Өлеңдер ✍️
ҮШІНШІ ЖЫР ТАҢБАЛЫ ТАС
Таусылмай айтар болса
Таңға шыны...
Өткен ғой,
Талай ғұмыр, сан ғасыры.
Болғардың қарты тұрғай
Баласына
Таныс екен осынау
Таңба сыры.
Жүрмепті жұрт озбырлық жетегіне,
Сенген ғой жақсылыққа жетеріне.
Қайыспас қайсарлығы
Әкелердің,
Жалғасын ұрпағына кетеді де.
Ел — дана,
Туғызады алыптарды,
Қоғамды жалғыз адам дамытпайды.
Жендеттің
Жебесінен мерт болса да,
Нағыз ер —
Намысына оқ дарытпайды!..
Шын қырандар биікте шарықтайды,
Шын азамат —
Толғанар халық жайлы.
Кім, не үшін көшкенін бұл өмірден
Уақыт — сыншы бағалап,
Анықтайды...
Данышпан ғой,
Дарын ғой дала жатқан,
Дамылдар таң да ерекше —
Далада атқан.
Ақ сәулелер төгілтіп жүрегіне —
Талантын
Табиғат та даралатқан!..
Тарқамас,
Татымы мол құмарыңдай,
Тулатса ғой жүректі жыр арылмай.
Халықпен біте қайнар жандар қанша,
Жұбын жазбас егіздің сыңарыңдай!
Әкелер басып өткен қанша жолдар,
Сол жолда құрбан болды қанша жандар
Осы «Тәңір көпірде» жасырынып,
Қабылданған қаншама —
Комсомолдар...
Жөн-жосығын, әр істің шегін білер,
Бас қосқан
Партияға сенімділер.
Георгии Дмитров —
Нағыз адам,
Қаптаған тұла бойын сенім-жігер.
«Олар — осы өлкенің түлектері,
Күрестерде шыныққан жүректі еді.
Ленин жолын шырақ қып,
Елін бастап,
Қабысқан асыл арман, тілектері».
Деп, бізге Свобода ұқтырады,
Қайратты,
Жетпіс бесте нық тұр әлі...
Болғардың
Батыл, ойлы,
Батыр қызы —
Өткен күннен көп сырды ұқтырады.
Қарттар-ай,
Шеттерінен мықты бәрі!
Халық дәйім шындықты жасырмайды,
Жәбірге,
Зұлымдыққа бас ұрмайды.
Халық айтса, шын айтар қашан-дағы,
Кемітіп немесе оны асырмайды!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter