Өлеңдер ✍️
АРҚАМА СҮЙЕЙ ТҮСІП ТАЛҚЫ ТАУЫН
Әбілез Жүніске
Көрмеген пендеге ұқсап сағы сынып,
Дүние-ай!
Отыр жігіт ағытылып
Жалтармас жанарына қарағанда,
Болар ма тұнықтан да
Жаны тұнық.
Құрметтеп отыр қоршап жалпы қауым,
Баурайды тыңдаушысын,
Балқытады үн.
Оранып ой толқынға мен де отырмын,
Арқама сүйей түсіп
Талқы тауын.
Таудың да жанарынан тарамай мұң,
Жатқандай желпи түсіп қарағайын.
Таңдайын қағып таңға қарап отыр,
Жиналған дос-жарандар,
Бар ағайын.
Тұлпардай тыпыршыған жараулы анық,
Барады нұрлы жүзі алауланып.
Үйірген көпшілікті бір өзіне,
Жүзіне бір ғанибет қарау қанып.
Жүруші ем осы сәтті арман қылып,
Арманды әрмен қарай
Жалғар ма үміт.
Қалыпсың арпалыста аласармай,
Әніңді аспанменен жалғап жүріп.
Қайтадан өшіп барып,
Жалғанды үміт,
Арада өтті жылдар салған бүлік...
Қауышар сөтке қолым енді жетті,
Өзіңе талай жырлар арнап жүріп.
Сиятын бақыт емес маңдайға жай,
Кетермін әнге құмар қанбай қалай.
Даланың дамылдамас дауылпазы,
Даусыңнан тарата бер,
Таңдарға арай!
Теңесер биіктермен өлшемі тым,
Талқының сен дағы бір —
Бөлшегісің!
Ән сүйіп,
Арман қуып өмір кештің,
Сол әнмен арулардың өртеп ішін.
Сал да өзің,
Саналы да,
Сері де өзің,
Осындай серіліктен зерігер кім.
Көркіне жан иесін табындырған,
Өзім де қаса сұлу,
Зерігермін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter