Өлеңдер ✍️
Тракторшыға
Бағанадай балтырлы інім,
Трактордай сүйекті ұл.
Жазғы күндей жарқын күнім,
Еңбек ері, жүректі ұл.
Жаяу - жалпы жүрген бауыр,
Бүгін мінді машина.
Сендерменен жаңарды ауыл,
Қуанбалық несіне.
Машина күш майлап, сайлап,
Салдың, жерді аударды.
Қыздырды ерлер, қырда айғайлап,
Большевиктік майданды.
Кең даланы кестің, піштің,
Түсті қырға үлкен күш.
Дала өзгерді, дала көшті,
Дала ұлы төңкеріс.
Сендер біздің өнер қуған,
Тракторда... ұлы істе.
Сендер біздің жаңа туған,
Социалдық өрісте.
Қыздыр, қыздыр! Ал қимылда!
Teп темірді! Текпінде!
Аудар қырды! Шыңда, шыңда!
Тік даланы! Гектірле!
Бұз даланы күшіңменен,
Болсын талқан ескі аңыз.
Трактордың тісіменен
Құрсын қоңыз - бай жауыз.
Жаңғырт жерді машинаңмен,
Жаңарт елді, жампозым;
Жерге сонау сен төңкерген
Сепсін тұқым колхозың.
Түйе мінген талпақ мұрын,
Міндің бүгін машина,
Текпінді, інім, Екпінді, інім!
Жер шыдамас күшіне!
1931 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter