Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  185


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Тоқылдақ пен тиін

Тоқылдақ дейтін құс бар,
Жаз бар, қыс бар,
Бір күн тыным таппайды.
Түнде де жатпайды,
Құр беймаза: тоқ - тоқ,
Ұзын шұбақ: соқ - соқ!
Мүлгіген қалың орманда,
Онан бөтен дыбыс жоқ.
Бір күн оған тиін кездесті,
Екеуі шүйіркелесті:
— Тиін, — деді Тоқылдақ,
(Ол ондайға ақылды - ақ)
— Сен ылғи жортасың да жүресің,
Сонша неден қорқасың да жүресің ?
— Қорқудан емес жортуым,
Орман, тоғай, жер суым...
Жан-жағыңда жау жоқ па деп ?
Өрт қатері аулақ па деп,
Ылғи соны шоламын,
Сол үшін шыр-пыр боламын.
Ал, өзің ше ? — деді Тиін, —
Саған да түсіну қиын
Қорқақтың бірі сен бе деп тұрмын,
Батырдың бірі мен деп тұрмын.
Тілің тықылдаудан басқа,
Тұмсығың тоқылдаудан басқа,
Қолыңнан келері не?
Осыған бір нәрсе де!
— Жүгірмей-ақ, жорытпай-ақ,
Ешнәрседен қорықпай-ақ,
Мен орманды тұрып күзетем,
Ағашты тұмсығыммен ұрып түзетем...
Екеуі солай лепірді,
Тиін бұтағына секірді.
* * *
Шаруаны тілмен істейтін,
Әйтеуір аттан түспейтін,
Аз ба бізде тиін секілді жортатындар?
Қолмен істер жұмыстан қорқатындар
Орақ орып тілімен, ебін тауып,
Аз ба бізде Тоқылдақ - тақылдауық?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу