Өлеңдер ✍️
Баяндамашы, оның баяндамасы
Баяндамашы Ызық болды,
Баяндамасы қызық болды.
Өйткені ол бір кеңсеге бастық қой,
Біреуі жамылғы, біреуі жастық қой,
Сонан ба,
Баяндама салиқалы басталды,
Алдымен біреу кіріспе ғып "бас " салды.
Екінші біреу "мойын " жағын құрады,
(Оның өзі екі бөлімнен тұрады).
Үшінші біреу "кеуде " тұрғызды.
Акты тапты, факты тапты,
Қорытындылау жағына жабыла шапты.
Баяндама байсалды боп бітті,
Енді баяндамашыны күтті.
Жиналысқа халық көп жиналды,
Баяндамашы көзілдірігін алды,
Оны апарып көзіне салды.
Мықтап тұрып жөтеліп алды,
Кеудесін қомдап көтеріп алды,
Түймесін де ағытты,
Өйтті - бүйтті.
Шыны құтыдағы судан да жұтты.
— Жолдастар! —
Жан-жағына қарап қойды,
Шашты да арасында тарап қойды.
Баяндаманы бастап жіберді,
Сөзді түйдектеп тастап жіберді:
— Достарым, саламат барсың ба,
Ауру-сырқаудан саумысың.
Бала-шағаң қатын-қалашың,
Сүйікті зайыбың — Томашың... —
Деп қалды да,
Көзілдірігін жұлып алды да,
Сүртіп - сүртіп қашпа киді,
Жайсыз сөз жайдың оғындай тиді.
Не деуге білмей сасып қалды,
Екінші бетті ашып қалды:
Сонда барып баяндама басталды,
Бірінші қағаз жыртылып тасталды,
Оқығаны жолдасының хаты екен,
Қара басқан жері осы екен.
Ызекең қатты қиналды,
Әрең дегенде жиналды:
— Жолдастар, сонымен нетіп,
Сәл алжасып кетіп,
Түсінбестік боп қалды...
Соны айтып барып тоқталды.
Тағы да мүлт,
Тағы да кілт тұра қалды.
Бөлім бастығын шақырып,
Сұрап алды,
— Қазақ тілін білмейсіңдер,
Білген тілмен жүрмейсіңдер,
Мына бір "қыруар" деген,
Бұл жерге жаңылыс боп келген,
Ондай қазақтың сөзі жоқ меніңше,
"Қыры - бар " деп екіге бөлінсе...
Сонда ғана мағына береді, —
Деп оны сызып тастады...
Баяндаманы қайта бастады.
Бірде қабағын түйді,
Бірде тамағын кенеді,
Суды үсті-үстіне құйды,
Жаңа іштім ғой демеді.
Сонымен, сөйтіп, тұрғанда,
Мықтап құдай ұрғанда,
Асығып-аптығып жүріп,
Болмашыға шаптығып жүріп,
Екі парағын
Үйінде қалдырып кетіпті,
Әкелуге бәрібір кешікті,
— Сонымен, общем, біттім,
Деп өзіне сөйлеп барады
Жоғы үйінен табылса жарады...
Қашанғы күтсін жиналғандар,
Олар да жай-жайына тарады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter