Өлеңдер ✍️
Үш орындық, екі тақта
С. ауданының Батырбайдағы "Жас қайрат" мектебінің жайын жазған алдымызда бір хат жатыр. Хатты оқып көріп таңғалдық. Хатта мына секілді "арыз" жазылыпты:
"Көп-көп сәлем басқармаға,
Баспасаң да басқамды, аға,
Бұл хатымды басыңыздар,
Былық бетін ашыңыздар.
Алыс емес, Батырбайда
"Жас қайраттың "мектебі бар,
Мектеп жайын ауданнан да
Келіп көріп, кеткені бар.
Өткен жылы сентябрьде,
Дәл күндізгі сағат бірде,
Кісі бойы жерді қазып,
Төрт-бес жерден қақты қазық,
Айқастырып шыбық салып,
Жас жидені жығып салып,
Жер астынан "үй" тұрғызды,
Бізді апарып отырғызды:
"Сендерге осы мектеп... " деді.
Бар дүние мектептегі:
"Үш орындық, екі тақта..
Ол да тозып осы уақта,
Тиіп кетсең сықырлайды,
Басып қалсаң тыпырлайды.
Мұнда 34 оқушы бар,
Астымызда қамыс та жоқ,
Жазы-қысы жерде отырмыз,
Бастықта ар, намыс та жоқ.
Меңгеруші Қуатовта,
Түсінбедік, ұят жоқ па ?
Былтыр берген 500 сомды,
Олай жонды, былай жонды,
Ақырында жоқ боп кетті,
Енді білдік өзі жепті.
Киров ауыл советінің,
Бастығы ағай Жұбаевқа:
— Бұл сіздерге лайық па ? —
Деген едік тыңдамады,
Оған қарсы тұрайық па.
Сөз аяқсыз қалып қойды,
Қайта, тыйым салып қойды.
Енді мынау күз келеді,
Күз бен қоса сыз келеді,
Сырқырайды аяғымыз,
Отыратын баяғы біз...
Осы жайды сіздерге айта,
Өтінішпен қайта-қайта,
Болмасын деп бойға қарыз,
Қысқашалап жаздық арыз".
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter