Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  521


Автор: Алмас Темірбай

АТА ЖҰРТҚА БАРАР ЖОЛДА...

Жалған-дүние, шынымен, жалған шығар,
Өткен күндер... әй, енді арман шығар?!
Құдай жайлы атам көп айтушы еді,
Құдайды іздеп, жұмаққа барған шығар?!

«Олай шығар?» – деп кейде – «былай шығар?»,
Дін туралы дау туып, сын айтылар.
«ҚҰДАЙ!»  десем – есіме атам түсер,
«АТА!» десем – ойымда Құдай тұрар!

Атамызбен бірге өткен күндер – ғажап,
Әттең, дәріс алыппыз діннен аз-ақ.
Құдайын да тануы екіталай,
Өз атасын танымай жүрген қазақ!

Балалық шақ, беймарал балалық шақ,
Қалам ұстап, атама қарағыштап.
Айтайын ба, мен нені армандағам,
Ата болғым келетін соған ұқсап?!

«Жапон тіл ме, немене ол, татар тіл ме?»,
Түсіне алмай, ой кешіп жатам түнде.
Ирек-ирек жазуы түсініксіз,
Кітап оқи беретін атам күнде.

Ерте барып мектепке, хат таныдық,
Ертегі оқып жатушы ем баққа кіріп.
Бие сауым уақытта көрінбесем,
Атам мені іздейтін атқа мініп...

Жалған-дүние, шынымен, жалған шығар,
Жалғандықтан кеуілім қалған шығар?!
Атажұртқа ат басын бұрмай кеттік,
Ата да жоқ аңқылдап алдан шығар?!

Бала күнім баяғы... ұмтылар ма?
Ұмтылмайды атамның жұрты барда!
Көз алдымда қалғаны – қазақы ауыл,
Құлағымда  қалғаны –  «Құлхуалла»...

Жалған-дүние, шынымен, жалған шығар,
Өткен күндер... әй, енді арман шығар?
...Аят оқып қайтайын, елге барып,
Атам мені сағынып қалған шығар?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу