Өлеңдер ✍️
Быт көбейді,сыт көбейді
Жексенбі күн Шиеліге —
Баруға атты, түйелі де,
Арба жеккен келіншек те,
Жалқау, қырсау, еріншек те,
Бәрі базар барғалы тұр,
"Коммунизм " колхозынан,
Жеті ат жеккен арбалы тұр.
Маман қарттың Әнуары,
Алтайбайдың Ілиясы,
Астындағы жануары,
Шылдыр қағып шлиясы,
Складты жауып тастап,
Базарлайтын қылуасы...
Жүсіпұлы Бәйтілес пен
Бас бухгалтер Салтай да бар.
Бақталастар бой тірескен,
Салт аттылы салтаң да бар.
Қастарында зайыптары,
Кетті ауылдан тайып бәрі.
Жұтып алған жүз грамнан,
Басылмаған гәйіптары.
Алдыңғы топ атты кетті,
Желе-жортып қатты кетті.
Ат мертігіп өле қалса,
"Өзі өлді" деп әктілетті.
Кейінгі топ арба кетті,
Салдыр-гүлдір алда кетті.
Шлиясына шылбыр байлап,
Шиеліге зорға жетті.
Қайсы бірі қамыс сатты,
Пішен сатты... таныс тапты.
"Шай, қант алам " деп келді де,
Асханаға дөп келді де,
Тапқаны асап, қылғып жатты,
Кеңірдектен жылжып жатты...
Ауылда көп жұмыс қалды,
Суғарылмай күріш қалды.
Көмек бере келгендерге,
Ақырды, айқай ұрыс салды.
Тракторлар тұрып қалды,
Кеңселерде құлып қалды.
Ақмамбеттің Аймақаны,
Судан қашып жүріп қалды.
Дайын тұрған шөп орылмай,
Шөп орылса көп орылмай,
Құрап желмен ұшып жатыр,
Мал аузына түсіп жатыр.
Құлтаевтың Ізбасқаны,
Бітірген жоқ түгел ісін.
Он төрт гектар тастап кетті,
Отақ басқан жүгерісін,
Парторгы Омаров та,
Ол да ауылдан жоғалыпты.
"Коммунизм " активтері,
Бір күнгі ісін доғарыпты.
Быт көбейді, сыт көбейді,
Жұмысыңа шық демейді.
Неге ауданда тиісті орын,
Қадағалап түптемейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter