Өлеңдер ✍️
БІРІНШІ ЖЫР ШЫҢНАН АСАРДА
Жанама тас,
Жақпар шың таудың жолы,
Төнеді төбесінен зәулім көгі.
Шыңы бұлтқа оранып шығандаған,
Жетпеген биігіне жаудың да оғы...
Жондары жоталарға басын сүйеп,
Жалғасып «Алтын жазық»
Жатыр шіреп.
«Тәңір көпір» туралы —
Жәй ұқтырып,
Қарттар аңыз айтады асыл сүйек.
Келеміз кезең асып атпен өрлеп,
Табиғат, шеберсің-ау,
Неткен өрнек!
Қарғыма тас ұшпалы,
Түбі шыңырау —
Бір жетуді армандап кеткен ел көп.
Ауыздықпен алысқан құр аттары,
Таудың тасын жаңғыртты
Тұяқтары.
Қыран ұшты шыңқылдап төбемізден,
Тек биікте болатын —
Тұрақтары...
Келеміз сұлулықты тамашалап,
Қырғауылдар ұшады
Қарасаң-ақ.
Секем алғыш сыбдырдан
Жорға құрлар,
Барады балапанын оңашалап.
Күнде осылай қарсы алып дала таңын,
Жартастары жаңғырып
Жарасады үн.
Адасқан үйірінен шөже торғай,
Адамға шағады екен
Балаша мұң...
Тимесе құс та адамға жақын болар,
Еркін ұшып, олар да
Батылданар.
Қосылған тұс-тұс жақтан
Құстар даусы,
Орман сәнін асырып жатыр солар!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter