Өлеңдер ✍️
ҒАЖАП СЕНІҢ ӘР КҮНІҢ...
Табиғаттың жаман ауа-райы жоқ,
Шүкірлік қыл осыған да, қайыр ет.
Жақсы күнін, жақсылығын сыйлайтын
Жаратқанның күндері көп, айы көп!
Жауам десе жаусын, мейлі, қар бүгін,
Қазақ – елім,
Ғажап сенің әр күнің!
Жақсы көрем туған жердің жаңбырын,
Жерін, көлін, желін, шөбін – барлығын!
Сарыарқаның самалын сүй, желін сүй,
Сүйе білсең, сыйлайды өмір небір сый.
Жаман ауа-райы деген болмайды,
Болады тек, кейде жаман көңіл-күй!
Неткен ғажап күн де, түн де, дала да?!
Ыстығына, суығына қарама!
Тағдырыңды өзгертетін – өзіңсің,
Әр күніңді жақсы көріп, бағала!
Көктем болып көкте, гүлде гүлзарда,
Күз секілді күреңітіп, мұңданба.
Ауа райы әсер етпес адамға,
Көңіл-күйің керемет боп тұрғанда...
Маған, мейлі, көктем келсін, күз келсін,
Жердің беті – батпақ болсын, мұз болсын.
Ертең бәрі өтеді де кетеді-ау,
Осы күнді сағынарсың, іздерсің...
Болар талай борандар мен дауылдар,
Жауар талай жауындар мен қалың қар.
...«Өмір – қиын» – демейікші, – «күн – жаман»,
Көңіл-күйің жақсы болсын, бауырлар!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter