Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  172


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Шолақбай

Аты шулы Шолақбай,
Бұрқырап жүр таң атпай.
Қырықтың" күші құтыртып,
Жан-жағына қаратпай.
Үстін итке талатпай,
Күшікке аузын жалатпай,
Аман-сау жетсе жарар еді,
Шекесін сойыл қанатпай.
Сөйткенше болмай Шолақбай,
Ұшып түсті қанаттай,
Шалқалап жатыр шалшықта,
Қайырлаған шабақтай.
Тағы да тұрды жұлқынып,
Көрінгенге ұмтылып,
Асханаға қайырылды
Бір жығылып, бір тұрып.
Және бір досы кез болды,
Шолақбайдың "бағына ",
Бір-екі жүзді жұтты да,
Шыға келді тағы да.
Бір кездері кешкілік
Үйіне келді ес кіріп.
Жұбайын қуды үйінен,
Күндегі кәсіп ескілік.
Жұбайына жұтынып,
Бір "жартылық " тағы алды:
Ойнақтап жүріп от басып,
Суық үйге қамалды.
Уа, Шолақбай, Шолақбай,
Кеміттің - ау бағаңды!
Күнде үйден қуасың,
Жазықсыз бала-шағаңды.
Келіспейді, Шолақбай,
Бұрқырап жүру таң атпай,
Қор қылады сол арақ,
Бар-жоғыңа қаратпай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу