қардың мәңгі үйілу ме?
«Шын, құзды, тағы жортқан, меңіреу Кавказ»
Деген сөз шын мәністе сүйіну ме?
Кавказдың көркемдігі әлде өзге
Кувшинмен су тасыған қара көз бе?
«Тау сұлу тұманымен, бүркітімен,
Тасымен, ағашымен...»
− Сол да сөз бе?
Сұлу ма Қара теңіз суыменен?
Шағала, дауылымен, қуыменен,
Арпылдап жел толқытса тауды қауып,
Ұдайы жатқан теңіз шуыменен?
Сұлу ма Каспий лай, батпағымен,
Аунақшып күндіз - түні жатқанымен?
Тыншымай жазда cap жел, қыста қызыл,
Құп - қу құм, сортаң да жаға жақтарымен?
Каспийдің сұлулығы сұрғылт құм ба?
Кавказдың сұлулығы зәулім шың ба?
Тағы боп адамы андай асау өскен
Болды ма сол ертегі жылдан - жылға...
Жоқ көрік, сұлу көркі олар емес,
Ол көрік бізге сұлу болар емес;
Лермонтов, Пушкин айтқан ол күндегі
Диюлар енді басқа қонар емес.
Жоқ, Кавказ сұлу емес меңіреу құзбен,
Мұзбенен, жын - перімен, жалмауызбен...
Сұлулық суындағы пароходта,
Поезбен, шында айдаған паровозбен.
Жоқ, Каспий сұлу емес былайында,
Өмір жоқ толқып жатқан құр айдында!
Каспийдің Кавказбенен көркемдігі
Бакуден қайнап жатқан мұнайында.
Каспийді қамап тұрған мұнаралар,
Мұнайдың мол теңізі бұл аралар.
Майлаған жердің жүзін жомарт Баку
Миллион қол мұнай қоймас бұрап алар.
Шалқиып Каспий жатыр өрді жауып,
Желінін Баку жатыр күрп - күрп сауып.
Каспийден Кавказ бойлап май ағызып,
Бакуді Батум емген ауық - ауық.
Кавказдың сұлулығы марганцымен,
Асыл тас алуан - алуан жер жынысымен,
Көк мұздан шығып, құздан құлаш ұрған
Ақырып асқарда ойнап салған сумен.
Тау көркем түрлі жеміс, мәуесімен,
Шипа су, дертке дауа ауасымен;
Сауығып талай дертті қайтып жатқан
Кавказ бай, курортымен, ЗГЭС - імен.
Ойнақтап тастан аққан асау Кура,
Бұл ма еді дәу көзінен аққан сора.
Отыр да Тбилистен ЗГЭС - ке түс,
Көресің Кура аққанын кімге бола.
Кура - өзен, құлап жатқан құздан, шыңнан,
Иесіз жылап жатқан талай жылдан.
Иесі шынайы еңбек келгеннен соң
Қара әне, тау тағысын қалай бұрған?
Көресің темір жолды кесіп өткен,
Құздарды туннельдетіп тесіп өткен;
Кавказдың шыңдарында электрлер
Жарқырап түн түсірмей, нұрын төккен.
Тағы андар, таутекелер жүрген шыңда,
Қиқулап автомобиль кезіп мұнда,
Тартылған шыңға, құзға сым темірлер
Кавказды үндістірлеп жылдан - жылға.
Мінеки Кура жатыр лайланып,
Тау жуып, тасты уатып, құм айдалып.
Қақ жарған Қазбектің емшек сүті,
Кавказды жатыр Кура шыр айналып.
Мінеки сол Кураны қойған қамап,
Жұмсаған киловат тап күшін санап.
Цементтеп тас бекітіп бөгеп алып,
Кавказға қайрат, қуат жатыр тарап.
Поезды электровоз сүйреп асып,
Барады миллион - миллион жүкті тасып.
Тауларды, Тбилисиді жарқыратып,
ЗГЭС тұр күні - түні нұрын шашып.
Кешегі Кавказ қайда ешкі баққан?
Қан кекті, қайсар, аусар, қанжар таққан
Қойқаптың күз шыңында ат ойнатып
Рулар у боп шағып, жау боп шапқан.
Дария, Тамаралар әлем сүйген,
Ертектер есіткен ел тегіс күйген;
Кұс болып көлге шомып, сайран еткен,
Перінің қызы қайда кебін киген?
Генерал, губернатор, ояз қайда?
Чиновник, қоқиланған қораз қайда?
Құшақтап алдына алып Тамараны,
Мүйізбен шарап ішкен князь қайда?
Кавказдың әлі сол ма қарлы басы?
Хан қайда? Қайда ол ажал мұнарасы?
Күржістан, Әзірстан, Ажарыстан...
Кавказды енді бүгін аралашы!
Мінесің, самұрық емес, аэроплан,
Электр тартқан сымдар, емес жылан,
Жүгірген андар емес, автобустар,
Тек жалғыз жоғарыда қалған тұман.
Көндіккен күшті еңбекке мұз бенен күз,
Ақырын сол құздардан өтер поезд.
Асқары социалдық колхоз Кавказ,
Трактор бетін тілген айғыз - айғыз...
Безелген мектеппенен барлық ауыл,
Серпілген қараңғылық қашанғы ауыр.
Мен дайын, лениншілмін! – деген бала
Міне, осы, ертедегі абрек Зауыр.
Кавказдың әсем дача, бау, саласы,
Мәуелі таза ауалы тау арасы.
Пионер лагерь - лагерь, комсомолдар,
Сап түзеп ұлы - қызы, бар баласы.
Келтелеп кертіп шашты, қырнап желке,
Ұл - қызға өңшең өрім толған өлке.
Өлкеде дию да жоқ, князь да жоқ,
Кавказдың Тамарасы комсомолка!
Кавказды жарқыратқан ЗГЭС күші.
Өзгерген ертедегі Қойқап түсі.
Кавказды электрлеп, ел арманын
Орындап отыр - Ленин ескерткіші!
1932 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter