Өлеңдер ✍️
Қыс пен жалқау
— Кәрлі қыс: ұртында қар, мұртында мұз,
Сұрапыл қан майданда бір тұрғанбыз.
Арқау ғып аязыңды ашу - көкке,
Ажалға қарсы бірге ұмтылғанбыз.
Енді, сен, бейбіт күнде қабақ түйіп,
Үстіме қалың қырау, қарыңды үйіп.
Азынап азуыңды шықырлатып,
Түксиіп тұрсың неге ашу жиып?
* * *
— Әрине қыстың аты қыс емес пе?
Қыста бір жылға біткен күш емес пе?
Салаққа, жатып ішер жалқаулар,
Қыс тұрмақ қоңыр күз де жұт емес пе ?
Қатпаса ұртына қар, мұртына мұз,
Ол қыстан алдын апа күдеріңді үз.
Әр кездің өз айбаты, кескіні бар,
Болам деп айта алмайтын мейірімді қыз.
* * *
— Қарлатпай, борандатпай, бұрқылдатпай,
Жан-жақтан дүлейіңді қиқулатпай
Жайыңды жай келсең де білмейміз бе,
Азынап улап-шулап ұйқымды ашпай.
Қинайсың қапысымды тауып алып,
Мал көрсең аңдығаның: жауыр, арық,
Қорадан ашық есік, тесік көрсең,
Саласың қиқуыңды тұра қалып...
* * *
— Күтін деп күні бұрын күз жібердім,
Айқайын есітпеді ең күзгі желдің ?
Той - тойлай ала жаздай жүріп алып,
Қысылып қиналғанда бізді көрдің.
* * *
Кім күлсін күні бұрын күтінгенге,
Жүрмейді қыс ойнағы бүтін жерде.
Делегей етек-жеңі жалқау көрсе,
Қыс әзір ондайларды түтіп жеуге!
— Бәріне жатқан жоқ па күшім жетпей,
Асығыс бірі бітсе, бірі бітпей.
Ойлама ойнап жүр деп мені, жолдас,
Сенсіз де жатыр үстен дүсір кетпей.
Сен сиқыр, сен алдауыш барып тұрған.
Азуды алдауратып салып тұрған.
Октябрь, ноябрьде күле қарап,
Декабрь туған күні жанықтырған.
* * *
— Емес пе қайта менің қарасқаным,
Төндірмей қыстың нәрлі қара аспанын
Жайдары жайма-шуақ уақыт беріп,
Жайыңмен жақпай қапты санасқаным.
Радио күнде айтып тұр ауа райын,
Сендерге деген кім бар ауа жайыл...
Көршіңді көрмейсің бе тап-тұйнақтай,
Шөбі де, қыстауы да бәрі дайын.
Ал сенде қудық болса астауың жоқ,
Бітірген бір ісің жоқ, бастауың көп.
Су таппай мұз жалайды түліктерің,
Жылы үйде сен отырсың, босқа абыржып.
* * *
— Қиқар қыс, босқа азынап ақылыма,
Сенсіз де кенде емеспін ақылшыға.
Қыс болсаң, қылышыңды бастан көрсет,
Байқаусыз бас салғанға батырсынба.
Үйдегі нең бар ішіп-жегенімде,
Ас ішпес бізді бітеу дегенің бе?
Жалаңдап жан алқымнан сен алмасаң,
Дәл мұндай килікпес ем көп өлімге.
* * *
— Аңдимыз жалқау, селтек жампоздарды,
Тып-тыныш талай сендей колхоз қалды.
Оларда біз кіретін бір саңлау жоқ,
Қуады құнттылығы барса ызғарды.
* * *
Бола ма жылдың сәні қыс болмаса,
Қыс жайын түсінбейді қысқа ойласа
Қарым — нәр, жердің сүті, елдің құты,
Соны да түсінсең еді еш болмаса...
* * *
Бұлақтар қыстан бұрқақ су сұраған,
Нәр күтіп қыстан дала тусыраған,
Теңізде балықшылар аязды аңсар,
Ерлік сол термен буы бұрқыраған.
Түгінен майы шыққан түліктері,
Қасқайып қысқа қарсы тұрып тегі,
Тебіндеп жер қоқымын аудармай ма,
Қоңды мал суықты әсте біліп пе еді...
* * *
Қыс соны айтып қарды бұрқыратты,
Салақтың сай-сүйегін сырқыратты.
Тықты да ұртына мұз, көзіне қар,
Жіберді ышқындырып сілкіп қатты.
Жалқаубай өткен іске тұрды өкініп,
Қыс кәрін төге түсіп тыста өкіріп,
Қақшиды сақ-сақ күліп мазақтаумен,
Дір қағып салақ байғұс қалды отырып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter