Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  555


Автор: Алмас Темірбай

ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ ҚИССАСЫ немесе ХХІ ғасырдағы махаббат трагедиясы

(Есентаеваға еш қатысы жоқ)

Жылап жатыр Алматының аспаны,
Қозы Көрпеш ішіп алған, мас тағы...
Баян сұлу тірі қалды, өлген жоқ,
Жалғасуда «махаббаттың дастаны»...

Ұлың кетсе, қызың кетсе қараусыз,
Кімді даттап, кімді жақтап, аярсыз?!
Баян қыздың махаббаты – баянсыз,
Ал Қозының тағдыры – ауыр, аяусыз...

Өткен күндер...
Өңі ме, жоқ, түсі ме?!
Жауға айналды «жаным» дейтін кісі де.
Шын махаббат құриды екен, құрғыр-ай,
Жын-махаббат кіріп алса ішіңе...

Іштегі жын сыртқа шықпай қояр ма?!
Сыртқа шықса, аяулыңды аяр ма?!
Байлық шығар барлығына кінәлі,
Кінәлі емес Қозы менен Баян да?!

Ашыналар қаптап кетсе егерде,
Әңгіртаяқ ойнатар ма төбемде?!
Жүз жылдан соң... ашыналар гүл ұстап,
«Қодар-Баян» мазарына келер ме?!

Баян қазір  «құрметті адам» қоғамда,
Баян қандай – қоғам сондай болар ма?!
Жиырма жаста сүйіп текті Қозыны,
Қырық жаста тиіп кетті Қодарға!

Баян, Баян, б... б... Баян, Баян-ай,
Ойлап сені отырар жұрт, аяп-ай.
Ел де – тыныш, сен де – дұрыс, керемет
Қыз күніңді сағынамыз баяғы-ай...

Пысық жандар жүйрік қазір есепке,
Пысқырмайды ұят пенен өсекке.
Байғұс Қозы бөлек жатыр – түрмеде,
Баян менен Қодар жатыр – төсекте!

Келер ұрпақ қандай болмақ, оу, Алла-ай,
Болар ма екен Қозыдай не Қодардай?!
Мендік көңіл – көк қошқардай көтерем,
Төрт-бес жылда қойдың-ау бір оңалмай?!

Қара ешкі қайқандаған заман-ай,
Ала теке талтаңдаған заман-ай.
Сөзі бұзық, аузы қисық болса да
Байдың қызы бай таңдаған заман-ай?!

Айтыңдаршы, қайда кетіп барамыз,
Сайтаншалыс сайттарға қараңыз?!
Абайды оқып адам болған әкеміз,
Баянды оқып кім болады баламыз?!

Сенімі де, сезімі де екіұшты,
Қаншама жас екі жаққа кетісті.
Қайдан білсін олар лиро-эпосты,
Білсе, болды селфи менен сексті...

Болды, болды, түк айтпаймын, үндемен,
От басатын, соттасатын жынды емен!
...Мен білмеймін, кім біледі, айтпақшы,
Не болады-ей, Қозы шықса түрмеден?!

Әлқисса...

2017 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу