10.06.2021
  1281


Автор: Ілияс Жансүгіров

Хаттар

ІЛИЯСТЫҢ ХАТТАРЫНАН


Патима!


Менің сені сүюім хақ. Қай хатымда болса да жазғанымның бәрі шын. Бірін бірі бекітеді, бәрі біреу-ақ. Алдыңғы хатымды соңғы хатым растайды. Алдыңғы сөзімнен соңғы ашығырақ. Сүюімнің шындығына күдіктенуге орын бар, бірақ екі мағынада деп ұғынудың орны жоқ. Сүюім шын, сүюім бүтін. Жаным да, тәнім де сол жүрегімнің жетегінде. Сырласайын, сөйлесейін, сүйейін — бәрі бір сүю (любовь). Бөлек-салақ балу, жалғыз өзім — сөзге, сырға, сүюге бөліп-жарылуға қолымнан келмейді. Сенен дос іздегенде, махаббат іздегенде жүрегім іздейді, жаным тілейді. Ақылым, айлам, жігітшілігім іздемейді, іздеп, тауып біткем.


Екінші, менің сені сүюуім — өз жұмысым. Сүюім — сені бір нәрсеге де міндеттендірмейді. Сүю, сүймеу — сенің жұмысың.


Менің хаттарым — жүрегім жұмысы. Менің махаббатым — сенсің. Меніңше, адамның адамшылығына сенетін кісіге мәселе ашық. Хаттарым да осыны айтады. Әсіресе соңғы хатым — сені сүйгендігімнің шегінен асып жазылған хат.


Сүю — көңіл жұмысы. Адамның ажалы, не ауруы сияқты белгісіз бір нәрсе. Өмірде ұзаққа созылып, сүйегімен бірге кететін болады. Жауынды күнгі жасындай жарық беріп өте шығатыны болады. Меніңше, ол адамына, адамдардың көңіліне байланысты. Сүюге срок кесу— бенкенің бекісі, мекеменің қызметі емес шығар. Ал өзімді алғанда — болашақты болжап айту ақылдың ісі емес. Мен өткенімді, үстімдегі өмірімді, бүгінгі көңілімді ғана айта алам. Өткенімді айтсам — мен сүйген кісімін. 2,5 жылдан бері жылдан бері сенің отыңа күйген кісімін. Бұрынырақ махаббат бар ма дегенге күдікті қараған, бағаламаған, жабайы қазақпын. Соңғы жылдарда барлығы түгіл, соның жан қорлығын тартып жүрген сорлымын. Бірақ сол өмірдің ішінде сені сүйетінімді жарыққа шығарып, саған арсыздық (нахальство) істегенім жоқ. Сырттан сағынумен келем. Мүмкін қадары сені көрмеске, «жалдастық» әдетін сындырмасқа өткен жыл жарымдарда тырысқамын. Керек десе, жанымның жауабын, жүрегім сырын саған ашқаным да жоқ. Аяғы болмады, еріксіз айналдым. Жаным жай таппай, сені сүюім жылдан-жылға есейді. Күнен-күнге күшейді. Аяғында шыдамадым. Шектен шықты. Ескі тәртіпті, әдетті бұздым. Саған ашық сөйледім. Хаттарымда осы сарын жазыла бастады. Соңғы хатымда анығын айттым. Осыған қарағанда, менің сүюім жігітшілік те емес. Ақындардың әйелге әуестігі де емес. Менің, сені сүюім — өзіме таңдаулы, тауанды махаббат. Ұзақ өмірдің сүю сарыны сияқты.


18. IV. 1932 жыл


Жаным Пәтішім!


Мен кетіп барам. Біз шыққалы 27-інші сағат. Оның көпшілігі сені ойлаумен өтіп келеді. Аққан өзен, иір-иір жаға, кейде қошқыл таулар, қожыр-қожыр тастар. Көз алдымда сен... Менің қазіргі ойым, қиялым — осындай әдемі. Келешек жарық, нұрлы сияқты. Сенімен өмір өзгеше қызық сияқты! Өзіміз әрге жүзіп келеміз! Көңіл де өрге жүзіп келеді!


Сенімен соңғы түні толғасып, сөйлесе алмай кеттім. Сен маған тұтқиылдан (неожиданно) ауыр ұсыныс жасадың. Сен бұған өзіңді күні бұрын дайындаған шығарсың. Мен дайын емес едім. Өйткені мен сені бұл ойда деп, бұған келеді деп қиялыма келтірген жоқ едім. Ол сені қимағандығымнан, сенің қабағыңа қарағандығымның салдары еді! Менен сен батыл шықтың, мен қуандым!


Әңгімені сен аштың. Мен қанша дайындығым болмаса да, сенімен қол алыстым, шының ба? деп, екі қайырдым. «Шыным» дедің. Сонда менің көзімнен жылы жас тамып кетті. Әрине отырған жерім қараңғы еді ғой. Сонан кейін не болғанымды көпке шейін білгенім жоқ. Сенімен қалай қоштасқанымды да білмеймін...


Сөйтіп, біз мәселенің негізін шештік. Біз жалғыз көңілдің ғана емес, өмір мәселесін шештік! Енді әңгіме, бітті ғой... Мен қандай «жақсым» болса да, сен үшін құрбан етем дегемін... Ендігі істі, жұмысты, бар тіршілікті осыған дайындыққа қарай ыңғайлай беру керек...


Пәтішім! Өмірдің келешегі нұрлы елестейді. Менен жаңа қайрат, жаңа қуат туатын сияқты. Өткен өмірдің ескі қоршылығы, арманы бәрі бітіп, бәрі толып, көңіл де, өмір де жаңадан қайта өсетін сияқты! Бақытты болатын сияқтымыз!


Сен маған әлі сөзге сараңсың. Өз көңілің, өз ойың қалай, әлі ақтарған жоқсың. Біз айтпаған сөз қалған жоқ, енді шындап сөйлесудің, сүйісудің, былайша айтқанда өмірді қызықтаудың екеуміздің арамыздағы пердесі ашылып бітті. Шын сезімді айтысып, жазысып, сөйлесудің, сүйісудің өзі — олжа өмір, қызық емес пе?


Мен сенен хат күтем! Өзім тағы да хат жазармын. Мен, әр уақыт сені ойлаймын. Ойым, сезімім — бәрі де сенімен әуре! Міне, бір өлеңді дәптерімнен көшіріп жібердім. Бұл өзің сүйгізетін түні ұйықтай алмай жатқандағы жазылған.


Жаным, қош, қатты қысып сүйдім! Сүйдім!


Сүйікті Патима!


Хатыңда алып, хат жазуға асығып отырмын. Сенен хат алсам, жауап жазуға асығам. Өйткені сені сағынам. Сені ойлаймын...


Мен жәрдемді сенен күтем. Сен – маған үлкен қуатсың. Сенімен сөйлескім келеді, сенімен хабарласқым, хаттасқым келеді. Менің саған жазған хаттарымды осы сарынның барлығын жасыруға болмайды.


Сен менің бұл сөзімнен әлде нәрсе ойлауың мүмкін, бірақ оның бәрі қате. Мен сенен еш нәрсе де күтпеймін. Мені қалай бағаласаң, не десең – сенің өз еркің. Мен сені қатты жақсы көрем, қатты сүйем, бірақ менің бұл сүюім сені еш нәрсеге міндеттендірмейді... Мен сықылды мені де сағынуды, сүюді, сыйлауды — мен сенен күтпеймін. Сен оны істеме... Менен грязный нәрсе және күтпе... Онда қаталасқаның... Мені босқа күйдіруші балма...


Маған керегің — жәрдемің, достығың. Мен тек, саған жанымды жеңілтіп, сырымды сөйлейтін болайын. Сен менің сөзімді көтереді, түсінеді деп ойлаймын.


Егер сен менің саған айтқан бұл сырларымды бағаласаң — менің өмірімде бір терең із қалдыратын бір жақынымсың.


Осы туралы толық жауап жаз. Өз пікіріңді айт, шешіле айт. Бір-бірімізді үгітпен ұғындырып жататын кісі емеспіз ғой. Ашық жауап күтем...


Ілияс. 22/ III




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу