Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  219


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Мысық пен шыбын

Қаладағы асхананың бірінде,
Бір күн іңірде,
Масыққан мысық
Бір көзін қысып,
Бір ойға түсіп
Отырғанда, қасына
Шыбын қонды ұшып.
— Сен, әлгі шіркейсің бе?
— Я, шіркеймін.
— Қалай үлкейгенсің ?
— Қалай үлкейдің дейсің бе?
Былай үлкейдім:
Жалайтын жұғын көп,
Жұтқаннан басқа шығын жоқ.
Ащы керек пе, тәтті керек пе,
Жұмсақ керек пе, қатты керек пе?
Бәрі бар, бәрі дайын,
Майы мен шайын
Тойғанша жеп,
Тойғанша іштік.
Мыңдап қонып,
Мыңдап ұштық..
Көбейіп кетсе тобырымыз,
Сонда ғана аспазымыз:
"Шәйт, қырылғыр, шәйт" — деді,
Басқалар өйтпейді.
Мысықжан, өзің қалайсың?
— Шыбынжан, несін сұрайсың,
Көріп тұрсың ғой сыртымды,
Ұртымды, мұртымды...
Ішкенім сорпа, жейтінім ет,
Шала піскен котлет.
Біреу шандыр деп тастайды,
Біреу адыра қалғыр деп тастайды.
Біреу шикі дейді,
Оңдайды аспаздың иті жейді.
Соны айтып мысық күрсінді.
Ренжу бар бір түрлі.
Шыбын оған:
— Масықпа — деді.
Сен оған асықпа! — деді.
Ет - семіз, сорпа тәтті болса,
Тазалығы жақсы болса,
Онда бізге асхана
Бола алмас еді баспана!..
Сонда ғана мысық
Бір көзін қысып,
Жатып қалды бір ойға түсіп,
Жайына кетті шыбын,
Жайбарақат ұшып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу